ДомойМедиасынКоронавирус және жылжабар сюжеттер. 21-27 желтоқсан апталық бағдарламаларға шолу

Коронавирус және жылжабар сюжеттер. 21-27 желтоқсан апталық бағдарламаларға шолу

Коронавирус және жылжабар сюжеттер. 21-27 желтоқсан апталық бағдарламаларға шолу

2020 жылғы 26-27 желтоқсанда (сенбі-жексенбі) эфирге шыққан ақпараттық-сараптамалық бағдарламалардың барлығы жылжабар сюжет көрсетіп, жылды қорытындылады. “7 күн” авторлары ҚР Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды қалай өткізгенін шолып шықса, “Басты бағдарлама” Сиыр жылдарындағы тарихи оқиғаларды тізіп, келер жылға болжам жасады. Ал “Apta” редакциясы коронавирус пандемиясы кімдерге ауыр тигенін айтып, Жыл кейіпкерін де таңдады.

Сонымен дәстүрлі мониторингімізде “Хабар”, “Еуразия бірінші арнасы” және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламасын қамтыдық.

“7 күн”, “Хабар”

Бағдарламаны Дархан Әбдіуахит жүргізді. Ол ҚР Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев ақпанда Қауіпсіздік кеңесі отырысын өткізгенін, “Тұңғыш Президент қорынан” елге көмек берілгенін және тағы басқасын атап өтті.

Жүргізуші: “Сарапшылар 2020 жылғы жағдайды өткен ғасырдағы «Ұлы тоқыраумен пара-пар” деп бағалағанын айтып, «Ал біз мұндай күрделі жағдайлардан айналып өте білдік» деді. Мұндай тұжырымды сарапшы, үкімет не мемлекет басшысы айтса, жөн. Алайда эфир жүргізушісінің баға беруі артық көрінді. Жүргізушінің ұзақ алғысөзінен кейін Нұрсұлтан Назарбаев туралы жылжабар сюжетке де кезек жетті.

Сюжет Тұңғыш президенттің наурызда Мәскеуге сапарынан басталып, РФ президенті В.Путинмен кездесуін көрсетті. Екі саясаткердің сөзінен үзінділер берді. Назарбаевтың орыс тілінде сөйлеген сөзін аудармасыз көрсетсе, В.Путиннің орысша айтқанын қазақшаға аударып берді. Бағдарлама авторларының мұндай ала-құла шешімінен еш қисын табылмады. Бұдан бөлек шолуда Н.Назарбаев Қазақстан өңірлерін аралағаны, түрлі жиналыстар мен халықаралық жиындарға, құрылыс нысандарының ашылуына қатысқанын да қамтыды. Ұзақтығы 50 минуттық бағдарламаның бірінші сюжеті 14 минутқа созылды.

Қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев туралы жылжабар сюжеттің алғысөзінде Мемлекет басшысының биылғы бастамаларын айтып шықты. Шолу-сюжет Тоқаевтың халықаралық кездесулерінен басталып, пандемияға қарсы іс-шаралар, тұрғындарға көмек пен жеңілдіктерді баяндады. Тоқаевтың кейбір тапсырмалары “қағаз жүзінде орындалғанын”, карантинде біраз олқылық мәлім болғанын да айтты. Ел ішіндегі сапарлары, Волонтер жылының ресми жабылуына қатысқанын және тағы басқасын тізіп шықты. Шолу ұзақтығы 10 минутқа жуықтады.

Президенттер жылын айтып болғаннан кейін, бүгінге оралып, Тоқаев пен Назарбаевтың апта ішіндегі қабылдауларына шолып шықты.

Қазақстан өңірлеріндегі коронавирус індетінің таралуына арналған сюжет карантин шектеулері қашанға дейін жалғасарын, Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцина егу ақпанда басталатынын да айтты.

2020 жылғы әлеуметтік қолдаулар туралы сюжет көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақының өсуі, баспанамен қамтамасыз ету, зейнетақы қорындағы қаражаттың бір бөлігін беру туралы жаңалықтарды жинақтапты. Мұның барлығы президент бастамасын жүзеге асыру үшін орындалып жатқанын да атап өтті.

Соңғы сюжет «Карантин жағдайында жаңа жылды қалай атап өтеміз» деген сұраққа жауап іздейді. Тілші Мақпал Мадиярова ZOOM платформасында онлайн кеш ұйымдастыратын асабалар, мейрамхана залын фотостудияға айналдырған кәсіпкер, пандемияға байланысты шетелдегі оқуына бара алмай, торт пісіріп сата бастаған адамды көрсетті. Сюжет торт сатушының: «Карантинде адамдар Жаңа жылды үйде қарсы алғаны дұрыс, дастархан жайып, менен торт тапсырыс беріп, менің тортымды жеп, Жаңа жылды қарсы алғаны дұрыс” деген сөзімен аяқталды. Осылайша сюжет — карантинде Жаңа жыл тойлатудың әдіс-амалдарын көрсетудің орнына кейіпкерлер кәсібіне жарнама жасағандай әсер қалдырды.

Айта кетер тағы бір жайт — бағдарлама студиясында Жаңа жыл мерекесін сезіндірер ешқандай безендіру болмады.

“Басты бағдарлама”, “Еуразия бірінші арнасы”

Студияға әсем безендірілген жаңажылдық шырша қойылыпты. Бағдарламаның «Коронавирус кет, вакцина кел» деп аталатын аңдатпасынан-ақ сюжетте қандай тұжырым жасалары байқалды.

Сюжет «Вакцина салдыруға дайынсыз ба?» деп аталыпты. Тілші коронавирус індеті әлемді қалай өзгерткеніне шолу жасайды. Қазақстанда ресейлік Спутник-V вакцинасын шығару қолға алынып, «KazCovid-IN»  отандық вакцинасы да сынақтан сәтті өтіп жатқанын айтты. Тұрғындар арасында «Вакцина алуға дайынсыз ба» деп сауалнама да жүргізіпті. Сюжетте “Отандық вакцина сынақтан сәтті өтіп жатса да Қазақстанда ресейлік вакцинаны неліктен өндіріп жатыр” деген қисынды сауал жауапсыз қалды.

«Ұр тоқпақ» айдарының жүргізушісі Айдана Үсембай қылмысқа күдікті ер адаммен селфиге түскені үшін қызметінен шеттетілген шымкенттік полицей туралы материал дайындапты. Тілші: «Бір нәрсе анық, шымкенттік полицейдің суреті қай жағынан алып қарағанда да «Жыл селфиі» деуге келеді, негізі. Әлі біраз уақыт ел аузында жүрері хақ» деген баға береді. Ел аузында жүргені үшін «Жыл селфиі» деген баға беріле ме екен?!

«Кеселдің кесірі тимеген коррупция» сюжеті бюджет ашықтығы тақырыбына арналыпты. “Мемлекеттік сатып алулар порталы арқылы жасалатын сауда-саттық астарында жемқорлық фактісі болуы мүмкін бе” деген сұраққа жауап іздейтін сюжетте  бірнеше деректі мысалға келтіреді. Бюджетті зерттейтін сарапшыларды сөйлетеді. Елімізде жемқорлық фактісін азайту үшін журналистер, азаматтық белсенділер де порталды бақылап, бақылап отыруы керек екенін айтады. Мазмұнды, өзекті сюжет.

“Басты бағдарлама” авторлары 2021 жыл — Сиыр жылына арналған сюжетте тарихқа үңіліпті. Сиыр жылдарында болған тарихи оқиғаларды шолып шығады. Тілші Әсем Изатқызы сиыр сауып отырып, стэндап жасапты. Сюжетте кадр сыртындағы мәтін мен бейнекадрлер сәйкеспейтін тұстары бар. Мысалы, «85-тің наурызы мен 86-ның наурызы аралығы да қазақ жылнамасында Зеңгі Бабаның баласынікі» деген мәтін оқылғанда сапасы бір ғасыр бұрын түсірілген видеоға ұқсайтын кадрлер көрсетті. Тарихи кадрлердің дереккөзін, яғни архив материалдары қайдан алынғанын белгілемепті.

«2021 жылы экономика өсуі мүмкін…» деген сюжетте дәрігер, риэлтор, экономист, мұнайшы, тіпті нумеролог пен астролог та сөйлейді. Ел экономикасы, тұрғын үй нарығына қатысты болжамдарды тілшінің өзі айтты. Мұнайшы: “Инвесторлар аз болады” десе, риэлтор:  “Тұрғын үй нарығында жаңа салынатын үйлер көп, сондықтан қайталама нарықтарда үй бағасы арзандауы мүмкін” деп болжайды. Тағы бір сарапшы онлайн-бизнес жүргізуді меңгерген бизнесмендер ісі алға жылжитынын, ал нумеролог пен астролог жыл позитивке толы боларын айтады. Экономикаға эзотериканың көмегімен болжам жасауға бола ма?!

«Basty bagdarlama» редакциясы көрерменмен 2021 жылғы 10-қаңтарға дейін қоштасты.

Apta, QAZAQSTAN

Apta бағдарламасы, дәстүрінен айнымай, Covid-19 және коронавирусты пневмония статистикасынан басталды. ДДСҰ бас директоры Тедрос Гибрейсус мәлімдемесін, яғни 2020 жылғы коронавирус пандемиясы адамзат тарихындағы соңғы індет емес екенін де айтып өтті. Тыйымға қарамастан жаңажылдық кеш өткізіп жатқан түнгі клубтар, кафе-мейрамханаларға рейдті көрсетті.

Бірінші жылжабар сюжет — “Ауыр болды” деп аталады. Тілші стендапта қазақстандықтар 2020 жылы Google іздеу жүйесінде қандай сөздерді жиі іздегенін айтты. «Коронавирус” сөзін ең көп іздепті. Содан кейін осы коронавирусқа қатысты тақырыптар: “онлайн-мектеп” және “42 500 еңбек кз” сөздерін жиі іздеген екен. Сюжетте әлеуметтанушы Серік Бейсембаевпен сұхбат бар. Сұхбатта пандемияның халыққа зардабы, кімдерге қатты ауыр тигенін әңгімелейді. Әлеуметтанушы әлсіз топтар көп зардап шеккенін айтып, ең ауыр салмақ әйелдерге түскенін айтады. Кәсіпкерлер мен мүгедектігі бар адамдарға ауыр болыпты. Әрбір санат бойынша кейіпкерлер бар. Еріктілер мен дәрігерлерді де сөйлетті. Ауқымды, өзекті, толымды сюжет.

Алматы маңында Bek Air ұшағының апатқа ұшырағанына 27 желтоқсанда бір жыл толды. Мейлінше толымды сюжетте осынау бір жыл ішінде оқиға қалай өрбігенін, сот істері мен тергеу қалай жүріп жатқанын, жолаушылар мен компания қызметкерлерінің қазіргі жағдайын қамтиды. Алайда бір кемшін тұсы — оқиғаның бас кейіпкері Bek Air компаниясы басшылығынан комментарий алмапты. Егер компания өкілдері комментарий беруден бас тартса, сюжетті мұны да айтпады.

Apta редакциясы  саясаттанушылардың Facebook әлеуметтік желісіне жазған посттары негізінде алдағы сайлауға шолуын жалғастырып келеді. Дәстүрлі шолуда қамтылатын дәстүрлі авторлар: Андрей Чеботарев пен Марат Шибутовтың қатарына Данияр Әшімбаев пен Расул Жұмалыны қосыпты. Олардың төртеуі посттарын орыс тілінде жазады (бағдарламада қазақша аударып береді). Неге екенін, тек қазақ тілінде хабар тарататын телеарна орыс тілінде пост жазатын сарапшыларды шолуға қосады.

Саясаттанушылардың жазған-сызғанына арналған шолу партиялардың сайлауалды үгіт-насихатын баяндайтын сюжетке жалғасты. Сюжетте бес партияның іс-шараларына бірдей уақыт бөлді.

Коронавирус пандемиясы кезеңінде отандық автоиндустрия қарқынды дамыпты. Сюжетте жеңіл автокөлік пен автобустар құрастыратын зауыт жұмысын көрсетті. Қай зауыт екенін айтпай, “Қостанайдағы зауыт” деп атады. Мазмұны жарнамалық материалға ұқсайтын, бірақ бренд аталмайтын сюжетті (жүргізуші де алғысөзде мұның жарнама емесін айтты) неліктен көрсеткені еш түсініксіз. Бір зауыт — тұтас автоиндустрияның жағдайынан хабар бере алмайды. Қазіргі автонарықтағы көп мәселені бүгіп қалған, үгіт-насихат сюжет.

Соңғы материалдың да алғысөзі түсініксіз. Жүргізуші Жайна Сламбек сөзін «Биыл азаматтық қоғамның дамуы артты» деп бастады. Ал материалда мектеп оқушыларын көрсетті. Дәлірегі оқушылар арман-тілегін, болашаққа жоспарын, қашықтан оқу қиындығын және тағы басқасын айтып берді. Азаматтық қоғамның бұған не қатысы бар?!

Apta редакциясы бір жыл ішінде эфирге шыққан материал кейіпкерлерінің арасынан «Жыл кейіпкерін» таңдапты. Өткен бағдарламадағы сюжет кейіпкері: ұшқыш, Тәуелсіздік құрдасы Өрден деген жігіт — “Жыл кейіпкері” болыпты.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

Риза Исаева
Риза Исаева
Медиасыншы, журналистика саласында 18 жылға жуық уақыт бойы қызмет етіп келеді. "Қазақ", "Шалқар" радиолары, "31 Радио", "Азаттық", "NS Радиосы", "31 арна", "Almaty" телеарналарында,"Абыз" газеті мен "Бөпем" журналында журналист, жүргізуші, редактор болып қызмет еткен, KIMEP Униерситетінің халықаралық журналистика магистрі.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР