2021 жылғы 10 қаңтарда ҚР Парламенті Мәжілісі және жергілікті мәслихат депутаттарын сайлау өтеді.
БАҚ редакциялары мен журналистер сайлаудан қалай ақпарат таратады, дауыс беру барысын қалай хабарлайды, жабық учаскелерге кіруге бола ма, дауыстарды санау процесін қалай жазып алады? Сайлаудан ақпарат таратуға қатысты қандай ережелер, шектеулер мен тыйымдар бар?
Internews Қазақстан медиазаңгері Ольга Диденко осы және тағы басқа сұрақтар бойынша нұсқаулық дайындады.
I кеңес. Артықшылық жасамаңыз, кандидаттарды алаламаңыз
Сайлауалды үгіт-насихат дегеніміз — белгілі бір кандидатты жақтап не қарсы дауыс беруге үндеу ғана емес, сонымен қатар:
- қандай да бір кандидатқа артықшылық жасау;
- кандидатты сайлаудың немесе сайламаудың мүмкін салдарларын сипаттау;
- кандидат туралы жағымды не жағымсыз аргументтелген көрінеу басым мәліметтерді қамтитын материалдар (ережеден үзінді).
Бұқаралық ақпарат құралдарынан сайлауда еш бағалаусыз, комментарийсіз, болжамдарсыз, арнайы эффектілерсіз, яғни толықтай бейтарап ақпарат жариялау күтіледі. Сайлауалды үгіт-насихат жүргізу ережесінде былай жазылған:
Артықшылық беру немесе алалау деп нақты кандидат немесе саяси партия туралы, мерзімді баспасөз басылымының жеке нөміріндегі көлемі бойынша басым, жеке телерадиохабардағы көлемі бойынша басым және арнайы әсерлермен ерекшелендірілген оң да, келеңсіз де сипаттағы хабарларды, жаңалықтар дикторының мәтініне кандидаттың немесе саяси партияның оларға үндеулер мен өтініштерді бағалауын енгізу деп түсінген жөн.
II кеңес. Қоғамдық пікір сұрау кезінде абайлаңыз
Қоғамдық пікірге сұрау салу нәтижелерін, сайлау, сайлауға байланысты өзге де зерттеулер, кандидаттарды не саяси партияларды қолдап дауыс беру нәтижелерінің болжамдарын дауыс берілетін күннің алдындағы бес күн ішінде және дауыс берілетін күні интернет желісінде (желілік басылымдар, әлеуметтік желілер) жариялауға болмайды.
Басқа да БАҚ-та қоғамдық пікірге сұрау салу негізінде әзірленген материал жарияламақ болсаңыз, сұрау салуды кім жүргізгенін дереу тексеріңіз. Сайлауға байланысты қоғамдық пікірге сұрау салу нәтижелерін жариялағанда сұрау жүргізген заңды тұлғаны, сұрау жүргізуге тапсырыс берген және оның ақысын төлеген адамдарды, сұрау жүргізілген уақытты, ақпарат жинау әдісін, сұрақтың нақты тұжырымын, сұралғандардың саны мен сұрау салу нәтижелерінің қателік коэффициентін көрсету міндетті.
III кеңес. 2021 жылғы 9 қаңтар — Тыныштық күнін бұзбаңыз
Дауыс беру күніне бір тәулік қалғанда сайлауалды үгіт-насихаттың барлығы тоқтатылып, Тыныштық күні жарияланады (2021 жылғы 9 қаңтар, сағат 00:00-ден сайлау учаскелері ашылған сәтке дейін). Дауыс беру күні үгіт-насихат жүргізілмейді. Жаңа материал жариялауға болмайды, бұрын жарияланған материалдар сол орнында сақталады.
Бұрын жарияланған материалдарды интернет-ресурстың бас бетіне шығаруға тыйым салынады.
Сайлау учаскелеріндегі дауыс беру процесін жариялау бойынша кеңестер:
• БАҚ өкілдері-журналистер дауыс беру басталғаннан аяқталғанға дейін, сондай-ақ дауыс санау кезінде сайлау учаскелерінде қалуына болады. Қызметтік куәлігіңіз бен редакция тапсырмаңыз болуы керек;
- PRESS деген жазуы бар кеудеше мен жапсырғыш болғаны жөн;
- Сайлау учаскелерінде дауыс беру процессін өз орныңыздан бақылауға, үй-жай ішінде фото-видеотүсірілім жасауға болады;
- Дауыс беруге арналған кабина ішіне кіруге, фотовидео түсіруге болмайды;
- Қоғамдық пікірге сұрау салуға тыйым салынған. Демек сайлаушылардан кімге дауыс бергенін сұрауға болмайды.
- Журналистер де байқаушылар сияқты сайлау учаскесінен тыс жердегі дауыс беру туралы хабардар болуы міндетті;
- Сайлау учаскесінен тыс жердегі дауыс беру кезінде сайлау учаскесіне келіп дауыс бере алмайтын сайлаушыларға барғанда байқаушылар не кандидаттардың сенім білдірілген адамдарысайлау жәшігін бақылап жүруіне болады;
- Журналистер де жабық учаскелерге барғанда бақылап жүруіне болады;
- Журналистер дауыс беру аяқталғаннан кейін дауыс санауға қатысып, бақылауына болады. Сайлау комиссиясының төрағасына хабарлап қойыңыз.
- Сайлау учаскесінде жұмыс істеу үшін аккредиттелу (жергілікті БАҚ-тарға) қажет емес. Шетелдік БАҚ-тар мен журналистер ҚР СІМ-інде арнайы аккредитациядан өтеді.
- Халықаралық байқаушылар да, жергілікті байқаушылар да жария мәлімдеме жасауына, дауыс беру барысы туралы комментарий беруіне, құжаттай дәлел көрсетуіне болады. Тек байқаушылардың онлайн-видеотрансляция жасау мүмкіндігі шектелген, бұл шектеу журналистер мен БАҚ өкілдеріне қолданылмайды.
IV кеңес. COVID-19-ға байланысты шектеулерді сақтаңыз
Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері сайлау учаскесінде болған барлық кезең ішінде бетперде режимін сақтауды (бетперде мұрынды, ауызды және иекті тығыз жабуы тиіс), күні бойы қолды антисептикалық құралдармен тұрақты өңдеуді қамтамасыз етеді. Бұл ретте бір рет қолданылатын қорғаныш бетперделері әр үш сағат сайын ауыстырылады, деп жазылған ҚР бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысында.
Сұхбат кезінде де әлеуметтік қашықтық — 1,5-2 метр аралықты сақтау керек. Сенім білдірілген адамдардың, байқаушылардың және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің орналасатын жерін сайлау комиссиясының төрағасы кемінде 1,5-2 метр қашықтықтағы әлеуметтік қашықтықты ескере отырып айқындайды. БАҚ өкілдеріне ПТР-тестілеу қажет емес.
Егер мәселе туындаса, не істеу керек?
- аудиоға жазып не видеоға түсіріп алыңыз;
- журналистердің кәсіби құқықтары бұзылғаны туралы акт жасаңыз;
- сотқа немесе жоғары тұрған сайлау комиссиясына құқық бұзушылық әрекеттер бойынша шағымданыңыз.