ДомойМедиа үні2020 жыл: қазақша медиадағы трендтер мен тақырыптар

2020 жыл: қазақша медиадағы трендтер мен тақырыптар

2020 жыл: қазақша медиадағы трендтер мен тақырыптар

Медициналық бағдарламалар, жаңа тәуелсіз медиа-ресурстар, ашылған-жабылған телеарналар, әлеуметтік-тұрмыстық ток-шоулар, журналистік зерттеулер. Коронавирус пандемиясының құрсауында қалған 2020 жылы қазақ тіліндегі медиада елеулі жаңалықтар болды. “Жаңа репортер” медиасыншысы Риза Исаева 2020 жылы қазақша медиадағы елеулі оқиғалар мен трендтерге шолу жасады. 

2020 жылдың наурызында коронавирусқа байланысты төтенше жағдай жарияланып, қатаң карантинде балабақша, мектеп, университеттер қашықтан оқытуға көшті. Мектеп оқушыларының үйде отырып білім алуына телеарналар да қатысты. Balapan және Kazakh TV телеарналары 1-11 сыныпқа арналған негізгі пәндер бойынша күнделікті ұзақтығы 10 минуттық телесабақтар көрсетті.

Коронавирустан сақтану, ауру белгілері, үйде емделу бойынша кеңес беретін бірнеше телебағдарлама эфирге шықты. Astana TV телеарнасы «COVID-19» , ал QAZAQSTAN Ұлттық телеарнасы тікелей эфирде “Теледәрігер” бағдарламасын көрсетті. Көрермен студияға хабарласып, сұрақ қоятын бағдарламасының әр шығарылымы коронавирустан басқа да тақырыптарға арналды. 

2020 жылы Абайдың 175 жылдығы және Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы аталып өтті. Маусымда ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева «Абай» және «Әл-Фараби» телеарналары ашылатынын мәлімдеді. «Әл Фараби» телеарнасы жыл соңына дейін ашылмады. Ал “Қазақстан” РТРК” АҚ құрамына кіретін «Тамаша» жастар арнасы жабылып, орнына ABAI TV телеарнасы ашылды.

Жарты жылда ABAI TV телеарнасы халықтың рухани құндылықтарын дәріптейтін «Көне дәуір құпиялары», «Үркер», «Дәуір даналары» деп аталатын циклді бағдарламалар көрсетті. Бұл негізгі контенті ойын-сауық пен әлеуметтік ток-шоулардан тұратын телеарналардағы олқылықтың орнын толтыратындай жаңалық болды. Әйтсе де көрермен тарапынан әлі лайық бағаланбады. 

QAZAQSTAN Ұлттық телеарнасы «Абай» телехикаясын түсіріп, Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында эфирге шығарды. Абайдың алғашқы жинағы қалай жарық көргенін баяндайтын деректі фильм әзірледі. Әлеуметтік желілерде «Абай» телехикаясы туралы пікірлер екіге жарылып, мақтаушылар да, сынаушылар да көп болды. 

“Хабар” телеарнасы «Абай жолы» телехикаясын ұсынды. Режиссер Мұрат Есжанның телетуындысындағы оқиғалар: Абай өмір сүрген уақыт, репрессия кезеңі және “Абай жолы” роман-эпопеясы жазылған 40-50жж жылдарды қамтиды. Телехикая желісі үш кезеңді қатар сипаттай отырып, өрбиді. «Абай жолы» шығармасының жазылуын да көрсетеді. Әлеуметтік желілерде режиссердің осы тапқырлығына разы посттар жарияланды.

Желтоқсан ортасында QAZAQSTAN Ұлттық телеарнасын «Әл-Фараби» телехикаясы көрермен назарына ұсынды.

2020 жылы ҚР Тұңғыш президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 80 жасқа толды. «Хабар» телеарнасы Нұрсұлтан Назарбаев жайлы бірнеше деректі фильм түсірді. 

Медианарық қатары «Халық арна» деп аталатын тағы бір телернаға толықты. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жанынан ашылған телеарнаның негізгі контенті — діни бағдарламалар, сұхбаттар мен сюжеттер екен. Бұған дейін діни тақырыптағы контент көрсетіп келген «Асыл арна» телеарнасының директоры Мұхамеджан Тазабек бұл арна хабар таратуды тоқтататынын  мәлімдеді. Айтуынша, “Асыл арна” телеарнасының орнына «Тәлім TV» атты жаңа телеарна ашылып, әлеуметтік, мәдени-ғылыми, ағартушылық бағытта хабарлар дайындайды.  

Мұхамеджан Тазабек QAZAQSTAN ұлттық арнасында “Тәлім TREND” бағдарламасын жүргізе бастады. Бұл бағдарлама эфирге шыққанға дейін де әлеуметтік желілерде көп талқыланды. Бағдарламаның алғашқы эфирі — полиция мәртебесіне арналды. Эфирде айтылған әңгімелерден кейін бұл хабар жайлы түрлі пікір туындады. Айтпақшы, “Жаңа репортер” медиасыншысы Назира Дәрімбеттің “Тәлім TREND” хабарына талдау жасаған.

Басқа да республикалық телеарналарда әлеуметтік-тұрмыстық тақырыптағы ток-шоулар шығып жатыр. КТК телеарнасының «Астарлы ақиқат» ток-шоуы карантин кезінде де тікелей эфирдегі түсірілімін студиядағы көрерменсіз жалғастырды. Әнші Ернар Айдардың карантинде өткізген ұтыс ойынына екі хабар арнады. Сол эфир қонағы, кәсіпкер Ахметбек Нұрсиланың эстрада әншілерін шегірткеге теңегені көпке дейін ел аузынан түспеді. 

«31 арна» эфирінен шығатын «Кел, татуласайық» реалити-шоуы да жұртшылық сынына ілінді. Медиасыншы Назира Дәрімбеттің осы реалити-шоу туралы талдауы қоғам талқысына түсті. 

Astana TV-ның «Айтарым бар», QAZAQSTAN ұлттық арнасының «Ниет», “Хабар” эфирінен шығатын «Бүгін» ток-шоуларына әлеуметтік-тұрмыстық мәселелер арқау болды.

“Хабар” телеарнасының «Қаламаймын» ток-шоуын “Еуразия бірінші арнасынан” көрсетілген “Қалаулым” ток-шоуына ұқсататындар да көп. Қос бағдарлама да екі жастың танысып, шаңырақ құруына арналады. 

Айта кетерлігі, «Еуразия бірінші арнасы” тікелей эфирде көрсететін «Қалаулым» және «Қалаулым сен» бағдарламасы туралы сын-пікірлер президент Тоқаевқа да жетіп, Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли: «Халықтың пікірі ескеріліп, арналардың да саясатына нұқсан келтірілмей тиісті шешім шығарылады» деп мәлімдеді. Қазір екі бағдарламаның атауы («Бір болайық» және «Qos Like») да, жүргізушілері де өзгеріп, бұрынғы форматта эфирге шығып жатыр. Коронавирусқа байланысты төтенше жағдай жарияланған кезде де студияда түсірілім жұмыстары тоқтамады.

Коронавирус пандемиясында түрлі жалған ақпарат көбейді. Елді әбігерге салған фейк-жаңалықтар легі бұқараның медиасауатын арттыру маңызды екенін көрсетті. Ал ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жанынан «Stopfake.kz» сайты ашылды.

Бірнеше медиаресурс бірігіп, арнайы жоба дайындады. Мәселен, “Жаңа репортер”, .Үш. нүкте. және Factcheck.kz редакцияларының “Коронавирус, кет, кет, кет” арнайы жобасын айтуға болады.

Жаз мезгілінде коронавирус күшейіп, көп адам қайтыс болды. The Village Kazakhstan, Vласть, «Орталық Азиядағы Медиазона», Factcheck.kz, «Азаттық Радиосы», «За нами уже выехали» және «Тіл кеспек жоқ» редакциялары бірігіп, COVID-19 инфекциясынан көз жұмған қазақстандықтар туралы мәлімет жинақтайтын Umytpa.kz базасын жасады. 

2020 жылы бірнеше тәуелсіз медиаресурстар: адам құқықтарына қатысты талдау материалдар жарияланатын Masa Media порталы, қоғамдық-саяси бағыттағы ақпараттық-талдамалы ORDA. сайты ашылды. Екі ресурс та қазақ және орыс тілдерінде хабар таратады.

2020 жылы бірнеше медиа-ресурс қазақ тілінде де контент жариялай бастады. Бұған дейін тек орыс тілінде хабар таратып келген Vласть интернет журналының қазақша нұсқасы ашылды. Ал Kaztag.kz Қазақ телеграф агенттігі қазақ тіліндегі сапалы контентін көбейтті. 

Ашық бюджет тақырыбына арналған материалдар көбейді. «Мінбер» ақпарат агенттігі мен AIQYN газеті бюджет тақырыбына материалдар жариялады. Пандемия кезінде мемлекеттік сатып алу порталында жарияланған лоттардағы жөнсіздіктерге қатысты журналистердің ескертпелері бірқатар қисынсыз сауда-саттықтың өтпеуіне септігін тигізді. Мемлекеттік органдар бұл мәселелерге қатысты түсініктеме беруге мәжбүр болды.  Ашық деректерді пайдаланып дайындалған DATA журналистика жанрындағы мақалалар аз болса да шығып жатыр. 

2020 жылы журналистік зерттеу жанрындағы деректі фильмдер шықты. Азаттық радиосының саясаткер Заманбек Нұрқаділовтің жұмбақ қазасы, полициямен арпалыста көз жұмған Бауыржан Әжібаевтың хикаясы және тағы басқа деректі фильмдері көпшілік назарын аударып, аудитория жылы қабылдады. Соңғы кезде кенжелеп қалған журналистік зерттеу жанрында бірқатар оң талпыныс байқалды. 

2020 жылы коронавирус пандемиясы ел өмірін шектеп, карантин жағдайында өтсе де қазақ тіліндегі медиада бірқатар өзгерістер жылы болды. 

Риза Исаева
Риза Исаева
Медиасыншы, журналистика саласында 18 жылға жуық уақыт бойы қызмет етіп келеді. "Қазақ", "Шалқар" радиолары, "31 Радио", "Азаттық", "NS Радиосы", "31 арна", "Almaty" телеарналарында,"Абыз" газеті мен "Бөпем" журналында журналист, жүргізуші, редактор болып қызмет еткен, KIMEP Униерситетінің халықаралық журналистика магистрі.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР