18-24 қаңтарды қорытындылаған апталық бағдарламалардың бәріне ортақ тақырып — коронавирус вакцинасы. “7 күн” және Apta зейнетақы жинақтарының бір бөлігін алу, ал “Басты бағдарлама” авторлары отбасындағы зорлық-зомбылық тақырыбына сюжет арнады. Ресейде оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйды босатуды талап еткен митингілер өткенін бір телеарна ғана көрсетті.
Дәстүрлі мониторингімізде “Хабар”, “Еуразия бірінші арнасы” және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламасын қамтыдық.
“7 күн”, «Хабар»
Хабарды Дархан Әбдіуахит жүргізді. Бағдарлама жалпыға бірдей декларация, зейнетақы жинақтарының бір бөлігін алу, жаппай вакцинация туралы тақырыптарды көтеріпті. Әйткенмен әлқиссасы президент Тоқаевтың апта ішінде атқарған шаруаларынан басталды.
Биыл Қазақстан ЕАЭО-қа төрағалық етуіне орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұйымға мүше елдердің басшыларына үндеу жолдапты. Тілші Шынар Асанқызы президент сөзінен үзінділер келтіріп, үндеуде айтылған бес басымдықтың маңызын тарқатты. Сюжет Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Жұмабек Сарабектің: «Экономикалық одақтың күн тәртібін гуманитарлық немесе саяси мәселелермен толтыруға талпынбауымыз керек» деп айтқан сөзімен түйінделді.
Тұңғыш президент пен қазіргі президенттің жұмыс аптасын басты назарда ұстайтын “жеті күндіктер” бұл жолы да әдетінен жаңылмай, екі президенттің қабылдауларын бір сюжетке топтастырыпты.
Сюжет Нұрсұлтан Назарбаев РФ Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведевпен телефон арқылы сөйлескенін де, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Twitter-парақшасында «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасына қатысты пікір білдіргенін де және тағы басқасын қамтыпты.
Бағдарлама Мемлекет басшысы ұсынған «Саяси реформалардың үшінші президенттік пакеті» аясында атқарылатын шаруаларға қатысты сарапшылар пікіріне жалғасты.
Ал «Дендеген дерт» деп аталатын сюжет елдегі коронавирус ахуалын баяндайды. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың індет қашан шарықтау шегіне жететінін айтқан болжамын келтіріп, аймақтағы жағдайға да шолу жасайды. 1-ақпанда Қазақстанда коронавирусқа қарсы жаппай вакцинация басталатынын да айтып өтті. Осы сюжеттің ішінде Атырау облысындағы жағдайды шолып өткен мезетте нақты бір мекемеге келушілерді қалай тексеріп жатқанын сәтінен видео көрсетті. Кадрде әлдебір ұйымның жарнамасы жазылған постер анық байқалды. Постер көрермен назарын аударады. Жалпы жағдайды бейтарап баяндайтын кадрде жарнамалық постерді анық көрсету — кездейсоқ па әлде жарнама ма екен?
“Дәрі сатпаймыз” атты сюжет коронавирусты емдеуге пайдаланылатын дәрі-дәрмектерге үкімет тарапынан шекті баға қойылуына дәріхана иелерінің қарсылығын талдапты. Дәріханашылардың неліктен дәрі сатпайтынын, жаздағы дәрі тапшылығын, баға белгілеуге кімдер ықпал ететінін де айтады. Тілші сюжетін “Сондықтан дәрі жетпей қалады” деп қорқудың қажеті жоқ» деген “жұбату” сөздерімен аяқтайды.
БЖЗҚ-дан біржолғы зейнетақы төлемін алудың жай-жапсарын баяндайтын сюжетте тақырыпты жан-жақсы түсіндіруге тырысады. Алайда пікір қарама-қайшылығы да туындайды. Мәселен, экономист Айдар Алибаев карантин кезінде зейнетақы қорына түсетін жарналар азайғанына сенімді екенін айтып, себептерін баяндады. Алайда тілші Мақпал Мадиярова сюжет соңында БЖЗҚ-ға 2020 жылы түскен жарна көлемі 2019 жылмен салыстырғанда 10 пайызға көп екенін жеткізді. Осылайша, тілшінің сөзі сюжеттегі жалғыз сарапшының пікірін терістеп тұрғандай.
ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ломбардтар мен микроқаржы ұйымдарының қызметіне мониторинг жүргізіп, 5,7 млн теңге айыппұл салыпты. Тілші стендапында микроқаржы ұйымдарының алаяқтығынан сақтану һәм қаржылай сауатты болу маңызын түсіндірді. Оның “жасырын пайыз” деген сөзбен қандай ойды жеткізбек болғаны беймәлім. Сюжет микроқаржы ұйымдарына айыппұл салынғаны туралы ақпараттан басталған соң микроқаржы ұйымы өкілінің пікірі беріліп, не журналист тарапынан пікір алуға талпыныс жасалса, толымды болар еді.
Осылайша, “7 күн” тілшілері ел ішіндегі жаңалықтарды хабарлаумен шектелді. АҚШ президентінің ұлықтау рәсімі мен көршілес Ресей еліндегі болған наразылық шаралары туралы ештеңе айтпады.
“Басты бағдарлама”, “Еуразия бірінші арнасы”
Бағдарлама авторлары әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатқан «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы төңірегіндегі дауды “аптаның басты тақырыбы” етті.
“Жұртқа жақпаған заң жобасы” аталатын сюжетте тілші осы заң жобасына қатысты таралып жатқан жаңсақ пікірлердің тарауына кім себепші болғанын іздейді. Көпбалалы аналардың қарсылық жиынынан үзінділер, әншілердің қарсылық пікірлерін беріпті. Сюжет авторы Айдана Үсенбай заң жобасындағы «Адамның құқықтары мен бостандықтарына қысым жасайтын және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа әдет-ғұрыптар мен дәстүрлерді болғызбау» деген бабына қатысты ойын: “сүндетке де отырғызуға болмайды екен” деп бастап, “әлбетте, “сүндет” деп нақты астын сызып айтпағанымен бірдеңені меңзейтіндей” деп жалғастырады. Тілші айтар сөзін қалай құбылту өз еркі болған күнде де тап осылай бағамдауы көрерменді шатастырады.
Сюжетте осы заң жобасын дайындаған жұмыс тобының мүшесі, заңгер мен қоғам белсендісі де сөйлейді. Алғысөзде сюжет заң жобасына қатысты даудың қайдан шыққанын түсіндіретіні хабарланған еді. Алайда сюжетте айтылған: “заң жобасына қатысты түрлі жаңсақ пікірлердің таралуына ықпал еткен “белгілі бір топтар” кім екені, олардың мақсаты жұмбақ күйінде қалды. Авторлар “белгілі бір топ” деп, бірақ кім екенін атамай, ортаға тағы бір жұмбақ тастап қойды.
Содан кейін бағдарлама қыздарынан таяқ жеген шымкенттік әже мен анасын ұрып-соққан жігіт туралы видеоларды көрсетті. “Анасын аямайтындар көбейді” деген сюжетте тілші психологтан “қоғамдағы мұндай жағдайға кім кінәлі” деп сұрайды. Жауаптары да әртүрлі.
Режиссер Ақан Сатаев смартфонмен жемқорлық туралы ролик түсіріпті. Видероликті көрсетіп, “Ұр тоқпақ” айдарында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің “әкімдер әйнек кабинетте отырсын” деген бастамасы талқыланады. Ал қоғам белсендісі “әкімдерді шыны кабинетке отырғызса да жемқорлық әрекетке тоқтау сала алмаймыз” депті.
“Көктемде індет өршуі мүмкін” деген сюжет елдегі коронавирус ахуалын баяндайды. Вакцинацияны да, вирустың жаңа штаммы таралып жатқанын да, оптимистік және пессимистік сценарийлерді де қамтып өтті.
“Шегіртке шенділер” атты сюжет жиі-жиі қызмет ауыстыратын мемлекеттік қызметшілер, “командамен жүру” проблемасын қозғайды. Бұл тақырыпты талдауға президент Тоқаевтың “шегіртке” шенеуніктер жөнінде айтқан пікірі түрткі болыпты. Сюжетте бірнеше сарапшыны сөйлетеді. Алайда “командасымен көшіп жүретін” шенділердің де, алты ай сайын қызмет саласын ауыстыратын қызметкерлердің де кім екенін біле алмадық. Сюжет тақырыбына сай келер ешбір шенеунікті не көрсетпеді не сөйлетпеді.
Apta, QAZAQSTAN
Apta бағдарламасы коронавирус және коронавирусты пневмония статистикасынан басталды (Телеарналар коронавирус ахуалын баяндағанда цифрларды неліктен маңызды санайды екен? Қазір бәрі құрғақ сандардан шаршады).
Сюжет авторы отандық вакцина төңірегіндегі сұрақтарға жауап іздеп, қазақстандықтар екпе салдыруға қаншалықты дайын екенін сұрады (көшеде сауалнама жүргізді). Пікірлер екіге жарылды. Тілші интернетте вакцина туралы жалған ақпараттар таралып жатқанын да айтып өтті.
Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін шешіп алу баспана бағасына қалай әсер етеді? Бағдарламаның екінші тақырыбы осы сауалға жауап іздейді. Сюжетте ақпарат пен талдаудан бөлек, зейнетақы жинағының көлемі бір бөлігін шешіп алуға жететін кейіпкер де бар. Аналитик, риелтор, құрылысшылар мен шенеуніктер комментарий беріпті. Тараптарды сөйлеткен жақсы сюжет.
Сосын шетел жаңалықтары басталды: Ресейде Алексей Навальныйды қолдау митингілері өткенін және АҚШ президенті Джо Байденді ұлықтау рәсімін айтты (шолуымызда қамтылған басқа екі бағдарлама бұл жаңалықтарды елеусіз қалдырды). АҚШ басшылығына жаңа президенттің сайлануы қазақстандықтардың АҚШ визасын алуына қалай әсер ететіні туралы сәті ұтымды болды.
Коронавирустан жазылып шыққандар арасында әлі де өз-өзіне келе алмай жүрген адамдар бар. Covid-19-тің жағымсыз салдарын баяндаған сюжетте кейіпкерлер хикаясын, дәрігерлер мен психолог комментарийін естідік. Аурудың зардаптары және бұдан қалай айығу туралы жақсы түсіндірді.
Биыл Мұстафа Шоқайдың туғанына 130 жыл. Алғысөзі ұзақ сюжет белгілі қоғам қайраткерінің рухани мұрасы туралы баяндайды. АҚШ-тағы ғалым мен қазақстандық ғалымдар комментарий беріпті.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласы соңғы сюжеттің негізіне айналды. Мақаладан Қазақстанның әсем табиғи мекендері туралы үзінді келтірді. Ал сюжет Шарын шатқалына арналады. Кадрлары керемет, мәтіні анықтамалық мазмұннан аспады. Табиғат инспекторлары 80-90 мың айлық алатынын айтып, айлықты өсіруді өтінді. Алайда олардың өтінішіне ешбір құзыретті орган өкілінен жауап болмады.
«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.
Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.