ДомойМедиасынЖаңа Мәжіліс, зейнетақы және балалар кедейлігі. 11-17 қаңтар апталық бағдарламаларға шолу

Жаңа Мәжіліс, зейнетақы және балалар кедейлігі. 11-17 қаңтар апталық бағдарламаларға шолу

Жаңа Мәжіліс, зейнетақы және балалар кедейлігі. 11-17 қаңтар апталық бағдарламаларға шолу

10 қаңтарда ҚР Парламенті Мәжілісі және жергілікті мәслихат депутаттарын сайлау өтті. Кешегі аптаны қорытындылаған бағдарламалар сайлау тақырыбына арналды.

“7 күн” және Apta бағдарламалары зейнетақы жинағының бір бөлігін инвестициялық басқаруға беру туралы сюжет дайындапты. Осылайша, екі бөлек бағдарлама бірдей тақырыпқа сюжет көрсетті. Ал “Басты бағдарлама“ авторлары ауыл-аймақты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету міндеті қалай орындалғанын талдады.

Дәстүрлі мониторингімізде “Хабар”, “Еуразия бірінші арнасы” және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламасын қамтыдық.

“7 күн”, “Хабар”

Бағдарламаны Ринат Думанұлы жүргізді. Ол 10 қаңтардағы сайлау қорытындысын жіпке тізіп, қай партия қанша дауыс алғанын айтып шықты. 11-қаңтарға қараған түні Exit poll нәтижесі шыққанын, Nur Otan төрағасы Н.Назарбаев партияластарын жеңіспен құттықтағанын айтты. Нұрсұлтан Назарбаевтың Мәжілістегі Nur Otan партиясы фракциясының отырысына қатысыпты.

Сюжет партия төрағасының отырыста айтқан сөздерінен құралған. Тұңғыш президент 10 қаңтардағы сайлауға “ашық әрі әділ өтті” деп баға беріпті. Осылайша “7 күн” бағдарламасының алғашқы 12 минуты жаңа Мәжілістің алғашқы сессиясына қазіргі президент Қ.Тоқаевтың қатысуынан емес, Nur Otan партиясының сайлаудағы жеңісіне арналды.

Әрі қарай VII шақырылымдағы Мәжіліске қай партиядан қанша депутат өткенін санамалай келе, президент Қ.Тоқаев жаңа Мәжілістің алғашқы сессиясына қатысқанын баяндайтын сюжетке ұласты. Президенттің сессияда сөйлеген сөзінен құралған сюжет ұзақтығы — 8 минут. Осылайша бағдарламаның бастапқы 20 минуты да аяқталды.

Мәжіліс спикері қызметіне Нұрлан Нығматуллин сайланғанын, оны барлық фракция депутаттары қолдағанын айтып, қайта сайланған спикерді сөйлетті. Айта кетсек, жаңа Мәжілістің 15-қаңтарда өткен отырысы тікелей эфирде көрсетілді. Біраз депутат ант беру рәсімінде шағын мәтінді дұрыс оқи алмай, жұртшылық сынына ұшырады. Алайда “7 күн” авторлары ел талқылаған тақырыпты эфирге шығаруды артық санаса керек, ләм-мим демеді.

11-қаңтарда Қазақстан халқы ассамблеясынан Мәжіліске 9 депутат сайланды. Бөлек сюжет әзірлепті. ҚХА төрағасы Н.Назарбаевтың сөзін, төраға орынбасарының сайланған депутаттарға қатысты пікірін де берді. Ассамблея атынан сайланған 9 депутатты таныстырды.

Айта кетерлігі, Nur Otan партиясы фракциясының отырысын көрсеткен сюжетте партия депутаттары туралы ештеңе айтылмады. Мәжіліске өткен тағы екі партия: ҚХП мен “Ақ жол” партияларының депутаттары да елеусіз қалды.

Президент Қ. Тоқаев премьер-министр лауазымына Асқар Маминді ұсынғаны, депутаттардың басым көпшілігі қолдап дауыс бергені, Парламент пен Үкімет алдағы уақытта бірлесе жұмыс істейтіні тағы бір сюжетке арқау болды.

Байқаушылардың сайлауға берген бағасын баяндаған сюжетте “Таза сайлау” қозғалысының мәлімдемелерін негізге алыпты. ДИАҚБ шектеулі сайлауды байқау миссиясының басшысы Ярослав Марчиннің “Сайлау туралы заңға тиісті өзгерістер енгізілуі тиіс” деген пікірін, басқа да халықаралық ұйымдардан келген байқаушылардың сайлау ашық та әділ өткені туралы сөздері бар. Ал саясаттанушы Нұрғали Нұртай Мәжілістің жаңа құрамына халық көп үміт артатынын айтыпты. Бағдарламаның басым бөлігі тек сайлау тақырыбына арналса да Мәжілістің жаңа құрамына қатысты сарапшы пікіріне бағдарламаның 40-минутында ғана кезек жетті.

Зейнетақы жинағының бір бөлігіне инвестициялық басқаруға берудің не екенін түсіндіретін сюжетте сарапшы экономистер сөйлейді. Қаржылық сауат, жеке қаражатты басқару, инвестнарық пен тәуекелдер туралы да айтты. Қаржы тақырыбын орынды талдады.

Бағдарлама соңында тілші Ақбөпе Бәкір елдегі және шетелдегі коронавирус індетінің таралу жайына шолу жасады.

“Басты бағдарлама”, “Еуразия бірінші арнасы”

“Басты бағдарлама” жүргізушілері эфирді “Әйтіп-бүйтіп” сайлау өткіздік” деп ашты. “Жаңа парламенттен не күтеміз” деген сюжет депутаттардың ант беру кезінде қазақ тіліндегі ант мәтінін қате оқып, тіл сындырғанынан басталды. Ақын Жандарбек Бұлғақовтың сондай депутаттарды әжуалайтын видеосын да көрсетті. Түрлі мәлімдеме жасап, әлеуметтік желіде жұрт талқысына түсіп, енді міне Мәжілістегі ең жас депутат атанған Мәди Ахметов пен мәслихаттағы ақын депутат Мақпал Мысаны да сөйлетті. Сарапшылар Мәжілістің жаңа құрамын талдады, ал нумерологтар болжам жасады.

“Ескі де жаңа үкімет” деп аталатын сюжет “Асқар Мамин бастаған үкімет алдағы уақытта не тындырмақ” деген сұраққа жауап іздейді. Тілші-жүргізуші Берік Дүйсенбай премьер-министр Асқар Маминнің өмірбаянына, бұрынғы үкіметтің құрамына шолу жасайды. Сюжет «Ескі де жаңа үкімет – есіркеп, жарылқайтын жыл болсын» деп, баталы тілекпен аяқталды.

COVID-19 туралы сюжетте мектеп оқушыларынан сұхбат алыпты. Оқушылар да, мұғалімдер де карантиннен шаршап, мектепті сағынғандарын жарыса айтады. Елдегі және шетелдегі коронавирус ахуалын баяндап, сақтық шараларын сақтауды ескертті.

“Ақ бұлақ” үмітті ақтады ма” деп аталатын сюжет сол бағдарламаның онжылдығына арналады. Қанша қаржы бөлінгені, қанша шақырымға су құбыры тартылып, су барғаны, әлі күнге ауыз су тапшы ауылдарды айтып, сусыз отырған тұрғындар жіберген видеоларды көрсетті. Ауылдарға ауыз су жеткізуді мәселесі енді қалай шешілетіні, заң қабылданып жатқанын да айтты. Сюжет мазмұны атауына сай болуы үшін есеп комитетінің өкілдері мен сарапшыларды сөйлеткенде болар еді.

Apta, QAZAQSTAN

Әдетте COVID-19 және коронавирусты пневмония статистикасынан басталатын бағдарламаның бірінші тақырыбы Қасым-Жомарт Тоқаевтың VII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясына қатысуына арналды. ”Саяси реформалардың жаңа пакеті” деп аталатын алты минуттық сюжет президенттің сөйлеген сөзінен құралды.

Бағдарлама Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясының фракция отырысына қатысқаны, Нұрлан Нығматуллин Мәжіліс спикері қызметін сақтап қалғаны және тағы басқа да саяси жаңалықтарға жалғасты. Apta авторлары ҚХП және “Ақ жол” партияларының депутаттары премьер-министр лауазымына Асқар Маминнің тағайындалуына дауыс беру кезінде қалыс қалғанын да атап өтті.

Жүргізуші Жайна Сламбек: “Бұрынғы одақтас республикалардың кейбірінен келген және ШЫҰ бақылаушылары сайлауға «жақсы өтті» деген сипатта, ал ЕҚЫҰ бақылаушылары «саяси бәсекесіз өтті» деген мазмұнда баға берді. Сайлаудың техникалық ұйымдастырылуы жоғары деңгейде болғанын барлығы айтты” деп, шетелдік бақылаушылардың сайлауға берген бағасын да айтып өтті.

Ал сюжетте Мәжіліске өткен үш партия фракцияларының мүшелері уәделі бағдарламаларын, ал өтпей қалған екі партияның өкілдері алдағы жұмысты жандандыра түсетіндерін айтты.

Apta қонағы — саясаттанушы, PhD доктор Инлира Рыстина екі партияның парламентке неліктен өтпей қалғанын түсіндірді. Айтуынша, “Ауыл” партиясы сайлауалды үгіт-насихат кампаниясын әлсіз жүргізіпті, ал ADAL партиясының сайлауға дейінгі тәжірибесі аз болған.

Содан кейін коронавирус ахуалын айтып, кафе-мейрамханаларға түнгі рейд кадрлерін көрсетті.

Apta авторлары өңірлердегі тақырыптарды да қамтыды. Қостанай облысының Заречное ауылында инфрақұрылым жүргізілмеген. Ауыл маңайына сібір жарасынан өлген мал көмілген. Әлдебір кәсіпкер карьер қазуға рұқсат алыпты, бірақ жергілікті тұрғындар бұған қарсы. Олар жерге көмілген сібір жарасының қоздырғыштары таралуынан қауіптенеді. Мейлінше толымды жасалған сюжетте тараптардың барлығын сөйлетіпті. Комментарий бермегендерін де атап өтті.

Apta редакциясы да зейнетақы жинағының бір бөлігін инвестициялық басқаруға беру туралы сюжет әзірлеп, мұның не екенін “жарнамалады”. Алайда сюжет мазмұны тақырыптан хабары жоқ адамға түсініксіз шықты.

БҰҰ дерегінше, әлемде коронавирус пандемиясына дейін әрбір алтыншы бала ашқұрсақ жүрген. “ЮНИСЕФ Қазақстан” өкілдігі хабарлағанындай, елімізде 1 млнға жуық бала кедей отбасында өмір сүреді. Олардың 83%-ы көпбалалы отбасы. Алайда бізде әзірге дейін “балалар кедейлігі” туралы түсінік жоқ. Сюжетте ауылдан қалаға көшіп келіп, пәтер жалдап тұрып жатқан отбасының, жертөледе өмір сүретін көпбалалы отбасының хикаясы бар. Жұмыс істейтін балаларды да көрсетті. Әлеуметтанушылар, экономистер, балалар омбудсмені мен ЮНИСЕФ өкілдері комментарий беріпті. Сюжет медиада аз айтылар өзекті тақырып — “Балалар кедейлігі” тақырыбын қозғайды. Әйтсе де кейбір балалардың бет-жүзін жаппай, ашық көрсетті.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.
Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

Риза Исаева
Риза Исаева
Медиасыншы, журналистика саласында 18 жылға жуық уақыт бойы қызмет етіп келеді. "Қазақ", "Шалқар" радиолары, "31 Радио", "Азаттық", "NS Радиосы", "31 арна", "Almaty" телеарналарында,"Абыз" газеті мен "Бөпем" журналында журналист, жүргізуші, редактор болып қызмет еткен, KIMEP Униерситетінің халықаралық журналистика магистрі.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР