ДомойМедиасынТоқаев тапсырмалары және вакцинация. 25-31 қаңтар апталық бағдарламаларға шолу

Тоқаев тапсырмалары және вакцинация. 25-31 қаңтар апталық бағдарламаларға шолу

Тоқаев тапсырмалары және вакцинация. 25-31 қаңтар апталық бағдарламаларға шолу

Өткен аптада президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізді. Осы оқиға қаңтардың соңғы аптасын қорытындылаған бағдарламалардың негізгі тақырыбына айналды. “7 күн” мен Apta тілшілері бұған бірнеше сюжет арнады. Ал “Басты бағдарлама” авторлары зейнетке шығу жасын төмендету ұсынысын негізге ала отырып, зейнетақы жинағының бір бөлігін алу туралы сұхбат жасады. Үш бағдарлама да коронавирусқа қарсы вакцинация басталатынын көрсетті. Алайда латын графикасындағы қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасы шыққанын үшеуі де елеусіз қалдырды.
Дәстүрлі мониторингімізде “Хабар”, “Еуразия бірінші арнасы” және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламасын қамтыдық.

“7 күн”, “Хабар”

Жүргізушісі жиі алмасатын бағдарламаны Ринат Думанұлы жүргізді. Әңгіменің әлқиссасы да, алғашқы сюжеті де Үкіметтің кеңейтілген отырысына арналды. Мұның себебі бар, өйткені отырысты президент Тоқаев өткізді. Сюжетте президент айтқан жеті міндеттің әрқайсысын тарқатып шықты.

Содан кейін іле-шала Қасым-Жомарт Тоқаевтың апта ішіндегі қабылдауларына шолу жасап, президент қатысқан тағы бір отырысқа кезек жетті. Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің отырысынан дайындалған сюжетте Мемлекет басшысының ұсыныстарын баяндады.

Неге екені белгісіз, “жеті күндіктер” президент төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысына қайта оралды. Сюжетте Мемлекет басшысы ұсынған жеті бағытқа қатысты сарапшыларды сөйлетті. Бұдан бөлек, президент айтқан мәселелерге нақты бір оқиғаны байланыстырып, проблеманы ашуға талпыныс жасалды. Карантин кезіндегі кәсіп туралы айтқан сәтте ақтаулық кәсіпкер Гүлайша Боранованы көрсетті. Бұл кейіпкерді “7 күн” бағдарламасы бұрын да көрсеткен.

Коронавирусқа қарсы вакцинация тақырыбындағы сюжет отандық вакцинаға қатысты ақпараттан басталды. Вакцинаның қауіпсіздігі мен тиімділігі дәлелденіпті, басқа ақпарат жариялауға рұқсат етілмейді екен. Әрі қарай ресейлік Спутник-V вакцинасының қанша дозасы Қазақстанға әкелініп, Қарағандыда қанша дозасы дайындалатынын, Pfizer вакцинасына қатысты келіссөздер жүріп жатқанын хабарлады. Сарапшы ел арасында вакцинаға қатысты таралып жатқан түрлі қауесетті терістесе, профессор Әлім Әкімбаев отандық вакцинаның ресейлік вакцинадан артықшылығын да айтты. Сюжет соңында әлем бойынша коронавирусқа қарсы қанша вакцина әзірленіп жатқанын санамалап шықты. Жан-жақты ақпараты бар, мейлінше толымды сюжет.

Президент жаңалығын түгендеп, ең көп талқыланатын тақырып — зейнетақы жинағының бір бөлігін алу туралы сюжет көрсетті. Қаражатты алу жолын рет-ретімен түсіндіріп, өтініш беру барысында кездесетін қателерді баяндап, кейіпкерлер мен сарапшыларды сөйлетті. Экономист осынау бастаманың осал тұстарына тоқталса, қаржы кеңесшісі мен риелтор мұның барлығы баспана бағасының өсуіне әсер еткенін айтып, жинағыңыздың бір бөлігін алуға асықпауды ескертті.

Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілгеніне 1 жылдан асты. Сюжетте әлі де халық арасында көптеген түсінбеушілік болып жатқаны, ақпарат дұрыс жетпейтіні, медсақтандыру аясында қандай ем алуға болатыны, кім қанша қаражат төлейтіні айтылды. Медсақтандыру аясында күрделі операция жасатқан кейіпкерді де көрсетті. Пайдалы ақпараты мол сюжет. Әйтсе де ел ішінде көп талқыланатын сұрақтар, мәселен азамат жарна төлеп, бірақ емдеу қызметін пайдаланбаса, оның шотындағы қаржы болашақ еміне сақтала ма, жоқ па, деген сияқты сұраққа жауап болмады.

“Басты бағдарлама”, “Еуразия бірінші арнасы”

Мәжіліс депутаты Александр Милютин ерлер мен әйелдердің зейнет жасын 60-жасқа төмендетуді ұсыныпты. ҚХП фракциясы мүшесінің ұсынысы көпшілікті елең еткізді. “Басты бағдарлама” авторлары осы ұсынысты негізге ала отырып, зейнетақы жинағының бір бөлігін алудың жай-жапсарын түсіндірді. Тілші Айдана Үсенбай “Отбасы банк” өкілімен сұхбаттасып, тақырыпқа қатысты толымды жауап алыпты.

«Ертеңнен бастап жаппай вакцинация шымылдырығын түреді» деген алғысөзден басталатын сюжет конавирус салдарынан ана өлімі көбейіп кеткеніне арналды. Тілші: “Дініміз босанып жатып қайтыс болған ана “жәннаттық” депті, алайда бұл дүниеде қалған шақалақтың өмірі тозақ емей немене» дей келе, жоқтау айтқан адамдарды көрсетіп, жылаған дауыстарын қосыпты. Мұны «эмоцияға әсер ету тәсілі» десек де «жәннаттық», «тозақ» деп байлам жасау артық-ақ. Қайғыдан қан жұтып отырған адамдардың бет-жүзін ашық көрсетіп, жоқтау дауысын қосу да этикаға томпақ. Сарапшылардың аты-жөнінен техникалық қате кетіп, бір адамға екі түрлі (“Жұпар Наханова, акушер-гинеколог”, “Жарықгүл Құрманбаева, зейнеткер”) титр шығарды. “Басты бағдарлама” авторларының бұл тақырыпты қозғауына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кеңейтілген отырыста ана өлімі көбейгенін айтып, денсаулық сақтау ұйымдарының жұмысын ретке келтіруге тапсырма бергені себеп.

«Шенеуніктердің көлігі азаяды» деп аталатын сюжет те Үкіметтің кеңейтілген отырысында президент айтқан мәселемен орайласады. «Ұр тоқпақ» айдары қымбат көлік мінетін облыс әкімдерінің кішігірім рейтингін жариялады.

Алматы және Шымкент қалаларында тез тұрғызылатын модульді аурухана құрылысынан ақша жымқыру фактісі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Сюжет осы іс негізінде ҚР Сыбайлас жемқорлықпен қарсы іс-қимыл агенттігі өкілдерінен сұхбат алып, тергеу барысын айтып, қай министрлік жемқорлық фактісін бүркемелеуге бейім екенін атап, “СҚ-Фармация” ЖШС бұрынғы басшысына қатысты қандай факті бойынша іс қозғалып жатқанын да еске салды.

Бағдарламаның тағы бір сюжетіне мәжіліс депутатының мәлімдемесі түрткі болыпты. Депутат Гүлнара Бижанова ұрланған көліктерге жаңа автокөліктің сериялық нөмірін көшіріп басу оқиғасы жиілегенін айтқан. Тілші Берік Дүйсенбай сюжетке полиция қызметкерлерін қатыстыра отырып, арнайы түсірілім жасайды. Өзі автокөлік барымташысының рөлін сомдайды. ІІМ мен ҚР ҰҚК Шекара қызметінің өкілдері қатысқан отырыста әр тараптың ұрланған көліктерді заңдастыру мен шетел асыруға қатысты уәжінен үзінді берілді. Кемшіліктерді тізіп шықты.

Apta, QAZAQSTAN

Apta бағдарламасы бастан-аяқ президент Қ.Тоқаевқа арналды. Үкіметтің кеңейтілген отырысынан дайындалған сюжет ерекшелігі — президенттен бөлек, отырыста айтылған әр мәселеге қатысты адамдарды сөйлетіп, сарапшылар пікірін берді.

Мемлекет басшысының Экономикалық қылмыстармен күрес агенттігін құру туралы тапсырмасы Қазақстандағы көлеңкелі экономика туралы сюжетке себеп болыпты (елдегі көлеңкелі экономикада айналым қаржысы ресми деректерге қарағанда ЖІӨ-нің 23%-ын, ал бейресми статистика бойынша 40%-ын құрайды екен. Тілші бұл цифрларды нақты қайдан алғанын айтпады). Сюжетте кәсіпкерлер, сарапшылар, жаңадан құрылған, дәлірегі атауы өзгерген Қаржы мониторингі агенттігінің өкілі комментарий берді. Сюжет көлеңкелі экономика ұғымын жан-жақты әрі ұғынықты түсіндірді.

Ал Реформалар жөніндегі жоғары кеңес отырысынан әзірленген сюжет қызықсыз, хаттамалық мазмұнда жасалған. Президент сөзін кадр сыртындағы мәтінде қайталап, ара-арасына сөйлеген сөзінен синхрондар қосыпты.

Тоқаев зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мақсатты пайдалану бастамасы туралы айтып, тұрғын үй бағасы өсуіне жол бермеуді тапсырды. “Apta” авторлары сарапшылардан пікір сұрапты. Мемлекет тұрғын үй бағасын реттеуге дәрменсіз екенін түсінетін олар да жылжымайтын мүлік сатып алуды кейінге шегеріп, дүрмек басылуын күтуді ұсынады.

Коронавирус туралы сюжет болмады, бірақ жүргізуші Жайна Сламбек Covid-19 және коронавирусты пневмония статистикасын, ресейлік “Спутник-V” вакцинасы мен отандық вакцина жайында айтып берді.

Азық-түлік қымбаттауына арналған сюжетте мемлекет кейбір азық-түлік түрлерінің бағасын қалай реттейтіні, жалпы баға неліктен өсіп жатқанын баяндайды. Қазақстанның ішкі нарықты азық-түлікпен қамтамасыз ету мүмкіндігін де бағамдайды. Сюжетте сатушылар, тұтынушылар, сенаторлар, сарапшылар, ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдік өкілдерінің комментарийі бар. Ақпараты мол, толымды сюжет.

Тағы да Тоқаев. Ол Үкіметтің кеңейтілген отырысында Жер комиссиясының жұмысын қайта жандандыруды, ауыл маңайындағы жайылым жерлер проблемасын шешуді тапсырды. Президенттің осы тапсырмасын ту еткен тілшілер Алматы облысының екі ауылынан сюжет дайындапты. Қос ауылда да мал жаятын жер тапшы. Тұрғындар жанайқайын жеткізген сюжет — бағдарлама авторларының мұрағаттағы видеоны алып қоя салмай, оқиға орнына барып, адамдарды сөйлетіп, өзекті мәселені анық көрсеткен жұмысының нәтижесі.

2021 жылдың 1-шілдесінен бастап ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі күшіне енеді. Бұл — құзырлы мекемелерге есесі кеткен адамдардың құқын қорғайтын заң. Кейіпкерлер хикаясы (олар түрлі мемлекеттік органдардың шешімімен келіспейді) да,  заңгер комментарийі де бар. Ал судьялар бұл Кодекс нақты қандай мәселелерді шешетінін түсіндіреді.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

Риза Исаева
Риза Исаева
Медиасыншы, журналистика саласында 18 жылға жуық уақыт бойы қызмет етіп келеді. "Қазақ", "Шалқар" радиолары, "31 Радио", "Азаттық", "NS Радиосы", "31 арна", "Almaty" телеарналарында,"Абыз" газеті мен "Бөпем" журналында журналист, жүргізуші, редактор болып қызмет еткен, KIMEP Униерситетінің халықаралық журналистика магистрі.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР