ДомойМедиасынСапасыз жолдар, қымбатшылық және бала сату. 12-18 сәуірдегі қорытынды бағдарламаларға шолу

Сапасыз жолдар, қымбатшылық және бала сату. 12-18 сәуірдегі қорытынды бағдарламаларға шолу

Сапасыз жолдар, қымбатшылық және бала сату. 12-18 сәуірдегі қорытынды бағдарламаларға шолу

Президент твитінен соң «қайта тірілген» тақырыптың бірі — сапасыз автожолдар. 12-18 сәуірді түйіндеген «7 күн» және Apta бағдарламалары жол сапасы неліктен сын көтермейтінін зерттемек болыпты. Ал «Басты бағдарлама» авторлары бала сату-сатып алудың жай-жапсарын анықтап, Қазақстанда кедейлер көбейгенін талдайды.

Дәстүрлі мониторингімізде «Хабар», «Еуразия бірінші арнасы» және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламасын қамтыдық.

«7 күн», «Хабар»

Жүргізуші Дархан Әбдіуахит Мемлекет басшысының Қазақстан халқын Рамазан айының басталуымен құттықтағанын хабарлап, коронавирус күшейгенін, вакцинацияның маңызын айтып, Тұңғыш президент пен қазіргі президенттің апта ішіндегі қабылдауларын тізіп шықты.

Бірнеше тақырыпты бір мәтінге сыйдырған ұзақ алғысөз президент Тоқаев қатысқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөнінде кеңес туралы сюжетке жалғасты. Президент Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жаңа төрағасына қандай міндеттер жүктегенін баяндап, жаңа төрағаның қызмет жолына шолу жасады.

Президенттің апта ішіндегі қабылдауларынан кейін карантиндегі ораза туралы сюжет берді. Сюжет «Вакцина алу оразаны бұзбай ма» деген сұраққа жауап іздеуден басталып, карантин кезінде мешітке кіру тәртібі, онлайн уағыз айту туралы ақпаратпен толығыпты.

«7 күн» тілшілері вакцинация тақырыбында «Covid-19 vs вакцина» деген сюжет дайындапты. Өткен эфирдегі сюжет те осылай аталды. Тілші Мақпал Мадиярова өңірлердегі вакцинация барысына шолу жасайды.

Бағдарламаның екінші жартысы біріншісінен қызық екен. Маңызды да өзекті мәселелерді көтерген бірнеше сюжет көрсетті.

Президент Қ.Тоқаев Twitter парақшасында жол сапасын сынап, твит жариялаған еді. Ізінше «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы қызметінен босатылды. «7 күн» тілшілері президент твитін негізге алып, өңірлердегі жол салу, жол жөндеу жұмыстарының сапасын бағамдаған толымды сюжет дайындапты.

«Баға қайда барасың» деген сюжет елдегі қымбатшылыққа арналыпты. Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов бензин бағасы неліктен өскенін айтса, тілші ЕАЭО-қа мүше елдер арасындағы бензин бағасын теңестіру туралы өзара уағдаластыққа тоқталды. Бензин өндіруге қажет шикізат шетелден әкелінетінін айтып, «Жақын арада бензин бағасы төмендемейді, тіпті тұрақты да болмайды» деп, ұйғарым жасайды. Сюжетке базардағы бағаның өсуін де, тұрғын үй қымбаттағанын да қосыпты.

Қазақстан ғылымының аяқ алысын бағамдайтын сюжет «Зияткер ұлт» деп аталады. Ғылымдағы жаңалықтар, қаржыландыру, ғалымдарымыздың жетістіктері мен жобаларын қамтыған толымды сюжет.

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған шолу сәуір айының Тәуелсіздік тарихындағы маңызына тоқталады. Әр жылы сәуірде жасалған маңызды келісімдер, халықаралық кездесулер, Нұрсұлтан Назарбаевтың шетелдік сапарлары, қабылданған заңдар, мемлекеттік бағдарламаларды жинақтапты.

Жүргізуші Дархан Әбдіуахит «Қазақстан коронавирус жұқтырушылар саны бойынша әлемдегі рейтингте 110 орында тұр» деп, әлемдік рейтингті хабарлады. Алайда дереккөзін атамады. Соңғы сюжет әлемдегі коронавирус ахуалы мен вакцинация барысын баяндайды.

«Басты бағдарлама», «Еуразия бірінші арнасы»

«Басты бағдарлама» хабарының алғашқы сюжеті сирек айтылатын тақырыпқа арналады. «Бала сатамын» деген сюжет қоғамда баланы тауарға балайтын көзқарас бар екенін көрсетеді. Есімі ғана аталатын кейіпкер құндақтаулы балалардың «Сәбилер үйіне» жетпей сатылып кететінін, өзі де 500 мың теңгеге бала «сатып алғанын» айтады. Сюжет авторы Әсем Изатқызы бала сатылатынын дәлелдемек болып тағы бір эксперимент жасайды. Әлеуметтік желіде бала сатып алатынын хабарлайды. Ұсыныс жасаушылардың бірімен видеобайланысқа шықты. Ал сюжеттегі кейіпкер «Ана мен бала» орталығында бала сатуға үгіттеушілер бар екенін айтқан екен. Тілші аталған орталыққа хабарласқанда, сондағы «белгісіз» қызметкер бұл ақпаратты жоққа шығарады. Кейіпкер қай орталықты меңзегені, тілші қай орталыққа хабарласқаны беймәлім. Мұның барлығы сюжеттегі оқиғаның шынайылығына күмән тудырады.

Келер сюжет тақырыбы — «Кедейлер көбейіп барады, байлар да». Тілші Берік Дүйсенбай елдегі күнкөріс деңгейі, кедейлер санын түгендепті. Кедейшілік шегі, жұмыссыздар саны, мемлекеттік жәрдемақы, еңбекпен қамту сияқты мәселелерді қамти келе, кедейшілік себебін іздеуге тырысады. Экономистен пікір алыпты. Тілші сюжетін «…Дәл қазір 20 пайызға көбейген кедейді аштан өлтірмеу бас қайғы шығар..» деп аяқтайды. Орынды проблема қозғаған сюжетте қарапайым бұқараның пікірі жоқ.

«Басты бағдарлама» авторлары «Кітап жазу еңбек пе, ермек пе?» деп, жазарманға айналған шоу-бизнес жұлдыздары мен бизнес тренерлерді астарлай сынапты. Соңғы екі жылда кітап шығаруға мемлекет тарапынан қанша қаржы жұмсалғанын, соңғы үш жылда қанша кітап басылып шыққанын хабарлап, ақын-жазушылар мен жұлдыздарды сөйлетіпті. Біраз адамның көкейіндегі сауалға жауап іздеді. Көрерменге ой салар сюжет, алайда «оқырман не дейді, сұранысы қандай» деген сауал жауапсыз қалды.

Бағдарламаның соңғы сюжеті белсенді шенеуніктерге кімдерді жатқызуға болатынын талдайды.

Apta, QAZAQSTAN

Apta авторлары әдетінен жаңылмай, COVID-19 және коронавирусты пневмония ресми статистикасынан басталып, Ақорда жаңалықтарына жалғасты.

Сапасыз автожолдар тақырыбына ойысып, жүргізуші Жайна Сламбек сюжет алғысөзінде Гоголдің «Ревизор» комедиясын атап өтті. Қазақстандағы сапасыз автожол кадрларынан құрастырылған сюжетке «Ревизор» фильмінен де үзінділер қосыпты. Әуелде ревизордың автожолға қандай қатысы бары түсініксіз болды. Кейін келе тілші: «Расымен президент қашанғы ревизор бола бермек?» деп, президент Тоқаевты ревизор рөлінде көретінін түсіндірді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзіне негізделген сюжетті фильмнен үзінділер ғана жайнатып жіберді.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің қитұрқы тірліктерін тізбектеген сюжетте экономистер, Есеп комитеті өкілінің пікірі, комментарийі бар. Ақпараттың көптігі сюжет құрылымына теріс әсер етіпті. Семейдегі қоқыс полигонының құрылысына қатысты дау, 2015-2020 жылдары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жасалған келісімдер, бюджет қаржысын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы жымқыру тәсілдері мен мысалдары, тексеру қорытындысы, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын шектен тыс бағалау, үкіметтің инвесторлар алдындағы миллиардтаған теңге міндеттемелері, Нұр-Сұлтанда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 20 мектеп салуды бір сюжетке тықпалап, тым көп ақпаратты жалғыз қазанға салыпты.

Түркістан облысындағы Шардара және Мақтаарал ауданының дихандары су тапшылығынан мақта еге алмай отыр. Дихандар да, әкімдік те, министрлік те бұған мердігерді кінәлайды. Мердігер су арнасын бетондау жұмысын кеш бастаған екен. Ал мердігерлер ауа райының жайсыздығына байланысты жұмысты кеш бастағанын айтады. Дихандар проблемасын айқынкөрсеткен тәп-тәуір толымды сюжет.

«Apta қонағы» айдарына Сенат депутаты Ақылбек Күрішбаев келді. Жер комиссиясының отырысы, жерге меншік проблемалары, жер дауы туралы сұхбаттасты.

Қостанай облысындағы ауыл тұрғындары ауыл жанынан құм карьерін қазуға қарсы. Ал аудан әкімінің орынбасары кәсіпкердің құм карьерін қазуына тыйым салып, қызметін асыра пайдаланғаны үшін сотталыпты. Толымды әрі жан-жақты сюжет.

Пандемия кезінде құмар ойынға қызығушылық артқан. Қазақстандықтар 2020 жылы құмар ойындарға 79 миллиард теңге жұмсапты. Бұл 2019 жылғы көрсеткіштен алты есе көп. Сюжетте құмар ойын жетегінде кетіп, қарызға батып, қазір тәуелділіктен емделіп жатқан кейіпкерлер бар.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

Риза Исаева
Риза Исаева
Медиасыншы, журналистика саласында 18 жылға жуық уақыт бойы қызмет етіп келеді. "Қазақ", "Шалқар" радиолары, "31 Радио", "Азаттық", "NS Радиосы", "31 арна", "Almaty" телеарналарында,"Абыз" газеті мен "Бөпем" журналында журналист, жүргізуші, редактор болып қызмет еткен, KIMEP Униерситетінің халықаралық журналистика магистрі.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР