ДомойМедиасын«Қайрат болма, адам бол». Танымал сериалдың кемшілігі қандай?

«Қайрат болма, адам бол». Танымал сериалдың кемшілігі қандай?

«Қайрат болма, адам бол». Танымал сериалдың кемшілігі қандай?

Salem Social Media компаниясының «Пацанские истории», Sheker, «Саке», «Қарапайым Қайрат», «Сержан братан» және тағы басқа уеб-сериалдарын жұртшылық жақсы біледі. Бұл сериалдар YouTube-та миллиондаған қаралым жинап, көпшілік әрбір эпизодын асыға күтеді. «Жаңа репортер» авторы Ернар Бекенов қазақстандық YouTube-трендке жиі көтерілетін «Қарапайым Қайрат» сериалын көріп, кейіпкерлері мен оқиға желісіндегі олқылықтарды, мазмұнның мақсатқа қарама-қайшылығын талдады.

«Қарапайым Қайрат» сериалының («Қайрат болма», «Қайрат», Qairat деп те атайды — авт.) алғашқы сериясы 2019 жылы күзде шықты. Тез танылды.

Сериалдың ресми YouTube-арнасындағы бірінші эпизоды 8,4 миллион, екінші, үшінші эпизодтарының әрқайсысы 6 миллионға жуық қаралым жинады. Кейін қаралым саны бір өсіп, бір кеміп отырды. Десе де, 1 миллионнан аз көрілген бір де бір бөлімі жоқ.

Сериал қаншалықты танымал болса да кемшілігі жетерлік. Әсіресе сюжеттің өрбуі, диалогтары мен кейіпкерді дамыту тұрғысынан кінәрат бар.

«Қарапайым Қайрат» сериалы ауылда тұратын үш достың хикаясын баяндайды. Үшеуі де жұмыссыз. Түнде көше кезіп, арақ ішеді. Ертеңіне оянып, мас болып жасаған әрекеттерінен туындаған проблеманы шешуге тырысады. Бастапқы үш сериясының концепциясы осы.

YouTube-тағы Qarapaıym Qaırat / Қарапайым Қайрат каналының скриншоты

Кез келген көркем шығарманың өзегі: ол — басты кейіпкер, оның эволюциясы не трансформациясы.

Егер сюжеттің басынан соңына дейін кейіпкерге әсер ететін оқиғалар болмаса, кейіпкер өзгермесе, онда бұл — нашар туынды. Мұны саналы көрермен де, автор да білсе керек. Ал сериалдың бас кейіпкері Қайратта (Еділ Анарбай) да, жанында жүретін екінші пландағы кейіпкерлер Жеңіс (Рауан Рамазанов) пен Сопақта (Рамис Кулахметов) да эволюция жоқ.

Осы мақаланы жазып жатқанда сериалдың екі маусымы аяқталды. Барлығы 23 серия шықты.

Иә, екінші маусымда локация өзгеріп, сюжетке де түрлі ситуациялы оқиғалар қосылғандай болды. Алайда бұл кейіпкерлердің трансформациясына еш әсер етпейді. Олардың ұстанымы, өмірге көзқарасы, түсінігі сол күйінде қалады.

Екінші маусымның сюжеті бойынша үш дос қалаға келді. Мақсаты — жұмыс тауып, қатарға қосылу. Әйткенмен сериалдың барлық эпизодын қарасақ, басты кейіпкерлерге жанашыр болып, тілекшісіне айналатындай еш маңызды оқиға болмады.

Екінші маусымда сюжет дамуына әсер етпейтін диалогтар, бос ситуациялар тым көп.

Екінші маусымның жетінші эпизодын алайық. Кейіпкерлер қаладан жұмыс іздейді. Қайрат бастаған үштік Алматыдағы элита-аудан саналатын Есентай молл жанына келіп, бір мекемеге кіріп, жұмыс жөнінде сөйлеспек болады. Көліктен түскеннен кейін мынадай диалог өрбиді:

— Ей, Сопақ, мынау не?
— Ей, бұл қаланың ең блатной жерлерінің бірі ғой.
— Мәәәәә!
— Ей, не болды-ей маңырап жайлауды көрген қойлар сияқты?
— Примерно и так сондай болып тұрмыз ғой! Ей, мына үйің п***ц қой, е!
— Е, Сопақ? Мына үйде адамдар тұра ма не?
— Конечно, тұрады. Бұл үйде ана жақтағы бай адамдар тұрады.
— Е, Сопақ! Онда осы үйден үй сатып алмайсың ба? Сенің донерныйың бар емес пе!
— Просто менің дөнерімді аналар жемейді ғой.
— Е, онда сен аналар жейтін дөнер сатсайшы!
— Жоға, оларға дөнер сатуға желание жоқ. Тендермен зае***ды шығарып жібереді.
— Е, күшті емес пе! За то мынадай үйде тұрасың.
— Е, қойшы, мынадай үйде тұруға желание жоқ-ей.
— А че, неге?
— Жаздың күні ыстық просто.
— Өй, п***ц бола бермеш-ей!

https://youtu.be/9Y6AB1cenZk?t=720

Содан кейін Қайрат пен Жеңіс жұмыс іздеуге кетеді. Бұл диалог кейіпкерлердің мотивациясына да, қазір істелуі тиіс әрекетке де еш әсер етпейді. Осы бөлімдегі сюжеттің әрі қарай өрбуіне де себеп болмайды. Диалог не үшін дәл осы сәтке енгізілгені түсініксіз. Бір қызығы — сериалдың барлық бөлімінде негізгі оқиғаға қатысы жоқ осындай бос диалогтар жиі ұшырасады.

Айтқан мысалымыз сериалдың хронометражын да тым созып отыр. Сериалды барынша жинақы формада беріп, барлығын 1 маусымға сыйғызуға тырысса, бәлкім, бұл жоба соншалық іш пыстырарлық болмас еді.

Кейіпкерлердің репликасына да сұрақ бар. Олар былапыт пен балағат сөздерді тым жиі айтады. Паразит сөздер де көп. Авторлар осылайша кейіпкерлерді шынайы өмірге мейлінше жақын етіп көрсетпек шығар. Телевидениеге емес, интернетке жариялаған соң шектеу жоқ болар. Алайда оларды соншалықты міскін етіп көрсетуге де қажеттілік жоқ.

Цензурасыз контент жасау артықшылығын ұтымды пайдаланудың басқа да тәсілдерін ойластыруға болар еді.

Сериалдың слоганы — «Қайрат болма, адам бол». Авторлар деградацияға ұшыраған адамды басты объект ретінде алып, оның жақсы жағына қарай өзгеруін үлгі қылып көрсетпекші.

Бұл сөзімізді Salem Social Media сайтындағы сериал синопсисі растайды:

«Қайрат — ауылда туып-өскен қарапайым жігіт. Оның өзінің ойлауы, арман мен қалауы, құлшынысы бар. Ал оның ерсі қылықтары мен орынсыз әдеттерін кез келген жаннан кезіктіруге болады. БІРАҚ өзгеру әрбір адамға тиесілі құбылыс. Қайрат та ӨЗГЕРЕДІ. Адам болады».

Шын мәнінде, сериалдан Қайраттың және жанындағы жолдастарының бір ғана жақсы өзгерісін көреміз: Олардың «арақ ішуді доғарамыз» деп шешім қабылдауы. Бұл уәде орындала бермейді. Кейіпкерлердің ішімдік ішкен сәттері кездеседі.

https://youtu.be/DQ8xdGVKLaw?t=1350

Екінші маусымның негізгі оқиғасы қалада өтеді. Авторлар сюжет локациясын өзгертуінің де негізгі себебі түсінікті: кейіпкерлер жұмыс тауып, қала өміріне бейімделуі керек еді. Сол арқылы жаңа қызық оқиғалар құрастыруға болады. Әйткенмен мұнда да даму жоқ.

«Жұмыс» демекші, сериал хронометражының біршама бөлігі кейіпкерлердің осы мәселесіне арналды. Бірінші маусымның екі сериясында үш дос жұмыс істемек болып, бір кафеге даяшы қызметіне орналасады. Қонақтарды ұрып жібергеннен кейін сол күні-ақ жұмыстан шығып кетеді. Ертеңіне бірі косметика сатып, желілік маркетингпен айналысуға кіріссе, екіншісі видеоойын ойнайтын құрылғыны жалға беріп, пайда таппақ болады. Бұрын бокспен шұғылданған Қайрат жаттығуына оралуды да ойлайды. Алайда бұл бастамалары келесі бөлімде жалғасын таппайды, кейіпкерлер де құлшыныстарын тез ұмытады.

Екінші маусымда жұмыс іздеу тақырыбына қайта оралды. Түрлі мекемеге барып сұхбаттасады, мүмкіндіктерді байқап көреді. Тіпті бақсыға барып, «жол ашпақ» та болды.

Ақыры екінші маусымның соңында автокөлік жуу орталығына жұмысқа кіреді. Бұл әрекеттері де «жеңіл жолмен пайда табуға» деген ниеттен ештеңе шықпаған соң амалсыз жасалған қадамға ұқсайды.

Екі маусымда да сценаристер кейіпкерлерді алға жетелеп, сюжетті өрбітер мүмкіндіктерді ұтымды пайдаланбай, аяқсыз қалдырып отыр. Жұмыс іздеу арқылы әр кейіпкердің мінезін, ешкімге ұқсамайтын қабілет-қасиетін, басқа да ерекшеліктерін ашуға болар еді.

Жаңадан қосылған тұрақты һәм тұрақсыз персонаждардың да функциясы түсініксіз. Олардың сюжетті дамытуға қосқан үлесі нөлге тең.

кейіпкер Баха (Шәріп Серік). «Қарапайым Қайрат» сериалы видеосының скриншоты

Мәселен, Баханы (Шәріп Серік) алып қарайық. Ол — Қайраттың сыныптасы Макстың досы. Екінші маусымда пайда болды. Оны көбіне Макстың жанынан көреміз. Екеуінің жасырын тірліктері бар, содан табыс табады.

Танымал актер сомдаған кейіпкерден белгілі бір мәнге ие рөл күтесің. Алайда Баха мен басты кейіпкерлер арасында тығыз қарым-қатынасы болмайды, сюжетке де әсер етпейді. Ол қатысқан оқиғалар негізгі сюжетпен параллель көрсетіліп қана шектеледі.

Мұндай кейіпкерлер қатарына Максты (Мақсат Мамырайымов), автокөлік жуу орталығындағы жігітті (Марат Әлібаев) және бақсыны (Алмат Сағатов) қосамын. Олар қатысқан эпизодтардың сериалды өрбітуге мүлдем қатысы жоқ.

«Жобаның негізгі идеясы қандай? Авторлардың ойы не еді?» деген сұрақ туындайды.

Әлеуметтік аспектілеріне үңілсек, ауылдағы жастардың жұмыссыздық, алкоголизм сияқты проблемасын Қайрат, Жеңіс деген кейіпкерлер арқылы көрсетеді. Әйтсе де проблема қозғап, атаған соң шешу жолдары да айтылуы шарт. Бастапқыда амбициялы көрінген сериал 4-5 бөлімнен кейін сұйылып, қызықсыз болып кетті. Кейіпкерлер дамымайды, сюжет өрбуінде прогресс жоқ.

Кейіпкерге шынымен жанкүйер болып, әр өзгерісіне, ең болмағанда өзгеруге тырысқанына сену үшін соған лайық және аяқсыз қалмайтын оқиғалар қосу керек. Алайда сюжеттен әзірге мұндай даму байқалмайды.

Ернар Бекенов
Ернар Бекенов
Кино шолушы, блогер, аудармашы. NS радиосында журналист-диктор, "ҚазАқпарат" агенттігінде тілші болып істеді. "Хабар" агенттігінде 9 жылдай іс жүргізу саласында аудармашы болды. Kinostan.kz сайтын құрушы. Қазақша сайттарда киноға рецензия, мақала жазып тұрады.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР