ДомойОқып-үйрен«Питчинг дегеніміз не?». Деректі кино мектебіндегі Таня Рахманованың дәрісі

«Питчинг дегеніміз не?». Деректі кино мектебіндегі Таня Рахманованың дәрісі

«Питчинг дегеніміз не?». Деректі кино мектебіндегі Таня Рахманованың дәрісі

Деректі кино режиссері, Сорбонна университетінің оқытушысы, көптеген кинобайқаудың әділқазы мүшесі Таня Рахманова «Деректі кино. Қысқа метр» мектебінде дәріс оқып, питчингтің не екенін түсіндірді. Қазақстан, Тәжікстан мен Өзбекстандағы жас режиссерлерге питчингке дайындалу туралы 10 түрлі кеңес айтты.

  1. Жобаны толық дайындап, содан кейін питч жазыңыз. Питч дегеніміз — жобаңыздың идеясын қысқаша таныстыру, идеяңыздың қысқаша мазмұнын айту. Питчтің мақсаты — жобаңызға адамдарды ғашық ету. Жобаңызды қолдайтын өндірушілерді тарту. Питч дегеніміз — біреумен кездескенде айтатын шағын мәтін. Жоба толықтай дайын болған соң питч жазады. Әуел баста түрлі ғажап питчтер ойға келуі мүмкін, алайда фильм жобасын сызғанда мұның барлығы ауаға сіңіп жоғалып жатады.
  2. Питчіңізде «Көрермен мұны неліктен көруі керек, неліктен қызықтыруы керек» деген сауалға жауап бересіз. Фильм атауынан бәрі де түсінікті делік. Мәселен, Тур де Франс жарысының 100 жылдығы. Бұл фильмді неліктен қазір түсіру қажет екені де түсінікті. Әйткенмен аудиторияға мүлдем қызықсыз тақырыптар да болады. Ұлыбританиялық телеарна продюсерлерінің бірі: «Егер марсиандар Жерге жалаңаш қонатын болса, онда Латын Америкасы туралы фильм түсіруге тапсырыс беретінін» айтқан. Әлемдегі адамдардың бәріне де ең бірінші өзі, яғни өз тұлғасы қызық.
  3. Адамдарды таң-тамаша ететін питч жазыңыз. Питчтің де міндеті осы. Питчті қарабайыр, айтыла айтыла жауыр болған сөзбен бастауға болмайды. Питч мәтінінде хикаяңызды бірегей өнім ретіндегі ұсынатын сөздер болуы керек. Пичтің бірінші парағы келесі парақтарын ашып оқитындай тартымды жазылуы шарт. Бәрі де қауырт, уақыты тығыз. Десе де, питчтің әлқиссасы ешкімді бей-жай қалдырмауы қажет.
  4. Сізді танымайынша, жобаңыз маңызды болмақ. Белгілі режиссер не продюсер питчинг жасаса, оның не істейтінін бәрі де біледі. Жұмыстарынан хабардар. Ал жас авторлардың бір артықшылығы — оларда еркіндік бар, не істеймін десе де еркі. Оларды әзірге қандай да бір санатқа тықпаламаған.
  5. Жаңалықтарды қарап, медианың не жазып жатқанынан хабардар боп жүріңіз. Былтыр бәрін де ковид тақырыбы қызықтырды. Биыл тағы басқа қызық тақырыптар шығып жатыр. Питчтен бұрын айналаңыздағы ірі журналдарды оқуды ұсынамын. Шешім қабылдайтын адамдар да сол журналдарды оқиды. Осылайша, сіз олардың ойын түсінесіз. Алайда ақшасы бар адамдардың қалауына еріп, жетегіне еретін фильм түсіруге де болмайды. Өзіңіз қалаған фильм жасау керек. Ақшаны сосын іздейсіз. Табу тақырып жоқ. Десе де, жасырын жарнама бәрібір сезіліп тұрады.
  6. Елдің ерекшеліктерін ескеріңіз. Мәселен, АҚШ-та питч жасағанда «денеге жақындау» ұғымы өте маңызды. «Бұл кейіпкер неліктен маған есік ашады?», «Мен және кейіпкер арасында ерекше байланысты не қалыптастырады» деген сауалдарға жауап беру керек. Францияда «бұрын-соңды көрсетілмеген мұрағаттар» деген сөз ерекше әсерлі. Бұрын мәлім болса да арбап алады.
  7. Түрлі мақсатқа түрлі питч жазыңыз. Қаржы табуды көздейтін питч басқаша, фестивалге қатысуға арналған питч басқаша жазылады. Екіншісінде романтикалық мән басымырақ болады. Фестивалдерде ауыр тағдыр, азап шеккен адам хикаясына көбіне көп жүлде береді. Коммерциялық тұрғыдан табысты фильмдер, комедияларға фестивалдерде жүлде бермейді. Мәселен, Луи де Фюнеске жүлде бермейді, ал Андрей Тарковскийға береді.
  8. Питч жазған соң қысқартыңыз. Сосын тағы қысқартыңыз. Адамға көпіртіп жазу тән. Жазасың, сосын үштен бірін қысқартасың. Ең көбі 200 сөзге сыйғызыңыз. Питч көлемі Word парақтың жарты бетінен аспауы керек. Егер сюжет қысқа болса, қысқа жазыңыз. Питчті ұзақ уақыт жазуға тура келеді. Бұған уайымдамаңыз. Әрбір сөзді сараптап, саралау керек. Біз бір питч жазарда бірнеше апта e-mail хат алмасамыз. Есесіне мейлінше қысқа да нұсқа питч жазылады. Тіпті питчтен баспасөз релизіне сөздер аламыз.
  9. Достарыңыз бен жақындарыңыздың алдында питч жасап, дайындалыңыз. Адам назары қалайша басқа жаққа ауғанын тез байқайсыз. Ол сізге питч ұнамағанын айтпаса да ұнамағанын сезесіз. Егер фильмді бір адам тек өзіне арнап жасаса, онда оны да тек өзі көреді. Біз көрерменді елестетуіміз керек. Сөйте тұра көрерменнің білім көкжиегін әсіре бағалауға не төмендетуге болмайды.
  10. Хикаяңыз экранда көрсететін оқиғадан да ауқымды идеяны жеткізуі керек. Мәселен, бал жинаушы туралы фильм бар. Керемет фильм, бір қарасаңыз мұнда не саясат, не тағы басқа да өзекті тақырыптар жоқ. Десе де екі комьюнити қалай бірлесіп өмір сүретінін жеткізер идея көрініп түрады. XXI ғасырды — басқа адаммен, оның тағдырымен кездесу ғасыры деп атайды. Бұл фильмге осы тұрғыдан питч жазу керек. Деректі кино түсірерде идеяны жеткізіп, соны әңгімелеуге ынта-ықыласыңыз болса, болғаны.

Еске салайық, бұған дейін «Деректі кино. Қысқа метр» мектебінде «Логлайн, синопсис, тизер, трейлер. Не үшін қажет?» деген тақырыпта мақала жариялаған едік.

10 наурызда «Деректі кино. Қысқа метр» мектебі басталды. Теориялық сабақтар 15 сәуірге дейін жалғасып, практикалық сабақтар мен тәлімгерлік 25 маусымға дейін болады. Сабақтар Zoom платформасында онлайн-форматта орыс тілінде өтеді. Қазақ, тәжік, өзбек тілдеріне синхронды аударма жасалады. Деректі кино мектебіне қатысуға Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстаннан жас режиссерлер іріктелді. Олар алты апталық интенсивті курсқа қатысады. Белгілі документалистер мен халықаралық тренерлер дәріс оқиды, үй тапсырмаларын береді, уоркшоптар, кинокөрсетілімдер және талқылаулар болады. Содан кейін түсірілім, монтаж, фильм жасауына екі ай уақыт беріледі. Осы кезде Деректі кино мектебінің тренерлері мен менторлары жетекшілік етеді.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР