үйОқып-үйренДеректі фильм түсіруге ақшаны қайдан табуға болады? Документалистер талқылауы

Деректі фильм түсіруге ақшаны қайдан табуға болады? Документалистер талқылауы

«Деректі кино. Қысқа метр» мектебі аясында документалистер Эльер Нематов (Өзбекстан тумасы, Орталық Азия елдерінде жобалар жасайды), Исмаил Зибай (Тәжікстан), Катерина Суворова (Қазақстан), Махпора Киромова (Тәжікстан) және Clique Film Festival, Qara Film Festival кинофестивалдерінің тең ұйымдастырушысы Дана Сәбитованың (Қазақстан) қатысуымен талқылау өтті. Спикерлер деректі фильм өндірісінің түрлі кезеңдеріне қаржы іздеу, фильмді көпшілікке таныту тәжірибелерін бөлісті.

«Кино командамен жұмыс істеуді үйретті»

Эльёр Нематов (Өзбекстан), документалист әрі фотограф, «Мен — шетелдікпін», «Әкем ертең келеді», «Мен — әйелмін», «Шопандар мен жоқтау», «Бұқара балалары» деректі жобаларының авторы.

— Құқық қорғаушы Азимжан Асқаровтың өмірі мен өлімі туралы фильм түсіріп жатырмын. Ол түрмеде 10 жыл жазасын өтеді. Оған Жалал-Абадтағы қақтығыс оқиғасынан кейін жалған айыптау іс қозғалды. Азимжан Асқаров туралы фильм түсіруді бұрыннан ойлап жүрдім. Техника мен қаржы іздедім. Кенеттен ол қайтыс болды. Міне, сондықтан да фильмім ұлдары оның денесін Қырғызстаннан Ташкентке көлікпен әкеле жатқанынан басталады. Бұл жобаны бүгінге дейін созып, кеш бастағаным — үлкен қатем болды.

Бұл — оқыту бағдарламасының аясында түсірілген жоба. Әуелі фильмді түсіруге 3000 доллар берді. Мұндай бюджет тек бір қалада түсірім жасауға арналған. Ал менің жобам халықаралық сипат алды: Қырғызстанда, Тәжікстанда, Ресейде түсірдім. Ақша таусылғанда тағы да берді.

Фильмді түсіруге дейін белгілі әрі тәжірибелі фотограф ретінде танылдым. Бұл деректі фильм жанрындағы алғашқы тәжірибем. Фотосуреттерді қайда жариялауды жақсы білемін. The Guardian, The Telegraph, Le Monde, The Wall Street Journal, Meduza басылымдарына жариялаймын. Ал фильмді қалай түсіру, қаржыландыру, көпшілікке таныту жайында білерім жоқ. Міне, сондықтан да оқып-үйреніп, продюсерлермен тікелей сөйлесіп, өзім жасауға ұмтылдым. Питчинг деген не екенін мүлдем білмейтінмін. Мұны да үйрендім. Әуел баста жалғыз жұмыс істесем, кино саласы бәрін жалғыз істемеуді, міндеттерді бөліп беруді үйретті. Процесс үш есе жылдам жүрді.

Тәжікстанда фильмге қаржы табудың бірнеше тәсілі бар. Мәдени орталықтың, Internews ұйымының, Сорос қорының грант байқауларына қатысу керек. Елшіліктер, мәдени атташелерден де қаржы табуға болады. Егер европалық елшіліктердің бірі қолдаса, онда бұған тағы басқа еуропалық елшіліктер қосылып жатады. Жеке тақырыптан гөрі әлеуметтік мәні бар тақырыптың грант алу мүмкіндігі жоғары.

Тәжікстанның мемлекеттік және жекеменшік телеарналарын қаржыландыру көзі ретінде қарастырмаймын. Олар тақырыпты қажетінше ашуға мүмкіндік бермейді. Олармен ұйымдастыру жұмыстары бойынша қолдауға келісуге болады. Бізде камера ұстаған адамдарды жақтыра бермейді, ал телеарнаның куәлігімен мүмкіндік молаяды.

«Ақша кез келген тұстан табылуы мүмкін»

Катерина Суворова (Қазақстан), «Завтра море» деректі фильмінің авторы.

— Деректі фильм түсіруге жеке қаражат табылады. Қамықпаңыз. Әр адам, тіпті әжеңіз де фильм түсіруге ақша бере алады. Адамның тағдыры жобаңыздың идеясымен ұқсас болса, ақша береді. Құрбым мейрамхана бизнесінде жұмыс істейді. Оның жетекшісі жобама қызығып, бірақ болмай қалды. Мұны ақша әр жақтан келетінін түсіндіру үшін айтып отырмын.

«Завтра море» фильміне Германиядан қаржыландыруды жеңіп алдым. Егер Германиядан қаржыландыру болса, онда титрде: түсірілім орны — Қазақстан, өндіруші ел — Германия деп жазылады. Маған саяси тұрғыдан өндіруші ел ретінде Қазақстан да аталуы маңызды. Сондықтан Қазақстаннан қосымша қаржыландыру іздедім. Жеке кәсіпкер қаржыландыруға келісті. Мұның екі себебі бар еді: біріншіден, оған Арал теңізі тақырыбы ұнайды. Екіншіден, Германияның ірі қорымен тең продюсерлік идеясы да ұнады. Титрде аты-жөні емес, оның атындағы қор атауы жазылды.

Бір қаржыландырушыдан жобаға қажет барлық соманы сұрамаңыз. Бір бөлігін сұрасаңыз, тез береді. Көптеген ірі халықаралық қорлар киногранттарды тікелей қаржыландырмайды. Алайда олар алдын ала зерттеу тақырыбына қолдау көрсете алады. Мәселен, Сорос-Қазақстан қорымен осылай жұмыс істеуге болады.

Қазқстанда көптеген ірі компаниядан қаржы алуға болады. Көбінің әлеуметтік департаменті бар. Мәселен, Chevron компаниясы. Тағы бір амал: Гете институты, АҚШ елшілігі, Internews ұйымы, Тұңғыш президент қоры, Ораз Әбішев киноқоры. Бұдан бөлек аймақтық қорлар, мәселен — «Артдокфест», ірі кинофестивалдер, үлкен халықаралық платформалар да бар.

Ешқашан мемлекеттен ақша алмадым. Мемлекетке жұмыс істеуге дайынсыз ба? Міне, осы сұрақты әбден ой елегінен өткізіп алыңыз. Мемлекеттік тапсырыстың мақсаты — елді жарнамалау. Егер кейіпкеріңіз мемтапсырыс мүддесіне сай келсе, онда жұмыс істеуге болатын шығар. Бұл фильмді түсіру қауіпсіз бе? Кейіпкеріңізге қауіпсіз бе? Тапсырыс орындауды ғана ойламай, шекараны айқындап, жобаңызға мүмкіндіктер табу маңызды.

Жергілікті қаржы көздерін табу оңайырақ. Халықаралық қаржыландыруды іздесеңіз, үлкен бәсекеге түсіп, бүкіл әлем елдерімен таласасыз. Барлығы ағылшын тілінде. Батыста оқығандарға жол беруге тура келуі мүмкін, өйткені бізде идеямызды қысқа да нұсқа жеткізуге үйретпеді. Кеңес одағында ақшаны бұйрықпен таратты. Ал батыс киномектептерінде мұны да оқытады. Ең бастысы — ағылшын тілін үйреніңіз.

Продюсердің ойлау жүйесі былай: «Бұл тақырыпта қайда айтуға болады, ақша берушінің мүддесіне қайшы келмей ме?», «Қайда және кім қолдайды?» деген сауалдарға жауабыңыз болуы шарт. Әрбір әлеуетті продюсерге арнап жаңа питч жазасыз. Бір кездесуде фильм мәдени ерекшеліктерді айтсаңыз, тағы бір кездесуде — гендер мәселесіне басымдық бересіз. Ешкімге өтірік айтпайсыз, тек мүдделес тұстарына алға шығарасыз.

Деректі фильм өндірісінің кезеңдері мынадай: фандрайзинг, идеяны сипаттау, зерттеу, түсірілімге дайындық, түсірілім, постпродакшен, дыбыс, монтаж, көпшілікке таныту. Педагог-драматург Марина Разбежкина бастауыш режиссерлер продюсерлікті өзі атқарғаны аса маңызды екенін айтады: экспедицияны ұйымдастыру, қаржыландыру, команда, техника, жанармай, логистика, жатын орын, тамақ, командадағы коммуникация, түсірілім кезіндегі көңіл-күй. Сонда алдағы басқа жобаларда команданың барлық мүшесінен не күтеріңізді білесіз.

«Қазақфильмге» жүгіндік, қолдаудан бас тартты. Сөйте тұра фильміміздің тұсаукесері Локарнода өтті. Меніңше, олардың бізден бас тартуы — мүмкіндікті жіберіп алу. Тәжірибемізге қарасақ, фильм шетелде неғұрлым көбірек танылса, Отанында да соғұрлым қызығушылық артады. Адамдар: «Егер Локарнода көрсетсе, онда бізге де қызық» деп ойлайды.

«Қазір фильмді танытуға көбірек көңіл бөлер едім»

Махпора Киромова (Тәжікстан), «Мардикор» деректі фильмінің авторы әрі журналист

— «Мардикор» деректі фильмінің ұзақтығы — 22 минут. Қара жұмыс істейтіндер нарығындағы әйелдерді көрсетемін. Бюджеті — 5000 доллар. Бұл қаржының жартысы техника сатып алуға және логистикаға кетті. Командада екі адам: өзім және оператор-монтажер болды. Айтпақшы, Тәжікстанда бірнеше табу тақырып бар. Мәселен, терроризм тақырыбы. Мемлекеттік органдармен мәселе туындауы, грант беруші қаржыландырудан бас тартуы да мүмкін.

Көптеген кинофестивалдің бір талабы — фильм бұрын көрсетілмеуі керек. Мен проблеманың барлық жақта айтылып, көрсетілгенін қалаймын. Фильмді YouTube-те жариялаймын. YouTube-ке жариялағанда бірініш күндегі көрсетілім мен комментарийлер саны маңызды. Егер фильм 24 сағатта кемі 1000 рет қаралып, ондаған комментарий жазылып, лайк жинаса, онда YouTube фильмді өзі таныта бастайды. Міне, сондықтан да промоушен ұйымдастырдық. Фильм Facebook-те де жарияланып, түрлі топтарда постер, сипаттамасы мен сілтемелер таратылды.

Фильмді таныту дегеніміз сілтеме жариялау ғана емес. Жоба ұзақ уақыт назарда болуы керек. Бір сілтемеден бірнеше күн ғана қаралым болады. Ұзаққа шабу үшін жариялағаннан кейін де белсенділікті күшейту керек. Мысалы, фильмдегі кейіпкер-әйелдерге көмектесу акциясының хабарландыруын тараттық. Хабарламада фильмге гиперсілтеме қоса берілді. 18 000 сомониден (бұл дегеніңіз 1500 доллар) астам ақша жиналды. Көмек қаржы үлестіру бойынша да ролик түсіріп, оған да фильм сілтемесін қостық. Мұндай белсенділік бірнеше аптаға созылды. Фильмді тәжік БАҚ-тары да қолдады. Ертеңіне барлығы жаңалық жариялады.

Фильмді YouTube-те жариялағалы тоғыз айдай өтті. Бүгінде күніне 50-60 қаралым қосылып отырады. Осы уақытта фильмді 160 300 рет көрді. Арнаның 1600 жазылушысы бар. Монетизация қосылды. Facebook-те де, фильмді көшіріп жариялаған басқа да ресурстарда қаралым бар. Фильмді танытуға 100 доллар салдым. Қазір танытуға бұдан да көбірек қаржы жұмсар едім. YouTube-та ақылы таныту жүргізбедік. Ал Faceook-та жарнама жасадық. О жақта 70 мың рет қаралды. Мұның 20%-ға жуығы ақылы танытудан үлесіндегі қаралым.

«Орталық Азиядан фильмдер әлі түсірілмеді, күтіп жүр»

Дана Сәбитова, Clique Film Festival жәнеQara Film Festival кинофестивалдерінің тең ұйымдастырушысы.

— Документалистерге айтарым: жұмыстарыңызды барлық фестивалге жіберіңіз. Орталық Азияда түсірілген фильмдер жақсы бағаланады. Орталық Азия туралы фильмдер аз, күтіп жүргендер бар. Өйткені Орталық Азия аймағының шынайы тұрмыс-тіршілігі туралы ақпарат аз. Әлемге біздің қалай өмір сүріп жатқанымыз қызық.

Біз де Деректі кино фестивалдерін өткізуге қаржы іздейміз. Фестивалдерімізді шетелдік қорлар қаржыландырады. Осында тұрып жатсақ та аймағымызда не болып жатқаны бізге де қызық.

Фестиваль ұйымдастырушысы ретінде маған да, фильм авторы ретінде сізге де ең бастысы — көрерменіңізді табу. Фестивалдер — адамдар келетін кеңістік. Олардың арасында десиженмейкерлер, яғни шешім қабылдайтын, сіз фильмде көрсеткен проблеманы шешуге ықпал ете алатын адамдар болуы мүмкін.

***

Еске салайық, бұған дейін «Деректі кино. Қысқа метр» мектебінде «Логлайн, синопсис, тизер, трейлер. Не үшін қажет?» деген тақырыпта мақала жариялаған едік.

10 наурызда «Деректі кино. Қысқа метр» мектебі басталды. Теориялық сабақтар 15 сәуірге дейін жалғасып, практикалық сабақтар мен тәлімгерлік 25 маусымға дейін болады. Сабақтар Zoom платформасында онлайн-форматта орыс тілінде өтеді. Қазақ, тәжік, өзбек тілдеріне синхронды аударма жасалады. Деректі кино мектебіне қатысуға Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстаннан жас режиссерлер іріктелді. Олар алты апталық интенсивті курсқа қатысады. Белгілі документалистер мен халықаралық тренерлер дәріс оқиды, үй тапсырмаларын береді, уоркшоптар, кинокөрсетілімдер және талқылаулар болады. Содан кейін түсірілім, монтаж, фильм жасауына екі ай уақыт беріледі. Осы кезде Деректі кино мектебінің тренерлері мен менторлары жетекшілік етеді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

Cоңғы жазбалар

ЕЭК отырысы, қымбатшылық және “Кальмар ойыны”. 11-17 қазандағы апталық телебағдарламаларға шолу

0
Кешегі аптаны қорытындылаған бағдарламалар ел ішінде жиі талқыланған мәселерге көбірек арналды. «Жеті күн» авторлары президент Қ.Тоқаев қатысқан отырыстарға эфирдің жартысын арнады. Ал «Айна» редакциясы ел назарында болған...

Баспана бағасы, дизель тапшылығы және аңшылық. 4-10 қазандағы апталық телебағдарламаларға шолу

0
«Жеті күн» және «Айна» бағдарламаларына ортақ тақырып — тұрғын үй бағасының қымбаттауы мен дизель тапшылығы. Ал Apta авторлары көмір тапшылығын да, мүгедектігі бар жандар...

Тұран жолбарысы, азып-тозған ауылдар және қымбатшылық. 27 қыркүйек — 3 қазандағы апталық телебағдарламаларға шолу

0
Кешегі аптаны қорытындылаған «7 күн» авторлары Тоқтар Әубәкіровтың ғарышқа ұшқанына 30 жыл толғанын айтып, президент аптасына ауысса, «Айна» редакциясының негізгі тақырыбы — азық-түлік қымбаттауы....

Алматыдағы атыс, президенттің Маңғыстауға сапары және деменция. 20-26 қыркүйектегі апталық телебағдарламаларға шолу

0
Кешегі аптаны қорытындылаған бағдарламалардың барлығына ортақ тақырып — Алматыдағы атыс. «Айна» редакциясы тұтас бағдарламаны осы оқиғаға арнаса, «Жеті күн» және Apta авторлары президент Қ.Тоқаевтың...

Душанбедегі саммит, жылыту маусымы және тағы да қуаңшылық. 13-19 қыркүйектегі апталық телебағдарламаларға шолу

0
Апталық сараптамалық бағдарламаларға дәстүрлі шолуымызда «Жеті күн» және «Апта» бағдарламаларын қамтыдық. Екі бағдарламаның бірінші сюжеті президент Қ.Тоқаевтың Душанбедегі қос бірдей отырысқа қатысуына арналыпты. Apta...