ДомойМедиасынРиддердегі өрт, Назарбаев Түркістанда және қандастар мәселесі. 10-16 мамырдағы қорытынды бағдарламаларға шолу

Риддердегі өрт, Назарбаев Түркістанда және қандастар мәселесі. 10-16 мамырдағы қорытынды бағдарламаларға шолу

Риддердегі өрт, Назарбаев Түркістанда және қандастар мәселесі. 10-16 мамырдағы қорытынды бағдарламаларға шолу

10-16 мамыр апталығының басты тақырыбы — Риддердегі орман өрті. Шолуымызда қамтылған апталық бағдарламалардың ешқайсысы бұл оқиғаны басты тақырыбына баламады. «7 күн» мен Apta эфирі Тұңғыш президент Назарбаевтың Түркістанға сапарынан басталса, «Басты бағдарлама» авторлары шетелде қаза болған қазақстандық қыздар оқиғасына шолу жасады.

Дәстүрлі мониторингімізде «Хабар», «Еуразия бірінші арнасы» және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламасын қамтыдық.

«7 күн», «Хабар»

Бір сағаттық эфирдің бірінші жартысын Тұңғыш президент Н. Назарбаев пен қазіргі президент Қ.Тоқаевқа арнайтын «7 күн» редакциясы дәстүрінен еш жаңылмайды. Сенбі, 15 мамырдағы шығарылым президенттердің Қазақстан халқын Ораза айт мерекесімен құттықтауынан басталды.

Жүргізуші Дархан Әбдіуахит президент Тоқаевтың шетел президенттерімен телефонда сөйлескенін айтып, Тұңғыш президент Назарбаевтың Түркістанға сапарын «Осы аптадағы елеулі оқиғалардың бірі» деп атады. Ал сюжетті жүргізуші Дархан Әбдіуахит өзі дайындапты. 10 минутта Тұңғыш президенттің сөйлеген сөзінен үзінділер беріп, Түркістан қаласының бүгінгі келбетін, Назарбаев сапарының маңызын көрсетуге тырысыпты.

Түркістан қаласының айналасына Назарбаев бастамасымен бірнеше миллион түп ағаш егілген екен. «7 күн» жүргізушісі орман алқабының табиғатқа тигізетін оң әсерін айтып, «Астананың айналасындағы орман белдеуіне тағы 9 мыңға жуық көшет отырғызу жоспарланған» деп қайырды. Әңгіме Түркістан туралы ма әлде Нұр-Сұлтан айналасындағы орман алқабына ойысып кетті ме? Жүргізуші Дархан Әбдіуахит Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов қала дамуын Назарбаевқа баяндағаны жөнінде ақпаратқа ауысу үшін «орман» тақырыбын пайдаланыпты.

Содан кейін президенттердің апта ішіндегі қабылдауларын тізіп шықты.

Кешегі аптада Мемлекет басшысы «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойды. Сюжетте сарапшылар заңның маңыздылығын айтады.

Татарстан астанасы Қазан қаласындағы мектепте атыс болып, оқушылар, мұғалімдер қаза болды. «7 күн» тілшілері осы оқиғаны негізге алып, сюжет дайындапты. Тілші Шынар Асанқызы Қазандағы оқиғаны баяндап, Нұр-Сұлтандағы мектептердің қауіпсіздік жүйесі қаншалықты талапқа сай екенін тексерді. Қару ұстауға берілетін лицензия, заңсыз қарумен қылмыс жасау да айтылды. Ішкі істер министрлігі мен қару қауымдастығының өкілдерін сөйлетіпті. Тақырыбын аша білген толымды сюжет.

Кешегі аптаның ең үлкен оқиғасы — Риддердегі орман өртіне бағдарламаның 38-минутында ғана кезек жетті. Сюжет әуесқой түсірілімнен басталды. Әуеден түсірілген кадрлар да бар. Өрт ауқымы анық көрінеді. Көрерменге түсірілім тобы өрт орнына барып, әуесқой түсірілім жасап жүргендей көрінеді. Түсірілім тобы өрт кезінде барды ма әлде сөндірілгеннен кейін бе? Бұл да түсініксіз, өйткені сюжет басында айналасын жалмаған өртті көрсетіп, мәселенің маңызына назар аударуға тырысса, бұл — сәтсіз талпыныс.

Адам өлген оқиға ақпараттық-сараптамалық бағдарламаның басында көрсетілуі керек. Апталық бағдарламаның сюжетінде күнделікті жаңалықтарға тән «шұғыл» форматын қолдану шарт емес. Сараптама апта соңында шығады. Мына жағдайда өрт апта ортасында болып, жағдай тынышталған соң көрсетілді. Сол атмосфера берілуі тиіс. Тағы бір видеода кадр сыртында тұрғын Лидия Карпованың сұхбатының қазақша тәржімасы аяқталмай жатып, тілші Олжас Керейхан стэндап жасайды.

«7 күн» еліміздегі вакцинация мәселесін «Екпе есебі» деген сюжетте баяндапты. Вакцина салдырып, теріс жанама әсер алған адам және екі дозасын салдырғаннан кейін де коронавирус жұқтырған 44 адамға қатысты құзырлы орган өкілдерінің түсініктемесі беріліпті.

«7 күн» бағдарламасының соңғы сюжеті аттракциондар мен саябақтардағы бала қауіпсіздігіне арналады.

«Басты бағдарлама», «Еуразия бірінші арнасы»

Бірінші сюжет тақырыбы — шетелде қаза болған қазақстандық қыздар. Өткен аптада Грузияда қайтыс болған Әсел Айтпаеваның денесін елге жеткізді. Тілші марқұмның жақындарынан сұхбат алып, Грузияда күдікті деп танылған Бесо Тордуаның сөзінен үзінді келтіріпті. Тағы бір күдікті Мұрат Мейірбековке хабарласпақ болыпты. Түрік азаматы Седат Пекер үш жыл бұрын Түркияда көз жұмған Елдана Қаһарман оқиғасы туралы  мәлімдемесі де айтылды. Қазақ қыздарының шетелде көз жұмуына не себеп екенін психологтардан да сұрапты.

Келесі сюжетте Қазан қаласындағы мектепте болған атысты айтып, Мәжілісте мектептердің қауіпсіздік жүйесі мәселесі көтерілгенін хабарлады. Ішкі істер министрлігінің тексеру шараларын да хабарлап өтті.

«Киллер көшелер» деп аталатын сюжет Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Қызылордадағы сапасыз жолдар проблемасын талдайды.

Айдана Үсенбайдың «Ұр тоқпақ» айдары Түркістан қаласындағы газондарды жасыл түске бояуды сынайды. Тілші анықтағандай, газонды тыңайтқышпен жасыл түске бояу практикасы бар екен. Мұны маман айтып берді. Тұңғыш президент Назарбаевтың осы қалаға сапары кезінде жасалуы неткен кездейсоқ жағдай, деген уәж айтады. Орынды ескерту.

«Қараусыз қалған қарттар» деген сюжет қарияларға арналған арнайы орталық жабылып қалғаны, жалғыз тұратын қарт адамдардың көбеюі жөнінде ақпарат беріп, кейіпкерлер хикаясын көрсеткен сюжетте қоғам белсендісі мен әлеуметтанушы пікірін біліпті.

Apta, QAZAQSTAN

Бағдарламаның бірінші сюжеті Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркістан қаласына сапарына арналды. Ол қаладағы бірнеше нысанның ашылу салтанатына қатысып, театр, кітапхана, туристік кешенге барған екен. Сюжеттің ең әсерлі тұсы — дроннан түсірілген кадрлар. Елбасы синхрондарын тарихшылар сөзімен, жергілікті тұрғындар пікірімен толықтырыпты.

Жүргізуші Жайна Сламбек COVID-19, коронавирусты пневмония және вакцинацияның ресми статистикасын хабарлап, «Спутник V» вакцинасының екі дозасын салу арасындағы интервал ұзартылғанына наразылық туралы да айтып өтті.

Ал сюжет ASHYQ жобасын ендірудің қиындығы, цифрлы қауіпсіздік, мәртебесін анықтаудағы қисынсыздық және келушілерді ғимарат ішіне кіргізу шектеулерін талдады. Барлық тарапты сөйлетіпті.

Риддер орманындағы өрт оқиғасына бағдарламаның үшінше сюжетінде кезек келді. Апат салдарын анық көрсете алған сюжетте елең еткізер оқиғалар да баршылық. Мәселен, 80 жастан асқан әже үйі өрт құрсауында қалғанда жеке куәлігі мен үстелдегі скотчті ала шығып, бас сауғалапты. Неліктен скотч алғанын өзі де түсінбейді. Жүргізуші ақша сақталған шыны құтыны ұстап, стендап жасады. Ішінде 350 мың теңге сақталған құты дымы қалмай жанып кетіпті.

Палестина мен Израиль арасындағы қақтығыс жөнінде саясаттанушы комментарий берді. Ол әлемдік дежавалар аймақтағы қақтығысты тоқтатуға неліктен тоқтатпайтынын, олардың қандай мүддесі тоғысқанын айтып берді.

Apta редакциясы қандастар мәселесіне сюжет дайындады. Кейіпкерлері — Ауғанстаннан келген этникалық қазақтар. Олар әлі күнге дейін не қандас куәлігін, не азаматтық ала алмай жүр. Ұлты қазақ екенін дәлелдеуі де қиын. Қоғам белсенділерін сөйлеткен, құжатсыз өмір сүрудің қандай қиын екенін көрсеткен толымды сюжет.

ТМД елдері, соның ішінде Қазақстанда да синтетикалық есірткілер таралып жатыр. Сюжетте есірткіге тәуелділіктен емделген адамдар, психологтар мен дәрігерлер бар. Синтетикалық есірткі дегеніміз не, қаупі қандай екенін баяндайды. Құқыққорғау органдарынан комментарий жоқ, өйткені олар журналистердің ресми сұранысына жауап беруді ұмытыпты. Тілші мұны да жасырмай, айтты.

«Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» айдары 1999 жылдың оқиғаларын жинақтапты. Теңгенің құлдырауы (1 доллары 90 теңгеден 160 теңгеге төмендеді), халық санағы, ҰБТ, «Алтын белгі» мен Рахат Тұрлыхановты еске түсірді.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

Риза Исаева
Риза Исаева
Медиасыншы, журналистика саласында 18 жылға жуық уақыт бойы қызмет етіп келеді. "Қазақ", "Шалқар" радиолары, "31 Радио", "Азаттық", "NS Радиосы", "31 арна", "Almaty" телеарналарында,"Абыз" газеті мен "Бөпем" журналында журналист, жүргізуші, редактор болып қызмет еткен, KIMEP Униерситетінің халықаралық журналистика магистрі.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР