ДомойМедиасынКөкөніс қымбаттады, қуаңшылық және Тоқаев президенттігіне 2 жыл. 7 — 13 маусымдағы...

Көкөніс қымбаттады, қуаңшылық және Тоқаев президенттігіне 2 жыл. 7 — 13 маусымдағы қорытынды бағдарламаларға шолу

Көкөніс қымбаттады, қуаңшылық және Тоқаев президенттігіне 2 жыл. 7 — 13 маусымдағы қорытынды бағдарламаларға шолу

Кешегі аптада ең көп талқыланған тақырып — азық-түлік қымбаттауы. Шолуымызда қамтыған үш бағдарлама да картоп пен сәбіз бағасы еселеніп өскенін талдады. Алайда аптаның ең жиі талқыланған тақырыбы үш бағдарламаның да басты тақырыбына айналмады. «7 күн» тілшілері эфирді Қасым-Жомарт Тоқаев президенттігіне 2 жыл толғанынан бастаса, Apta редакциясы тауда жоғалып кеткен туристерді іздестіру жұмыстарын баяндады. Ал «Басты бағдарлама» авторлары қуаңшылық пен жаһандық жылыну жайын қозғады. 

Дәстүрлі мониторингімізде «Хабар», «Еуразия бірінші арнасы» және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламасын қамтыдық.

«7 күн», «Хабар»

Қасым-Жомарт Тоқаев президент қызметіне ресми кіріскеніне 12 маусымда екі жыл толды. Жүргізуші Дархан Әбдіуахит президенттің екі жылдағы бастамаларын санамалап, әңгімені инвесторлар отырысына бұрды. Шетелдік инвесторлар кеңесінің 33-отырысы туралы сюжет Мемлекет басшысының сөйлегенін сөзінен құралыпты.

Сюжеттен кейін Ақордадағы ресми қабылдауларды шолып, Тоқаев президент болғаны екі жыл толуына орай дайындалған сюжетке кезек жетті. Алғысөзінен бастап президентті мақтаған сюжет зейнетақы жарнасының бір бөлігін пайдаланып, пәтер алған, ЭКО-ұрықтандыруға жүгініп, сәби сүйген отбасылардың хикаясын айтып, пандемияда үкіметтің халыққа көмегін, Қасым-Жомар Тоқаевтың екі жылда атқарған шаруаларын тізіп, қабылданған заңдарды санамалап, соңында президенттің жеке қасиеттерін түгендеп шықты. 

«Алмақтың да салмағы бар» деп аталатын сюжет кепілді және ипотекалық несиелер сыйақысының шекті мөлшерін төмендетуге арналыпты. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің несие саласын реттеу жөніндегі соңғы шешімдерін талдап, сарапшыларды сөйлетті.

Елдегі автоөндіріс қарқынын бағамдаған сюжетте кейіпкерлер оқиғасы арқылы жеңілдетілген автонесие бағдарламасының шикі тұстарына назар аударды.

Есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунова Мәжілісте баяндама жасап, бюджет қаржысын тиімсіз жұмсау көбейгеніне назар аударған болатын. Тілшілер «Бюджет есебі» деген сюжет дайындап, ШҚО-дағы Радиологиялық кешен құрылысының дауы мен Павлодар облысының Айнакөл ауылындағы су мәселесін бюджет шығындарымен байланыстырыпты. Сыртқы қарыз көбеюі, Ұлттық қордан трансферт тарту артқаны сияқты маңызды проблемаларды айтты. Алайда ашық саралау мен өткір пікір жетіспеді. Проблеманы сипай қамшылаған сюжет

Картоп, ет, тағы басқа да азық-түлік бағасынының өсуін тілші Рауан Мыңбаев талдған екен. Базардағы сатушылар мен тұтынушыларды сөйлетіп, министрлік комментарийін берді. 

Қазақстандықтардың 20 пайызы мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Тілші Ақбөпе Тәңірберген «Жастардың мамандығы бойынша жұмыс істемеуіне нақты қандай себептер бар?» деген сұрағының жауабын сарапшылардан сұрайды. Сюжетте пікір айтқан спикер көп. Тілші сюжет соңында: «Химияны таңдасам грантқа түсем, атам дәрігер боласың» деп айтты. «Ауылдағы мектепке орыс тілі мұғалімі керек» деген тұжырымдарға сүйеніп, оқуға түсетін уақыт өтті. Жас түлек саналы түрде педагогтердің бағыт-бағдар беруімен, өзі сүйетін кәсіпті меңгерсе жейтін наны да тәтті болмақ» деп байлам жасайды. Мамандық таңдау тақырыбы өте өзекті. Алайда сюжетте талапкерге қажет әрі пайдалы ақпарат тым аз. 

Бағдарламаны түйіндеген сюжет коронавирус таралуы, вакцинация, демалыс орындарындағы карантин шектеулерін жинақтапты.

«Басты бағдарлама», «Еуразия бірінші арнасы»

Қуаңшылық, тақыр жерден түк таппаған көтерем мал, жаһандық жылыну. «Басты бағдарлама» авторлары ауыл тұрғындары, аймақ әкімдері, министрліктер мен метеорологтарды сөйлетіп, мәселені жан-жақты талдайды. Тілші Артур Мағзомов су тапшылығы күшейгенін айтып, келер жылы жағдай қандай боларына алаңдайды. 

«Ұр тоқпақ» айдары Павлодарда масаны жоюға жұмсалған қаражатты есептеп, қала тұрғындарын сөзге тартыпты. Өткен аптада әлеуметтік желі қолданушылары араб шейхтарына Қазақстанда дуадақ құсын (Қызыл кітапқа енгізілген) аулауға берілген рұқсат жайын да  талқылады. Тілшілер осы ақпаратты тексеріп, мұндай келісім қашан және қандай шартта жасалғанын анықтапты. Әлеуметтік желілерде жалған ақпарат жиі таралатынын ескерсек, «Ұр тоқпақ» авторларының фактчекингі де құптарлық іс. 

Азық-түлік қымбаттағаны туралы «Қымбатшылыққа не себеп?» деген сюжетті Берік Дүйсенбай дайындаған. Базарға барып, саудагерлермен әңгімелесіпті. Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың сөзін сынап, мәселеге тереңнен бойлап, сарапшыларды ауыл шаруашылығы саласындағы жалған статистика, субсидия жөнінде сөйлетіп, проблеманы басқа қырынан талдайды. Сарапшылар мәселенің себебін айтып қана қоймай, шешу жолдарын да ұсынады. 

Азық-түлік қымбаттауының тағы бір себебі — бензин бағасы. Экономист Рашид Жақсылықов Қазақстан ЕАЭО құрамынан шықса ғана бензин арзандауы мүмкін екенін айтады. Мұны алдыңғы сюжеттен бөлек комментарий етіп берді. 

Әсем Изатқызы бала тәрбиесі жөнінде сюжетінде «Таяқпен тәрбиелеген дұрыс па?» деген сауалға жауап іздейді. Тілші өз-өзінен сұхбат алады. Спикерлер баланы ұрып-соғу жөнінде ойын ашық айтады, зардап шеккен балалар басындағы жағдайды ашық әңгімелейді. Сондықтан бұл әдіс көрермен тартуға болмаса тақырыпты ашуда үлкен рөл ойнамапты. Сюжетте әкесі ұлын ұрып жатқан көрініс, соққыдан үсті-басы көгерген бала бейнесі бар. Тілші мұндай көріністі статдеректі нақтылау, спикерлер сөзін әсірелеу үшін қосты ма? Ауыр тақырыпты жан түршіктірер кадрлармен толықтыра түсуге не себеп болғаны түсініксіз. Бұл әдіс бірнеше рет қолданылды. Тілші сюжетін: «Зерттеулерге сенсек, қазақстандықтардың 75 пайызы балаға қол көтеруге болады» деп санайды. Демек, біздің елде балалардың жартысынан көбі тәртіпті, бірақ тәрбиелі емес, тіл алғыш, бірақ тұлға емес. Ойландыратын нәрсе…» деп аяқтайды.  «Қазақстандықтардың 75 пайызы» дегеніміз сауалнама қорытындысы болса, онда сауалнаманы кім және қалай жүргізгені айтылмады. Дереккөзі жоқ дерекке сүйеніп, байлам жасау тіпті қисынсыз көрінді. 

Apta, QAZAQSTAN

Бағдарлама Түркістан облысындағы Сайрам-Өгем мемлекеттік қорығында жоғалып кеткен жеті турист жөніндегі соңғы жаңалықтан басталды. Тағы бір туристің денесі табылды. Әлі табылмаған біреуі іздестіріліп жатыр. Жүргізуші соны айтып, оқиғаның бұған дейінгі жай-жапсарын баяндады. Әрі қарай ресми жаңалықтар шеруіне кезек келді.

Кешегі аптада Ұлыбритания парламентінің депутаттары мен қазақстандық әріптестері арасында видеоконференция өтті. Apta тілшілері бұл отырыс туралы хабарлап, Ұлыбритания депутаттарын сөйлетті. 

Жүргізуші Жайна Сламбек президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шетелдік инвесторлар кеңесінің 33-ші пленарлық отырысына қатысқанын ұзағынан айтып, президент пен шетелдік бизнесмендерді сөйлетті. 

Жүк көлігі жүргізушілерінің наразылығынан кейін ақылы жолдар саны қысқарды. Ал батыс және оңтүстік облыстарда қуаңшылықтан зардап шеккен шаруаларға жем-шөп жеткізілмек. Бұған қаржы бөлініпті. Apta редакциясы осы екі тақырыпта бұған дейін үлкен сюжеттер берген. Жүргізуші Жайна Сламбек бұрын айтылған проблемалардың қазіргі шешімін хабарлады. 

Аптаның басты тақырыбы — азық-түлік қымбаттауы. Әсіресе картоп пен сәбіз бағасы өсті. Себебін «Apta қонағы» айдарында анықтауға тырысыпты. Сұхбат қонағы — Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров. Мұндай тақырыптағы талқылауға депутат шақырылуы қисынсыз көрінді. Экономика, ауыл шаруашылығы тақырыбында мамандығы тарихшы депутаттан гөрі кәсіби экономист не салалық министрлік өкілі сөйлесе құба-құп. Айтары аз әрі қысқа сұхбат болды. Депутат базарға барып, көкөніс бағасын біліп қайтқанын, картоп, сәбіз дегеніміз аса қажет тауар екенін айтып, баға өсуіне кінәліні іздейтін риторикалық сауал тастайды. Сұхбаттан кейін көрермен көкейінде жауаптан гөрі сұрақ көбейсе керек. 

Ал азық-түлік қымбаттауының себебін іздеген сюжет сұхбаттан гөрі мәнді де жанды жасалыпты. Тілші базардағы жұртшылықты сөзге тартып, Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров пен Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың қарама-қайшы мәлімдемелерінен үзінді келтіріп, министр Сапархан Омаров айтқан 200 теңгелік картопты базардан іздеп, таппайды. Осылайша түсірілім тобы азық-түлік нарығындағы қиын ахуалды жан-жақты көрсете білді. 

Азық-түлік қымбаттағаны аздай, құрылыс материалдарының да бағасы шарықтады. Қазақстандықтардың пәтер сатып алуы қиындап, үйінің құрылысын аяқтауы мұңға айналды. Тілшілер құрылыс материалдары бағасының өсуі тұрғын үй бағасына, бұқараның қалтасына қалай әсер етерін талдайды. Сатушылар, құрылысшылар, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, министрлік пен агенттік өкілдері комментарий берді. Сюжет астана маңындағы ауылда тұратын отбасының өмірі арқылы өрбиді. Отағасы үй тұрғызып, шатырын жауып, әрлеу жұмыстарына келгенде ақшасы таусылып қалыпты, өйткені баға екі-үш есе өсіп, жоспарлаған шығынынан асып кеткен. Терезенің орнына «пленка» жауыпты. 

Жүргізуші Жайна Сламбек COVID-19, коронавирусты пневмония және вакцинация бойынша ресми статистиканы хабарлап, туризм тақырыбына ойысты. Коронавирус пандемиясы кезінде ішкі туризмге сұраныс артты, алайда жолдарымыз бұған дайын болмай шықты. Мұндай алғысөз туристік орындарға жеткізер жолдардың нашар жағдайын көрсетуді меңзесе керек. Алайда, күткеніміз орындалмай, Алакөл кереметін, фаунасы мен флорасын таныстыратын сюжетке ұласты. 

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

Риза Исаева
Риза Исаева
Медиасыншы, журналистика саласында 18 жылға жуық уақыт бойы қызмет етіп келеді. "Қазақ", "Шалқар" радиолары, "31 Радио", "Азаттық", "NS Радиосы", "31 арна", "Almaty" телеарналарында,"Абыз" газеті мен "Бөпем" журналында журналист, жүргізуші, редактор болып қызмет еткен, KIMEP Униерситетінің халықаралық журналистика магистрі.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР