1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күніне сайтымыздың «Медиасын» бөлімінде «Балалар көретін қазақша телебағдарламалар. Тізімде Balapan арнасы жоқ» деген мақаламыз жарық көрді. Kantar телевизиялық өлшемдері негізінде International Media Service дайындаған іріктеме деректері бойынша жасалған материалда 2020 жылғы қыркүйектен 2021 жылғы мамырға дейінгі кезеңде 16 жасқа дейінгі балалар көрген қазақша топ-20* бағдарламаға шолу жасадық.
Рейтингке қарап, қазақ тілінде контент тұтынатын балалар аудиториясын ТВ-дағы балалар хабарларынан басқаның барлығы қызықтырады деген қорытындыға келдік.
16 жасқа дейінгі аудиторияның 70% -ы QAZAQSTAN ұлттық арнасындағы ойын-сауық контентіне қызығатыны байқалды. Топ-20 бағдарламаның 90%-ы — ересек аудиторияға арналған контент (түрік-үнді телехикаялары, шетелдік және қазақстандық көркем фильмдер, қазақстандық эстрада жұлдыздарының концерттері) және 10%-ы ғана — балалар контенті.
Елімізде балаларға арналған телеарна біреу ғана екенін, сөйте тұра Balapan балалар арнасының контенті негізгі аудииториясын қызықтыра алмағанын да атап өттік.
Осы мақаладан кейін «Қазақстан» РТРК» АҚ баспасөз қызметі редакциямызға хат жолдап, пікір білдіріпті (Balapan арнасы осы корпорация құрамында). Хаттың толық мәтінін жариялап отырмыз.
«Жуырда newreporter. org сайтында жарияланған «Балалар көретін қазақша телебағдарламалар. Тізімде Balapan арнасы жоқ» деген материалға түсініктеме бергенді жөн санадық. Себебі телеарна қызметін одан әрі жетілдіру үшін балалар мен ата-аналардың, жалпы азаматтардың пікірі мен ұсыныс-тілектерін ескеріп, қорытынды шығару өте маңызды.
«Balapan» еліміздегі балаларға арналған тұңғыш әрі жалғыз арна екені баршаға мәлім. Тек мемлекеттік тілде хабар таратады. Мақсатты аудиториясы 8 жасқа дейінгі көрермендер.
Ал мақалаға негіз болған аудитория 6-16 жас аралығын қамтыған. Яғни, мақалада айтылған аудиторияның 75% пайызы»Balapan» арнасының көрермені емес. Басқаша айтқанда, «16 жасқа дейінгі балаларды қызықтырған қазақша топ-20* бағдарламалар тізімінде» «Balapan»-ның болмауы заңдылық.
Kantar («TNS Central Asia» ЖШС) зерттеу компаниясының сараптауы бойынша «Balapan» 2020 жылдан бері республикалық топ 7 телеарна тізімінде.
Kantar тарапынан тұрақты жүргізілетін зерттеулерге сүйенсек, «Balapan»-ның рейтингі жыл сайын артып келеді. 2019 жылғы орташа үлес көрсеткіші 3,9% болса, 2020 жылы 4,4% болған. Яғни, бір жыл ішінде телеарнаүлесі 13%-ға артқан.
Ерекше мән беретін мәселе, 2020 жылы енгізілген төтенше жағдай телеарнаның эфир кестесіне, рейтинг көрсеткішіне әсер етпей қоймады.
Эфир уақытының 9 сағатында үздіксіз берілген телемектеп — онлайн сабақтар әсерінен каналдың негізгі аудиториясы алшақтап, рейтинг те айтарлықтай төмендеді.
Десе де, сабақтар көрсетілмейтін демалыс және мереке күндері арнаның орташа рейтингі қалыпты, орташа көрсеткішіне жетіп отырды. Нәтижесінде канал республикалық ТОП-10 телеарна қатарында 9 орнын сақтап қалды.
Жалпы, карантин балаларға арналған контенттің аз қаралуына бірден-бір әсер еткен факторлардың бірі деуге болады. Өйткені мақалада көрсетілген мерзімнен тура бір жыл бұрынғы (2019 жылдың қыркүйегі мен 2020 жылдың мамыры аралығы) республикалық ТОП-20 телебағдарлама тізімінің үштен бір бөлігі «Balapan» арнасының жобаларына тиесілі болған.
Айта кететін тағы бір мәселе, «Balapan» 2020 жылдан бастап үздік шетелдік туындылардың телеқұқығынан бөлек, интернет құқықтарын сатып ала бастады. Бұл — отандық телевизия тарихында тұңғыш рет жүзеге асқан оң бастама. Нәтижесінде, арнаның Youtube каналы шетелдік анимациялық жобалардың қазақ тіліндегі 700 сериясымен толықты.
2021 жылы телеарна Youtube каналындағы 1 миллион оқырманы үшін «Алтын батырма» алды. Қазіргі оқырмандарының саны — 1 265 411. Сонымен қатар «Balapan» телеарнасы биыл 25 анимациялық сериал, 12 телевизиялық бағдарлама, 2 телехикая өндіруде.
Бастысы, телеарнаның 0 +8 жас аралығындағы көрермендері «Balapan»-ның төл мультфильмдері мен телевизиялық жобаларын үзбей көретінін және анимациялық кейіпкерлерін, телехикаяларында басты рөлдерді сомдаған кішкентай жұлдыздарын жазбай танитынын сеніммен айта аламыз«, — делінген хатта.
Еске сала кетейік, бұған дейін Balapan телеарнасының «Баламен сұхбат» жобасы туралы «Баламен сұхбат»: балаларға арналмаған сұхбат» деген мақала жарияладық.
«Бұл бағдарламада балалар 15 минут бойы кино, әдебиет, ғылым, медицина, спорт және музыка саласындағы танымал тұлғалармен әңгімелеседі, олардың өмірі мен еңбек жолы оларға үлгі болуға арналған», — делінген жоба сипаттамасында.
Мақаламызда студиядағы балаларға қызықсыз қонақтар — Nur Otan партиясының мүшелері және басқалар жиі шақырылатыны айтылды. Сол кезде де телеарна басшылығы жедел жауап беріп, материалда айтылған мәселелер бойынша пікір білдірген.
Жоба сәтсіз шыққанын мойындап жаңа маусымда эфирден алынып тасталғанын хабарлады. Телеарна жұмысы жөнінде жазылған мақалаларға корпорация басшылығының мұндай реакциясы және немқұрайлы қарамайтыны қуантты.
«Жаңа репортер» медиасыншылары кез келген тақырыпты байыпты әрі ашық талқылауға әрдайым дайын. Әріптестеріміздің жетістіктеріне қуанамыз, өйткені мақсатымыз ортақ: ол — еліміздегі медиаконтентті жақсарту.
* Мақала International Media Servicе медиаселлерінің Kantar телевизиялық өлшеміне негізделген сұрыптауына сүйеніп дайындалды.
** Рейтинг — теледидары бар ел тұрғындарының жалпы санынан пайызбен көрсетілген бағдарламаның әлеуетті аудиториясына сүйеніп жасалған. Жарнама берушілер үшін принципті маңызға ие.