«Жеті күн» бағдарламасы президент Тоқаевтың Түркіменстанға мемлекеттік сапарын басты тақырып етіп, цифрландыру тақырыбына бірнеше сюжет арнады. «Айна» авторлары әлеуметтік мәселелерді қозғап, Пенжім оқиғасына сюжет көрсетті. Ал Apta редакциясы аймақтағы қуаңшылықтың салдары ел назарынан түсіп қалмауына күш салып жатыр.
«Жеті күн», «Хабар»
Жүргізуші Дархан Әбдіуахит бағдарламаны Рим императоры Марк Аврелийдің «Өмірдің 300 жылға немесе 3 мың жылға созылғанының бәрі бір емес пе?! Өйткені тек қазіргі сәтпен өмір сүреміз. Кім болса да тек қазіргі сәтін ғана жоғалтады…» деген сөзінен бастады. Ақпараттық-сараптамалық бағдарламаның сәлемсөзі пәлсапалық ойға құрылуын түсіне алмай отырғанда «Әр сәтті қадірлей білейік» деп жалғады.
«Ашхабат сапарынан Мемлекет басшысы ат мініп, тазы жетектеп қайтты…». Жүргізуші президенттің Түркіменстанға мемлекеттік сапарына алғысөзінде сый-сияпатқа мән беруді жөн санапты. Түркімен халқы үшін «ақалтеке» жылқысының маңызын, сыйлы қонағына ғана тарту ететінін, тіпті президент Қ.Тоқаевтың үй жануарларына деген ықыласы мен тазы асырайтынын да айтты.
Ашхабаттан түсірілген сюжет Қазақстан президентін қалай қарсы алғанын көрсетер көз тартарлық кадрлардан басталды. Түркіменстан жағының қарбалас дайындығына да мән беріп, екі күндік сапар барысында қол қойылған келісімшарттар, уағдаластықтар жөнінде баяндады.
«Қазақстан жатырқау мен жатсынуды білмейді. Отыз жылдағы салиқалы сыртқы саясат соның бір дәлелі болса керек». Бұл — ҚР Тұңғыш президенті Н. Назарбаевтың Біріккен Араб Әмірліктеріне сапары жайлы сюжеттің алғысөзіне жүргізуші Дархан Әбдіуахиттің айтқаны. Н. Назарбаев Абу-Дабидің тақ мұрагері шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянмен кездесіп, өзі тағайындаған «Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін Назарбаев сыйлығын» тапсырған болатын. «Назарбаев сыйлығы» деп аталатын сюжетте екі ел арасындағы экономикалық байланыстар, бірлескен жобалар, Абу-Даби тақ мұрагерінің Елбасы тағайындаған сыйлыққа ие болуы себебін баяндап, сарапшыларды сөйлетіпті.
Мемлекет басшысы өткен аптада «Digital bridge» технологиялық форумына қатысып, цифрландыру саласындағы проблемаларды жою бойынша бірқатар тапсырма берді. Сюжетте президенттің форумда сөйлеген сөзінне үзінділер келтіріп, тілші әрбір бастаманы түсіндірді. Форумға стартап компаниялар қатысып, жобаларын таныстырған. Сюжет авторы стартап-компанияларға емес, Otbasy bank басшысы Ләззат Ибрагимова таныстырған «Баспана-маркет» платформасына мән берді. Тілші форумдағы барлық жобаларға жалпы бірдей шолу жасағаны не президент айтқан проблемаларға ғана назар аударғаны жөн еді.
Апта ішінде Ақордада өткен қабылдауларға қысқаша шолудан кейін үкімет мүшелерінің аймақтарды аралаған сапарына кезек жетті. Премьер-министр Асқар Мамин бастаған министрлер «Ауыл — ел бесігі» жобасының іске асырылуын тексеру үшін облыстарды аралаған екен. Тілшінің баяндауынан ұққанымыз — осы аталған облыстардың бірнеше ауданында қаншама проблема шешіліп, жолдар салынып, мектеп ашылып, әлеумет марқайып қалғандай екен. Тілшінің дауыс ырғағынан Қазақстанның аймақтары бір күнде гүлденіп кеткендей әсер қалды.
«Жеті күн» редакциясы осы сюжеттегі әсірелеу тым оғаш шыққанын түсінді ме екен, ізінше студиядағы экраннан наразы тұрғынның «Халықты алдаудың амалы» деп күйінген шағымын көрсетті. Дархан Әбдіуахит мұндай кемшіліктер «жиі кездесетінін», «Хабар» телеарнасына шағымын айтатындар бар екенін атап өтті.
Сюжет Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданындағы картаға да енбей қалған атаусыз ауылдың проблемасын баяндаудан басталды. Ал Солтүстік Қазақстан облысында «Мамлют» аудандық бөлім қызметкерлері суық ғимаратта отыр. Әкімдік мердігердің жұмысын қымбат санап, қабылдамапты. Жамбыл облысындағы «Алатау» ауылына ауыз су құбыры тартылған, бірақ халық су іше алмайды. ШҚО-дағы су қоймасында туннель жарылыпты. Ақтауда миллиондаған теңге жұмсалып, қойылған жасанды гүлдер де айтылды. Сюжет мәселені шешудің жолын іздеуге емес, аталған проблемалардың бар екенін көрсетуді ғана мақсат тұтса керек. Мәселе қашан және қалай шешіледі, деген негізгі сауалға жауап жоқ.
«Жеті күн» бағдарламасының осы шығарылымында цифрландыру тақырыбына арналған үшінші сюжет «100 000 IT маман» деп аталды. Тілші сюжетін Astana IT University қабырғасында мамандар даярлаудан бастады. Түрлі компания өкілдері Қазақстанда IT саласындағы білім сапасы сын көтермейтінін, оқыту бағдарламасы ескіргенін айтып, мәселе көтереді. Сараптамалық сюжетте проблеманы айтып қана қоймай, себебі мен шешімін де іздесе бір жөн. Ал мұнда мәселені талдауға талпыныс бар, бірақ аяқсыз қалды.
Бағдарламаны түйіндейтін сюжет те жарнамалық материалға ұқсады. Сюжет халыраралық компанияның тапсырыс түссе, брондалған әскери көлік өндірісін бастайтынына арналыпты. Жарнама элементтері мол материал сол көлікті жан-жақты таныстырады.
«Айна», «Еуразия бірінші арнасы»
«Айна» ток-шоуын Айдана Үсенбай мен Берік Дүйсенбай жүргізді. Үшінші жүргізуші Махамбет Бейбітшілік болмады. Қызу пікірталасты көбірек көрсететін авторлар бұл жолы әлеуметтік проблемаларға ерекше мән беріпті.
Басты тақырып — Алматы облысының Пенжім ауылындағы оқушылар арасында болған төбелес. Әдетте бірінші тақырыбынан-ақ студияда пікірталас болатын еді. Бұл жолы оқиғаға бір сюжет арнап, сарапшыны сөйлетумен шектелді.
Тілші Пенжім ауылына барып, мектеп директоры, жарақат алған баланың анасы, дәрігер, ұлты ұйғыр тұрғындар мен аудан әкімінен сұхбат алыпты. Сюжет жағдайдың қалай өрбігенін боямасыз баяндауға тырысқан. Тілші ауыл тұрғындары арасындағы ұзаққа созылған алауыздық — екі ұлт өкілдерінің мешіті, тіпті таксиі де бөлек екенін де айтып өтті. Сарапшы бұл жағдайды этномобилизация тұрғысынан түсіндіреді .
«Айна» редакциясы қаузаған тағы бір тақырып — «Кальмар ойыны» сериалы. Балалар мен жастар арасында аттас ойын таралып жатыр екен. Сюжет авторы Бақытнұр Әлібай «Кальмар ойынына» «қатысып», арқан тартысты. Сериал көріністерін қоса отырып, оның көпшілік, әсіресе балалар арасында кең таралғаны, ал сериалдағы кейбір элементтер маркетинг құралына айналғанын баяндап берді.
Тақырып студияда жалғасты. Жүргізуші ортаға «Ғаламтор мен желідегі қатігездіктен баланы қалай қорғаймыз?» деген сауал тастады. Қоғамның кәріс сериалына қызығушылығынан басталған талқылау ұлттық кино өнеріміз өз деңгейіне сай дамымай отырғанына келіп тірелді.
«Айна» бағдарламасы тағы бір маңызды әлеуметтік проблема — қараусыз қалған қарттар мәселесін көтерді. Жалғыз ұлынан бөлініп, Нұр-Сұлтанға келіп, тірлік кешіп жатқан кейуана жайлы сюжет көрсетті. Студиядағы талқылауға жетім қалған қарияны қамқорлығына алған жамбылдық тұрғын шақырылыпты.
Қараусыз қалған қарттар тақырыбы тағы бір сюжетке жалғасты. Айдана Үсенбай алғысөзде қарияға мейірім танытып, көмек қолын созар жан табылар деген үмітпен дайындалған материал екенін атап өтті. «Қамкөңіл қария» деген сюжет қартайғанда балаларынан бөлек тұратын қарияны көрсетті. Бұрынғы көршісі, мешіт имамы пікір айтты.
«Айна-аймақ» айдары Алматы облысының Ақбастау ауылындағы жарық мәселесіне арналыпты.
Бағдарлама пандемия кезіндегі жемқорлық тақырыбымен түйінделді. Сюжет соңғы жылы жемқорлық фактісімен ұсталған шенеуніктер параны қалай алғанын тізіп шығыпты. Сарапшы пандемия кезінде бюджеттен бөлінген қаржы қаншалықты тиімді игерілгені белгісіз екенін айтып, кіші лауазымдағы шенеуніктер ғана ұсталып, миллиардтап жейтін шенеуніктер еркіндікте жүр деген пікір білдірді.
Apta, QAZAQSTAN
Бағдарламаның бірінші үлкен тақырыбы — ҚР президентінің Digital Bridge халықаралық технологиялық форумына қатысуы. Бұл оқиға «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының сәтсіздігін түгендейтін сюжетке негіз болды. Мәселенің себебі мен шешімін it-сарапшыдан сұрады. Қ.Тоқаевтың форумда айтқан сөзінен де синхрондар келтірді. Еліміздің электронды үкімет порталын ресейлік банктің Sber платформасына өткізу жайы да айтылды. Өзекті тақырыпты қозғайтын үлкен материал.
Apta авторлары аймақтардағы қуаңшылық, малдың аштықтан қырылу оқиғасына үнемі материал көрсетіп келеді. Түркістан облысынан дайындалған сюжетте жем-шөп тапшы, бір пресс шөптің бағасы 2 мың теңгеден асқанын, дала тақыр, мал қолға қарап қалғанын, базарда мал арзандағанын көрсетті. Шаруалар жағдай қиын екенін айтып, үкіметтен көмек сұрайды. Ал жергілікті әкімдік өкілдері шығынға батқан шаруаларға көмек қарастырылмағанын мәлімдеді.
ҚР президенті Қ.Тоқаевтың Түркіменстанға мемлекеттік сапарына арналған қорытынды сюжет хаттамалық мазмұннан аспады. Ашхабатта Қасым-Жомарт Кемелұлын қандай сән-салтанатпен күтіп алғанына көбірек мән берді.
Президент Тоқаев 21 қазанда Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кеңейтілген отырысын өткізді. Жүргізуші Жайна Сламбек осы отырыстан үзінді келтіріп, Пенжімдегі оқиғаны айтып өтті. Сюжет болмады.
Содан кейін Өзбекстан президенті сайлауының қорытындысын да баяндады.
Мүгедектігі бар балалар, яғни ерекше балаларға дөрекі қарым-қатынас мәселесі маңызды да эмоционалды сюжетке арқау болды. Материал түрлі диагнозы бар балалар қоғамда қандай шектеу-шеттетулерге ұшырайтынын ата-анасын сөйлете отырып, баяндайды. Балалардың бет-жүзі жабылған. Сарапшылар мен оқыту мекемесі өкілдерін сөйлетті.
Ондаған қазақстандық Түркияға барып, алаяқтық құрбаны болғанын айтады. Олар Түркиядан арзан әрі тез тауар алуды үйретер курсқа қатыспақ болып сол елге аттанған екен. Сөздерінше, алданып қалған ұқсайды. Сюжетте кейіпкер көп, заңгер комментарийі де бар.
Премьер-министр мен бірнеше министр ауылдарды аралап, «Ауылым — алтын бесігім» («Ауылым — Ел бесігі») бағдарламасының қалай орындалып жатқанын біліпті. Есеп-сюжет келешекте ауылда өмір сүрудің қандай керемет боларын айтады. Түсініксіз тұсы — бағдарлама атауын жүргізуші алғысөзде «Ауылым — алтын бесігім» деп, ал тілші сюжетте «Ауылым — Ел бесігі» деп айтты. Мағынасы ұқсас, десе де атауы басқа. Себебін білмедік.
«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.
Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.