«Жеті күн» бағдарламасы «Ұлы көш» деп атау қойып, көрермен назарына тәуелсіздік жылдарында елге оралған қандастарымыз жайлы әсерлі сюжет ұсыныпты. «Айна» авторлары Степногор қаласындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта болған оқушылар арасында әлімжеттік оқиғасына баса мән беріпті. Сондай-ақ, «Түйіншек саудасы» деген сюжетінде нашақорлықтың жасарып бара жатқанын баяндап, онлайндағы сауданың өршіп тұрғанын талдапты. Ал Apta редакциясы шаруалардың рұқсат етілген бейбіт митингке жиналуынан сюжет дайындап, субсидия алудың қиындығы туралы мәселе көтерген. Бұдан өзге, аталған апталық бағдарламалар президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматыға сапарын баяндай отырып, осы ресми сапар барысында көтерілген бірқатар мәселені назарға алған: өңірдегі қаржы секторының проблемасы, атом электр станциясының мәселелері, білім беру саласындағы түйткілдер және т.б. Сондай-ақ, Pfizer вакцинасын салу науқаны басталғанын сөз етіп, екпенің тиімді тұсын талдаған.
«Жеті күн», «Хабар»
«Жеті күн» жүргізушісі Дархан Әбдіуахит бағдарламаны әлем жұртшылығы алдында тұрған қауіптерді санамалаудан бастады. Өткен аптада Президент елімізде тұңғыш рет Сыртқы істер министрлерінің кеңейтілген алқа отырысын өткізген болатын. Гүлжан Мархабаева жиыннан «Ұлттық дипломатия» атты сюжет әзірлепті. Жиында Президент көтерген мәселелер бойынша Сыртқы істер министрінің орынбасары Ерлан Әлімбаев пікір білдірген. Сюжетте Президент жанындағы Қазақстан саяси зерттеулер институтының бөлім басшысының пікірі де бар. Өткен аптада Президент қатысқан ең ірі жиыннан жасалған бұл сюжет салыстырмалы түрде қысқа-нұсқа болды.
«Astana club 2021» жиынында Қазақстанның тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үлкен Еуразия экономикалық форумын өткізуді ұсыныпты. «Тұтас кеңістіктегі ынтымақ жайлы кеңесетін «Астана» клубының» VI отырысы жайында сюжет берілді. Елбасының жиын барысында көтерген мәселелері кеңінен баяндалған сюжет болды. Сондай-ақ, Пан Ги Мун секілді сарапшылардың жиында сөйлеген сөздерінен үзінді берілді. Отырыстан кейін Елбасы бірқатар шетелдік мейманды қабылдаған екен, сюжетте ол да айтылды.
Президенттің апта ішіндегі шетелдік қонақтарды қабылдауы мен Өзбекстан Президентімен телефон арқылы сөйлескенін Дархан Әбдіуахит студияда тұрып баяндады.
Өткен апта Каспий құбыры консорциуамының ашылғанына 25 жыл толуына орай, Нұр-Сұлтанда арнайы жиын болған еді. «Жеті күн» осы оқиғаға да сюжет арнапты. Жиынға Мемлекет басшысы және Ресей үкіметінің өкілдері қатысқан. Сюжетте Каспий құбырының ұзындығы, қанша өнім тасымалдағаны және консорциумның әлеуметтік жауапкершілігі сөз болған, пікір білдірген сарапшы шетелдік компанияның үш құндылығы туралы айтып беріпті. Президент қатысты демесеңіз, бұл сюжет консорциумның жұмысын баяндауға құрылғандай, яғни PR сюжеттен еш айырмасы болмады.
23 қараша күні «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің отырысы өтетіндіктен, Елбасы партия төрағасының орынбасары Бауыржан Байбекті қабылдаған еді. Ол — кадр сыртындағы мәтін мен синхрон арқылы баяндалды.
«…Ұлттық кеңестің жұмысында еш нәтиже жоқ деп ешкім сырттан тон піше қоймас…» . Өткен аптада Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің кезекті отырысы өтті. Қорған Қонысбайұлы жиын жайында материал әзірлепті. Консорциумның 25 жылдығына қарағанда, анағұрлым қоғамдық саяси маңызы бар сюжет бағдарламаның ортасында берілді. Тілші Президент жиында көтерген мәселелерді, оның сөйлеген сөзінен үзінді бере отырып, нақты мысалмен, қарапайым тұрғындардың пікірімен растай баяндайды. Ұлттық кеңес мүшесі де пікір білдіріпті. Содан да болар, материал әдеттегі Президент тақырыбындағы сюжеттермен салыстырғанда, біршама ширақ, түсінікті, қабылдауға жеңіл әзірленген.
Президенттің Алматыға сапары да бағдарламаның ортасында берілді. Мемлекет осы сапарында оңтүстік астанада қаржы секторының өкілдерімен кездесіп, атом электр станциясынан бастап, 500 мыңға тарта проблемалы несие жайына дейін біршама мәселені сөз еткен болатын. Бұдан өзге, Қасым-Жомарт Тоқаев өзі оқыған мектептен бастап, бірнеше нысанды аралаған еді. Сюжетте Рауан Мыңбаев Президенттің Алматыға сапарын толыққанды баяндап шығыпты.
Ақбөпе Тәңірберген әзірлеген сюжет «Бала мен ана қауіпсіздігі» деп аталады, Pfizer вакцинасын салу науқаны басталғанын сөз етіпті. «Жеті күн» бұл тақырыпты бағдарламаның өткен санында да көтерген болатын. Тілші «Бұл мектепте Prizer вакцинасын көптен күткен оқушылардың қарасы көп болып шықты» дейді. Оқушылар арасында арнайы сауалнама жүргізбеген соң, бірді-екілі кейіпкердің сөзіне сүйеніп, мұндай қорытынды жасау артық секілді. Сөйлемдегі сөздердің қайталануы да құлаққа жайсыз естілді. Сарапшылар балаларды мәжбүрлеу болмайтынын және вакцинаның қауіпсіз екенін айтады. Сюжетте екпе салынып жатқан сәт бірнеше рет ашық көрсетілді.
Осы сюжеттен соң Дархан Әбідуахит «Астана» клубы тақырыбына қайта оралды. Ал Мақпал Мадьярова үш күнге созылған отырыс жайлы сюжет әзірлепті. Жекелген отырысқа қатысушылардың пікірі берілген сюжетте жиында талқыланған мәселелер жайы айтылды.
Үкімет басшысы Асқар Мамин апта басында бірқатар БАҚ басшыларымен кездесіп, сұхбаттасқан болатын. «Жеті күн» осы туралы да сюжет жасап, үш жыл бой үкімет басқарған Маминнің журналистерге берген алғашқы сұхбаты екенін атап өтіпті. Ақпарат құралдарында жарияланғандай, Үкімет басшысы әлеуметтік-экономикалық, денсаулық сақтау және энергетика салаларындағы мәселелерге қатысты сұрақтарға жауап берген болатын.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған сюжет «Ұлы көш» деп аталып, тәуелсіздік жылдарында елге оралған қандастарымыз жайлы болды. 1992 жылы Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайы қалай ұйымдастырылғаны туралы айтылды, сол кезде жиынды ұйымдастырған қайраткерлер естеліктерімен бөлісіп, көптеген тарихи бейнекадрлар көрсетілген тартымды сюжет әзірленіпті.
«Жеті күн» авторларының Қызылорда облысының басшысы Гүлшара Әбдіхалықоваға деген ықыласы ерекше. Аталған өңірдің тыныс-тіршілігіне баса мән береді. Өткен аптада Гүлшара Әбдіқалықова елордаға келіп, өңірдің дамуына қатысты есеп берді. Сондықтан «Жеті күннің» соңғы сюжеті Қызылорданың даму көрсеткіштерін баяндауға арналды. Қызылорда әкімінің есебінен ұзақ үзінділер беріліпті.
«Айна», «Еуразия бірінші арнасы»
«Айна» бағдарламасы 21-қазан күні Ақмола облысы, Степногор қаласындағы Бөгенбай батыр атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта болған оқушылар арасында әлімжеттік оқиғасын бағдарламаның басты тақырыбы етіп алыпты. Әлеуметтік желіде балаларды ұрып жатқан видео тараған еді. Махамбет Бейбітшілік қалаға барып, оқиғаның хронологиясын тізіп, мән-жайын анықтаған, мектепте 2014 жылы осындай оқиға болғаны туралы айтыпты. Мектеп директоры, әкімшілік өкілін сөзге тартып, ата-аналармен телефон арқылы байланысқа шыққан. Алайда, сюжетте 7-сынып оқушысын ұрған 8-сынып оқушысына сырттан «ақша тап» деген бұйрық түскені айтылып қалды. Ол бұйрық кімнен түсті? Тәрбиешілері «елгезек» деп атаған жеткішек жат қылыққа неге барды? Бұл сұрақтар жауапсыз қалыпты.
Оның орына «Айна» авторлары бұл мәселені жеткіншектер арасындағы қатыгездік оқиғасы жиілеп кеткенімен байланыстырған. Осы оқиға Президентке дейін жетіп, өткен аптада Тоқаев ұлттық кеңес отырысында білім ошақтарындағы қауіпсіздік мәселесін бірыңғай жүйеге келтіріп, күзет фирмаларымен келісімшартқа отыруды заңмен бекіту секілді бірқатар тапсырмалар берген болатын.
Ал Бақытнұр Әлібай мектептердегі қауіпсіздік мәселесін тағы бір сюжетте талдапты. Онда Президент көтерген осы мәселеге кеңірек тоқталған. Сонымен қатар, сюжетте мектептердегі әжетхананың ғимарат ішіне орналасуына да ерекше мән беріпті. Бірақ сол туралы кадр сыртындағы мәтінде айтқан сәтте видеода ғимарат ішінде орналасқан әжетхана кіріп бара жатқан оқушы қыздарды көрсету артық болды.
«Әрбір бесінші оқушы наша шегіп көрген». Жүргізуші Берік Дүйсенбай бұл мәліметтің дерекөзіне сілтеме жасамады. Алайда, оның сөзінен нашақорлық жасарып бара жатқанын ұқтық. «Түйіншек саудасы» деп аталатын сюжет елімізде есірткі саудасы онлайнда өршіп тұрғаны туралы проблема көтеріпті. Сюжетке кезек бермес бұрын, тұрғындардан «баланың қайда ақша жұмсайтынын қадағалайсыз ба?» деген сауалнама алыныпты.
Айдана Үсенбай әзірлеген сюжетте есірткі саудасы онлайнда қалай жүретіні егжей-тегжейлі баяндалудан бастап, наркоманиядан емделіп жүрген науқастың әңгімесіне дейін айтылған. Проблеманы жан-жақты талдаған, балалардың мұндай құмарлыққа не үшін баратынын сарапшының көмегімен талдаған ақпараты мол сюжет.
Елімізде осы аптадан бастап 7 жол учаскесі ақылы болды. Ақылы жолдарда шлагбаум қойылмайды екен, «онда жүгізушілер ақыны қалай төлейді?» сұраққа жүргізушілер Айдана Үсенбай мен Берік Дүйсенбай студиядағы графикалық шешімнің көмегімен жауап беріпті. Дегенмен, осы берілген ақпараттың өзін азсынған ба, «Айна» авторлары ақылы жолдар тақырыбын сюжетпен толықтырыпты. Материалда саладағы маңызды мәселелер қамтылған. Ақылы жолдардың сапасы, жолдағы қызмет, қыс мезгілінде жолдың тазартылуы, жүргізушілердің базынасына жауапты органдардың жауабы қамтылған, ақпараты мол толымды сюжет әзірленіпті.
«Айна» бағдрламасы жан-жақты талдаған, толымды сюжеттің бірі «Серпіннің» сергелдеңі» деп аталады. «Серпін» білім беру бағдарламасы бойынша солтүстік пен шығыс өңірлерде білім алған жастар, сол аймақта қалып 3 жыл грантқа кеткен шығынды өтеуі қажет. Алайда, аталған облыстарда жергілікті халық үшін жұмыс жоқ. «Серпін» түлектеріне оқу бітірген облыста қалып, жұмыс істемегені үшін, грантқа кеткен шығынды өтеу туралы хабарлама келе бастаған. «Айна» авторларының бұл проблеманы көтеруіне Мәжіліс депутаты Мәди Ахметовтың үкіметке жолдаған депутаттық сауалы және оған үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжановтың берген жауабы себеп болған сыңайлы.
Жастардың біліміне қатысты тақырып «Айна» ұсынған «Желі жұлдыздары» деп аталатын келесі сюжетте жалғасын тапты. Айдана Үсенбай студияда танымал тик-токерлердің ТОП-5 рейтингін атады. Ал Арай Құрақбай желі арқылы ойда-жоқта танымал болған бірқатар жанның оқиғасын баяндапты.
Студияда «Айнаның» осы санындағы алғашқы қонақтары – ТикТок жұлдыздары Диана Елукенова және Думан Мұсаханов болды. Жастармен қызықты сұхбатты Айдана Үсенбай жүргізіпті. Онда тиктокерлердің оқырман алдындағы жауапкершілігі, еліміздегі интернет жылдамдығы, оқырман тартудағы тілдің маңызы және жастардың ой өрісіне қатысты сұрақтар талқыланды.
Apta, QAZAQSTAN
Apta бағдарламасы Ақмола облысындағы барак типтес пәтерлердің бірінде газ баллоны жарылып, Екібастұз ГРЭС-1 стансасындағы екінші энергоблоктың апатты жағдайда өшірілгенінен басталды.
Бірінші сюжет президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматыға жұмыс сапарына арналды. Алғысөзде жүргізуші Жайна Сламбек президенттің АЭС салу туралы айтқан сөзіне назар аударып, дәйексөз келтірді. Ал сюжет қаржы секторының тұрақтылығы мен дамуы, Алматы экологиясы, АЭС құрылысы және тағы басқа тақырыптарды қамтып, Мемлекет басшысы Алматыда барған-көрген орындарды тізіп шықты. Тек президент сөйлейтін дәстүрлі мәнердегі әдепкі ресми сюжет болды.
21 қараша — Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі жұмысшыларының күні. Бірнеше облыстың фермерлері рұқсат етілген бейбіт митингке жиналып, субсидия алудың қиындығын айтты. Бұл оқиға ауыл шаруашылығы саласына берілетін субсидия мәселесін талдайтын сюжетке арқау болыпты. Ауыл шаруашылығына берілген субсидия көлемі 2 трлн теңгеден асады. Алайда бұл қаражат қарапайым шаруаларға жетті ме? Үлкен сюжетте көптеген шаруа сөз алып, ауыл шаруашылығына субсидия алудағы кедергілерді жайып салды. Жергілікті әкімдік өкілінің комментарийі де бар. Ауыл шаруашылығы министрлігі жазбаша түрде жауап беріпті.
ҚР премьер-министрі Асқар Мамин елдегі БАҚ өкілдерімен кездесіп, экономика және әлеуметтік саясат туралы сөйледі. Хаттама мазмұндас сюжет Үкімет басшысының айтқанын баяндаудан аспады. Apta бағдарламасының ең қызықсыз сюжеті болды.
Жүргізуші Жайна Сламбек 12 жастан асқан балаларға Pfizer вакцинасын салудың пайдасы жөнінде айтып, жасөспірімдердің синхронын берді. Ересектер ревакцинациясы жайында да әңгімеледі.
Ал «Желілер: корреспонденция, комментарий» айдарының үшінші шығарылымы осы Pfizer вакцинасына арналды. Айдар жүргізушісі Жұрағат Баман қолданушылардың әлеуметтік желілерге жазған пікірлерінің скриншот видеосын экраннан қатар көрсетті. Өткен аптадағы шолуымызда бұл айдарда қолданушылар пікірін қайдан алынатыны беймәлім қалып, сенімсіздік туғызатынын жазған едік. Авторлар осы ескертуімізді ескерсе керек. Бәрекелді.
16 қарашада Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің кезекті отырысы өтіп, президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Осы отырыс қалай өткенін баяндайтын сюжеттен кейін авторлардың мақсаты — президент қоғамдағы проблемаларды дер уақытында байқап, шешетінін көрсету болғандай әсер қалды.
Бағдарламаның соңғы сюжеті футболдан әлем чемпионатына іріктеу турында Қазақстан құрамасының Франциядан 8:0 есебімен ойсырай жеңілгенін, ал сөйте тұра елімізде кәсіби футболға мемлекет бюджетінен миллиардтаған қаржы бөлінетінін, отандық футболдың проблемалары мен дамуын талдады. Қызық кейіпкерлерді тауып, сөйлетіп, футбол ойнайтын балалардан бастап депутаттарға дейін комментарий айтқан сюжет.
«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.
Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.