ДомойМедиасын90-жылдардың басындағы журналистика сыны: радио мен телевизия жөніндегі баспасөз материалдары

90-жылдардың басындағы журналистика сыны: радио мен телевизия жөніндегі баспасөз материалдары

90-жылдардың басындағы журналистика сыны: радио мен телевизия жөніндегі баспасөз материалдары

Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарындағы медиасын үлгілері туралы шолуымызды жалғастырамыз. Бұған дейін осы кезеңдегі қазақ баспасөзінде журналистика сыны негізінен орыс басылымдарындағы саяси-әлеуметтік мәні бар манипуляцияларға бағытталғанын жазған едік. Бұл жолы «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті» газеттері қазақ журналистикасының өзіне, соның ішінде радио мен телевизия хабарларына қатысты қандай материалдар жариялағанын баяндаймыз. 

«Қазақ әдебиетінің» 1992 жылғы 26-санында әдебиеттанушы Құлбек Ергөбек бір жыл бұрын қайтыс болған әріптесі, сыншы, тележурналист Сағат Әшімбаев туралы портрет очерк жариялаған. Автор әдебиет сыншысының «Сын мұраты», «Талантқа тағзым», «Парасатқа құштарлық» кітаптарын қайта оқып, оның «Парыз бен қарыз» телебағдарламасының алтын қорда сақталған бес хабарын көріп шыққанын жазған. 

«Парыз бен қарыз» қандай хабар? Бұл – сипаты жағынан ағартушылық хабар. Көптеген мәселесі жөнінен – сынға құрылған проблемалық хабар. Материалды, деректерді жинақтап беруі жөнінен – талдау мәнеріндегі философиялық толғаныс. Бұл – кемшілікті коллективтік формада көру. Бюрократизмге көп болып қолдасып жасалған шабуыл. Халық трагедиясын коллективтік формада айту. «Парыз бен қарыз» – Сағаттай азаматтың халық қасіретіне жанын жамау еткен, халық қасиетіне жанын жалау еткен ерекше тындырымды бір ісі!» – дейді Құлбек Ергөбек («Жанын жалау еткен… Әдебиет сыншысы Сағат Әшімбаев жөнінде мөлтек сыр», «Қазақ әдебиеті», 26.06.1992, №26). Мақала авторының пікірінше, кейінгі кездері қазақ теледидары мен радиосында Сағат Әшімбаев туралы қимастықтан тұратын бағдарламалардың жиілегені – «оның ағартушылық қызметінің халық құлағына жетуі, халық үшін еткен еңбектің қайтуы». 

Бұл жылдары қазақ теледидарындағы жаңа бағдарламалар хақында сын көп жазылған. Баспасөз архивінен табылған сыни мақалалар авторларының арасында журналистер де, басқа саланың өкілдері де бар. Көрермен сүйсініп, жоғары баға берген телебағдарламалардың дені қазақ тіліне, тарихына, дүниетанымы мен салт-дәстүріне қатысты. Жәнібек Нәлібаев деген автор қазақ теледидарындағы «Атауышнама» деп аталған музыкалық-танымдық бағдарламаның радиоэлектроника мен байланыс тақырыбына арналған кезекті хабарына риза болғанын жазған. Ол бұл хабарды жүргізуші Гүлжанар Абылайханова ғылым мен техника салаларын қазақша сөйлетуге және қазақ ғалымдарының еңбегін елге танытуға үлес қосты деп есептейді: «Мысалы, аталмыш телехабарда модуляция, синхронизация атауларын талқылау барысында техника саласының ірі білгірлері мен студенттердің ұсынған баламасына эстрада әншілерінің ұсынған нұсқасы да дөп келіп, жарасым тауып тұрды. Модуляцияны «құбылту», синхронизацияны «қадамдастыру» дей отырып, хабар көрерменге де ой салды. «Жақсының жақсылығын айт» демекші, білімнің кілті тілде екенін терең түсініп, ұлттық ғылымымызды дамытуға, өскелең ұрпақты білімге қызықтыруға атсалысып жүрген телехабарды ұйымдастырушыларға тек шынайы алғыс сезіміңді білдіргің келеді. Қазақ теледидары да туған тілімізді өркендетуге байланысты осындай танымдық та, тәрбиелік мәні зор хабарларды жиі жүргізіп тұруы қажет-ақ» («Радиоэлектрониканың реңін кіргізіп», «Ана тілі», 18.08.1994, №33).

«Ана тілінің» келесі бір оқырманы, Өскемен жол-құрылыс институтының аға оқытушысы, керісінше, қазақ теледидарынан көрсетіле бастаған «Алтын отау» деген телеойынды ұнатпаған. Ол Ақтөбе журналистері эфирге шығарған бұл телехабарды не себепті аяғына дейін көре алмағанын түсіндірген: «Біріншіден, ақтөбеліктер Мәскеуден берілетін әрі ойнақы, әрі тартымды танымдық-жарнамалық «Поле чудес» деген хабарды басынан аяғына дейін, «үтір, нүктесін» қалдырмай көшіріп алыпты. Ең болмаса, қазақша да жүргізбейді, орысша хабарды сол тілде қайталаудың не қажеттігі бар? Бұл – екі», – дейді С.Оразалин деген автор («Аузы-мұрны жоқ отау», «Ана тілі», 06.05.1993, №18). 

90-жылдары Қазақстан телеэкранын көркемдік деңгейі мәз емес болса да, анайы көрінісі, зорлық-зомбылығы мен атыс-шабысы көп фильмдер жаулап алды. «Ана тілінде» бұл туралы ондаған сыни материал жазылған. Ол кезде республикалық телеарналардың бас кеңсесі ел астанасы – Алматыда. Мәселеге ақыры қала әкімдігі араласуға мәжбүр болып, ақпарат құралдарындағы баспа материалдары мен видеоөнімдердің мазмұнын саралайтын комиссия құрған. 1994 жылғы «Әп, бәрекелді!» деп аталған мақалада Алматы әкімдігі ақпарат құралдарына «жыныс қатынастарын, қатыгездікті, зорлық-зомбылықты насихаттайтын суреттер мен видеоөнімдерді жариялауды және көрсетуді доғаруды» міндеттегені айтылады. 

«Сүтті сиырын бізге кім сатсын, әлгі бейнетаспаның бәрі – дамыған елдерге таңсық болудан қалған, қоқырсық жәшікке баяғыда тасталған ескі-құсқысы. «Көрмегенге көсеу таң» болып жүрген біз ғана. Сонсоң жастардың арасында зорлық, қорлық, қылмыс неге көбейіп кетті деп айран-асыр таңқалып отыратынымыз тағы бар. Қалыптаспаған жасөспірім көбіне көргеніне еліктейтінін, көзбен көргенін істейтінін таза естен шығардық. Киноөнімдердің кіндігі боп отырған Америкада, Еуропада адамгершілік негізін насихаттайтын гуманистік бағыттағы таспалар неге болмасын, бар, жыртылып-айырылады. Жыл сайын пәленшебай «Оскар», тағы басқа сыйлықтарды қоржынына байлап жатқан ол таспаларды бізге «Таң», «КТК», «Тотем», «31-арна» көрсетпейді, өйткені олар қымбат. Ал мыналар арзан», – деп жазылған мақалада («Әп, бәрекелді!», «Ана тілі», 24.02.1994, №8). 

Журналист Хамидолла Рахматуллин республикалық радионың «Шалқар» бағдарламасы мен қазақ телевизиясының «Шарайна» ақпарат хабарының тілі жөнінде сын жазған. Автор радио дикторының «Радиодағы жарнама ғана тиімділік әкеледі» деген сөйлемі құлаққа түрпідей тигенін мысалға келтірген. «Дұрысы «Жарнаманы радиодан (немесе радио арқылы) жариялаған ғана тиімді» емес пе? Соңынан білдік, бұл орысшаға «білгір», бірақ ана тілімізге шорқақ редактордың «Только рекламы по радио принесут ожидаемых результатов» (орысшасы да жетісіп тұрған жоқ) деген сөйлемді қазақшалағаны екен», – дейді мақала иесі. Ол «Шарайна» тілшісінің «Терісі бар аңдарды сойып, терісін алды» деген сөйлемін де сынайды: «Сонда терісіз де аң болғаны ма? Ал небәрі алты сөзден құралған жай сөйлемдегі «терінің» екі рет қайталануы қалай? «Аңдарды сойып, терісін алды» десе, жетпейтін бе еді? Әрі сауатты, әрі жинақы ғой» («Естіген құлақта жазық жоқ», «Ана тілі», 06.01.1994, №1). Автордың өзі осы материалында қазақ тілінде жоқ «пайдалылық», «салақтылық» деген сөздерді қолданғанын да айта кетейік.

Журналист Әбдуәли Қарағұлұлы телевизия мен радио қызметкерлері «отбасы» дегеннің орнына «жанұя» сөзін қолданатынына өкпесін білдірген. Оның айтуынша, қазақтың ұғымында «семья» – бұрыннан «отбасы». Бұл ұғым жаңа атау ойлап табуға мұқтаж емес әрі «отбасы» сөзін Мемлекеттік терминология комитеті бекіткен. «Жанұя» – жасанды сөз. Ол қазақта семья болмаған деген сияқты келеңсіз ойға тірейді. Бұл «семья деген түсінікті білмейтін тобыр болған едік» деп мойындаумен бірдей. «Жанұяға» жармаса беру – рухани міскіндік», – дейді автор («Жүйелі сөз иесін таппаса…», «Ана тілі», 20.01.1994, №10). Дәл осы мәселені «Ана тіліне» дейін «Қазақ әдебиеті» де көтерген екен («Отбасы» ма, «жанұя» ма?», «Қазақ әдебиеті», 19.11.1993, №47). 

«Ана тілінің» Ақмола облысындағы тілшісі Жұматай Сабыржанұлы да теледидар мен радио журналистеріне тіл мәдениеті жайында бірнеше ескерту жасаған. Ең әуелі ол қазақ теледидарындағы «Қазақтың Қажымұқаны» деген хабардың (07.06.1993) титріндегі «…Қажымұқанның ерлігін қайталаймын дейтін адуын азаматтар…» деген тіркесті сынаған: «Адуындық долы, көкайыл, ашушаң деген ұғымды берсе керек еді…». Одан кейін «Шарайна» бағдарламасының журналисі Ассы Байбатшаның «Өлмеген құлға болды күз» демекші» дегеніне (26.09.1993) шүйлігеді: «Қыз Жібек» дастанында Төлегеннің: «Өлмеген құлға, құдайым, келіп те қапты мынау жаз», – дейтіні бар. Бұл тіркесті осы қалпында айтса, дұрыс». Автордың бір сыны «Жігіттің сұлтаны» телехабарының жүргізушісіне бағытталды. Ол «Жігітке жеті өнер де аз» деудің орнына «Жігітке жетпіс өнер де аз» депті (28.06.1993). Журналист әріптестеріне «жаңадан үйленді» деген тіркесті қолданбауды да ескертті: «Осы енді орысша ғой: «снова женился». Мұның қазақшасы «төсек жаңғыртты» емес пе?» («Ортаға тастайын бір ой қамшысын», «Ана тілі», 10.03.1994, №10).

Жұматай Сабыржанұлы – 90-жылдары телерадио хабарларының тілі жайында жиі сын жазған бірден-бір автор. «Миың айналсын десең, мынаны тыңда…» деп аталған мақаласын ол Ақмола облыстық теледидары аға редакторының сөйлеу тіліне арнаған. Телеарна қызметкері орталықтан шалғайдағы бір ауылдың азаматтарынан: «Халық өтпелі кезеңнен, нарықтың нар тәуекелінен қалай өтіп жатыр?» – деп сұраған. «Нар тәуекелден қалай өтеді? «Нар тәуекел!» деп іске кіріспей ме?» – дейді автор. 

Телеарна қызметкерінің хабарынан үзінді: «Мына елді мекендеріңіздің негізгі экономикасын ұстап тұрған, сіздерде, егіншілік көрінеді. Мына елді мекендеріңізде, жалпы, 30 мың гектар жерлеріңіз бар екен, егінді алқап. Бүгінгі күнгі жағдайларыңыз қалай болып жатыр? Жалпы, мына ел көңілі қазіргі жасыл орақ, мына, қалай екен деген қамығып отыр» (17-24.08.1994). Сыншының түсіндірмесі: «…кілең бір тәлтіректеген тұтықпа тіркесті түсініп көр! Сонан соң «жасыл орағы» несі? «Жасыл орақ» деп егін оруды емес, шөп шабуды айтпайтын ба еді?»

Автор журналист сөйлемінің мүшелері «өзара жымдаспай, керісінше, тебісіп, шашылып жатыр» деп, оның бір қарияға қойған сұрағын мысалға келтіреді: «Бір кезде пионер болдық, комсомол болдық, енді партия болып, елді көркейттік. Ал енді дегенмен де тарихты жоққа шығармаймыз. Енді сіз ендігі бір ретте осы сол өткен күніңізден, бейнетті күніңізден бір зейнетті көрген бір қуанышты күніңізді еске алсаңыз?» (17-24.08.1994).

«Ана тілі» авторы өңірдегі әріптесінің телеарна эфирінен айтқан «Мал басының өсімі егіннің өніміне байланысты» деген тұжырымы дәлелсіз, жалған мәлімет екенін де әшкерелеген. Сыни мақала «облыстық телеарна қызметкерінің білігі оның қызметіне сай емес және сондай адамдар қазақ тілін қолжаулық қылып жүр» деген емеурінмен түйінделіпті («Миың айналсын десең, мынаны тыңда…», «Ана тілі», 15.09.1994, №37). 

Әуе толқыны мен экрандағы хабарлар тілі турасында филолог ғалымдар да баспасөзде көп мақала жариялаған. Академик, ғылым докторы, профессор Мырзатай Серғалиев эфирдегі сөйлеу тілінің бір кемшілігі тұйық етістікке, әсіресе оның болымсыз формасына жатыс септік жалғауын жалғау (-ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе + -уда, -уде) екенін жазған. Ғалымның айтуынша, бұл қазақ тілінің табиғатына жат, өйткені мұндайда «істің әрі қозғалуы немесе жылжуы байқалмайды». «…Егін орағы жақындап қалса да, әлі жанар, жағар май жеткізілмеуде немесе қосалқы бөлшектер табылмауда дейтін сөздерді журналистер жиі айтып, жазып жүр. Қимыл-қозғалыс болмаған соң оның жалғасы қалай болмақ? Автордың айтқалы отырғаны жанар, жағар майдың әлі күнге дейін жеткізілмегені немесе қосалқы бөлшектердің табылмай жатқаны ғой, бірақ дағдыдан тысқары, жасанды қосымшаны қолданғаны жарасымды көрінбейді», – дейді лингвист («Радио және телехабарлардың тілі туралы», «Ана тілі», 18.11.1994, №46). Мақала авторы сонымен бірге радио мен телевизия журналистеріне «жаңа сөздерді ақылға салып қолданған дұрыс, мысалы, төраға әйел адам болса, оны «төрайым» деп атау аға ұрпақ пен аға инженерге келгенде қайшылық туғызады» деп ескерткен. 

Шолуымыздан қашан да журналистикамен бірге оған қатысты сын да жүретінін көрдік. Радио мен телевизия өнімдерінің мазмұны, әсіресе, тілі 90-жылдардың басындағы баспасөзде сыни материалдарға жиі өзек болған. 

Болатбек Мұхтаров
Болатбек Мұхтаров
Журналистикада 2003 жылдан бері қызмет етіп келеді. Телевизияда, баспасөзде, интернеттегі басылымдарда, PR саласында жұмыс істеген.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР