ДомойМедиасынСу тасқыны, қазақ дубляжы, Украинадағы ахуал: 28  наурыз – 3 сәуірдегі апталық...

Су тасқыны, қазақ дубляжы, Украинадағы ахуал: 28  наурыз – 3 сәуірдегі апталық телебағдарламаларға шолу

Су тасқыны, қазақ дубляжы, Украинадағы ахуал: 28  наурыз – 3 сәуірдегі апталық телебағдарламаларға шолу

Бұл аптада «Жеті күн» бағдарламасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан іс-шараларға тоқталған. Атап айтсақ, 1 сәуірден бастап БЖЗҚ-дан берілетін бір реттік төлемнің жеткілікті шегі өсті, бұл туралы сарашылар не дейді? «Қазақстан халқына» қоры мұқтаж жандарға көмектесуді бастады,  таяуда 4 сәбиге құны миллиард теңге тұратын дәрі алып берген. Сондай-ақ, игерілмей бос жатқан жерлерді шаруаларға беру, Алқа билердің қарауына ұсынылатын істердің санатын кеңейту мәселесі және тағы басқа. «Айна» тілшілері көктемгі су тасқынын басты тақырып етіп алыпты. Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің мәлімдемесіне сүйене отырып, тұщымды талдау жасаған. Сондай-ақ, отандық кино өндірісі, оған мемлекеттен бөлінетін қаржы туралы сюжет ұсынып, қазақ дубляжының бүгінгі ахуалы жөнінде мәселе көтерді. Ал Apta елімізде болған төтенше жағдайлардың себеп-салдарына үңілген: Каспий құбыр консорциумы желісіндегі апат, БҚО-дағы су тасқыны, мұржасы құлаған Петропавл жылу орталығындағы апат, онда көз жұмған машинист әйел тағдыры.

«Жеті күн», «Хабар»

Президенттің орындалған тапсырмалары, геосаяси шиеленістің Қазақстан экономикасына әсері. «Жеті күн» бағдарламасының бұл саны әдеттегідей Президент тақырыбында басталды, Мемлекет басшысының Рамазан айымен құттықтағаны, бастамалары, өткізген қабылдаулары жайлы Дархан Әбдіуахит кадрда тұрып баяндады. Дегенмен, Президенттің апталық жұмысына қатысты бағдарлама басында сюжет берілмеді. Осылайша, «Жеті күн» мазмұнына аз да болса өзгеріс еніпті. 

Бағдарламаның алғашқы сюжетін Сәкен Сейітханұлы әзірлепті. «Қымбатшылық қысымы» аталатын сюжет доллар бағамының көтерілуі, Ұлттық банк интервециясы, елдің импортқа тәуелдігі мен бағаның шарықтауы жайында. Сарапшылар жағдайға баға берген. Тілші  бағаны  тұрақтандыру үшін «тиісті қадамдар жасалып жатқанын» айтып, сюжетті аяқтапты. 

1 сәуірден бастап БЖЗҚ-дан алуға болатын бір реттік төлемнің жеткілікті шегі өсті. «Жеті күн» осы мәселеге де сюжет арнаған. Сарапшылар азаматтардың зейнетақы қорынан мерзімінен бұрын ақша алуы тұрғын үй нарығында бағаны өсіргенін айтады. Дегенмен, бұл Мемлекет басшысының бастамасы бойынша халыққа берілген мүмкіндік болғандықтан сюжетте негізінен бағдарламаның жағымды тұсын сөз етіпті. 

«Қазақстан халқына» қорын құру да Мемлекет басшысының бастамасы болатын. Қор таяуда аса мұқтаж 4 сәбиге құны миллиард теңге тұратын дәрі алып берді. Жалпы «Жеті күн» бағдарламасы бұл қордың жұмысы, жиналған қаржы, ол қаражатты кім алады, қорға қандай өтініштер келіп түсетіні туралы да ұдайы ақпарат жариялап келген еді. Бұл сюжет мұқтаж жандарға қордан қажетті көмектің беріле бастағанын жария етуге арналған.  Сондай-ақ, сюжетке пікір білдірген сарапшылардың бірі онкология, гемотология, трансплантологияға қатысты проблемалары бар, қазір шетелде ем алып, қаражаттан таршылық көріп жатқан сәбилерге қатысты өтініштер кері қайтарылғаны, оларға қаражат бөлінбейтіні туралы айтып берді. 

«Жер бар, өріс тар». Гүлжан Мархабаева әзірлеген бұл сюжет Мемлекет басшысының игерілмей бос жатқан жерлерді шаруаларға беру туралы бастамасына негізделген. Тілші Қостанай және Ақмола облыстарындағы өрістен таршылық көріп отырған шаруаларды сөйлетіпті, жергілікті атқарушы билік өкілдерінің де түсініктемесі бар. Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілі де пікір білдірген.  

Президент наурыз айындағы Жолдауында алқа билердің қарауына берілетін істердің санатын кеңейтуді тапсырды. Ақбөпе Тәңірберген «Сот төрелігі» деп аталатын сюжетінде 2020 жылы Шығыс Қазақстан облысында алты жасар балаға зорлық көрсетті деген күдіктіні алқа билері ақтап алғаны туралы мысал келтірген. Алайда, осы оқиғаға қатысы бар бірде-бір жанның пікірі жоқ. Алқа билері ісінің маңызын көрсетуде бұл мысал орынсыз. Өйткені, көрермен Алқа билері баланың әлсіздігін пайдаланғандай қабылдауы мүмкін. Жалпы Алқа билері қандай істерді қарай алады, олар қалай іріктелетіні және АҚШ-тағы Алқа билердің тәжірбиесі туралы ақпарат береді. 

Дархан Әбдіуахит Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей Президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлескені туралы кадрде тұрып ақпарат берді. Сондай-ақ, ол Украина мен Ресей шиеленісіне байланысты Бас Прокуратураның ақпарат таратуға қатысты ескерту жариялағанын айтты. 

Талғатбек Әбдіқожа StopFake айдарында әлеуметтік желілерде тараған бірнеше жалған ақпаратты талдаған. Алайда, бұл сюжетте әдеттегідей ақпараттың жалған екенін дәлелдеудің  методологиясы ескерілмейді. «Жеті күн» авторларына ақпараттың шын не жалған екенін анықтаудың алгоритмімен танысуға және соны ұстануға кеңес береміз. Бұл сюжеттің анағұрлым мазмұнды әрі қызықты болуына ықпал ететіні сөзсіз. 

Жыл сайын көктемде еліміздің шығыс және батыс аймағындағы ауылдарды су басу қаупі артады. Биыл да бірқатар елдімекенді су алып, көптеген ауыл үшін қауіп әлі сейілмей тұр. «Жылы-жылы жел соқты» аталатын сюжет осы проблемаға арналды. Сюжетте бірнеше облыстағы жағдай сөз етілсе де, негізінен құзырлы орган өкілдерінің «шара қолданып жатырмыз» деген есеп беру мақсатында айтатын пікірінен аса алмады. Проблема бар, десе де, жылдағы жағдай неге қайталануда, әкімдік өкілдері неге алдын-ала қамданбаған деген секілді маңызды сұрақтар көтерілмеді. Оның орнына сюжет авторы дүлей боран мен күрт жылынған күн райын алға тартып, жергілікті атқарушы органдардың дайындық жасамағанын ақтап алғысы келгендей. Түйткілді мәселелерді сөз еткенде тілшілердің өткір материал әзірлеуіне не кедергі? Оның үстіне, төтенше жағдай Президенттің тікелей бақылауында екенін ескерсек, мұндай проблемаға арналған сюжет сараптамалық бағдарламаның басты тақырыбы болуға лайық. 

Мемлекет басшысының апта соңындағы қабылдауларын шолып шыққан Дархан Әбдіуахит, ораза айының басталуына орай әзірленген сюжетке кезек берді. «Сағындырған рамазан» аталатын сюжет пандемиядан кейінгі оразаның ерекшелігіне арналыпты. 

«Айна», «Еуразия бірінші арнасы»  

Айна бағдарламасы көктемгі су тасқынын басты тақырып етіп алған. «Көктемгі тасқын – 2022» аталатын сюжетті Берік Дүйсенбай әзірлепті. «Жеті күн» бағдарламасының сюжетімен салыстырғанда «Айна» авторлары су тасқынына қатысты жағдайдың картинасын толық қамти алған. Тіпті видеоқатарлардың өзі төтенше жағдайдың ауқымын нақты көрсетіп тұр. Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің мәлімдемесіне сүйене отырып жасалған талдау да орынды. 

Сюжеттен кейін де жүргізуші елдегі төтенше жағдайға қатысты  ақпаратты  қосымша мәліметтермен толықтырды. Осыдан кейін Ғалым Кәлмен студияда АҚШ-тың резевтегі мұнайды нарыққа шығаратыны, Батыс елдерінің Ресейден газ импорты үшін рубльмен төлеуден бас тартқаны, Украинаның Мариупольдағы бейбіт тұрғындарды эвакуациялағаны, Ауғанстандағы жағдай туралы ақпараттарды шолып шықты

Бұдан кейін Ғалым Кәлмен бірден еліміздегі мәдениет саласына, атап айтқанда, қазақ киносына кететін шығын туралы сөз қозғады. «Қайтарымы жоқ индустрия» аталатын сюжетте Махамбет Бейбітшілік еліміздегі кино өндірісін қаржыландыруға қатысты жан-жақты мәлімет береді. Соңғы уақытқа дейін елімізде мемлекет қолдауымен түсірілген киноларға «Қазақфильм» киностудиясы қаражат бөліп келген. Кейін бұл құзырет Ұлтттық киноны қолдау мемлекеттік орталығына беріліпті. Ал мемлекет қаржысына түсірілген көп кино прокатта өз шығынын ақтай алмаған.  Авторлық кино түсіретін режиссерлер көрерменнің сұранысын елемейтіні туралы пікір берілген соң, бейтарап болу үшін сол фильмді өндірушілерден де пікір сұралуы тиіс еді. Сюжетте отандық кинотеатрлар желісі өкілінің  еліміздің қай аймағында қазақ тілі басым екенін анықтау мақсатында зерттеу жүргізіліп жатқаны туралы пікірі бар. 

Келесі сюжет те кино саласына арналды. Нақтырақ айтқанда, Ресейге салынған санкциялардан кейін елімізге голливуд киноларын жеткізетін дистрибьюторлық компаниялар жұмысы тоқтауда. Бұл мәселеге қатысты Ғалым Кәлмен ұзақ толғанды. «Қазақ көрерменге қазақша сөйлейтін Брэд Питтер мен Уилл Смидтер керек болмай тұр» деді «Айна» жүргізушісі. Дубляждың жайын қозғаған «Жетімсіреген қазақ дубляжы» аталатын сюжетті Махамбет Бейбітшілік әзірлепті. Ресейге салынған санкция біздің елдегі тұтас бір саланың дамуына түрткі болуы тиіс деген ойды жетелеген сюжетте дубляж саласының мамандары пікір білдіріпті. Кино саласын дамытуға байланысты жаңа заң жобасы әзірленіп, онда жылына кем дегенде 15 фильмді дубляждауға қатысты талаптарды енгізу ұсынылып жатқаны айтылды. 

«Қит етсе қирап қалатын порталдар бізде мемлекеттік органдар үшін де, тырнақшаның ішінде «нормалні…». Ғалым Кәлмен enpf-otbasy.kz порталының соңғы аптада баяу жұмысына қатысты осылай дейді. «eGov куәгері» айдарында Гүлнәзия Жалғасқызы 1 сәуірден бастап БЖЗҚ-дан алатын бір реттік төлемнің жеткілікті шегі өсетініне байланысты сюжет әзірлепті. Онда бір жылдан астам уақыт ішінде қанша адам бір реттік төлем алып үлгерді, ол қандай мақсаттарға жұмсалды, Мәжіліс депутаттары бұл мүмкіндікті пайдаланды ма деген сауалдарға жауап бар. 

«Көп түкірсе, көл» сюжетінде  Жамбыл облысында мұқтаждарға асарлатып үй салып беретін дәстүрдің шарапатын көрген отбасыдан сұхбат алыныпты. Жергілікті атқарушы орган өкілдері бастама жалғасатынын айтады. Сюжет осымен аяқталғандай еді, тілші әңгімені Тараз қаласына бұрып, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтан сұхбат алған. Әдетте «Айна» бағдарлама соңында студияда сұхбат алатын. Алайда, тілшінің сұрақтарынан оны ұйымдастыруға нақты  инфосебеп болмағаны байқалды. 

«Хайпқа бұйырмаңыз», «Айнаның» көрерменді хабар соңына дейін ұстап тұру үшін берілетін айдары. «Аш жүргенше, ең құрығанда акула жесін алаш баласы» деп әзілдеген Ғалым Кәлменнің сөзінен кейін берілген сюжетте соңғы күндері желіде қызу талқыланған оқиғалар баяндалды.  

Рамазан айы басталды. Ораза айының басталғаны туралы сюжет әзірлеген «Айна» да «Жеті күн» авторлары секілді карантин шектеулері кезінде мешіттерге жамағаттың жинала алмағанына, биыл бұл шектеу алынып тасталғанына мән беріпті. 

Apta, QAZAQSTAN

Apta бағдарламасы ҚР ҰҚК-нің шетел барлау агентін ұстағаны туралы хабарламасынан басталды. Содан кейін Тоқаев пен Путиннің телефон арқылы сөйлескенін хабарлады.

Каспий құбыр консорциумы құбыр желісінде апат болғанын айта келе, сарапшыларды сөйлетті. Олар мұның ел экономикасына кері әсерін айтты. Бағдарламаның бірінші сюжеті ЕАЭО елдері арасында тауар айналымын шектеу, қымбатшылық (қағаз, қант), экспорт-импорт, Ресейге салынған санкциялардың теріс салдарына арналды. 

Батыс Қазақстан облысының бірнеше ауданында су тасқыны болып, төтенше жағдай жарияланды. Бұған қатысты сюжет болмады, бірақ жергілікті тұрғындардың комментарийін беріп, арыққа ағып кете жаздаған қызды құтқару видеосын көрсетті. 

Петропавл жылу орталығының мұржасы құлап, апат болды. Үйінді астында қалып қойған машинист әйел көз жұмды. Сюжет марқұмның отбасынан басталды. Күйеуі мен әріптесін сөйлетті. Жұмысына салғырт қарағаны үшін кәсіпорын басшылығы тұтқындалды. Материалда осы оқиғамен шектелмей, жалпы елдегі жылу орталықтарының проблемасын қозғады. Министрлік өкілі мен сарапшылар комментарийі бар. 

Ермұхамет Ертісбаев Қазақстан халық партиясының төрағасы болып сайланды. Осыны айтып, «Apta қонағы» айдарына ойысты. Студия қонағы – AMANAT партиясының атқарушы хатшысы Асхат Оралов. Партияның атқарған жұмысын баяндайтын есеп-сұхбат

Абай облысының құрамына қай аудандар кіреді? 7 минуттық сюжет осы сауалға жауап береді. Сюжетте шекара маңындағы елдімекендер мәселесін көрсетіп, өңір тұрғындары, әкімдік мен министрлік өкілдерінің комментарийін берді. Тұрғындар ұсыныстарын айтты. 

Алматыда Игорь Дужновтың сот отырысы басталды. Ол банкте кепілде тұрған үйін босатуды талап етіп келген бес адамды атып өлтірді деп айыпталған. Осы оқиғадан кейін борышкерлердің құқығын қорғайтын заңнамаға өзгерістер енгізіле бастады. Сюжетте банк кепілінде тұрған баспанасын айырылғалы жүрген адамдардың хикаясын айтып, оларды сөйлетті. Сот орындаушылары, қорғаушылар мен депутаттарға дейін сөйледі. Апталық бағдарламаға лайық өзекті тақырыпты зерттеген ауқымды материал. 

Бағдарлама Украинадағы соғыс тақырыбымен аяқталды. Келіссөздер туралы айтылды, «Франс пресс» пен «Рейтерс» журналистері басқыншылардан азат етілген Буча қаласында түсірген жан түршіктірер фотосуреттерді көрсетті. Шетелдік БАҚ хабарлауынша, қала көшелерде ондаған мәйіт жатыр. Ресейде әскери цензураға байланысты «Новая газета» басылымының жұмысы тоқтағанын да хабарлады. 

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

Риза Исаева
Риза Исаева
Медиасыншы, журналистика саласында 18 жылға жуық уақыт бойы қызмет етіп келеді. "Қазақ", "Шалқар" радиолары, "31 Радио", "Азаттық", "NS Радиосы", "31 арна", "Almaty" телеарналарында,"Абыз" газеті мен "Бөпем" журналында журналист, жүргізуші, редактор болып қызмет еткен, KIMEP Униерситетінің халықаралық журналистика магистрі.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР