ДомойОқып-үйренХалықаралық медиа журналистерінің әлеуметтік желідегі жеке парақшасын жүргізу тәртібі қандай?

Халықаралық медиа журналистерінің әлеуметтік желідегі жеке парақшасын жүргізу тәртібі қандай?

Халықаралық медиа журналистерінің әлеуметтік желідегі жеке парақшасын жүргізу тәртібі қандай?

Журналистер әлеуметтік желілердегі жеке парақшасына пост жариялағанда: «Бұл — менің жеке пікірім. Көзқарасым жұмыс берушінің ұстанымына сай келмеуі мүмкін» деп дисклеймер қосатынын көріп қаламыз. Алайда, мұндай ескерту де журналисті жұмыстан босату және тағы басқа түрлі теріс салдардан қорғай алмайды. Ақыры кейбір журналистер ешқандай пост жарияламайды, лайк баспайды, пікір жазбайды. Әлеуметтік желілерде тек бақылаушы сияқты отырады. «Жаңа репортер» халықаралық медиа редакциялары қызметкерінің әлеуметтік желі парақшаларын жүргізу тәртібін қалай реттейтініне шолу жасады. 

BBC

BBC қызметкерлеріне арналған әлеуметтік желі нұсқаулығын 2022 жылғы қазанда жаңартты.

Бұл нұсқаулық қызметкерлерін бейтарап болуға шақырады. Құжатта «мемлекеттік басқару, саясат және даулы мәселелер бойынша жеке пікір білдірмеу» деген бұйрық бар. Мұнда бейтарап болу дегеніміз — жария пікір білдіру, түрлі кампанияларға, шерулерге, наразылықтарға қатысу тұрғысынан қарастырылған. 

Қызметкер онлайн платформаларды кәсіби не жеке мақсатта пайдаланса да нұсқаулыққа бағынады. Корпорация басшылығының айтуынша, қызметкерлер BBC беделіне нұқсан келтірмеуі керек, әріптестерін жария сынауына болмайды. Сондай-ақ, «жаңалықтар бөлімі, фактология журналистикасы, жоғары басшылықтағы кейбір қызметкерлер мен қоғамда айтарлықтай мәртебелі кейбір жүргізушілерге арналған қатаң ережелер» бар. 

Нұсқаулықта қызметкерлердің өмірбаяны мен профайліне «Менің жеке пікірім, BBC емес» деген сияқты ескерту жазбауға, жауапкершіліктен бас тартпауға үндейді. Сондай-ақ, қызметкерлердің талқыланып жатқан тақырыпқа көзқарасын ашық білдіретін, посттың бейтарап мазмұнына қайшы келетін смайликтер пайдалануын құптамайды. «Әлеуметтік желілердегі жеке брендіңіз BBC алдындағы жауапкершілігіңізбен салыстырғанда әрдайым екінші орында екенін естен шығармаңыз» деген нақтылау бар. BBC қызметкерлерінен корпорациядан тыс кірісі жайлы мәліметті жалпыға ортақ деректер қорына енгізуді сұрайды. 

Reuters

Reuters халықаралық ақпарат агенттігі 2018 жылғы қазанда агенттіктің стилі мен этика кодексі жөнінде анықтамалық жариялады. Анықтамалықты құрастырушылардың айтуынша, бұл материалдар азаматтық журналистика дәуірінде «журналистиканы дамытуға жақсы мүмкіндік» болмақ. 

Жинақ төрт бөлімнен тұрады:

  • Стандарттар мен құндылықтар,
  • Стиль нұсқаулығы,
  • Спорт жаңалықтары стилінің нұсқаулығы,
  • Агенттік қызметіне қатысты сұрақтар бойынша нұсқаулық
  • және дереккөзбен байланыс, заңды тұстары, онлайн-репортаж жүргізу және қауіп-қатер төнгенде не шағым түскенде әрекет ету бойынша арнайы бөлім бар.

Reuters журналистерінің 10 постулаты да жазылған: 

  1. Дәлдік әрдайым бірінші.
  2. Қателерді әрқашан жария түзету керек.
  3. Әрдайым тепе-теңдік сақтаңыз және наным-сенімнен азат болыңыз.
  4. Мүдделер қақтығысы туындаса, мұны басшыңызға айтыңыз.
  5. Басымдыққа ие ақпаратты әрдайым алдыңғы орынға қойыңыз.
  6. Дереккөзіңізді шенеуніктер мен биліктен әрдайым қорғаңыз.
  7. Жаңалыққа жеке пікіріңізді таңудан аулақ болыңыз.
  8. Ешқашан плагиат жасамаңыз.
  9. Вижуал нысандардың суретін әдепкі жақсарту деңгейінен асыра өзгертуші болмаңыз.
  10. Оқиға үшін ешқашан ақша төлемеңіз, пара алмаңыз.

Нұсқаулықта журналистердің әлеуметтік желілердегі өзін-өзі ұстау тәртібі туралы ашық ештеңе айтылмайды. Алайда Reuters 2010 жылы бұл бойынша ұсыныстар жинағын жариялаған. Сондағы ұсыныстардың бірі — жеке аккаунтыңыздан бөлек кәсіби мақсаттағы аккаунт ашып, жүргізу.

Associated Press

Associated Press агенттігі 2012 жылы қызметкерлерінің әлеуметтік желілердегі аккаунтты жүргізу бойынша нұсқаулық шығарды. Нұсқаулықта Twitter-ді «журналистерге арналған нөмірі бірінші құрал» деп атаған. Екінші орында — Facebook (жалпы Батыс елдерінің қоғамдық-саяси өмірінде Twitter үлкен рөлге ие. Қазақстан мен басқа да посткеңестік елдерде керісінше — автор ескертпесі)

Нұсқаулықта мынадай ұсыныстар бар: 

  • Даулы мәселелер бойынша пікір білдірмеңіз, тіпті өзара әңгімеңіз құпиясөзбен қорғалған болса да бұдан аулақ болыңыз. 
  • Қауесет, расталмаған ақпарат таратпаңыз, ойдан қосып жазбаңыз. Ақпаратты таратпас бұрын мұқият тексеріңіз.
  • Қате материал жарияланса, мұны сол материал жарияланған платформалардың барлығында жария түзетіңіз.
  • Егер журналистің эксклюзив кадрі болып, соны бөліскенше асықса да сайтқа материал шықпастан бұрын әлеуметтік желілерге жарияламаған жөн. Егер сайттағы материал санаулы минуттан кейін шығатын болса немесе ақпаратты тизер ретінде қолданса, онда рұқсат. 
  • Ретвит жасағанда постыңызды бұл басқа біреудің пікірі екенін түсіндіру маңызды.
  • AP менеджерлерінің қол астындағы қызметкерлеріне достық жіберуіне болмайды. Ал басқа жағдайда AP қызметкерлері арасында бір-біріне достық жіберу қалыпты саналады.

Wall Street Journal

Wall Street Journal редакциясы 2009 жылғы мамырда редакторлары мен репортерлеріне әлеуметтік желі парақшаларын жүргізу мәселесі бойынша хат жолдады. Нұсқаулықты былай жазылған:

  • Өзіңіз туралы ақпаратты ешқашан бұрмалаңыз. Мәселен, медиаңыздың атынан әрекет еткенде ойдан шығарылған есім қолдануға болмайды. Оқырмандарыңыз бен сұхбат қатысушыларынан мәлімет сұрастырғанда жұмыс істейтін басылымыңызды атап айтып, өзіңізді таныстыруыңыз керек.
  • Барлық комментарийіңіз фактіге негізделуі керек. Егер қажет болса, есептен цитата келтіруге болады. Егер жеке пікіріңізді айтсаңыз, саяси көзқарасыңыңызды білдірсеңіз, онда тұтас ұйым теріс пікірі үшін сынға ұшырауы мүмкін. Мұндай кезде репортер алдағы уақытта сол басылымға ақпарат беру құқынан айырылады.
  • Жұмысыңызды қорғауға, танытып-таратуға достарыңыз бен отбасы мүшелерін тартпаңыз.
  • Құпия дереккөз ретінде қарастыруға болатын адамдарды достығыңызға қоспас бұрын редакторыңызбен ақылдасаңыз.
  • Материалды қалай жасағаныңызды, қалай жариялағаныңызды не қалай редакциялағанын егжей-тегжейлі айтпаңыз.
  • Әлі жарияланбаған мақаланы, болған не енді болатын кездесуді, алған сұхбатыңызды талқыламаңыз.
  • Әріптестеріңіз бен бәсекелестеріңіздің жұмысын кемсітпеңіз. Материалдарыңызды агрессивті түрде жарнамалауға болмайды.
  • Арандатушылармен әдепсіз диалогқа түспеңіз.

Twitter сияқты әлеуметтік желілерде бизнес пен көңі

көтеруді араластырмаңыз. Эмоцияның жетегінде кетуге болмайды. Ақылға салып шешіңіз. Егер твит не постыңызды жариялауға күмәндансаңыз, жарияламас бұрын редакторыңызбен ақылдасып алыңыз. 

2017 жылы Wall Street Journal басшылығы қызметкерлеріне хат таратты. Хатта осы тақырыпты түйіндейтін мына сөздер жазылған: 

«Біздің басылым көптен бері әлеуметтік желілерді дұрыс пайдалану бойынша нақты ұсыныстар беріп келеді. Әйтсе де, Twitter, LinkedIn және Facebook сияқты платформалар бізге мүмкіндік ұсынып қана қоймай, проблема да туындатады. Әлеуметтік платформалардың жақсы жағы — журналистік жұмысымызды бөлісуге, оқырмандармен, дереккөздермен өзара қарым-қатынас жасауға, тіпті репортер дайындауға көмектесетін керемет құрал бола алады. /…/ Бірақ әлеуметтік платформаларда жариялайтын материалымызға да өзіміздің басылымдағыдай стандарттар негізінде қарауды ұмытпауымыз керек. Жаңалықтар бөлімінің қызметкерлері болған соң журналистикамыздың ең үздік құндылықтарын көрсетуге міндеттіміз. Бұған адалдық, шындық пен бейтараптылық жатады».

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР