Құрметті әріптес журналистер! «Қазақстандық медиа желі/KazMediaNetwork» қоғамдық бірлестігі мен Қазақстандағы медианың өзін-өзі реттеуі жөніндегі қоғамдық комитет Қазақстанның ақпарат кеңістігіндегі жағдайға байланысты сіздерге үндеу жолдайды.
Украинадағы әскери әрекеттердің соңы ақпараттық соғысқа әкеліп, оған бізді де қатты тартып жатыр. Мысалы, Тигран Кеосаянның Қазақстанға және басқа елдерге қатысты соңғы кездегі риторикасында ашықтан-ашық ксенофобия бар. Кемсітетін мәнде айтылған сөздер, «біз» және «олар» қарама-қарсы позициясы, агрессив мәлімдемелерге арандату – жеккөруді тудыратын «өшпенділік тілі». Біз коммуникацияның бұл түріне жол беруге болмайды деп санаймыз және ол журналистік этика ұстанымдарына, адамдық ар-намысты құрметтеу принциптеріне сәйкес келмейді деп есептейміз.
Сөз бостандығын сақтай отырып, өшпенділік тілін шектеу мәселесі бүгінде әлемдегі барлық мемлекеттің ақпараттық кеңістігі үшін өзекті. Әр тарап пікір білдіру еркіндігін өзінің қол сұғылмас құқығы деп біліп, екінші бір тараптың шамына тиетін кикілжіңдерді тек заңнамамен реттеуге болады деп ойлау қауіпті. Біз мұны БАҚ пен әлеуметтік желілердің өзін-өзі реттеуі арқылы шешуге болады деп есептейміз. Атап айтқанда, проблеманы талқылау, оның шешімін іздеу, кемсітетін және ксенофобиялық мәлімдемелерге қарсы ағарту жұмыстары және оларға наразылық білдіру арқылы шешуге болады деп санаймыз.
Біз журналистерді өшпенділік тіліне тап болғанда үнсіз қалмауға шақырамыз. Эмоцияға берілмеңіз, медиа дау тудыратын және дұшпандықты қоздыратын орын емес, диалогқа арналған пікірталас алаңы болуы керек екенін есте сақтаңыз, бұл әсіресе конфликтіге сезімтал тақырыптар тұсында маңызды.
Тағы бір назар аударғымыз келетін мәселе, Қазақстанға әлі күнге дейін Ресей ақпараттық кеңістігі зор ықпал етіп отыр. Қазақстандық кабельдік телеарналар ресейлік арналармен тең емес бәсеке жағдайында тұр. Одан бөлек, «көлеңкелі» спутниктік антенналардың нарықта белгілі бір үлесі бар. Біз нарықтағы барлық қатысушыны тең бәсеке жағдайына қоя отырып, өз контентімізді дамыту қажет деп есептейміз.
«Мен бұл туралы министрлікке де айтып отырмын. Ақпараттық қауіпсіздік деген ұғым бар. Неліктен Қазақстан Республикасындағы шетелдік телеарналардың хабар тарату құқығы қазақстандықтарға қарағанда көбірек? Олар кабельдік желілерді ресейлік теледидарды көрсетпеуге мәжбүрлей алмаймыз дейді. Жарайды, олай болса, біздің телеарналарға тең құқық берсін! Менің ойымды түсінуіңіз үшін айтайын – ресейлік телеарналар Қазақстан нарығында ақша табады. Кеосаян өз позициясын ресейлік телеарнада көрсетіп, ал бұл телеарна әлі күнге дейін қазақ көрерменінен ақша тауып жүргені ғой? Өзіңді қорлағаны үшін ақша төлеу – мазохизмнің жоғары деңгейі!» – дейді Медианың өзін-өзі реттеуі жөніндегі қоғамдық комитет мүшесі, «Новое Телевидение» телеарнасының директоры Руслан Никонович.
Қоғамдық комитет төрағасы
Жұлдыз Әбділда