Қазақстан әлемді ғылыми және технологиялық жаңалықтармен жиі қуанта бермейді. Бірақ ел ішінде ара-тұра ғылыми және революциялық технология жаңалықтары шығып тұрады. Айталық, республикалық телеарналар арасында perpetuum mobile жобаларын эфирден ұсынады.
Журналист жабдық үшін «токтың да, желдің де, күннің де қажеті жоғынан» секем алмапты. Я болмаса, жабдықтың «қырқыншы прототип» екені де күмән тудырмапты. Сайып келгенде, кәдімгі энергияның сақталу заңы да бұл сюжеттің республикалық эфирге шығуына тосқауыл болуы керек еді.
Декарт: «Айтысар алдында айтатын сөзімізге анықтама беріп алайық» дейді екен. Сол сияқты, «ойлап тапты» мен «өз нұсқасын жасап шығардының» айырмашылығы үлкен. «Ойлап табылған» нәрсе ғылым немесе технология саласында соны жаңалық болуы тиіс. Мысалы, Ньютон тартылыс заңын ойлап тапты: ал Эдиссон электр шамының нұсқасын жасап шығарды. Ойлап тапқан – Яблочков.
Терминологиялық шытырман журналистерге отандық ғалымдардың аузымен жиі жаңалық аштырады. «Айқын» басылымының сайтында отандық ғалым «бағасы арзан, салмағы жеңіл ұялы телефон батареясын ойлап тапты» деген мақала бар. Ғалымның сөзінше, ол отандық шикізат негізінде графен-марганец жұбының көмегімен аккумулятор жасап шығарды. Ғылым әлемінде мұндай зерттеулер көп екенін ескерсек, журналист ғалымды өз нұсқасын ұсынған адам ретінде көрсетуі тиіс. Баспасөзде осындай жаңсақ тұжырымдар көп. Өте көп. Мұндай тұжырымдар қоғамда, әдетте консерватив келетін ғылымды оңай іс деген сенім тудырады. «Ойлап таптының» орнына «жасап шығарды» немесе «өз инженерлік шешімін ұсынды» деу жеткілікті еді.
Медиада барлығын ғылым немесе технология «жаңалығы» ретінде беру дәстүрі 2010 жылы елімізде «Қазақстанды үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту» бағдарламасы қабылданған тұста қарқын алды. Тақырып еліміздегі дәстүр бойынша – мемлекеттік сатып алу тақырыбына айналды. Оны мәтіндердің сөз басында мемлекет басшыларының сөзін арқау қылудан да, олардың тұлғасына деген пиететтерден де байқауға болады.
Ғылыми мәтіндердің немесе тұжырымдардың арнайы редактурасы болмауы коронавирус індеті кезінде кері әсерін берді. Мысалы, екпе науқаны кезінде конспирологтарға тіпті ресмиетте тұғыр берілді. Балғынбек Имаш – инфльюенсер, бірақ ғалым емес. Тақырыбы кликбейт мұндай посттарда өкінішке қарай тараптардың көзқарасын беру мақсаты жоқ. Және бұл көзқарастың адам өміріне тікелей әсері туралы ескертпе де жоқ. Вакцинация науқанының сәтсіз өтуінің бір себебі осы деп топшылауға болады.
Ең болмаса фактчек деңгейінде алғашқы ғылыми экспертизаның болмауы, журналистердің тақырыпқа арнайы машықтанбауы, сала мамандарының көзқарасын білмеу кейде үлкен тотал фейлге ұшыратады. 2009 жылы жылқының алғаш рет Қазақстан жерінде үйретілгені туралы хабарлар шыққан болатын. Айта кету керек, бұл мәселеде ғалымдар «жылқы алғаш рет Қазақстан жерінде үйретілді» деген тұжырым жасамаған, тек табылған артефакттердің жасын мәлімдеген. Оны мәлімдеген тұста одан көне артефакт болмаған. Бірақ бұл жаңалық медиада тұспалдан тұжырымға айналып шыға келді. Бұл тұжырым тіпті мемлекеттік деңгейдегі идеологиялық құралға айналды, оны мектептегі ашық сабақ тақырыптарынан бастап, публицистикаға дейін байқауға болады.
Ал былтыр «Nature» журналы жаңа дерек жариялады. Жаңа деректер бойынша, Еділ мен Дон арасындағы далалықта табылған артефакттер ескілеу болып шықты. Айта кету керек, ғалымдар бұл жолы да «алғаш рет» деп тұрған жоқ. Археология ғылымында мұндай нақты тұжырым болуы да мүмкін емес.
Бұған қоса, IT жаңалықтарында, АЭС тақырыбындағы жарияланымдарда ғылыми, фактографиялық қателер көп. Бұл жалпылама шолу іспетті беріліп отыр. Ғылыми тұжырымды журналист білігінің тұрғысынан растау немесе терістеу қиын болғандықтан, зерттеу туралы жазу үшін де зерттеу қажет. Бірақ бүгінгі қазақстандық медиа оған уақыт та, қаржы да бермейтіні айқындалды.