Гендерлік және жыныстық азшылықтар (LGBTQI+) бүкіл әлемде қатты дискриминацияға, жалған наным-сенім мен зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Ең сорақысы, мұндай қауымдастықтар туралы материалдар қауіпті мифке толы. Тіпті, кейде бұқаралық ақпарат құралдары бұл тақырыпты «тыйым салынған» деп санайды.
IJNET басылымы біз, яғни журналистер гендерлік және жыныстық алуандық тақырыбына материал дайындағанда адамгершілікке жат таптаурын түсініктерге ермей, байсалды материал бере аламыз, соған міндеттеміз, деп санайды. Бұл үшін соқыр сенімнен бас тартып, кәсібіміздің маңызды принциптері — әділдік, дәлдік және әдептілікті басшылыққа алуымыз керек екен. LGBTQI+ қауымдастықтар туралы материал сапасын жақсартатын 10 тәсілді ұсынамыз.
- Қауымдастықтан үйреніңіз
Жыныстық және гендерлік алуандық туралы жазбас бұрын аймағыңыздағы LGBTQI+ өкілдері тап келетін қиындықтарды біліп алыңыз. Мұны білудің ең дұрыс жолы — жергілікті LGBTQI+ қауымдастық өкілдерімен танысу. Олардың кейбірі қауіпсіздігін ойлап немесе бұған дейін БАҚ-тың жөнсіз әрекетіне ұшыраса, сізбен сөйлескісі келмеуі мүмкін. Десе де әрекет етіп, талпыныс жасап көрген жөн.
Tabuom Media Production Guide деген ресурстың (ағылшын және француз тілдерінде) 13-тарауында жергілікті қауымдастық өкілдерімен байланысуға арналған ақпарат бар. Африка мен шетелдегі LGBTQI+ құқығын қорғау бойынша ұйымдардың байланыс мәліметі жинақталған. Бұл ұйымдар гендерлік және жыныстық азшылық өкілдерімен диалог бастап, байланысуға көмектеседі.
- Аудиторияңыздың сауатын ашыңыз
Материалдарымыз аудиторияның сауатын ашады, ақпарат береді не көңілін көтереді. Кейбір басылымдар аудиторияны елітіп не оқырман қорқынышына манипуляция жасап, қаралымды арттыру үшін жыныстық және гендерлік азшылық тақырыбын пайдаланады. Мұның барлығы қауіпті әрі этикаға жат тәсіл. Осы тақырып туралы әдепті әрі сауаттандыратын мазмұндағы ақпарат жариялауға талпынуымыз керек. Бұл дәл әрі түсінікті сөздерді қолдануды, оқырман білмейтін кез келген терминді түсіндіруді талап етеді. Taboom нұсқаулығының 4-тарауында білуге тиіс негізгі терминдер бар. Сондай-ақ, сіз тұратын аймақта жиі қолданылатын терминдерді білу және бұл терминдерді жергілікті LGBTQI+ қауымдастықтар қалай қабылдайтынын, яғни дұрыс сөз санай ма әлде қорлайтын сөз санай ма, соны анықтап алу маңызды.
- Мифтерге қарсы шығыңыз
Журналистердің ағартушылық функциясы түрлі мифтерді, таптаурын және қате түсініктерді теріске шығаруға келіп саяды. Егер дереккөзіңіз жалған мифті әдейі қайталаса, онда бұл айтқанын материалдан толықтай алып тастауыңызға не дәйексөзді сөйлеушінің надандығы мен біржақтылығын анық көрсететін сенімді ақпаратпен бірге жариялауға болады. Материал жазғанда қауіпті өшпенділік тілінен аулақ болыңыз.
Түрлі мифтер мен өшпенділік сөздерін ең көп тарататын сарапшылардың қатарында дәрігерлер, заңгерлер, дін көшбасшылары, психологтар мен ғалымдар да ұшырасады. Олар LGBTQI+ тақырыбында не айтып не қойғанын білмейді немесе жеке сеніміне байланысты әдейі жалған ақпарат таратады. Аудитория көбіне олардың мамандығына не қоғамдағы жағдайына қарап, айтқанына сенеді. Сондықтан олардың сарапшы мәртебесін тексеру маңызды.
- Әртүрлі дереккөзді пайдаланыңыз, ұстамды көзқарасқа ие адамнан сұхбат алыңыз
Тарихта ешқашан екі тарап қана болмайды. LGBTQI+ проблемасын «ақ не қара» деп ғана көрсетпей, мәселенің «сұр» жағын да зерттеңіз. Түрлі дереккөздерге жүгініп, ұстамды көзқарасы бар адамнан сұхбат алыңыз. Дереккөзіңіз сіз жариялайтын қиын да күрделі әрі тым эмоционалды мәселенің ерекшеліктерін атап, мәселенің шын өмірдегі жан-жақты қырын көрсете алуы керек. Егер сіз қандай да бір мәселе бойынша бір-біріне қарама-қарсы көзқарасты ұстанатын сөйлеушілердің сөзін ғана келтірсеңіз, онда сенімі осы қарама-қарсы көзқарастың екі ортасындағы көптеген адамды елемей, қалыс қалдырасыз.
- Дереккөзіңіз өзі үшін өзі айтуына мұрсат беріңіз
LGBTQ+ құқығын қорғау қозғалысы белсенділері мен тағы басқа маргинал топтардың ортақ ұраны: «Бізсіз біз жайлы айтудың мәні жоқ».
Жыныстық және гендерлік алуандық тақырыбына материал жариялағанда жыныстық және гендерлік азшылық өкілдерінің де көзқарасын, ой-пікірін қосыңыз. LGBTQI+ өкілдері күнделікті өміріне әсер ететін мәселелер туралы кез келген сырт сарапшыдан не жүргізілген зерттеуден көбірек біледі. Олардың дәйексөзін келтіру материалыңызға адам факторын қосып, хикаяңыз аудиторияның назарын аударады.
- Дереккөзіңізге ұнайтын терминологияны қолданыңыз
«Квир», «гей» не «трансгендер» деп айдар тағудың орнына дереккөзіңіздің өзін-өзі атауына мұрсат беріп, мүмкін болса, өзі қалайтын терминологияны қолданыңыз. Мысалы, аудиторияңыз «квир» сөзін білмесе, анықтамасымен бірге жазып, мағынасын түсінуі үшін контекст қосыңыз.
Сондай-ақ, дереккөзіңіз өзі туралы айтқанда қандай есімдік сөзді пайдаланғысы келетінін ескеріңіз. Бұл — адамды құрметтеудің негізі.
- Дереккөзіңізді және өзіңізді қорғаңыз
Бәрін қорғаудың ең жақсы тәсілі — асықпау. Сезімтал тақырып не әлсіз қауымдастықтар туралы материал жариялағанда қатты асығып, көбіне көп қате жібереміз. Дереккөзге хабарласпас бұрын қауіпсіздікті қамтамасыз ету машығыңызды жетілдіріңіз: VPN қолданыңыз, шифрланған коммуникация арналарын, қорғаныстың басқа да шараларын пайдаланыңыз.
Кейде дереккөзді қауіптен қорғау үшін оны аноним қалдырып, бүркеншік ат берген, кім екенін анықтауға көмектесетін егжей-тегжейлі мағлұматтарды жойған дұрыс.
- Материалға мазмұны сай келетін сурет қойыңыз
Таңдаған суреттеріңіз хикаяға сай болуы және адамды таптаурын түсініктер мен адамгершілікке жатпайтын сипатта көрсетпеуі керек. Мәселен, Гананың трансгендер қауымдастығы туралы мақала жаздыңыз, делік. Онда мақалаға Канададағы ақ нәсілді әйелдердің үйлену тойынан түсірілген фото қоймаңыз. Бұл фото орынсыз әрі жыныстық және гендерлік алуандықты батыс феномені етіп көрсететін мифті тіпті қоюлата түседі.
LGBTQI+ өкілдерін тым сексуал етіп көрсетпеу де маңызды. Егер мақалаңыз денсаулық сақтау саласындағы дискриминация туралы болса, онда төсекте жатқан беліне дейін жалаңаштанған ер адамның фотосуретін қолданбаңыз. Кәдімгі кемпірқосақ жалау мен гендерлік белгілердің суреті аудиторияңызға тақырыптың LGBTQI+ проблемасына арналғанын түсіндіре алады. Десе де мұндай суреттер де тым жиі қолданылады. Әуелі «материалым не туралы?» деп өзіңізден сұраңыз. Егер денсаулық сақтау саласы туралы болса, онда медицина тақырыбындағы сурет қолданыңыз. Егер дискриминация туралы болса, онда сот жүйесіне қатысы бар сурет қойыңыз.
- Жетістік тарихы туралы да айтыңыз
LGBTQI+ қауымдастықтар туралы материалдың көбі олардың азап шегуі мен зорлық-зомбылыққа ұшырауына бағытталған. Бұл мұңлы, қайғылы әрі күмәнсіз шынайылық шығар, бірақ азшылық өкілдерінің өмірі тек қайғы-мұңнан тұрмайды. Олар да басқа адамдар сияқты қуаныш, махаббат, шат-шадыман сәттерді бастан кешіреді. Дереккөзіңіздің тек жәбір көргенін ғана айтып қоймай, ерік-жігері мен күш-қуатын да атап өтіңіз. Мұның бір жарқын мысалы — Африкадағы квир-қауымдастықтардың белсенділігі туралы Hopes and Dreams That Sound Like Yours деген мақалалар сериясы.
- Өзіңізді алдамаңыз
Бәріміздің сеніміміз бен үстірт түсініктеріміз бар. Егер LGBTQI+ тақырыбында әділ, шынайы, дәл және байсалды бола алмасаңыз, онда мұны істей алатын әріптес табыңыз. Барлық қалада гендерлік және жыныстық азшылықтар бар, олардың хикаясын айту керек.