Sarap Times – AstanaTV арнасының 10 сәуірден бастап эфирге шыққан апталық-сараптамалық бағдарламасы. Биыл «Тұмар-2022» ұлттық телевизия бәйгесінің «Үздік ақпараттық бағдарлама» жүлдесін алды. «Жаңа репортер» медиасыншысы Риза Исаева 17 шілдеде бірінші маусымын аяқтаған бағдарлама несімен ерекшеленгенін талдады.
Телеарна сайтында: «Бағдарламаның негізгі мақсаты – қоғамдық диалог, ашықтық, халықтың мұң-мұқтажына жергілікті биліктің назарын аудару» деп жазылған. Алғашқы маусымын аяқтаған бағдарлама осы мақсатына жетті ме?
Sarap Times – «Жаңа Қазақстан» жарияланған жарты жыл көлемінде эфирге шыққан қазақ тіліндегі жаңа сараптамалық бағдарлама. Бағдарламаны Армангүл Тоқтамұрат пен Саят Жөкенұлы жүргізеді.
Еліміздегі республикалық арналарда апталық-сараптамалық бағдарламалар көп емес. Басым бөлігі мазмұны мен форматы жағынан бір-біріне ұқсас, ортақ тақырыптары да көп. Бұл тұрғыдан «Sarap Times» бағдарламасын ерекшелеп тұрғаны – Саят Жөкенұлы жүргізетін бағдарлама ішіндегі сұхбат.
Бағдарлама сюжеттерінде негізінен Amanat партиясының жұмысына мән береді (AstanaTV телеарнасы Amanat партиясына қарасты медиа-холдингтің құрамына кіреді). Мәселен, бағдарламаның 3 шілде күнгі санындағы негізгі тақырып шаруаларға жайылым жерлердің жетіспеуі туралы болды. Көлемді сюжетте еліміздің бірнеше аймағынан наразы тұрғындарды сөйлетті, Мәжіліс депутаттарының отырыста сөйлеген сөзінен, Ауыл шаруашылығы министрінің атына айтқан сынынан үзінді берілді. Сюжет осымен аяқталғандай болып еді, алайда тілші Amanat партиясының жанынан құрылған «Жер-Аманат» ұйымының нәтижелі жұмыс істеп жатқанын қосып, соның арқасында кейбір ауылдарда латифундистердің жерді мемлекет меншігіне қайтарғанын жариялады. Ал студияда Саят Жөкенұлы «Жер-Аманаттың» өкілі Мұрат Әбеновпен осы ұйымның жұмысы туралы ұзақ сұхбаттасты. Осылайша, бағдарлама синопсисінде жазылғандай, қарапайым халықтың мұң-мұқтажы көтерілді дегенмен, партияның жұмысын насихаттауға басымдық берілді.
Мемлекеттің ақпараттық саясатын жүргізетін арналардағы бағдарламаларда президенттің жұмысын насихаттау басым болатыны түсінікті. Бұл үрдіс Sarap Times бағдарламасына да жат емес. Хабар авторлары бағдарлама басында президенттің сапарларын, мәлімдемелерін бірінші орынға қояды. 17 шілде күнгі санында негізгі сюжет президенттің үкімет жұмысына «орташа» баға бергені жайлы болды. Дегенмен, Тараздағы «Қазфосфат» кәсіпорнынан тараған қою түтін туралы екінші сюжет толымды әрі тиянақты жасалыпты. Тұрғындар, экобелсенділер, кәсіпорын қызметкерінің пікірі толық қамтылған сюжетте өңірдегі экологиялық ахуал, «Қазфосфат» зауытының қоршаған ортаға зияны туралы жан-жақты мәлімет бар. Зиянды қалдықтардың ауаға таралуынан зардап шегіп отырған тұрғындар туралы сюжеттен кейін, бағдарлама концепциясына сәйкес, бұл мәселе құзырлы органдарға, жауапты министрлікке жеткізілуі тиіс емес пе? Экология министрімен осы жағдайды талқылауға болмас па еді? Оның үстіне, алғашқы сюжетте Экология министрі президенттен сөгіс алғаны айтылды, орайы келіп тұрған сұхбат еді. Алайда Sarap Times Аmanat партиясы жастар қанаты атауының «Жастар рухы» болып өзгергені жайлы сюжет әзірлеп, студияға осы ұйымның жетекшісін шақырған. Бұдан әрі спорттағы легионерлер туралы материал әзірленіпті.
29 мамыр күнгі шығарылым да әдеттегідей президенттің Қырғызстанға сапарынан басталды. Кадр сыртында мәтін+синхрон бағытында ақпарат берілді. Осыдан соң жүргізуші Армангүл Тоқтамұрат трансшекаралық өзендердің проблемасы жайлы ұзақ толғады. Көп мәселеге баға беріп, жеке пікірін қоса, тоқтам жасайтынын айта кету керек. Дегенмен, тілші Тәжімұрат Әлжанның сюжетінде трансшекаралық өзендер ғана емес, еліміздегі суармалы жері мол өлкелердің жалпы проблемасы толық, жан-жақты қамтылды.
Sarap Times бағдарламасының қанша санын шолып шықсақ та, «халықтың мұң-мұқтажына жергілікті биліктің назарын жедел аударуға» тырысқан сюжет көре алмадық. «Проблемасын шешу үшін түрлі кеңсенің табалдырығын тоздырған жандардың үнін» де естімедік. Кейіпкерлердің проблемасына мән беретін журналистік зерттеулер жоқтың қасы.
Бағдарламаның YouTube-тегі қараламы көп емес. Sarap Times-тың отандық телеарналардағы сараптамалық бағдарламалармен ортақ элементтері көп. «Еуразия бірінші арнасындағы» «Айнаға» түрлі мультимедиялық құралдар пайдалану жағынан еліктеу бар. Жүргізушінің студияда кез келген оқиғаны бағалауға ұмтылысы Qazaqstan-дағы Aptа-ны, әр бағдарламаны президент тақырыбымен бастауы «Хабар» арнасындағы «Жеті күнді» еске түсіреді. «Айнаның» бағдарламаны «Хайпқа бұйырмаңыз» айдарымен аяқтайтыны секілді Sarap Times хабарды жеңіл ақпараттармен аяқтауға жиі талпыныс жасайды. Дегенмен, сарапшылар тартуда, өңір проблемасын көтеруде, бір сюжетте бірнеше өңірдегі ұқсас мәселені қамту тұрғысынан үлгі аларлық тұстары бар екенін айта кету керек.
Бағдарламаның жаңа маусымында хабар өз концепциясына берік болып, тың журналистік зерттеулер ұсынады деген үміттеміз.