James Webb телескобы – ғылымның биылғы басты жаңалығы. Hubble телескобының даңқы 30 жылдан асқанын ескерсек, жаңа телескоп тек биылдың емес, осы онжылдықтың басты жаңалығы болуы да мүмкін. Ендеше, әлемдік ғылыми үрдістерден дәмесі анық бар елімізде не жарияланғанын көрейік.
«James Webb телескобы ғарышқа сапар шекті» («Егемен Қазақстан», авторы — Абай Отар). Танымдық форматта жазылған, түсіну оңай, оқырман үшін анықтамалық мәлімет бере алатын жазба. Алайда кей тұстарындағы нақты техникалық мәліметтерге байланысты ескертпе бар. «Жоспар бойынша заманауи телескоп шамамен 374 мың километрге дейін баруы тиіс. Яғни бұл айға дейінгі қашықтыққа тең». Айдың қашықтығы шын мәнінде 384 400 шақырым болғандықтан, «тең» деген тұжырымнан гөрі, «пара-пар» деген дұрыс. Көбіміздің бір күні емтиханда немесе викторинада келетін сұрақтың жауабын танымдық дүниелерден оқитынымыз рас қой. Сонда он мың шақырымнан аса айырмашылық тіпті тағдырымызда үлкен рөл ойнауы мүмкін.
«NASA ғарышқа James Webb телескобын жөнелтті» («Азаттық Радиосы»). Хабарлама түріндегі бұл жазбада көптеген қазақ тіліндегі де, орыс тіліндегі де басылымның қатесі қайталанған. «Американың NASA ұлттық ғарыш басқармасы James Webb телескобын ғарышқа жіберді» деп бастап, жобаның толыққанды серіктестері – ESA (Еуропа Ғарыш Агенттігі) мен CSA (Канада Ғарыш Агенттігі) ұйымдарын еш жерде атамаған. Соңғы отыз жылдағы ғарыштағы жетістіктер әлдеқашан халықаралық ғылыми-техникалық кооперацияның жемісі ретінде көрсетіліп жүргеніне көз жеткізу қиын емес. Бұл хабарламадағы «Лагранжаның екінші нүктесіне…» деген сөйлем де біртүрлі. Лагранж – қазақ ғылымында есімі әбден бекіген тұлғалардың бірі. Мұны уақ олқылық дегім келген. Бірақ басында латынмен жазылса да, мәтін ішінде кенет кирилмен жазылған «НАСА» сөзінен хабарлама орыс тілінен жолма-жол аударылған сияқты көрінді. Шынымен солай екен. Түпнұсқаға қарамастан, аббревиатуралар мәтін бойы біркелкі жазылуы шарт және кісі-қала аттарына өте мұқият болу керек (мысалы, «Венецианск фестивалі» сияқты жаңа қаладағы фестиваль атауын шығарып алмай).
«James Webb телескобы планеталардың өткенін де «көре алады» (Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығының nauka.kz сайты). Өзін «ұлттық ғылыми портал» дейтін бұл басылымның тап осы жазбасын бір сәт жасанды интеллект жазғандай әсер қалдырады. Мемлекет қаржыландыратын ұйымның домен атауы «ғылым» деп ақырып тұрған сайтындағы жазбада телескоп айнасының бериллийден жасалғаны екі рет жазылған (неге?). Ол айнаны «ұшу кезінде бүктелетін болады» деген, бірақ біз зымыранның айнаны жазып ұшып, сосын бүктелгенін көрген жоқпыз, аэродинамика тұрғысынан олай мүмкін де емес. Ғарышқа шығып ұшып жүргенде ашылатын болса, онда солай, айқын жазу керек. «Сегменттердің алтыбұрышты пішіні бар, өйткені алтыбұрыштардан құралған дөңгелек нысанды құрастыру оңай, сонымен бірге олар бетті бос орындарсыз төсей алады». Грамматикалық құрылымына тіпті тиіспейік, бірақ осы сөйлемнің орыс тіліндегі түпнұсқасы «Сегменты имеют шестиугольную форму, поскольку из шестиугольников легко собрать относительно круглый предмет и вместе с тем ими можно замостить поверхность без зазоров» екені белгілі. Бірақ түпнұсқада неғылған сегмент екені толық жазылған. Ал қазақшасында жаңа түсініктер оқырманға тұтқиылдан саулайды да жатады. Жазбаның редактурасы ғылыми ұйымның сүзгісінен өтті деп сену қиын.
Айтпақшы, James Webb телескобы фотоаппарат емес. Hubble да ешқашан фотоаппарат болмаған. Олар ең алдымен – детекторлар. Сол детекторлар тіркеген сигналдардан барып компьютерлер кескін түзеді. Мән-мазмұндық құйтырқы да осы жерде. Ағылшын тіліндегі photo мен орыс, қазақ тілдеріндегі «фотоның» мазмұны бөлек. Орыс және қазақ тілінде фото – тек шынайы мезеттің бейнесі: не көріп тұрсың – сол бейнені аласың. Сондықтан аударма мақалаларда астрономиядағы басты әдіс – спектр анализі туралы тұтастай түсінік тасада қалып жүр.
«Казахстанская правда» да, ол сілтеме берген РБК да телескопты «түсі қанық фото жіберді» дей отырып, ғарыштағы мықты фотоаппарат туралы оқырманға жаңсақ түсінік қалыптастыратын сияқты (ескерту: бұлай жазу тек осы екі басылымға тән емес). Ағылшын тіліндегі нұсқаны жолма-жол қайталауды мақсат тұтпай, ғылыми ньюанстарды атап өту керек. Әрине, бұл журналиске берілген уақыт пен оның тақырыпқа жеке қарым-қатынасына байланысты. Аударманың жергілікті ғылыми мәдениетке адаптациясын да ойлаған жөн. Біздегі «фотография» мен олардағы спектр визуализациясы тіпті бөлек нәрселер.