ДомойМедиасынПрезидент сапары, ресейліктер, пәтерақы: 26 қыркүйек – 2 қазандағы апталық телебағдарламаларға шолу

Президент сапары, ресейліктер, пәтерақы: 26 қыркүйек – 2 қазандағы апталық телебағдарламаларға шолу

Президент сапары, ресейліктер, пәтерақы: 26 қыркүйек – 2 қазандағы апталық телебағдарламаларға шолу

Бұл аптада сараптамалық бағдарламалардың басты тақырыбы Мемлекет басшысының Түркістан, Шымкент, Семей қалаларына сапары туралы болды. Сондай-ақ,  Қазақстанда үдере көшкен ресейліктер, жалдамалы пәтерақының күрт қымбаттауы, жұмыссыздық мәселелері де аптаның күнтәртібінен түспеді. Путиннің Украинаның төрт облысын аннекциялау туралы жарлыққа қол қойғаны, Украинаның НАТО құрамына кіруге өтініш білдіргені туралы жаңалық та назардан тыс қалмады.

«Жеті күн», «Хабар»

«Жеті күн» бағдарламасы президент тақырыбына үнемі басымдық береді, бұл жолы да әдетінен жаңылған жоқ. Мемлекет басшысының Түркістан мен Шымкент қалаларына сапары туралы он минуттық сюжет әзірледі. Қорған Қонысбайұлы Түркістан шаһарының облыс  орталығына айналғалы түлеп, түрленгеніне, Ресейден көшпек болған төрт компанияның осы қалаға қоныс аударуы мүмкін екеніне баса назар аударды. Шымкент қаласының дамуына қатысты президент он міндет қойғаны айтылды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөйлеген сөздерінен үзінді берілді. Түркістандық шенеуніктерді сөйлетіпті.

Екінші ұзақ сюжет президенттің Абай облысына сапары туралы болды. Тоқаевтың облыс басшылығына берген тапсырмалары, Қайым Мұхамедханов пен Мұхтар Әуезовке қойылған ескерткіштің салтанатты ашылуы, ондағы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөйлеген сөзінен үзінді берілді. Мұрат Әуезовтың пікірі бар. Президенттің ұстаздармен кездеуі, сондай-ақ Семей тұрғындарының қаладағы инфрақұрылымға қатысты пікірі қамтылды. Хаттамалық сюжет.

«Ел иелері Абай облысында жүргенде…» – Жігер Сәрсен келесі сюжеттің алғысөзін осылай бастады. Мейлі Мемлекет басшысына болсын елді меншікті ету қаншалықты қисынды? Содан соң жүргізуші президент сайлауына түсуге ниетті үміткерлерді атап өтті.

Бұдан әрі тақырып «Ресей-Украина теке-тіресіне» ауысты. Бұрын да атап өткеніміздей, әдетте «Жеті күн» бұл тақырыпты сирек қозғайды. Путиннің Украинаның Донецк, Луганск, Херсон облыстарын аннекциялау туралы жарлыққа қол қойғаны, Украинаның НАТО құрамына кіруге өтініш білдіргені туралы айтып өтіп, елімізге «пана іздеп» келген теріскей елдің азаматтары туралы сюжетке кезек берілді.

Ресейліктердің үдере көшуі аптадағы жаңалықтардың басты тақырыбы болды. Бұл мәселеге қатысты Сауда және интеграциядан бастап, Ішкі істер, Ұлттық экономика және Еңбек министріне дейін пікір білдірген болатын. «Жеті күн» сюжеті осы министрлердің пікірін толық қамтыпты. Елге келіп жатқан ресейліктерді, ресейлік дәрігерлерді жұмысқа алған аурухана басшысын, отандық IT саласы маманын сөзге тартқан. Жағдайды жан-жақты баяндауға талпыныс бар.

Индира Жылқайдарова әзірлеген көлемді сюжет елдегі тұрғын үйді жалға алу нарығындағы бағаның өсуінен басталып, құрылыс саласындағы ахуалға, мемлекеттік ипотекалық бағдарламаларға шолу жасаумен аяқталды. Тілші елімізде жалға пәтер беруді кәсіп еткендер көп екенін, бір басында 10 пәтері бар жандар қай қалада тұратынын айтты. Сарапшылар тұрғын үй бағасына ресейліктер көші айтарлықтай ықпал етпейтінін, дегенмен нарықтың алдағы беталысы осы көштің қарқынына қарай өзгеретінін болжады. Кейіпкерлерді, сарапшылар мен сала мамандарын сөйлеткен толымды сюжет.

Бағдарлама соңында Қостанай облысында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың кейінге қалдырылған 150 жылдық мерейтойы өткенін, оған Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев барып, Президенттің құттықтау хатын оқығаны айтылып, Сенат спикері баяндамасынан үзінді берілді.

Sarap-Times, Astana TV

Sarap times бағдарламасының басты тақырыбы теріскейдегі көш туралы болды: пәтер ақысының қымбаттауы, баспана жалдаушылардың құқығы, Оралда ауруханаға жұмысқа тұрған ресейліктер, олардың жұмысқа орналасу құқы, Премьер-министрдің жергілікті халықты жұмыспен қамтуға басымдық беру туралы тапсырмасы және тағы басқа мәселелер қамтылған. Заңгер сарапшыларды сөйлетіпті.

Sarap times сырттан келетін қандастарға қатысты мәселе көтерді. «Отандастар» қорының өкілдері, сарапшылар «Нұрлы көштің» соңғы жылдары қожырап, сәні кете бастағанын, мемлекет тарапынан қандастарға лайықты жағдай жасалмайтыны, оқу грантының ҰБТ арқылы берілуі олардың талабын тежейтіні туралы айтты. Сондай-ақ, мемлекеттің кәсіп ашуға ниетті этникалық қазақтарға арналған «қазақ картасы» бағдарламасын әзірлеп жатқаны айтылды. Елдегі миграциялық ахуалға орай орынды проблема көтерілген.

Sarap times  президенттің Түркістан және Абай облыстарына сапарынан сюжет ұсынған жоқ. Мемлекет басшысының осы сапар барысында ресейліктердің көші мен геосаяси жағдайдың күрделенуіне қатысты айтқан сөздерінен цитата ғана келтірді.

Бұдан әрі сайлау тақырыбына ауысқан бағдарлама жүргізушісі Дастан Сейілхан «Аmanat» партиясының жаңа тұғырнамасы туралы сюжетке кезек берді. Синхрон өте көп, жер-жерде партия жиналысы өткен, тұжырымдама туралы пікір де жетерлік. Алайда, бұл саяси құжаттың нақты қандай мәселелерді қамтығаны, құрылымы қандай екені ашық айтылмады.

Заңгер Марат Бәшімов aлда өтетін сайлау мен «Аmanat» партиясының съезі туралы  студияда сұхбат берді.

Өткен аптада Қазақтанда ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер сарбаздарының оқу-жаттығуы өтті, оған Армения қатыспады. Келесі ұзақ сюжет осы ұйым, оның қазіргі жай-күйі мен әлеуеті туралы баяндады. Ұйымның қажеттігі туралы сарапшылар пікір білдірді. Сонымен қатар, сюжетте еліміздегі әскери техника қандай күйде, қандай қару-жарақ бар, қорғаныс саласына қанша қаржы бөлініп жатқаны туралы мәселе көтерді. Осы салаың шенді тұлғалары пікір білдірді. Дегенмен, еліміздің қорғаныс әлеуеті туралы әскери сарапшылардың пікірі жетіспеді.

«Аmanat» партиясы атсалысқан «Ұлы дала жорығы» шарасы туралы ұзақ сюжет берілді.

Соңғы сюжетте жылыту маусымына дайындық мәселесі, Петропавлдағы мұржасы қираған қазандық, көмір бағасы және ауа райына қатысты болжам қамтылды.

«Айна», «Еуразия бірінші арнасы»

«Айна» өткен аптада әдеттегі бір сағаттың орнына 30 минутқа созылды. Бұл бағдарлама үшін де басты тақырып ресейліктердің Қазақстанға келуі болды, екі сюжет арнады. Махамбет Бейбітшілік Қазақстанда ресейліктер жұмыс істей ме, оларға қандай талап қойылады деген сауалды талдады. Еңбек министрінің түсіндірмесі бар, экономист сарапшының, елге келген ресейліктердің пікірін қосыпты.

Бұл тақырыпқа арналған тағы бір сюжетті Ақбөпе Тәңірберген әзірлеген.  Елімізде ресейліктерге көрсетіліп жатқан қамқорлық жайын баяндаған тілші ХҚО-дағы ұзын сонар кезектег стэндап жазыпты: «Бұл азаматтардың бәрі бірдей шетелдіктер, жеке сандық нөмір алмақшы» деді. Тілші «жеке сәйкестендіру нөмірін» меңзеген болар деп топшыладық. Журналист ХҚО  ғимаратының жанынан ресейліктерге арнап дастархан жайылғанын айтып, Ақылбек есімді азаматтан сұхбат алады. Титрда кейіпкерді «Ақылбек Өтемұратов, Есіл ауданы ХКҚО қызметкері» деп көрсетеді. Алайда, тілші «көлгірсіп тұрған Ақылбек, орталықта жұмыс істемеймін деп сөзінен тайқыды» дейді. Ендеше титрда жалған ақпарат берілгені ме? Сюжетте қарапайым тұрғындардың ресейліктерге қатысты пікірі бар. Депутат Геннадий Шиповскихтің бейнеүндеуін қосқан.
«eGov куәгері» айдарында Гүлнәзия Жалғасбекқызы студияда Сауда және интегарция министрі Серік Жұманғаринмен азық-түлік бағасына қатысты сұхбат жасады. Әлеуметтік әмиян, атаулы әлеуметтік көмек пен әлеуметтік азық-түлік тауарларына қатысты мәлімет берілді.

Сондай-ақ Ғалым Кәлмен алыс-жақын шетелдердің жаңалығын бір шолып шықты.

«Түркістан облысында әйелін қызғанған ер адам темірден жасаған іш киімді киюге мәжбүрлепті» деп басталған келесі сюжет «Көне дәстүрге көне ме?» деп аталды. Мәселені біржақты талқылаған сюжетте бір ғана спикер сөйледі. Ол ұлттық тәрбиені меңзей, мұндай дүниелерге негізінен қыздар кінәлі екенін, «пәктік» мәселесі маңызды екенін айтты. Бейтараптық үшін бұл спикердің пікірлеріне қарсы уәж берілмеді. Салмақты саяси-экономикалық сауалдарды талдайтын бағдарламаның тақырыбы неге «етектен төмен» өткенін біле алмадық. Арнада «Айна» бағдарламасына дейін болған «Бестің шәйі» ток-шоуының соңында да жыныстық тәрбие мәселесі талқыланып еді. «Еуразия арнасы» біржола тақырыптық бағытын өзгертуге бет бұрғаны ма?

«Хайпқа бұйырмаңыз» айдарының негізгі тақырыбы әнші Төреғали Төреәлі туралы болды.

Apta, QAZAQSTAN 

Президент Тоқаевтың өңірлерге жұмыс сапары Түркістан облысы мен Шымкент қаласынан басталды. Apta авторлары бұған 8 минуттық хаттама сюжет арнады, президентті өте көп (6 рет) сөйлетті.

«Бұл сюжет Тоқаевтың бүкіл турнесін қамтыды» деп ойласаңыз, қателестіңіз. Сюжет Шымкент қаласы мен Түркістан облысын ғана қамтыды.

Оңтүстік өңірді аралаған соң президент Абай облысына, дәлірегі Семейге барды. Авторлар мұнда таптаурын хаттамадан сәл де болса ауытқып, сюжетті қаланың басты проблемаларынан бастады, тұрғындардан сауалнама алған. Содан кейін президент сапарына ойысып, кадр сыртындағы мәтіндерді президент синхрондарымен араластырып шықты.

Екі сюжетте де қорытынды сараптамалық бағдарламаларға тән мәнде сарапшы пікірімен толықтыруға болатын сәттер көп еді. Алайда президент айтқан бір тақырып ғана студиядағы интервью мен сюжетке арқау болды. Бұл туралы кейінірек жазамыз.

Украина президенті Владимир Зеленский жедел түрде НАТО-ға қабылдау туралы өтінішке қол қойды. Кремль Украинаның 4 аймағы Ресейге қосылды деп жариялағанын да, мобилизация басталғалы Ресейден қаншама ресейлік үдере көшкенін де айтты. Бельгия мен Түркиядағы тілшілермен хабарласып, сол жақта ресейліктерді қалай қабылдап жатқанын сұрады.

Жалдамалы пәтерақының күрт қымбаттауы үлкен сюжетке түрткі болыпты. Жалдап отырған баспанасын бір күнде тастап шығуға мәжбүр болған көптеген кейіпкер хикаясы бар. Материалдың пайдалы тұсы – пәтерді жалға алушы мен жалға берушінің құқықтарын және міндеттерін тәптіштеп түсіндіргені. Заңгерлер комментарийі бар. Түркия мысалын келтірді. Қаржы министрлігіндегі шенеуніктерден де комментарий алыпты. Олардың айтуынша, жалдамалы пәтер нарығын тексеруге мораторийді алып тастау жайы қаралып жатыр екен.

«Apta қонағына» Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі келді. Елімізге ақпараттық шабуыл неге күшейді, кибершабуылдардың көбею себебі неде, «Масс медиа туралы» заң жобасында журналистерге арналған қандай өзгерістер бар, мемлекеттік органдардан кедергісіз ақпарат алу жайында сұхбаттасты.

Еліміздегі сауда сөрелерінде тауар ассортиментінің тапшылығы байқалады. Әсіресе, тұрмыстық химия мен дәрі-дәрмек нарығында жағдай мәз емес. Журналистер сауда сөрелерін шолып, тұтынушылардан сауалнама алып, экономистер, шенеуніктер мен Сауда желілері одағының өкілін сөйлетіпті. Мағлұматы мол сюжет.

Кезектен тыс президент сайлауына 1,5 айдай уақыт қалды. Әдетте қай елде болмасын, мемлекет басшысын сайлау тақырыбы елдің саяси өміріндегі ең басты тақырып саналады. Алайда бұл жолы Apta редакциясы сайлау тақырыбын бағдарламаның басына емес, соңына қойыпты. Кешегі аптада 5 партияның екеуі кандидаттарын ұсынды: «Ауыл» партиясынан Жигули Дайрабаев, ал Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы атынан Нұрлан Әуесбаев сайлауға түспек екен. Сюжетте екеуін де таныстырды. Сарапшы ретінде саясаттанушы, «Қоғамдық келісім» РММ директоры Қазыбек Майгелдинов сөйледі. Ол Apta бағдарламасының эфиріне ең жиі шығатын спикерлердің бірі. Көктемде Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша референдум кампаниясы басталғанда да Apta эфирінен апта құрғатпай сөйлейтін тұрақты спикер еді. Міне, сайлау тақырыбы басталғанда тағы оралды. Сюжетте Әділет министрі, Мәжіліс депутаттары мен ОСК өкілі де сөйледі.

Жалпы сайлау мен ұсынылған үміткерлерді ешкім танымайтыны қоғамда талқыланып-ақ жатыр. Алайда Apta редакциясы мұндай талқылауларды елемей, мұның орнына сайлауға ұсынылған кандидаттар саны аз екеніне назар аударып, себебін сарапшылардан сұрайды. Ал сарапшылар бұған сайлау бюллетенінде «Бәріне қарсымын» деген жаңа тетік себеп болуы мүмкін екенін айтады. Сарапшы да, Apta да Қазақстанда бірнеше ұйым саяси партия ретінде тіркеле алмай жатқанын, сайлауға түсудің қиын екенін әрі заңдағы шектеулер туралы ештеңе айтпайды.

Президент Абай облысына сапары кезінде сайлау жарияланғаннан кейін кибершабуылдар көбейгенін айтқан. Бұл еліміздің кибер қалқанын күшейту, отандық IT компаниялар туралы сюжетке арқау болды. IT блогерлерден бастап ІІМ өкіліне дейін сөйлеп, комментарий берген үлкен сюжет.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіпапта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

Риза Исаева
Риза Исаева
Медиасыншы, журналистика саласында 18 жылға жуық уақыт бойы қызмет етіп келеді. "Қазақ", "Шалқар" радиолары, "31 Радио", "Азаттық", "NS Радиосы", "31 арна", "Almaty" телеарналарында,"Абыз" газеті мен "Бөпем" журналында журналист, жүргізуші, редактор болып қызмет еткен, KIMEP Униерситетінің халықаралық журналистика магистрі.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР