ДомойМедиасын«Медиасыншылар таңдауы»: қазақша БАҚ-тағы үздіктер анықталды

«Медиасыншылар таңдауы»: қазақша БАҚ-тағы үздіктер анықталды

«Медиасыншылар таңдауы»: қазақша БАҚ-тағы үздіктер анықталды

Биыл төртінші жыл өткен MediaCAMP Fest аяқталды. Осы фестиваль аясында медиасыншылар екінші жыл қатарынан үздік журналистік жұмыстарға арнайы марапат табыстады. «Жаңа репортер» сайтының «Медиасын» бөлімінде кәсібилігімен көзге түскен мақалалар «Медиасыншылар таңдауына» ілікті. Қазақша БАҚ-тағы биылғы үздіктерді оқырман назарына ұсынамыз.

Ғылыми-ағарту үздігі

Былтыр Дархан Әбдіктің «Парасат майданы» пікірсайыс бағдарламасы «Үздік телешоу» атанған еді. Биыл журналистің өзіне «Ғылыми-ағарту үздігі» аталымы берілді. Автордың қай жобасын алып қарасаңыз да, сыни ойлау, интеллектуал қабілеттердің артуына бағытталады. Ғылыми танымы, парасат пайымы да көзге көрініп тұрады.

Данияр Қайыртай, «Үздік сюжет авторы»

Үздік сюжет авторы

Медиасыншылар апта сайын сараптамалық қорытынды телебағдарламаларға шолу жасайды. Qazaqstan ұлттық арнасы Apta бағдарламасындағы сауатты сюжеттері үшін Данияр Қайыртайға «Үздік сюжет авторы» аталымы берілді. Медиасыншылар журналистің төрт бірдей сюжетін жоғары бағалады. Азық-түліктің қымбаттауы жайлы әзірленген «Б.Майлин сияқты жазып жатқандар бар ма екен?» сюжеті. Данияр әлеуметтік тақырыптарды талдап көрсетуге шебер. Бұл материалында тілші жалақы жетпей қиналған жұрттың пікірін береді, таңдаған сарапшылары тек ой бөлісіп қоймай, мәселенің шешімін ұсынады. Проблема себебін яки өзегін депутаттар тарқатады. Қорыта келе, сала министрінен не шенеуніктерден бұл жағдайға қатысты алда не шара қолданылатынын сұрайды. Нағыз толыққанды сюжет үлгісі. Бұдан өзге, Даниярдың «Қусаң да жеткізбейді арман дүние», «Алсаң осы, алмасаң…», «Иә, өзгеше. Дегенмен дәл сіздің балаңыздай!» атты сюжеттерін сыншылар үздік деп бағалады.

Гүлнәзия Жалғасқызы, «Әлеуметке керек айдар»

Әлеуметке керек айдар

«Айна» бағдарламасындағы («Еуразия бірінші арнасы») «eGov куәгері» айдары әлеуметке пайдалы сюжеттері үшін үздік атанды. Жүргізуші Гүлнәзия Жалғасқызы тізгіндеген айдардың халыққа берер ақпараты мол, тұрғындарға әлеуметтік көмек жайын түсіндіріп, лауазымды тұлғалардан жауап алады. Мәселен журналист «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында бөлінетін квота туралы көлемді материал дайындаған. Ішінде квота алып, сәбилі болған шаңыраққа барған сәт бар. Ондай жағымды эмоция сюжетке сән береді. Одан қала берді, жаттанды әрі жауыр болған форматтан шығуға тырысатынын да медиасыншылар ерекше атап өтіп, «Әлеуметке керек айдар» аталымына лайық көрді.

Сәния Тойкен, «Үздік репортаж»

Үздік репортаж

Қыркүйекте Қостанай облысында алапат өрт болды. Осы оқиғадан отандық БАҚ қалай ақпарат таратқаны туралы медиасыншыларымыз жазған еді. Өрт кезінде көп журналист көшірме ақпарат жариялаумен шектелді. Десек те, Azattyq тілшісі Сәния Тойкеннің журналистік жұмысын ерекше атап өтуіміз керек. Журналистің оқиға орнына барған ерлігі, тұрғындармен тілдесуі, тікелей эфирге шығуы әбден мақтауға лайық.  Оның «Күйген дала, өртенген ауыл, бас сауғалаған жұрт. Қостанай облысындағы өрт. Қазірге дейін не белгілі?» деген материалы «Үздік репортаж» деп танылды.

Биыл жалпы саны 12 аталым берілді. Оның ішінде Қазақстан мен Тәжікстан медиасы бар. «Жаңа репортер» медиасыншылары 2022 жылдың арнайы Qantar атты жүлдесін Қазақстандағы қаңтар оқиғасынан үздік ақпарат таратқан «Azattyq радиосы» ұжымына табыстады. Ал «Ақ Жайық» редакциясы Украинадағы соғыс жайлы материалдарымен ерекше көзге түсіп, медиасыншылардың сүйіктісі деп танылды. Журналистік этиканы мығым ұстанған The Village басылымы да үздіктер қатарына енді. Кәсібиліктің озық үлгісін көрсетіп жүргені үшін Cabar Asia редакциясы марапатталды. «Возрождение» Қазақстандық немістер бірлестігі «Қазақстандық диаспоралар арасындағы үздік медиа» аталымына ие болды. Сондай-ақ, «Обожаю» жобасының авторы Асхат Ниязов — «Жыл жаңалығы», Әлия Хамидуллина (Тәжікстан) гендерлік тақырыптарды көтергені үшін, Муллораджаб Юсуфзода (Тәжікстан) батылдығы мен объективтілігі үшін марапатталды.

Жадыра Аққайыр
Жадыра Аққайыр
Журналистика саласында 8 жылдан астам тәжірибесі бар. Республикалық «Айқын» газетінде бөлім басшысы, «Курсив», 5Q Media порталдарында, «Мұнара» газетінде тұрақты автор.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР