ДомойМедиасынРеспублика күні, Тоқаев сапары, қымбатшылық: 17-23 қазандағы апталық телебағдарламаларға шолу

Республика күні, Тоқаев сапары, қымбатшылық: 17-23 қазандағы апталық телебағдарламаларға шолу

Республика күні, Тоқаев сапары, қымбатшылық: 17-23 қазандағы апталық телебағдарламаларға шолу

Қорытынды сараптамалық бағдарламалардың негізгі тақырыбы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы және Жетісу облыстарына сапарына арналды. Әр өңірге жеке-жеке сюжет арнап, аймақтағы проблемаларды көтерді, тұрғындар мен сарапшыларды сөйлетті. Бұдан бөлек, 13 жылдан кейін қайта оралған Республика күні мен айтулы датаның тарихы туралы көбіне танымдық материалдар ұсынылды. Бір қызығы, Егемендік декларациясы туралы сөз қозғағанда елбасы есімі аталмайтын болыпты. 20 қарашада өтетін президент сайлауына кандидаттарды тіркеу аяқталғаны және талапқа сай келген үміткерлер де назардан тыс қалмады.

«Жеті күн», «Хабар»

«Жеті күн» бұл жолы жарты сағатқа жуық уақытқа ғана созылды, әдетте эфирде 40 минуттай жүретін. Оның алғашқы төрт минутын жүргізуші Жігер Сәрсен алғысөзге арнады. Ол Ақордада марапаттау салтанаты өткенін, тіркелген кандидаттар есімін, президенттің Қонаевқа сапарын баяндап берді.

Cодан кейін президенттің Қонаев қаласына сапары жайлы сюжетке кезек берілді. Мемлекет басшысы айтқан өңірді дамытудың алты бағытын жүзеге асыру жолдары туралы облыстық әкімдік өкілі сөйлеп, тұрғындар уәжін айтты. Президент сөзінен үзінді де келтірді. Сапардың барысын баяндаудан гөрі, облыстың даму бағытына көбірек назар аударылды.

Президент Жетісу облысына сапары кезінде халықтың несие көлемі ұлғайғанын айтып, осы мәселеге қатысты ұсыныс жариялайтынын мәлімдеген еді. Жігер Сәрсеннің айтуынша, Тоқаевтың қандай ұсыныс айтатынын ешкім білмейді, тіпті «осы саланың майын ішіп, жілігін шаққан сарапшылар да болжай алмай отыр». Сайлау алдындағы үгіт-насихат науқанында эфирде Тоқаевқа қатысты ашық пропаганданың болмағаны жөн.

«Жеті күн» елдегі тұтыншылық несие портфелі ұлғайғанын айтып, сарапшыны сөйлетті. Осыдан соң президенттің Жетісу облысына сапары туралы хаттама сюжет басталды.

Республика күнінің 13 жылдан кейін қайта тойлануы туралы сюжет әзірленді. Егемендік Декларациясын қабылдау кезінде куә болған жандар естелік айтып, елтаңба авторы Жандарбек Мәлібековтен, тарихшылар мен тұрғындардан пікір сұрады.

Мемлекеттік рәміздерді ұлықтауға қатысты кадр сыртында айтты. Нұрлан Қоянбаевтың еліміздің жалауын инстаграмға салып, 100 мың коммент жинағаны, бұл бастаманы Тоқаев қолдап, желідегі парақшасында жазба қалдырғаны айтылды. Алайда Қоянбаев бұл жазбасын бір жылдай уақыт бұрын салғаны, ал президенттің қолдау посты жақында ғана жарияланғаны ескертілмеді.

Хабар арнасының эфирге жол тартқанына 27 жыл толыпты. Бұл туралы да кадр сыртында баяндалды. «Хабар» агенттігі басқарма төрағасы Берік Уәли мен журналист Зейін Әліпбек пікір білдірді.

Sarap-Times, Astana TV

Sarap times Ақордадағы марапаттау салтанаты туралы айтып, президент сөзінен үзінді берген соң Республика күнінің маңызы туралы сюжет көрсетті. «Жеті күн» әзірлеген екі материалдан өзгешелігі – Егемендік Деларациясының мазмұны мен «Amanat» партиясының ұлттық рәмізді ұлықтауға қатысты челенджі туралы бір сюжетте айтты. Алайда аталған екі арнадағы сюжетте де егемендік Декларациясын жариялаған күн мен мемлекет тәуелсіздігі туралы заңның маңызына жеке тоқталмады, бұл турасында сарапшы пікірі болмады. Өкінішті-ақ.

Алматыда «Ашық аспан» акциясы өтіп, парашютші Олег Тощев көлемі 800 шаршы метр туды әуеде желбіретті. Жаңалықтар топтамасына лайық тақырып еді, Sarap times бұл оқиға туралы жеке сюжет жасады.

Президенттің Алматы және Жетісу облыстарына жұмыс сапары да ұзақ бір сюжетке топтастырылды.

Президент сайлауы алдындағы үгіт-насихат жүргізу науқаны, сайлау штабтарының жұмысы басталды. Биылғы сайлау туралы студиядағы сұхбатқа Қоғамдық саясат институтының бас сарапшысы Ерлан Ахмеди шақырылыпты.

Өткен аптада мемлекеттік тіл мәселесі әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Әдетте әлеуметтік желідегі талқылауды қалт жібермейтін «Айна» да, «Жеті күн» де бұл тақырыпты елемеді. Ал Sarap times заңдардың орыс тілінде жазылып, кейін қазақ тіліне аударылатынын, қазақша мәтіннің мүлдем түсініксіз болатынын жеке сюжетте айтты. Жоғарғы сот өкілі, депутаттар, қоғам белсенділері пікір білдірген. Сюжет соңын тілші «Тіл өлсе, ұлт жоғалады» деп аяқтады.

Бағдарламаның соңғы сюжеті Қазақстанның сыртқы қарызы туралы болды. Ұлттық банк өкілін, тәуелсіз сарапшыларды сөйлетіп, сыртқы қарыз туралы толымды мәлімет берген сюжет болды.

«Айна», «Еуразия бірінші арнасы»

«Айна» бағдарламасы тосын тақырыппен басталып, «Қожада арабтың қаны бар ма?» деген сауал тастады. Руы қожа кейіпкер жігіттің ДНК-сын тексеріп, осы бағытта жүргізілген зерттеу жұмысы туралы баяндады. Ұлттық биотехнология орталығында сынама жасапты. Этика талабына сәйкес, кейіпкердің жүзі бүркеліп, дауысы өзгертілді. Тарихшы, шежіреші сарапшылардың пікірі бар. Танымдық тұрғыда қызықты сюжет, алайда ру-тайпалық бөлініске мән беретін материал әзірлеудің маңызы не? Сенсация іздеу болар, сірә…

Алдағы жылы мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауы өтеді. «Айна» мандат мерзімі біткен соң депутаттар немен айналысатынын зерттеп көріпті. Бірнеше депутаттан сұхбат алған. Бірді-екілі депутаттың кәсібі бар екенін, қазір ол бизнес құрылымдар депутаттың баласының не әкесінің атына жазылғанын айтады. Журналист кадр сыртында ешбір дереккөзге сілтеме жасамай бірнеше мәлімет келтірді. Деректердің ашықтығы жағынан Қазақстан көп мемлекеттерден көш ілгері болғандықтан, журналиске мұндай ақпаратты анықтау қиын соқпағаны түсінікті. Кадрде сол дереккөздерден скрин келтіріп, ақпараттың рас екенін көрерменге көрсеткен жөн.

«Айна» президент сайлауы алдындағы үгіт-насихат науқаны басталғанын да айтып өтті. Тоқаевтың жаңадан құрылған Алматы және Жетісу облыстарына сапары туралы кадр сыртында ақпарат беріп, президент сөзінен үзінді келтірді. Республика күні қарсаңында Ақордада өткен марапаттау салтанатын да осы форматта хаттамалық сипатта баяндады.

«eGov куәгері» айдарында Гүлнәзия Жалғасқызы «көп балалы ана» және «көп балалы отбасы» ұғымдарының ара-жігін ажыратып, күміс, алтын алқа алған аналарға берілетін жәрдемақының аздығы туралы айтты.

«Айна» бағдарламасы әлеуметтік желіде белсенді тренерлер интимді тақырыпта ашық сөйлейтіні, оны жасөспірімдердің көретіні туралы мәселе көтерді. Бірнеше тренерді сөзге тартып, көптің пікірін білген, Парламентте осы проблеманы көтеріп жүрген Мәжіліс депутаты Мақпал Мысаны сөйлетті. Сюжеттің кемшін тұсы мұндай ақпарат баланың психикасына қаншалықты әсер ететіні туралы балалар психологының пікірі жоқ. Өзін сексолог деп таныстырып, әлеуметтік желі арқылы сабақ сатып, ақша тауып жүрген жандардың кәсіби біліктілігі қандай, оны кім бағамдап жатыр? Бұл сауалға да жауап табылмады.

Бағдарламаны әдеттегідей «Хайпқа бұйырмаңыз» айдары тәмамдады.

Apta, QAZAQSTAN 

Apta бағдарламасы Тоқаевтың Алматы және Жетісу облыстарына сапарынан басталды. Сюжетте Қонаев қаласының проблемалары мен даму жоспарына көбірек назар аударды. Президент пен жергілікті шенеуніктерді сөйлетіп, тұрғындарға сөз бермеді, оларға эфирден уақыт бөлмеді.

Президент Алматы облысына сапарында G4 серіктес қалалар жобасының жай-жапсарымен танысты. Бұл жоба туралы сонау 2006 жылы айтыла бастаған. Жүргізуші Альбина Әшім жобаны таныстыра келе, сөзін: «2008-2015 жылдары жоба үшін 31 миллиард теңге бөлініпті. Қағаз бетінде ғана қалған қалалар үшін кеткен миллиардтарды кімнен сұраймыз?» деп аяқтады. Apta редакциясы көрерменге сауал тастамай, керісінше осы тақырыпта сюжет дайындап, 31 млрд теңгенің сұрауы кімнен екенін зерттегені жөн еді.

Тоқаевтың Жетісу халқымен кездесуінде облыстың проблемалары (суармалы жер мен ағын су тапшылығы, қант қызылшасын өсіретін алқаптардың азаюы, шұрық жолдар, қазақ-қытай шекарасындағы ұзын кезек) айтылып, бұл үлкен сюжетке арқау болды. Тұрғындарды көбірек сөйлетіп, эфир уақытын да молынан арнады.

«Ұлттық банктің соңғы дерегінше, жылдық инфляция 18%-ға жетті. Азық-түлік бағасы 22% өссе, азық-түлікке жатпайтын тауарлардың инфляциясы 17% болды». Келесі сюжет тақырыбы – инфляция мен тоқтаусыз қымбаттап жатқан азық-түлік. Журналистер қымбатшылыққа геосаяси ахуалдан бөлек, қандай ішкі факторлар әсер етіп жатқанын зерттепті. Сатушы мен тұтынушынға, министрлік өкілдеріне, экономист Мерует Махмұтова пен әлеуметтанушы Нұрболат Айекешевке сөз берді. Қысқасы, қымбатшылықтың ішкі себебі көп, ал баға болашағына болжам бұлыңғыр, дәлірегі көңіл көншітпейді.

Азық-түлікпен жағаласып үй сатып алу бағасы да, жалдау ақысы да өсіп жатыр. Бұл туралы қысқа қайырып, Қазақстан құрылысшылар одағының төрағасы мен Krisha.kz өкілін сөйлетті.

«20 қарашада өтетін кезектен тыс президент сайлауына кандидаттарды тіркеу аяқталды. Орталық сайлау комиссиясы кандидаттыққа ұсынылған 12 адамның, алтауын талапқа сай деп тапты». Алғысөзде олардың атын атап, түсін түстеді. Ал сюжетте кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың – 227 қоғамдық қабылдау бөлмесі ашылғанын хабарлап, осы қабылдау бөлмесінің консультанты комментарий айтты. Сондай-ақ, тағы екі кандидат Мейрам Қажыкен мен Қарақат Әбденнің сайлауалды штабтарының жұмысын таныстырып, штаб өкілдеріне сөз берді. Тағы үш кандидат (Жигули Дайрабаев, Нұрлан Әуесбаев пен Салтанат Тұрсынбекова) сайлауалды үгіт-насихат жұмысын қалай жүргізетінін көрсетіп, үшеуін де сөйлетті.

Ресейдің зымыранмен, дронмен жасаған ауыр соққыларынан Украинада энергия жүйесінің 40 пайызы істен шықты. Украинадағы жағдайға шолу сюжет көрсетті.

https://www.youtube.com/watch?v=BsjXW8BA18M

Жүргізушінің ҚР Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасай отырып хабарлауынша, Украинада 200-ге жуық Қазақстан азаматы қалған. Мұны да айтып, оларға елшілік тарапынан қандай көмек көрсетілетінін айтты.

Президент 2025 жылға дейін республикалық маңызы бар жолдардың жағдайын 100 пайыз, жергілікті жолдардың 95 пайызын жақсартуды тапсырған еді. Бірақ, бізде 2019 жылы салынып бітуі тиіс республикалық 17 жол құрылысы әлі аяқталмаған. Құрылыс неге сонша созылып жатыр? Міне, осы сауал бір материалға арқау болыпты. Ұзақ сюжеттің түсініксіз бір тұсы – жол салатын мердігерлерге сөз бермеуі. Мәселен, жүргізуші алғысөзде: «Мердігерлер тендерден ұтып, жазадан құтылуға әбден машықтанып алған» деп айтып салды. Сарапшылар мен министрлік өкілдері де бәріне мердігерлерді кінәлай сөйледі. Сюжет авторлары сарапшы мен министрлік пікірінің жетегінде кетпей, мердігерлердің де пікірін сұрағанда болар еді. Егер олар комментарий беруден бас тартса, мұны да айтса бір жөн. Сюжетте мәселеге кінәлі тарап бар, бірақ олардың үні естілмейді. Демек, тепе-теңдік бұзылды.

«Өткен аптада Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанның Қазақстанға сапары аясында аэроғарыш өнеркәсібін дамыту бойынша келісім жасалды». Қазір ғарышта Қазақстанның 6 жер серігі жүр. Apta редакциясы осы жер серіктерінің жұмысы мен отандық аэроғарыш өнеркәсібі саласының даму жайын таныстыратын танымдық сюжет дайындапты. Көрнекі графикасы да бар.

Республика күніне бірқатар азамат мемлекеттік наградамен марапатталды. Бұл жаңалықты осы мереке туралы тарихи фактілермен толықтырып, Егемендік туралы декларация қалай қабылданғанын айтып өтті.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

 

Риза Исаева
Риза Исаева
Медиасыншы, журналистика саласында 18 жылға жуық уақыт бойы қызмет етіп келеді. "Қазақ", "Шалқар" радиолары, "31 Радио", "Азаттық", "NS Радиосы", "31 арна", "Almaty" телеарналарында,"Абыз" газеті мен "Бөпем" журналында журналист, жүргізуші, редактор болып қызмет еткен, KIMEP Униерситетінің халықаралық журналистика магистрі.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР