ДомойМедиасынРеспублика күні: бір мүшелде не өзгерді?

Республика күні: бір мүшелде не өзгерді?

Республика күні: бір мүшелде не өзгерді?

Араға 13 жыл салып, 25 қазан – Республика күні қайта оралды. Ұлттық мереке статусы берілгендіктен, бұл күн туралы БАҚ жарыса жазғаны белгілі. Қыркүйектің соңына қарай бекітілген мереке жайлы кейінгі бір айда жазылған мақала саны көп. Іздеу жүйесінде «республика күні» тегі бойынша нәтиже ұзын-саны 39 бетке жалғасты. Басым бөлігі еліміздің әр түрлі аймағындағы ресми іс-шаралардың аңдатпасы мен өткені туралы. «Жаңа репортер» медиасыншысы Жадыра Аққайыр осы тақырыпта шыққан қазақша материалдарды шолып шықты.

Шолып шыққан материалдарда ұқсастық көп. Мерекеге байланысты әр аудан-қалада не өтетіні жайлы ақпарат жетіп артылады. Көлемді мақалалардың форматы да бір-біріне ұқсас: бұл күн қашан мереке ретінде бекітілді, қашан алып тасталды, ұлттық статус қалай қайта берілді, тағы қай елдерде мұндай мереке бар – осы туралы жазады. Арасында бұл күннің атап өтілуінің маңызы жайлы спикерлерді сөйлетеді. Мәселен…

«Түркістан» газетінің 6 қазан күнгі №39 санында «Республика күні: жаңғырған мейрам және әлемдік үрдіс» мақаласы шыққан. Автор үш тақырыпшаға бөліп, 25 қазанда не болғанын, мереке неге ұмытылғанын және өзге елдерде бұл атаулы күн қалай тойланатынын жазған. «Неліктен ұмытылды?» деген тақырыпшаға елең ете қалып, себебін іздеген едік, таппадық. Өйткені бұл сұраққа мардымды жауап жоқ. «2009 жылы «заңға өзгерістер енгізілді. Сөйтіп, 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні ұлттық мереке болып өзгергендіктен, Республика күні мемлекеттік мерекелер тізімінен алып тасталды» деген түсіндірме ғана берген. Тақырыпшада қойылған сұраққа тұщымды жауап ізделуі керек еді.

«Түркістан» газетінің PDF-нұсқасынан скриншот

Газеттің сайтында шыққан «Республика күні – Тәуелсіздігімізді ұлықтайтын мереке» деген материалдың лидінде автор «Бұл мерекенің қандай маңызы бар?» деген сұраққа жауап іздейміз дейді. Сөйтіп өзі 5 себебін келтіреді. Бұл жерде сарапшы пікірімен бергені дұрыс болар еді. Көзімізге түскен тағы бір дүние – орфографиялық қателер. Бәрін тізіп шықпасақ та, алғашқы абзацтағы «бүгінгі күнге дейін», «16-желтоқсан», «25-қазан» деген жерлерін назардан тыс қалдыра алмадық.

Бұл мерекенің кезінде неліктен алып тасталып, неге қайта қосылғаны жайлы «Азаттық радиосы» кеңінен талдапты. «Тоқаев Республика күнін ұлттық мереке етті. Неге?» деген мақалада хронология сақталған. Яғни автор ең алдымен Кеңес кезінен бастап, біртіндеп осы күнге дейінгі уақытты қамтып, әр кезеңдегі өзгерістерді сарапшы пікірімен бекітіп отырады. Айталық, «Қазақ ССР-інің мемлекеттік егемендігі туралы» декларациясы жобасының жетекшісі болған Серікболсын Әбділдин бастапқыда бұл мереке жайлы сөз болмағанын, ал түпкілікті шешім қабылдауға субъектив фактор әсер еткенін айтады. Ал 2009 жылы алып тасталғанын келесі спикер – Амангелді Айталы «волюнтаризм көрінісі» деп бағалайды. Биыл мереке ретінде күнтізбеге қосып, ұлттық статус туралы беру жайлы саясаттанушы Шалқар Нұрсейітов былай депті: «Республика күнін қайтару – Астананың атын қайтару, тұңғыш президент күнін ресми мерекеден алып тастау сияқты популистік қадамның бірі». Байқасақ, талдау бар, сұрақтарға жауап ізделген. Автор өз пікірі мен эмоциясын көрсетпейді. Оның жүгін сарапшыларға артқан.

sputnik.kz сайтынан скриншот

Sputnik-тегі «Республика күні пайда болды: қазақстандықтар қазан айында қалай демалады» деген мақалада мерекеге байланысты жарияланған демалыс күндерін  жазған. Соңына қарай Республика күнінің қайтарылғаны туралы бір сөйлем бар. Тақырыпқа қарасақ, бұрын күнтізбеде болмаған жаңа мереке секілді көрінеді.

Осы тақырыпта жасалған видеоматериалдарды да шолып шықтық. Мұнда да ұқсас тұс көп. Мәселен, сауалнама жасау. Baq.kz журналисі «Республика күні керек пе?» деген сауалмен, «Хабар» арнасының «Оян» таңғы бағдарламасының тілшісі «Тұрғындар бұл күнді қалай тойлауы керек?» деген сұрақпен қазақстандықтардың пікірін білген. Ал Atameken business журналисі мерекенің қалай тойлануы керегі жайлы Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібекұлымен сұхбаттасқан. «Оянның» мерекелік шығарылымында команда патриоттық, ұлттық атмосфера жасауға тырысқан. Онысы шақырылған қонақтардан, дайындалған сюжеттерден көрінеді. Дегенмен жүргізуші Жұлдыз Әбдукәрімованың сөз бен сөзді байланыстыра алмай, ұзақ пауза жасай беретінін атап өтпесе болмас.

Khabar Tanym арнасынан скриншот

Қорыта келе, Республика күні туралы материалдың көп екенін айтқымыз келеді. Іздеу жүйесінде кейінгі бір айдың өзінде қырыққа жуық беттің шығуы қазақша медианың белсенді екенін көрсетеді. Десек те, айтулы күннің тарихынан хабар беретін, 1990 жылы 25 қазанда қабылданған Егемендік декларациясының мәні мен мазмұнын айтатын, яки Республика күні мен Тәуелсіздік мейрамының ара-жігін түсіндіретін танымдық дүниелер саусақпен санарлық.

Жадыра Аққайыр
Жадыра Аққайыр
Журналистика саласында 8 жылдан астам тәжірибесі бар. Республикалық «Айқын» газетінде бөлім басшысы, «Курсив», 5Q Media порталдарында, «Мұнара» газетінде тұрақты автор.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР