Қазақстанның жасыл экономикаға «бетбұрысы» Астанада EXPO-2017 көрмесі өтетіні белгілі болған тұста байқалды. Есіңізде болса, көрме тақырыбы «Болашақтың энергиясы» болып еді. Хай-тек көрмесінен бұрын сыбайлас жемқорлыққа дастан бола жаздаған бұл шара мемлекеттік тапсырыстың арқасында қазнетте жасыл экономикаға байланысты контенттің көбеюіне себеп болды.
Тақырыпқа ресми старт берілген уақытты айтарлықтай дәлдікпен шамалауға болады. Ол шамамен 2013 жылдың басы. Автордың жазбаша рұқсатын талап еткенмен, авторы көрсетілмеген мына материалда солай деген. Жасыл экономика тақырыбындағы сөзбұйда мақалалардың легі сол кезден басталып, көрме өтіп кетсе де толастамай келеді.
«Жасыл экономика» тұжырымдамасы: 3 кезең, 7 міндет» (авторы Marzhan Sabet). деген материалда Рио +20 саммитінде «Қазақстан Президентінің бастамасынан кейін әлем қозғала бастады десек те болады» делінген. Ал меніңше, болмайды. Себебі экология тақырыбын сол саммиттің бас хатшысы Ша Цзуканның өзі күн тәртібіне қойған болатын.
«Жасыл экономика» жаңғырығы» (авторы Сұңғат Әліпбай). Жасыл экономикамен басталып, неге екені белгісіз, ұлттық қордағы менеджмент трансформациясымен бітетін бұл мақаланың бастапқы мақсаты не болғаны қызық. Дегенмен, «білуімізше, қор құрамындағы компаниялар білікті кадрлармен қамтыла бастаған» деген тұстан бірдеңе аңғаруға болатын сияқты.
Бәрінен «Жасыл экономика». Бұл ұғымды біз қалай түсінеміз?» деген мақала қызық. Бұл жерде мені дежа-вью сезімі биледі. Қайдан ғана оқыдым… Таптым, осы сайттан оқыдым!
Жасыл экономиканың қазнеттегі бейнесі біртүрлі. Бірі оны ауқатты болашаққа апарады десе (?), ендібірі азаматтық қоғам қалыптастырады дейді (иә, солай!). Әйтеуір, экономикалық мазмұнын көрсететін мақалалар некен-саяқ. «Жасыл» экономика жемісі» (авторы Фарида Мұңалқызы) атты мақалада жасыл экономика тақырыбындағы басты сұраққа жауаптың ұшқыны көрінеді. Алайда үйлерге қондырылған жабдықтар туралы айтылып, ол пайдаланатын энергияның мазмұны туралы бір ауыз сөз жоқ. Ол қондырғылардың «жасылдығы» неде? Электр энергиясын аз пайдаланатыны «жасылдық» па, әлде инженерлік шешім ғана ма? Мүмкін нарықта одан да аз энергия «жейтін» қондырғылар бар шығар? Бәрібір мазут не көмір жағатын электр станциясының энергиясын пайдаланса, «экологиялық тиімді» деген айдар тағу орынды ма?
Иә, жасыл экономиканың басты мәселесі осы – пайдаланатын энергияның барлық кезеңде экологиялық таза болуы. Электромобиль – экологиялық таза көлік, бірақ оның өндірісі үшін пеш жағылып, мұнай сорылып, кеніш қазылатын болса, ол енді «жасыл экономика» емес. Электромобиль ГРЭС өндірген электр энергиясымен қоректенсе де, ол енді «жасыл экономика» емес.
Бұл орайда «Бұл тек ластанған табиғатқа арналған шара ма?» (авторы Абзал Сүлеймен) деген жазбаның тақырыбы үміттендіреді. Бірақ мұнда да түрлі сәйкессіздіктер мен кереғар тұжырымдар бар. «Жасыл экономика бұл – экономиканың тыңнан қосылған жаңа саласы». Жасыл экономика мәселесі XX ғасырда да бар-тын, «тыңнан қосылған» деу қаншалықты орынды? Автордың ниеті түзу екенін сезіп тұрсаң да, мағынасы біртүрлі сөйлемдер және бар. «Алдымен антропогендік табиғи өзгерістерді, яғни адамзат қолымен ластанған табиғатты сақтап қалуға барынша күш жұмсаған абзал» дейді Абзал. Ластанған табиғатты сақтауымыз керек, түсінесіз бе?
Жасыл экономика өте қызық тақырып. Тек қазнетте мемлекеттік ақпараттық тапсырыстың құрбаны болып кеткені өкінішті. Көрінеу мемлекет басшысы есімімен байланыстыру, кейде пәлсапалық мазмұн беруге тырысу басым. Әлқисса, тағы бір маңызды тақырып сұйылып кетіпті.