Модуль 6. Ақпаратқа қол жеткізу. Қазақстанның медиа заңнамасы

Модуль 6. Ақпаратқа қол жеткізу. Қазақстанның медиа заңнамасы

Модуль міндеттері:

Қатысушылар:

• ақпаратқа қол жеткізудің қоғам дамуындағы рөлін түсінетін болады;
• Қазақстандағы медианың заңдық жүйесімен танысады, сөз бостандығының негізгі кепілдіктерін білетін болады.

Сабақ басталардан бұрын:

1-5 модульдерді қайталау. Қазақстанның медиа заңдарына шолу жасау.

1-ҚАДАМ. Тақырыппен танысу

Демократиялық қоғамның негізі үш тағаннан тұрады. Ашықтық, есептілік және ақпаратқа қол жеткізу. Соның ішінде ақпаратқа қол жеткізу негіздердің негізі бола алмақ. Қазақстанда «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заң 2015 жылы қабылданып, 2016 жылдан іске асырыла бастады. Содан бері ашық үкімет, ашық деректер қоры деген түсініктер пайда болды.

Тәжірибелік тапсырма. (10 минут)

Қатысушыларды үш топқа бөлеміз. Олардың ашық дерек қоры, ақпаратқа қол жеткізу туралы түсініктерін білу мақсатында сауалдар береміз.

Бірінші топ ақпаратқа қол жеткізу дегенді қалай түсінеді? Қандай ақпараттармен жұмыс істей алады?

Екінші топ ашық дерек көздері туралы түсінігін ортаға салып, интернеттен қандай дерек іздейтіндігін мәлімдеуі керек.

Үшінші топ қандай да бір жекелеген мекемелердің іс-әрекетін бақылау үшін немесе олар туралы жеке ақпарат алу үшін қандай әрекет жасайды? Интернеттен іздей ме, әлде компанияларға сауал жолдай ма?

Теория (15 минут)

Қатысушылардың ақпаратқа қол жеткізу, ашық деректер қоры туралы түсінігін тыңдағаннан кейін Қазақстандағы ашық деректер қоры жайлы айтып өту керек.

Әлемнің ақпаратты алу құқығына назар аударып көрсек, 2018 жылғы дерек бойынша, дүниежүзі халқының 90%-ы Ақпаратқа қол жеткізу құқы туралы құжат не заң қабылдаған мемлекетте өмір сүреді. 2019 жылдың мамыр айындағы дерек бойынша, 127 мемлекет Ақпаратқа қол жеткізу құқы туралы заңды қабылдаған.

Article 19 ұйымының 2018 жылғы есебі.

Ақпаратты алуда әркім білуге тиісті принциптер:

• Ақпаратты әркім алуға құқылы;
• Ақпарат не үшін қажет болғандығын негіздеудің қажеттілігі жоқ;
• Ақпарат алуға деген сұраныс процесі қарапайым, тез және ақысыз болуы тиіс;
• Мемлекеттік лауазымды тұлғалар өздерінен ақпарат алуға көмек сұрағандарға қол ұшын созуы керек;
• Ақпарат беруден бас тартуға шектеу болуы қажет және неге бас тартқанын ақтайтындай дәлел болу керек;
• Ақпарат беруден бас тартқан жағдайда әркім апелляция жасауға құқылы.

Егер интернетті ақтарсаңыз 2016 жылдан бері қаншама ақпараттың жарыққа шыққанының куәсі боласыз. Ашық Үкімет порталынан бастайық. Бұл портал әлі күнге жетілдіру үстінде. Порталға open.egov.kz адресі бойынша кіре аласыз. Порталдың қазақ тіліндегі бетінің көрінісі төмендегідей.


Порталда 2021 жылдың 7 маусымындағы жағдай бойынша, 3767 дерек, 77085 нормативтік-құқықтық акт және 103866 бюджеттік бағдарлама орналастырылған.

Азаматтар бұл жерден жалпы деректер мен бюджет бағдарламаларын және олардың орындалуы туралы есептерін таба алады. Сондай-ақ, жаңадан талқыланып жатқан бюджеттердің жобалары да осында. Ал мемлекеттік сатып алулар туралы ақпаратпен таныс болғыңыз келсе, www.goszakup.kz сайтынан көптеген мәлімет табуға болады.

Сондай-ақ, азаматтарға арналған үкімет жобасы бойынша www.egov.kz сайты сізге қажетті көптеген ақпаратты үйден шықпай-ақ электронды цифрлы қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы алуға мүмкіндік беретінін білетін шығарсыз. Жыл сайын порталдың ақысыз онлайн қызмет саны артып келеді. Осының бәрі адамдардың жұмысын жоспарлауға, өмірін жеңілдетуге жасалып жатқан мол мүмкіндіктің бірі. Сонымен бірге, www.adilet.kz, www.stat.kz сайттары да ашық деректермен қамтамасыз ете алады.

Бұған қоса, жекелеген компаниялардың қызметімен таныс болғыңыз келсе, www.gosreestr.kz сайтын қарауыңызға болады.

Компаниялардың есебін және іс-әрекетін бағалау үшін олардың өз сайттарынан да ақпараттар іздеуге болады. Кез келген бюджеттік компанияның ашықтық саясатын бағалау үшін төмендегі жүйе арқылы ақпарат іздеуге болады.

Тәжірибелік тапсырма (10 минут)
Қатысушыларды тағы да үш топқа бөлеміз.

Бірінші топ Алматы қаласы білім басқармасының сайтынан жоғарыдағы жүйе бойынша ақпаратты іздеуі қажет.

Екінші топ Алматы облысы ішкі саясат басқармасының сайтынан ақпарат іздеп, олардың ақпаратқа қол жеткізу заңы бойынша ашықтық саясатын зерделейді.

Үшінші топ Маңғыстау облысының қоғамдық даму басқармасының сайтын зерттейді.

Қатысушылар тапқан ақпаратымен бөлісіп, ашық деректер қорындағы ақпараттарды талқылайды.

Түйін:

Ашық деректер қорындағы ақпараттың молдығы және мейлінше оқырманға, халыққа түсініктілігі мемлекет дамуындағы демократиялық принциптерді айшықтайды. Дамыған 30 елдің қатарына енудің негізгі кілті – тұрғындарының шешім қабылдауға қатысып, ат салыса білу мүмкіндігінің жоғары болуы. Ақпаратқа қол жеткізу туралы заңның негізгі мақсаты да осы. Сол үшін азаматтардың бұл заң туралы хабардар болуы қоғамды өзгертудің алғы шарты. Ал оған бәрінен бұрын журналистердің ат салысуы маңызды.

Редакция
Редакция
Редакционный аккаунт сайта "Новый репортер".

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР