ДомойМедиасынJunior Eurovision-2022 және ақпарат-насихаты мардымсыз «Хабар»

Junior Eurovision-2022 және ақпарат-насихаты мардымсыз «Хабар»

Junior Eurovision-2022 және ақпарат-насихаты мардымсыз «Хабар»

Медиада Қазақстанның атынан Junior Eurovision-2022 байқауына қатысатын өнерпаз қалай таңдалғаны туралы ақпарат әртүрлі. Еуропа хабар тарату одағының қауымдастырылған мүшесі – «Хабар» телеарнасының өзінің кей мәліметінен мұны түсіну қиын. Біз Baqytty Вala, Junior Eurovision мен Давид Чарлинге қатысты ала-құла ақпаратты және Junior Eurovision-ге мүше ұлттық хабар таратушының бұл бағыттағы насихат кампаниясын шолып шықтық.

Қыркүйектің аяғында Azattyq Ruhy сайты «Ақтөбеде өткен Baqytty Вala-2022 байқауының жеңімпазы Қазақстан атынан «Балалар Евровидениесі-2022» байқауына қатысады» деген тақырыппен материал жариялады. Бұл – теріс ақпарат. Junior Eurovision-ге жолдама алған бала ұлттық іріктеу ретінде өткен Baqytty Вala байқауында жеңімпаз болған жоқ. 2022 жылғы тамызда Ақтөбеде өткен Baqytty Вala халықаралық фестивалінде Жанерке Әбдірахманова (Қазақстан) мен Ульяна Зарва (Ресей) бірінші орын иеленді. Бірі Қазақстанның өкілі емес, екіншісі 14 жастан асып кеткен. Екінші орынға ие болғандар – Өзбекстан мен Испаниядан келген балалар. Үшінші орынды иеленгендердің қатарында Қазақстан балалары болды, бірақ қазылар Junior Eurovision-де өнер көрсетуге Давид Чарлинді ешқандай жүлделі орын алмаса да, лайық деп таныды. Ұлттық іріктеуді ұйымдастырушы телеарнаның өнерпазды бұлай таңдауға да құқығы бар.

Azattyq-ruhy.kz сайтының скриншоты

Ақтөбедегі байқаудың нәтижесін жергілікті облыстық басылым мен «ҚазАқпарат» және басқалар анық қылып хабарлады.

Ұлттық іріктеуге жауапты әрі ол туралы хабар таратуға мүдделі «Хабар» агенттігінің өзінің кей ақпаратында Baqytty Вala байқауында жүлде алғандар аталмайды, тек «Давид Чарлин үздік деп танылғаны» жазылған. Ештеңеден хабарсыз оқырман ол іріктеуде бас жүлде алғаны себепті Junior Eurovision-ге барады екен деп ойлап қалады.

«Хабар» телеарнасының Instagram-дағы ресми парақшасы жазбасының скриншоты

2022 жылғы 15 тамыздан 15 қарашаға дейінгі аралықта «Хабар» телеарнасы Junior Eurovision жайында үш түйір жаңалық материалын жариялады:

  1. Junior Eurovision 2022: Қазақстан атынан Давид Чарлин барады;
  2. «Junior Eurovision Song Contest» халықаралық байқауына Қазақстан атынан 12 жасар Давид Чарлин қатысады;
  3. «Junior Eurovision 2022» байқауы Арменияның Ереван қаласында өтеді.

«Хабар 24» телеарнасы да осынша материал көрсетті. Мазмұны да сондай. Халықаралық байқау мен оның Қазақстандағы іріктеу сыны туралы түсініксіз ақпаратты бұл телеарнаның сайтынан да көруге болады.

«Eurovision: «Baqytty Bala-2022» байқауында тағы бір жас өнерпаз бақ сынамақ» деп аталған материалдың тақырыбын ешнәрсенің байыбына бармаған редактор я SMM маманы қоя салған сияқты. Біріншіден, Eurovision деген қайдан шықты? Eurovision – ересектер арасындағы байқау, оған қатысу құқығын Қазақстан әлі алған жоқ. Екіншіден, ақпарат 15 тамызда, яғни Ақтөбеде Baqytty Вala қорытындыланып, Junior Eurovision-ге баратын бала анықталғаннан кейін жарияланған. Байқау өтіп кеткенде «Baqytty Вala-2022» байқауында тағы бір жас өнерпаз бақ сынамағы» несі? Неге «тағы бір»? Әңгіме Арменияда өтетін Junior Eurovision-ге жолдама туралы болуы керек емес пе еді?!

«Хабар 24» телеарнасы ресми сайтының скриншоты

Бүлдіріп тұрған – тақырып немесе редактор. Әйтпесе тілші әзірлеген негізгі мәтінде бәрі түсінікті: «Алматылық жас өнерпаз Давид Чарлин «Балалар Eurovision-інде» Қазақстанның намысын қорғайтын болды деп хабарлайды «Хабар 24». Үміткер Ақтөбеде өткен Baqytty Bala-2022 байқауы кезінде анықталды».

Еуропа хабар тарату одағына мүше елдерде Eurovision мен Junior Eurovision байқауының ұлттық іріктеулері туралы мәлімет жалпыға бірдей, ашық, толық, түсінікті, жан-жақты хабарланып жатады. Байқаудың насихаты да жақсы. Ал біз Junior Eurovision-ге құқығы бар телеарнамыздың осы шоу туралы қандай ақпарат тарататынын көрдік: негізгісі – «Хабардың» өзі баспасөз мәслихатын ұйымдастырып не хабарламалар арқылы таратқан ресми мәлімдемелер.

Хабар таратушы Қазақстан азаматтарына Junior Eurovision деген не, биыл неше ел қатысады, қай елдер бас тартты, неге бас тартты, кім дебютант, қай елде өтеді, жылдағыдан ерекше не болып жатыр, қатысушы елдер қандай ән ұсынып отыр, фаворит кім, жеңіске жететін шамамыз бар ма, жеңімпаз қалай анықталады деген сияқты әртүрлі мәлімет беріп, шолу-талдау жасап отыруы керек еді.

Қош, сонымен «Хабар» агенттігі 2022 жылғы Junior Eurovision-ге 12 жастағы Давид Чарлинді бір көргеннен әрі бірауыздан таңдағанын мәлімдеді. Давид Чарлин Алматыда тұрады, армян этносының өкілі (биылғы Junior Eurovision Арменияда өтетіні кездейсоқ сәйкестік деуге келер ме екен). Бала бұған дейін өнерімен көзге түсіп жүрген.

Мүдделі медианың өзі Junior Eurovision туралы ақпарат тарату мен оған көрерменді әуестендіруде аса белсенді болмай жатса, бұл тақырыпқа басқа ақпарат құралдары аса қызықпайтыны таңғалатын жайт емес шығар.

Давид Чарлин бірнеше телеарнаның ойын-сауық бағдарламаларына қонақ болды. Оның Instagram-дағы парақшасы Junior Eurovision-дегі Қазақстан сайыскерінің дайындығы мен PR-кампаниясының жалғыз арнасы болып тұр.

Junior Eurovision-нің насихаты шамалы екенін ескеріп, мәлімет бере кетейік. Байқаудың финалы 11 желтоқсанда Ереванда өтеді. Жеңімпаз 16 елдің өнерпазы арасынан анықталады, олар: Албания, Армения, Гүржістан, Ирландия, Испания, Италия, Қазақстан, Мальта, Нидерланд, Польша, Португалия, Сербия, Солтүстік Македония, Украина, Ұлыбритания және Франция. Қазақстан «Жер-Ана» деп аталатын әнмен қатысқалы отыр. 2021 жылы байқау Парижде өткенде Армения өкілі Малена Qami Qami әнімен 19 елдің сайыскері арасынан бірінші орын алған еді. Ол кезде Қазақстанның атынан бақ сынаған Әлинұр Хамзин мен Бекнұр Жәнібекұлы «Ертегі әлемі» әнімен 8-орынды иеленді. Junior Eurovision жиырмасыншы рет өткелі отыр. Байқау жеңімпазы қазылар мен жанкүйерлер берген дауыстың жиынтық есебі бойынша анықталады.

Қазақстан бұған дейін Junior Eurovision-ге төрт рет қатысып, екі рет екінші орын алды (2019 жылы Ержан Максим, 2020 жылы Қарақат Башанова), өнарпаздарымызға қазылар көп ұпай беретінімен, жанкүйерлерден қолдау аз болып шығады. «Хабар» өкілдері де жуырда осыны айтып, азаматтарды биыл Junior Eurovision-ге қатысатын Давидті қолдауға үндеді. Дегенмен әңгіме Қазақстанда бұл байқаудың Еуропа елдеріндегідей танымал болмауына келгенде таяқтың бір ұшы қауымдастырылған хабар таратушының өзіне тиеді.

Болатбек Мұхтаров
Болатбек Мұхтаров
Журналистикада 2003 жылдан бері қызмет етіп келеді. Телевизияда, баспасөзде, интернеттегі басылымдарда, PR саласында жұмыс істеген.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР