Журналист Гүлжан Ерғалиева президент сайлауы қарсаңында Elmedia YouTube-жобасының кеңсесіне тағы да шабуыл жасалғанын мәлімдеді. Бұл жолы бұзақылар кеңсенің сыртқы есігінің әйнегін сындырған. Осыдан аз уақыт бұрын, қазан айында да редакция кеңсесіне шабуыл жасалып, белгісіз адамдар есіктің әйнегін сындырып, кіреберіске «Elmedia.kz News» деп жазып кеткен еді. Редакция қызметкерлері аталған екі оқиғаны өздеріне жасалған қысым деп есептейді.
Elmedia YouTube-арнасының іске қосылғанына тоғыз айдан астам уақыт болды. Аталмыш арнаның контентіне объективті баға беру үшін бұл аз уақыт емес. Бұл арнаға елімізге танымал, ардагер журналист Гүлжан Ерғалиева жетекшілік етеді. Ол бұған дейін де оппозициялық бағыттағы бірнеше жобаларды – «Свобода слова», ADAM bol журналы, ADAM, «Адам», Guljan.org жарыққа шығарды. Бұл басылымдардың барлығы кезінде сот шешімімен жұмысын тоқтатқан.
Гүлжан Ерғалиева жаңа Elmedia жобасын «кезінде жабылған жобаларының есесіне» деген екен. Сонымен, оның қалай шыққанына шолу жасап көрсек.
Арнаның алғашқы шығарылымы биыл 12 ақпанда жарық көрді. Бүгінге дейін Elmedia 130-дан астам видео жариялады, арнаның 84 мың астам жазылушысы бар. Әр жарияланған видео қаралымы 2,5 мыңнан (халықтың несиесіне байланысты шығарылым) 430 мыңға (экс-премьер Әкежан Қажыгелдинмен сұхбат) дейін жеткен.
Арна авторлары әу бастан-ақ «Осы жылдар ішінде атқарған жұмысты жалғастырамыз. Осыған дейінгі қоғамдық-саяси және сараптамалық концепцияны әрі қарай жүзеге асыруға күш саламыз» деген мақсат қойғанын мәлімдеген болатын. YouTube-жобаны телевизиялық форматтағы ақпараттық арна етіп, кәсіби студиямен жабдықтады, сюжеттер ұсынып, сұхбат жүргізді, барлығын тікелей эфирде көрерменге ұсынды. Жаңа YouTube-арнаның талпынысы мықты еді. Оның үстіне бағдарламаларға арқау болған ақпараттық негіздер де аз болмады: Қаңтар оқиғасы, Ресейдің Украинаға қарсы соғысы, референдум, президент сайлауы және тағы басқа.
Алғашқы шығарылым эфирге шықпай тұрып, әлеуметтік желіде арнайы жарнама роликтері үздіксіз беріліп, арнаның беткеұстары ретінде атышулы рэпер Жан Ахмадиевтің қазақша хабарларды жүргізетіні белгілі болды.
Ол көшеде жеңіл жүрісті әйелдерді және басқа да ерсі қылықты қыздарды қамшымен сабағаны көпшіліктің есінде. Саяси тақырыптарды қозғайтын арнаның журналисі бола отырып, Ахмадиев әртүрлі ток-шоуларға «сарапшы» ретінде қатысып жүреді, онда көбінесе «әйелдер бәріне өзі кінәлі» деген пікірді ұстанатыны да белгілі. Ахмадиевті жүргізуші ретінде шақырғанда Elmedia кәсіби шеберлік пен біліктілікке емес, оның танымалдығына мән берген сияқты. Мұндай арнада рэп айтатын әншіні журналист ретінде көру біртүрлі, әрине.
Бастапқыда арнаның шығарылымдары күн сайын 21.00-де орыс және қазақ тілінде шығатынына уәде беріліп, біраз уақытқа дейін бұл үрдіс жалғасқан еді. Алайда қазақ тіліндегі хабарлар біртіндеп эфирден жоғала бастады. Соңғы қазақша шығарылым тамыз айында көрсетіліп, одан кейінгі хабарлар тек орыс тілінде ұсынылып келеді.
Бұған бірнеше себептер бар сияқты. Біріншіден, қазақша эфирлер қаралымы орысшамен салыстырғанда анағұрлым аз болды. Екіншіден қазақ аудиториясына арналған контенттің мақсаты межеге дөп тимеді. Ал үшіншіден, арнаның қазақ оқырманын көптеп жинай алмауына жүргізушіні дұрыс таңдамауы да себеп болды.
Сол себепті де қазақ тіліндегі хабарлардың тақырыбын таңдауда аумалы-төкпелі жағдайға түсті. Алғашқы шығарылымдарда аудиторияны салмақты, өзекті тақырыптармен жаулап алмақ болған әрекеттің бәрі сәтсіз шықты. Мәселен «Отбасы банк жабылады? Мамайды неге қамады?» тақырыбымен шыққан хабарда жүргізуші Жан Ахмадиев студия қонағы Марат Әбдірахмановтан сұқбат алды. Мәселенің төркінін түсінбеген жүргізуші сұхбаттасын: «Билік банкті не себепті жаппақшы? Банкті жабуда билік нені көздеп отыр?» деген сұрақ қояды. Бұл сұраққа сарапшы ойланбастан: «Мақсат – адамдарға аз ақша төлеу» деп жауап қатады.
Бұл жерде айта кету керек, мәселе банктің жабылуы туралы емес, қаржы институты мәртебесінің өзгеруі туралы екеніне қарамастан, шығарылымда бұдан былай банк тұрғын үй несиесін бермейді дегенге саятын теріс ақпарат берілді. Жүргізушінің нақты мәселелерден хабары жоғы, кәсіби білігі төмендігі көзге ұрып-ақ тұр. Өйткені хабарды соңына дейін қарасаңыз, журналист пен студия қонағының әңгімесінен халық банкке жүгіріп, өз салымын тездетіп кері алуы керек дегенге үндегендей әсер аласың.
Қазақ тілінде бірнеше қоғамдық-саяси тақырыптағы хабарлардан соң, арнада күтпеген жерден «ойын-сауыққа» құрылған «жұлдыздармен сұхбат» пайда болды. Бұл қоғамдық-саяси бағытты ұстанған салмақты арна оқырманы үшін әрине тосын жағдай. Десек те, бұл орта Жан Ахмадиевке әлдеқайда үйреншікті екені сөзсіз. Сондай шығарылымның бірінде студияға қонаққа келген әнші Бақыт Шадаева «Димаштың дауысы дұрыс қойылмаған, мектептен өтпеген» деп, тіпті «үлкен сахнаға жолдаманы мен бердім» деп мәлімдейді. Бұл сұхбат желіге кең тарап, дау- дамай туғызды. Нәтижесінде Шадаева Димаштан кешірім сұрап, ал арна сұхбатты алып тастады. Әнші Айжан Нұрмағамбетовамен болған сұхбатта Украина, Қаңтар оқиғасы туралы әңгіме қозғап, шығарылымды өзекті қылуға тырысты, әдеттегідей болашақтағы шығармашылық жоспарын да сұрады. Алайда соңында «дәстүр бойынша бір ән шырқап беруін» өтініп, «бәрін бүлдіріп алды».
Ал «қазақтың қарыз дәптеріне» қатысты шығарылымда кадр сыртындағы дауысты тыңдап, «Хабар» арнасының «ғажайып» бір сюжеті ме дерсіз. Ішер тамағын қарызға алып, борыш батпағына батқан халықтың жағдайын емес, керісінше жарқын болашағы бар ел ертеңін сөз еткен хабар іспеттес.
Осымен Ахмадиевтің түрлі эксперименттері де түгесілген сыңайлы. Бұл шығарылым қазақ тіліндегі соңғы шығарылым болды. Мойындау керек бірақ, Ахмадиев халықтың несиесін кешіру тақырыбындағы шығарылымда бар өнерін көрсетуге тырысты. Ол хабарға өзінің рэп әндерін, интернеттен алынған мэмдер, басқа да әжуа-қалжың дүниелер қосып мейлінше қызықты қылуға ұмтылды. Өкінішке қарай, Ахмадиевтің ол еңбегі небары 2,6 мың қаралыммен шектелді. Бәлкім, бұған осындай «креативтен» кейін Қаржылық мониторинг бойынша агенттік қызметкерінің 50 минутқа созылған іш пыстырған қызықсыз сұқбаты себеп болған шығар.
Әйтеуір осыдан кейін қазақша шығарылымдардың шығу жиілігі біртіндеп азая бастады. Кейінірек қазақ тіліндегі хабарларды журналист және қоғам белсендісі, қазіргі таңда үйқамақтағы Әйгерім Тілеужан жүргізіп бастады.
Естеріңізге сала кетейік, оған «Алматы әуежайын басып алу және қаңтар оқиғалары күндері жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырды» деген айып тағылған.
Әйгерімнің бірнеше эфирін тамашалаған адам арнаның қазақ тіліндегі хабарларды неге тоқтатқанын аңғарған болар. Мысалы, Тілеужанның қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбайұлымен сұхбатын алайық. Сұхбат тақырыбы – Қаңтар оқиғасы мен саясаткер Жанболат Мамайдың қамауға алынуы. Осы эфир барысында-ақ журналиске камера алдында жұмыс істеу қаншалықты қиындық тудырғанын бағамдау қиын емес. Шығарылым тақырыбы мен сұхбаттасушыны көрерменге таныстыруының өзі шынайы шықпағаны сондай, дауыс ырғағы пафосқа толы шығып, әңгімелесу желісін жиі үзіп алып отырды. Соның салдарынан студия қонағы 6-7 минут бойы сөйлеп, тіпті кей кездері өз-өзімен сөйлесіп отырғандай көрінді.
Салыстырмалы түрде алып қарасақ, бұрынғы жүргізуші Ахмадиевке салмақты сұхбаттарда тым ойнақылық әрекеттері кедергі келтірсе, ал Әйгерімнің сұхбатына керісінше тым суық, қатал образы салқынын тигізіп отырды. Сондай-ақ жүргізушінің кемшін тұсының бірі – нақты сұрақтар қоя алмауында еді. Мысалы, сыртқа кеткен ақшаларды елге қайтару жөніндегі шығарылымда спикерге қойылған сұрақ өңірлерді газдандыру, қымбатшылық, мектепке әзірлік, баспана проблемасы сынды мәселелермен араласып, осыларды шешу үшін үкімет не істеп жатыр деген жалпылама сауалмен қойыртпақталып кетті. Нәтижесінде алынған жауап та 7-8 минуттық және жалпылама болды.
Десек те, Әйгерімнің репортаждары әлдеқайда жақсырақ шығатын еді. Қазақ тіліндегі соңғы эфир тамыз айында жарыққа шықты.
Ал орыс тіліндегі берілетін хабарлар мен оның концепциясына келер болсақ, ол жақта басқа проблемалар көзге түседі. Арнаның «басты жүргізушісі» Гүлжан Ерғалиевадан бастайық. Ардагер журналисті танитындардың хабары бар, сұхбаттасушы адамнан гөрі өзі көбірек сөйлеп, кейде өзі естігісі келген пікірді сұхбат берушінің аузына салып айтқызуы Гүлжан Хамитқызының ежелгі әдеті. Осы айтқандарымыздың айқын көрінісін оның қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовпен өткізген сұхбатынан анық байқайсыз. Бұл сұхбатты ең сәтсіз сұхбаттар қатарына жатқызуға болады.
Мәселен «Қазақстан халық конгресі» партиясын қайта жандандыруға не себеп болғанын сұраған Гүлжан Хамитқызы сұрақ қою барысында өзінің сонау жылдардағы осы партия атынан парламент сайлауына қатысқанын, партияның ұйымдастыру жұмысына белсенді араласқанын айтып, ұзаққа кетіп қалды. Шұбалаңқы, ұзын-сонар сұраққа берілетін жауап та сондай болары анық. Студия қонағы да жоғалған 30 жылдық тарихқа тереңнен кіріп, бақандай үш минутын Нельсон Манделамен өткен кездесуіне арнады. Жауап уақыты тым ұзаса да, сұраққа нақты жауап берілмеді. Сұхбаттасушының жауабын күтпестен, журналист оның сөзін бөліп, қайтадан сол сұраққа айналып соғып, «Партиялық қызметке қайтадан келуіңіздің себебі неде? Әлде бұл аяқсыз қалған бір шаруаңыз ба еді?» деп сұрайды. Студия қонағы бұл жолы да нақты сұрақтан ауытқып, «капитализмді» қалай құрғандарын, кейін қалай «жабайы нарықтық феодализмге тап болып, басты феодалды жарыққа шығарғандарын» айтып тақырыптан ауытқып кетеді. Үшінші рет «бар күшін» салған Гүлжан Хамитқызы «сол кезде жасай алмағанды қазір жүзеге асыруға, қол жеткізуге әрекеттеніп жатырмын» деген сөзді Олжас Омарұлының аузынан шығартты.
Келесі сұрақты қойғанда жүргізуші алдымен өзінің жеке ойын айтып, ұзақ тарқатты: «Сіз Тоқаевқа көмектесемін деп мәлімдедіңіз. Негізінде барлық партия өзара бәсекелес болуға тиіс, әр партияның президенттікі секілді өз бағыт-бағдары бар, ал сіз керісінше президентке көмектесем дейсіз. Президентке көмек қажет пе, әлде оған сіз сияқты саяси салмағы басым адам керек пе? Басқалар оған сын айтып, балама бағдарламасын ұсынып жатқанда, неге сіздің оған көмектескіңіз келеді?»
Сұхбаттасушы алыстан орағытып әңгімесін бастай бергенде, жүргізуші ендігі сөзін қазіргі президенттің жеке қасиеттеріне қатысты өрбітті. Спикердің сөзінен жұрттың бәрі президентті «зиялы, білімді» дейтініні, сонымен қатар кезінде президентпен дастарқандас болғаны және оның әкесін кезінде танығаны туралы болмаса, басқа жаңалық естімедік.
Осыдан кейін әңгіме бұрыңғы елбасының жеке қасиеттеріне қарай ойысты. Ал бұл тұста Олжас Омарұлы «халықтан ұрланған ақшаны кері қайтару» туралы айтып, өткен күндерге қайта шолу жасаумен болды. Нәтижесінде Гүлжан Хамитқызы бастапқы сұрағына қайта оралып: «Міне осындай себептерге байланысты өзіңіз және партияңыз президентке қолдау көрсетпекшісіз бе, өйткені сіз оған сенім артасыз, өйткені ол осы қызметке лайық, ол өз қызметін дұрыс атқарады деп санайсыз, өйткені…» дей бергенде, студия қонағы оны мақұлдап, басын шұлғып: «Иә, иә» деп отырды.
Арна студиясына шақырылған танымал тұлғалармен өткен сұхбаттардың басым бөлігі аудиториясына мардымсыз ақпарат беріп, көбінесе бір-бір жарым сағаттық уақыттың текке кеткенін еріксіз мойындатады.
Алайда бұл қатарға Аян Шәріпбаевтің архитектор Нұрлан Төрехановпен жүргізген сұхбатын жатқызуға келмес. Астана атының өзгеруіне қатысты өткен сұхбатта елдегі архитектуралық мәселелер де сөз болды. Сұхбат басталмастан бұрын жүргізушінің сарказмға толы сөз бастамасы мен кәсіби тележурналист Парыз Байтеновтің қызықты сюжеті де өте тартымды шықты.
Алдынғы сұқбатқа қарағанда бұл хабар әлдеқайда қысқа уақытты қамтыды. Динамикасы да, ақпараты да бар. Сондай-ақ спикер өзгеше көзқарасы бар, әзілқой екені белгілі. Сұхбат онлайн түрде өткенімен, спикердің автокөлікте отырып әңгімелесуі анағұрлым әсерлі, шынайы шықты. Әңгіме архитектуралық дизайнда ғана емес, қоғамдағы саяси жүйенің архитектуралық кескіндерге қатысты болғандықтан, сұхбат кезінде импровизацияға мейлінше жол берілді.
Арнада түрлі тақырыптар қамтылуымен қатар, журналистік зерттеу жанрына да орын берілгенін атап айту керек. Алайда оларды толыққанды журналисттік зерттеу деп айту қиын. Мәселен соңғы зерттеу жұмысының бірі – Қаңтар оқиғасына қатысты хабарда Гүлжан Ерғалиева «бүкіл ақпарат нақты фактіге құрылғанын» алға тартқанымен, шығарылымда фактіден гөрі түрлі болжамдар басым болды. Зерттеуде 2014 жылы Монакода қазақстандық элитаның кездесуі, онда Тоқаевтың тақ мұрагері ретіндегі тағдыры шешілгені, Назарбаевтың жақындары Қаңтар трагедиясының алдында қара шаңырағында қазіргі президентке қарсы «қастандық» жоспарын дайындаған «құпия кештері» немесе Кремльдің қаңтар айындағы оқиғаға қатысы туралы айтылды. Алайда зерттеу материалында осы айтылғандарға қатысты нақты дәлелдер ұсынылмады.
Көрермендер осыған дейін де түрлі ақпарат құралдарында сарапшылардың айтып, жазып келген дүниелерінен басқа тың жаңалық көре алмады.
Арнаның стационарлық студиясын безендіруге тоқталсақ, қара түс мейлінше салмақтылықтың белгісін көрсетеді. Алайда студияға келген кей қонақтардың қара түсті киімі артқы фонмен түстесіп, көрінбей қалатыны бар.
Жалпы, арнаны қарап шыққаннан кейін түйгеніміз: күннің басты оқиғасы, жаңалықтар, репортаждар, сараптама жасауға ұмтылыс, сұхбаттар, журналисттік зерттеулер, сондай-ақ, видеолардың біркелкі хронометражыны сақтамауы, шығарылымдардың жиілігін (YouTube оны «жақсы көреді») сақтамауы сәттілікке апарар жол емес. Сондықтан болар, шығарылымдар арасындағы қаралымы тым алшақ және олардың мазмұны хаос сезімін тудырады.