25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенді іс-қимыл» жаһандық науқаны адамзат назарын әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық мәселесіне аударды. Бұл науқан БҰҰ-ның қолдауымен өтті. «Жаңа репортердің» медиа сыншысы Анар Бекбасова кейінгі кездері қазақстандық БАҚ бұл тақырыпты екі тілде қалай жазып жүргеніне шолу жасады.
Жығылғанға — жұдырақ
«7 арнаның» SanTaram бағдарламасының әдемі студиясына Астана қаласының тұрғыны, балаларының әкесінен 11 жыл бойы абьюзиң көріп келген, қазір күнін әрең көріп, пәтер жалдап жүрген Айнұр есімді қонақ келеді. Ол студияға келер алдында қатты жылаған. Редакторлар мұны жүргізушіге ескерткені анық. Осы уақытта түсірілім алаңында көрермендер яки тұрмыстық зорлық-зомбылық көргендермен телефон арқылы тілдесіп, көңілін тапқандай болып жатты. Нумеролог бірдеңе есептеп, туған күнін сұрау арқылы әлдебір үкім шығарумен әлек. Психолог болса, күйеуі тарапынан психологиялық қысым көргені туралы айта бастаған көрерменге еш себебін анықтамай жатып өз метаболизміне көңіл бөлуге кеңес берді.
Шоу тақырыбы – «Агрессор, абьюзер күйеу». Жалпы бағдарламаға дайындық жақсы екені байқалды. Жарық, дауыс, жүргізуші, нумеролог пен психологтың шаш үлгісі мен макияжы тап-тұйнақтай. Ал Айнұрдың тіпті шашын тарамаған. Бағдарламаның 18-минутында ол студияға кіреді. Сөйтіп оны орындыққа отырғызады да, тергей бастайды.
Кейіпкер ішіндегісін еш бүкпестен айтып, ақтарылады. Күйеуі қалай ұрғанын, жетім өскенін, психологиялық жағдайының қандай қиын екенін, үлкен баласы мүгедек екенін – бәрін айтады.
– Айнұр, редакторлардың айтуынша, сіз студияға келмес бұрын қатты жылаған екенсіз. Неге? – деп сұрады жүргізуші.
– Адамдардың өсегінен күйеуім бір жерден ұстап ала ма деп қорықтым, – деп жауап берді кейіпкер. – Ондай жағдайлар бұрын болған (…) Мені сабап тастаған.
Жүргізуші кейіпкер қорқынышын сейілте алмады. Соған қарағанда, телеарна қауіпсіздікке кепілдік бере алмаса керек. Айнұрдың оқиғасынан кейін психолог бірден оның жағдайын бағалады. Ал жүргізуші одан сайын үдетіп «Қазір үш балаңыз бар екен. Негізі төртеу болыпты» деп айтып қалады. Айнұр шыдай алмай, көз жасына ерік берді. Жүргізуші тергеуші секілді сұрақтарды жаудырып, төпеуін қоймады: «Қашан айырылып қалдыңыз?», «Не болды?», «Жасы нешеде болған еді?», «Өзіңізді кінәламайсыз ба?». Айнұр еңкілдеп жылап, бірнеше жыл бұрын төрт жасар баласының 10-қабаттан құлап кеткенін, өзін сол үшін әлі кінәлі сезінетінін айтты. Бұл қайғылы жағдайдың ток-шоу тақырыбына мүлдем қатысы жоқ еді. Бар болғаны жүргізуші осы мәселеге екпін түсіріп, байғұс Айнұрға күйеуінің қорлық көрсетуіне бала өлімі себеп деп көрсеткісі келгендей болды.
Шоу эмпатиядан да маңызды
Сайттарда жарияланатын жаңалықтарға қарасақ, Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері жиі болады. Мұны ресми статистикадан да көре аламыз. Зәбір көргендер мен олардың туыстары қазақстандық ток-шоуларға жиі шақырылады. Мұндайды көргенде журналистер бұл мәселеге бей-жай қарамайды деп қалуымыз мүмкін. Десе де, кейде мұндай оқиғалар бар болғаны аудитория тартудың бір жолы ғана болып жатады.
«Еуразия бірінші арнасындағы» Кoremiz бағдарламасының «Жантүршігерлік оқиға: Қанды қылмыс/Қанішер күйеубала» деген шығарылымын алып қарайық. Мұнда жұмыссыз күйеуінің қолынан қаза тапқан әйелдің оқиғасы жайлы тақырып қозғалады. Студияға туыстарын шақырып, олардан ерлі-зайыптының қалай тұрғынын білмек болған жүргізуші: «Қыз тұрмысқа шықпай тұрып жақсы тұрған екен. Күйеубалаңыз дайын асқа – тік қасық боп келген. Содан жалқау болып кетті деп ойламайсыз ба?» дейді.
https://www.youtube.com/watch?v=csfWFtz1i24
Зорлық-зомбылық жағдайын талдаған кезде журналистер көбіне болған іске зәбір көрушіні кінәлауға тырысып тұрады. КТК телеарнасының «Астарлы ақиқат» бағдарламасында ақтөбелік Айнагүл Бекенованың бұрынғы күйеуінен көрген қорлығын сөз қылғанда жүргізуші кейіпкерден «Күйеуіңіздің көзіне шөп салдыңыз ба?», «Балалы болғыңыз келді ме?» деп сұрайды. Осы жағдайды талқылауға «Не молчи» қорының жетекшісі Дина Таңсәріні, психолог Зүбайда Кененбайды, феминист Айгерім Құсайынқызын және уролог Асхан Абзалбековты шақырған. Урологқа жүргізуші мынадай сауал қояды: «Әлеуметтік желіде бұған басты себеп – шексіз махаббат деседі. Әлде бұл жек көргеннен жасалды ма?». Сонда дәрігер күйеуі Айнагүлді жұмыстастарынан қызғанғаннан жеккөрініш пайда болған шығар деп жауап береді. Қайта студияда феминистің болғаны жақсы болды. Ол мына жағдайдың таза виктимблеймиң екенін түсіндіріп берді.
Десе де, зәбірленуші бағдарламада бәрібір қысым көрді. Редакция студияға бұрынғы күйеуінің анасын шақырады. Жүргізуші Айнагүлге айтары болса деп, сөз береді. Бұрынғы енесі баласын кешіруін сұрады. Жүргізуші қоярда-қоймай «Бұл мүмкін бе?» деп сауалдың астына алды. Ақыры Айнагүл жылап қалды. Содан бағдарлама қонақтары шыдай алмай, бұл қысымды тоқтауын сұрады. Бірақ жүргізуші айтқанынан қайтпай, Айнагүл басқа әйелдерге кеңес берсін деп тұрып алды.
Стереотиптер және виктимблеймиң
Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі қанша жылдан бері айтылып келеді. Оның әлі де өзекті болуына себеп көп. Соның бірі – заңнаманың дұрыс жасалмауында. Журналистер де жаза-жаза шаршаған сыңайлы. Десек те, мәселенің мән-жайын дұрыс түсіндірмесе, аудиторияда жаңсақ пікір қалыптасады.
«31 арнаның» тілшісі «Ұрса – түрмеге отыра ма?» деген сюжет дайындаған. Мұнда былай делінген: «Дина Таңсәрінің айтуынша («Не молчи» қорының жетекшісі — ред.), ерлі-зайыпты ажырасса да, экс-күйеуі бұрынғынша үйіне барып, әйелін ұра алады. Заң бұған қалыпты қарайды. Қазір заң қағаз ғана, ешкімді қорғай алмайды». Заң он жерден жетілдірілмеген болса да, ешкімді ұрып-соғуға рұқсат бермейді. Заңнаманың неліктен ешкімді қорғамайтынын автор түсіндірмейді. «Заңгерлер көбіне қоғам белсенділерінің сөзін құптап, зорлық-зомбылықтың көбіне жазаланбайтынын айтады», – деп үзілді-кесілді пікірін айтады журналист.
Мұндай тұжырымды дұрыс деп айтуға келмейтін сыңайлы. Оған қоса, бұл агрессорларды еркінсітуі мүмкін. Негізі тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсеткен мыңдаған адам жазасын өтеп жатыр. Бірақ барлығы дей алмаймыз. Ranking.kz-те «Отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылық» деген материал шыққан. Сол жерде нақты деректерге сүйене жазылған сараптама бар. Оқырманға заңнама шикілігін түсіндіреді.
Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың белең алуына азаматтардың психологиялық мәселесі мен стереотиптер де әсер етеді. «Халық үні» порталының «Әйелді ұру, подкаблук болу, психологқа бару – ұят па?» видеоподкастында мәселе осы тұрғыдан талданады. Талқыға қатысушылар зәбір көргендердің оқиғасын май-шаммен қарамайды. Керісінше, себебіне үңіліп, виктимблеймиң жайлы, екі түрлі стандарт бар екенін айтып, стереоптиптер туралы, қоғамның зәбір көрсету мен агрессорға деген көзқарасын талдайды.
Кейде стереотиптерге БАҚ өкілдерінің өзі де беріліп кетеді. Айталық, «Информбюрода» «Қорлықпен өтіп жатқан өмір. Неге қазақстандық әйелдер күйеуінің қорлығына шыдап жүр?» деген материал шыққан. Автор өзі де зорлық-зомбылық көріп өскен балаларға қатысты стигма қалыптастыратын стереотип айтады. «Үйдегі ұрыс-төбелестен әйел ғана емес, балалар да зардап шегеді. Әкесінің қатігездігін, анасының қиналғанын көріп өседі. Бұл болса, балаларда басқаларға физикалық күш көрсету қалыпты деген ой қалыптастырады. Осылайша үй тирандарының келесі толқыны өсіп шығады». Әлбетте, мұндай балалардың болашақта осы сценарийді қайталау ықтималы бар шығар. Дегенмен бәріне бірдей ондай үкім шығаруға болмайды деп есептейміз.
«Әйелін ұрып өлтірген оңтүстік азаматы 8-12 жыл түрмеге отыруы мүмкін» деген материал Еxk.kz сайтына шыққан. Отбасылық ұрыс-керіс туралы кезекті мақала болғанымен, бұл жерде неліктен күдіктінің тұрғылықты жеріне акцент қойылғаны белгісіз. Бұл болса, оңтүстік өңір тұрғындарына қатысты стигма қалыптастырады.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін діни контент әзірлейтіндер де қозғайды. Talim TV online интернет-каналының авторларының «Әйелді тәрбиелеу жолдары» деп аталатын шығарылымы бар. Талқыға қатысушылар зорлықтың дұрыс емесін айтады. Бірақ әйелдің рөліне қатысты көбіне патриархаттық көзқарас білінеді. Мұны шығарылым атауынан да байқауға болады.
Кейінгі жылдары тұрмыстық зорлық-зомбылық медиадағы ең танымал тақырыптың біріне айналды. Көпшілікке белгілі адамдар да бұрын басынан өткен жағдайын ашық айтатын болып жүр. Мәселенің шешіміне абьюзиңге қалай қарсы тұруға болатынын, қорғану әдістерін жазатын материалдар да әсер етеді. Айталық, Оptimism.kz сайтында «Қазақстанда 2022 жылы әйелін ұрған ер адамды қандай жаза күтіп тұр?» деген материал бар. Мұнда қиын жағдайға тап болғанда не істеуге болатыны жайлы толық нұсқаулық жасалған.
Қазақстандық БАҚ әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық жайлы жиі жазады. Бірақ көбіне ақпарат түрінде, «қызғаныштан жасалды» дегендей қылып келтіреді. Қылмысқа күдікті деп емес, қызғаныштан көзін шел басқан еркек деп беру зорлықты ақтауға көбірек келеді. Аудитория да солай қабылдайды.
Ток-шоулардың дені тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбын рейтиң үшін көтереді. Санаулы БАҚ қана шын мәнінде кімнің кінәлі екенін анықтап, әрі қарай не істеу керегі туралы бас қатырады.
Аударған Жадыра АҚҚАЙЫР