ДомойМедиасынҚазақтілді медиадағы 2022 жылдың басты ғылым жаңалықтары

Қазақтілді медиадағы 2022 жылдың басты ғылым жаңалықтары

Қазақтілді медиадағы 2022 жылдың басты ғылым жаңалықтары

Қазақтілді медиа әлемдік ғылыми жаңалықтар мен үрдістерді қаншалықты уақтылы әрі дәл жеткізе алады? Контент тұтынушыға ең болмаса танымдық мағлұмат қамтамасыз ете ала ма?

Оны білу үшін, гранд басылымдардың жыл қорытындысы бойынша басты ғылыми жаңалықтар деп таныған тізімдеріне үңілейік. Айталық, The Guardian жасаған тізімді басшылыққа алайық. Сосын, онда аталған ғылыми жаңалықтарды қазақтілді медиадан іздеп көреміз.

NASA-ның Double Asteroid Redirection Test зонды Жерге соғу қаупі бар Dimorphos астероидының бағытын өзгерте алды. Осылайша, адамзаттың аспан денелерінен қорғану мүмкіндігі бары дәлелденді. Бір кездерде динозаврлардың жойылуы астероидтің кесірінен болғанын атап өткен жөн.

NASA былтырдың тағы бір маңызды жаңалығына себепкер. Artemis жобасы аясында Orion капсуласы (болашақта ішінде адам болады) Айға жетіп, сынақтан сәтті өтті. Осылайша, адамның Айға қонуына 50 жылдан бері алғаш қадам жасалды.

Вакцина жасаудағы инновациялар. Қазір бивалент вакциналар жасалып жатыр, олар енді бір ғана вирусқа емес, оның тұқымдастарына да иммунитет қалыптастырады. Covid-19 себепкері Sars-CoV-2 вирусына қарсы былтырдың күзінде салынған вакциналар, енді сол вирустың Omicron нұсқасына да иммунитет қалыптастырады. Қазіргі идея – бірнеше вирусқа қарсы бір ғана поливалент вакцина жасау.

2019 жылы әлемде 49,5 млн адам антибиотиктерге төзімді бактериялардың кесірінен көз жұмған. Жаңа антибиотик жасау бірнеше жыл мен қажырлы еңбекті талап ететінін ескерсек, бұл кәдімгідей қауіп. Былтыр жаңа антибиотик препарат жасауда жасанды интеллекттің қолғабысы фармация саласында үлкен серпіліс жасады. Қытай ғылым академиясының зерттеушілері жасанды интеллект көмегімен 2 349 болжалды антибиотик тапты.

Ауа райын болжау 2022 жылы айтарлықтай дәлдік көрсетті. Атап айтқанда, АҚШ жағалауына соғатын жойқын дауыл ол теңіз бетінде қалыптаспай жатып белгілі болған. Сонымен бірге, Аустралиядағы Брисбен өзенінің тасуы әлі тамшы жаңбыр жоқ кезде, Францияның оңтүсігіндегі өрт басталмай жатып дәл болжанған.

Былтыр математикадан Филдс сыйлығы 4 адамға табысталды. Олардың екеуі туралы айтсақ. Джеймс Мейнард «ондық жүйеде жазған кезде ішінде 7 саны болмайтын жай сандардың шексіз жиыны барын» дәлелдеді. Ал Марина Вязовская «E8 деп аталатын схеманың сегізөлшемді кеңістіктегі ең тығыз қорап» екенін дәлелдеді.

Обыр мен Альцгеймер ауруларынан жасушаның тек биохимиялық емес, физикалық қасиеттері де хабар береді екен. Атап айтқанда, жасушаның қаттылығы өзгеретін көрінеді. Бұл жайт бұрыннан белгілі болғанымен, жасушаны бүлдірмей оның қаттылығын өлшеу әдісі болмапты. Былтыр Германия мен АҚШ ғалымдары осы қаттылықты өлшеу әдістерін жариялаған. Енді, қауіпті аурулардың алдын алу дәлірек қана болмай, биологияда физикалық әсерге деген көзқарас та өзгереді.

Үш ғалым физиканың quantum information бағытындағы жұмысына Нобель сыйлығын алды. Олар әйгілі кванттық байланыс құбылысын «жақсырақ түсінуге ат салысқаны үшін» марапатталды. Бұл ғалымдарды жаратылыстың негізгі құбылыстарын «әдемі түсіндірді» деп жатыр.

Nature журналында Чао-Яң Ваң ғылыми серіктестерімен бірге аккумуляторларды тез қуаттау әдісін жариялады. Әдіс бұрын-соңды болмаған қуаттау жылдамдығын көрсеткен.

Осы ғылым жаңалықтарынан қазақ тілді баспасөзде тек NASA-ның миссиялары аталған. Филдс және Нобель сыйлықтары туралы бірді-екілі жаңалық бар, оның өзінде, ғылыми мазмұны ашылмай, тұлғалар туралы ғана айтуға бағытталған. Ал маңызы жөнінен артық болмаса, кем емес медициналық жаңалықтар тіпті жоқ.

Сонда, қазақ тілді оқырман ғылымдағы үрдістерді қалай біліп отырады? Әлде, мультитілді болмаса надан болып қала ма? Бұл жалпы, шешілуі тиіс мәселе ме, әлде, «керек адам керегін қай тілде болса да оқып ала ма»? Ғылыми журналистика санат болып бөлініп шығуы керек пе, әлде қажеті жоқ па? БАҚ-тарды тендер жүйесі арқылы бақылап отырған билік бұған көңіл бөлуге міндетті емес пе?

Шолу тек сұраққа сұрақ жамап беріп тұр.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР