ДомойМедиасынТақырыпқа тұздық: суретке сақ болсақ игі

Тақырыпқа тұздық: суретке сақ болсақ игі

Тақырыпқа тұздық: суретке сақ болсақ игі

Әлдебір жаңалық не материалды жариялағанда оқиға орнынан не тақырыпқа қатысты сурет салынады, себебі фото мәтінге қосымша ретінде жүреді. Әсіресе, дижитал дәуірде иллюстрация тақырыпқа тұздық. «Жаңа репортердің» медиасыншысы Жадыра Аққайыр қазақстандық БАҚ-тың әлеуметтік желідегі парақшаларын шолып шығып, фотосы мен мәтіні үйлеспеген жазбаларды талдап көрді.

Өткен аптада С.Демирел атындағы университет профессоры, масс-медиа және кино зерттеушісі Молдияр Ергебеков Facebook желісіндегі парақшасына осы тақырыпта пост салды. Holanews.kz сайтына тиесілі парақшада алып қашу туралы жаңалық жарияланған. Тақырыбы: «Анасына 600 мың төлеген: Шымкентте ер адам 15 жастағы қызды алып қашқан». М.Ергебеков 15 жастағы адамды еркінен тыс тұрмысқа берудің қылмыс екенін айта отырып, бұл оқиғаны жаңалыққа айналдырар кезде қолданатын көрнекі материалға да баса мән беру керегін жазады. «Журналист мына жерде қылмыстық оқиғаны неке сақинасының суреті арқылы романтизациялап тұр. Бұл – этикалық проблема. Мәтінде қылмысты айыптап, суретте романтизациялайтын болсаңыз, дайындаған жаңалығыңыз біртұтас болу ерекшелігінен айырылып қалады. Жаңалықтың маңызды ерекшеліктерінің бірі – біртұтас болу. Мұны ұмытпау керек» дейді маман.

Holanews.qaz парақшасынан скриншот

Әлбетте, журналистикада қайғылы оқиғалар туралы да жазуға тура келеді: апат, қылмыстық оқиға, өлім, суицид және өзге де тақырыптар. Осындай кезде визуалға аса абай болған жөн. Біріншіден, бет-жүзі анық көрінген адамның орнына өзіңізді қойып көріңіз.  Сонымен бірге осы суретті жариялағаннан қоғамда әлдебір жағымды өзгеріс бола ма? Аудиторияның санасын оята ма? Егер жауабыңыз «жоқ» болса, трафик үшін ғана жариялау – этикаға жат.

Atameken Business арнасының қызметкері жазда демалыс орнына барып, суға батып кетіп, денесі бірнеше күннен кейін табылған еді. Бұл оқиғаны көптеген БАҚ жазды. Түрлі нұсқа айтылды. Осы оқиғада этиканың бұзылған мынадай тұсын байқадық. Марқұмның қайтыс болғаны туралы ақпарат шықпай тұрып та, кейін де оның әлеуметтік желідегі суреттері емін-еркін қолданылды. Қанша жерден профайлы ашық, жалпыға жарияланған десек те, кемінде туыстарының рұқсаты алынуы керек еді. Тіпті рұқсат мәселесін ысырып қойғанның өзінде, суға батып кеткен адам жайлы жаңалыққа оның бұрын теңіз жағасында жүрген фотосы мен видеосын пайдалану аудиторияда түрлі сезім тудырады. Сол сәттердегі пікірлерді қарасаңыз, «байғұс, өлімі ақыры судан болыпты» деген сыңайда болған. Сонымен бірге ендігі бір жаңалықтарда марқұмның жағажайға арналған киіммен, ашық фотоларын салып, одан хейт жасалып жатты. Бұл жаңалық көп парақшада жарияланды. Бірақ Atameken Business-тің этика сақтамағаны жөн болмады. Кейіннен пікірлерде «мұндай сурет қойып пост салмау керек» деген месседж тарай бастағанда әлгі жазба өшірілді.

Sputnik_kz парақшасынан скриншот

Фотоның мақсаты – тақырыпты толықтыру. Яғни екеуі біте қайнасып тұруы керек. Назар аударту үшін ғана қиыс кеткен фотоны қоюға болмайды. Мысалы Sputnik_kz парақшасындағы мына постты лентадан көргенде құлдыққа түскен балалар туралы деп ойлап қаласыз. Ал визуалдағы мәтінде «Бес жасар баланың салмағы небәрі 10 келі» деп тұр. Бұл жерден үйлесім таба алмадық. Сөйтіп посттың өзіне өттік. «Көкшетау полициясына 2017 жылғы баланың туысы арыз жазып, әкесі мен өгей шешесі балаға дұрыс тамақ бермей, ара-тұра байлап қоятынын хабарлаған» делінген. Байлап қою деген сөзге қарап, суретке аяғы шынжырланған баланы қойып, әлдебір байланыс орнатуға тырысқан секілді. Иә, бала үйде зорлық, қорлық көрмеуі керек. Біз бұл жерде салмағының 10 келіге жетпейтінін тақырып етіп алып, көрнекі суретінде құлдыққа түскен баланың суретін қолдану туралы айтып отырмыз. Аса сәтті үйлесім дей алмаймыз.

Adyrna.kz парақшасынан скриншот

Айтқандай, оқырман жаңалықтың суреті мен тақырыбына қарап ашу не ашпау туралы шешім қабылдайды. Сондықтан екеуі біртұтас болуы шарт. Суретке қарасақ, ғашығын өлтіріп, өзі суицид жасаған ер адамның полицияға қатысы бар деп қалуымыз мүмкін. Өйткені тақырып «Алматыда ер адам ғашығын өлтіріп, өзіне қол салды» деп тұр. Ал көрнекі суретте полиция қызметкерінің иығы ірі планмен берілген. Оқиғаның өзіне келсек, салонда ер адам ғашығын өлтіріп, одан кейін суицид жасаған. Полицияның бар қатысы сол: «Бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып жатыр. Кісі өлтіру мен өзін-өзі өлтірудің мән-жайы анықталуда» деп ресми жауап қайтарған.

365info.kz парақшасынан скриншот

Желіде сіз жазғалы жатқан тақырыпқа қатысты шыққан бірінші суретті қолдана салуға болмайды. Өйткені этика тұрғысынан мәні сәйкес келмеуі мүмкін. Қала берді, сол суреттегі адам сіздің үстіңізден шағым түсіруге де ерікті. Мысалы тоқал тақырыбы туралы материалға той көйлегін киген, бет-әлпеті фатаның ар жағынан анық көрініп тұрған әйелдің суреті қолданылыпты. Жалпы мақалада әлеуметтік зерттеу туралы жазылған. Респонденттердің жауабына қарай үйлену мен ажырасу себептеріне тоқталған. Бірақ тақырып мынадай: «Тоқал мен этносаралық некелерге қоғамның көзқарасы қандай?». Әлеуметтік зерттеу туралы жазғаны керемет. Бірақ тоқал мен этносаралық неке деп екпін түсірілген тақырыпқа интернеттегі суретті қолданғаны жөн емес. Себебі сол фотодағы адамға оның еш қатысы болмауы мүмкін. Тіпті болса да, рұқсатын алмайынша жариялауға құқығы жоқ.

Kazexkkz парақшасынан скриншот

Зерттеу туралы тағы бір жаңалыққа көзіміз түсті. Генетиктер жүргізген зерттеу нәтижесінде қожалардың бойында арабтардың қаны бар-жоғы анықталған екен. Ру мәселесінде аса белсенді халқымыз үшін бұл тақырып өте үлкен трафик тартатыны белгілі. Соның ішінде жүзге жатпайтын, ақсүйек саналатын қожалар жайлы тіпті қызық болатыны анық. Осындай жаңалықтың көрнекі материалына қарасақ, мәтінін оқымайынша екіойлы болып қаласың. Араб ұлты өкілдерінің өте жақын, бірі екіншісінің мойнынан ұстап тұрған суреті қойылған. Бір қарағанда ЛГБТ өкілдері туралы жаңалыққа ұқсайды. Лентадан көрген адам да мұны қожаларға қатысты ақпарат деп ойламайды. SMM-маман бұл суретті таңдағанда не көздегені белгісіз. Десек те, пост суреті мен тақырыбы сәйкес келмейді.

Бұдан шығатын қорытынды: кез келген жаңалыққа иллюстрация берерде, желідегі парақшаға жүктерде оның мән-мазмұнына сәйкес келуін қатаң сақтау керек. Мағынасын басқа бағытқа бұратын, жаңалыққа керағар, этикаға қайшы суреттер қолданылмауға тиіс.

Жадыра Аққайыр
Жадыра Аққайыр
Журналистика саласында 8 жылдан астам тәжірибесі бар. Республикалық «Айқын» газетінде бөлім басшысы, «Курсив», 5Q Media порталдарында, «Мұнара» газетінде тұрақты автор.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР