ДомойМедиасын«Масс-медиа туралы» заң жобасы: журналистер не үшін қуанып, неге күйінді?

«Масс-медиа туралы» заң жобасы: журналистер не үшін қуанып, неге күйінді?

«Масс-медиа туралы» заң жобасы: журналистер не үшін қуанып, неге күйінді?

6 қаңтарда «Ашық НҚА» порталында ҚР «Масс-медиа туралы» заң жобасының тұжырымдамасы талқылауға ұсынылды. Журналистер жайын қозғайтын заң болса да, тілшілер бұл тақырыпты тереңірек талдауға келгенде аса белсенді болмады. Иә, жаңа заң жобасының әзірленгені, талқыға салынғаны көп жазылды. Бірақ материалдың басым көпшілігі бөркін аспанға атқандай позитив қалыпта берілген. Әсіресе, өңірлік БАҚ бір-бірінен көшіріп басып, бөліскен. «Жаңа репортердің» медиасыншысы Жадыра Аққайыр кейінгі бір айда осы тақырыпта БАҚ-та не жазылғанына шолу жасап шықты.

Іздеу жүйесінде шыққан алғашқы бес материалда заң жобасының қоғам талқысына ұсынылғаны туралы айтылған. Қаңқасы мынадай: Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Ашық НҚА» порталында «Масс-медиа туралы» заң жобасының тұжырымдамасын және заңнын алдын ала жобасын жариялағаны лидте айтылады, одан кейін қандай жағымды әсер күтіліп отырғаны, министрлік өкілдерінің бұған қатысты пікірі беріліп, қорытындыда тұжырымдаманың сілтемесі қоса беріледі. Кейбірінде тұжырымдамаға сілтеме тіпті жоқ. Ал танысу үшін гиперсілтеме берілгені құптарлық іс. Материалдар сөзбе-сөз көшірілмесе де, жалпы берілу қалпы осындай. Әйтсе де, сол күйі бір-біріне сілтеп басқандар барын жоққа шығара алмаймыз. Әсіресе, «ҚазАқпараттың» жаңалығын алып, тақырыбын ғана ауыстырып, сайтына бөліскендер аз емес.

azattyq.org cайтынан скриншот

«Масс медиа туралы заң жобасы» деп іздегенде шыққан алтыншы материал «Азаттық радиосына» тиесілі. Мұнда талқыға түскенін айта келе, сарапшыларды сөйлету арқылы заң жобасындағы шикіліктерге де тоқталған. Мысалы халықтың шынайы ақпарат алуы керек дегенімен, оның рас-өтірігін анықтау механизмі жоғын айтады. «Құқықтық медиаорталық» ұйымының директоры Диана Окремованың сөзінше, «БАҚ-тың бәрі үнемі заң бұза беріп, енді оларды бақыламаса болмайтын секілді. Заң жобасы ескерту, профилактика мен жазалауды көздейтін болып шыққан». Бұдан бөлек те бірнеше кемшілігі атап көрсетіледі.

Atameken Business News арнасынан скриншот

Талқы жасаған тағы бір ұжым – inbusiness.kz. Тілші материалын былай бастайды: «Қазіргі қолданыстағы заң журналисті осындай жағдайда қорғай ала ма? Жоқ па? Бұған нақты жауап беру де қиындау сияқты. Өйткені, Үкімет тілшілерге кедергі келтіру дерегін қылмыстық кодекстен әкімшілікке ауыстырып алмақшы. Яки журналистерге қарсы қиямпұрыс қылықтар енді азаматтық кодекс аясында ғана қаралуы мүмкін». Кейін екі жақты баланс болсын деп министрліктің де, тәуелсіз сарапшылардың да пікірін сұраған. Ақпарат және қоғамдық даму министрі «құжат аясында журналистердің мәртебесін көтеру, мемлекеттік ақпараттық саясатты қаржыландыру тетіктерін реформалау қамтылған» деген. Ал Factcheck.kz бас редакторы Думан Смақов заң жобасына көңілі толмайтынын білдіріпті. Сюжет бар болғаны 2,5 минутқа созылса да, ондағы пікірлер біржақты емес, бәрін қамтуға тырысқан.

Өңірлік БАҚ заң жобасы туралы жазғанда жақсы жаңалықты көп бөліскен. Соның ішінде, журналистердің әлеуметтік жағдайын жақсарту жоспарланып отырғанын сүйіншілеген материал көп. Мысалы «Атырау» арнасы журналист сауалына жауап беру мерзімі қысқарғаны, жауап бермеген шенеуніктің жазаланатынын, журналистердің жеңілдікпен пәтер алуы, ауруханаларда жеңілдіктер пайдалануы туралы нормалар барын айтады. Жалпы мемлекеттік БАҚ-тың материалдарында тақырыптан-ақ әлдебір қуаныш лебін оңай сезуге болады. Өйткені басым көпшілігі «Журналистерге берілетін мүмкіндік» деген сыңайда жазған.

Qazaqstan арнасының да сюжеті «Журналистер мәртебесі артады. Жаңа заң жобасы әзірленіп жатыр» деп аталады. «Өскен өңір» ақпараттық агенттігі аймақтық өзге әріптестеріне қарағанда заң жобасы жайлы ақпаратты көшіріп басумен шектелмей, шағын сұхбат алған. Тілші «Масс-медиа туралы» жаңа заң жобасының жұмыс тобындағы журналист Халима Бұқарқызынан журналист мәртебесі, баспасөз картасы және жаңа заңда қамтылмай қалған мәселелер жөнінде сұрап білген. Сұхбатта Халима Бұқарқызы: «Масс-медиа туралы заң жобасын сөз еткен жердің бәрінде журналист мәртебесін көтеруге қатысты сұрақ жиі қойылады. Әріптестерімнің арасында журналист мәртебесі ұғымын әлеуметтік мәселенің шешілуіне теліп қою байқалады. Бұл – журналистің мәртебесін көтеру емес, журналистің әлеуметтік, тұрмыстық мәселесін шешу. Журналистің мәртебесін өзінен басқа ешкім көтере алмайды. Егер журналист заңда көзделген құқын дұрыс пайдаланып, міндетін адал атқарса, мәртебесі өседі» дейді. Сондай-ақ, заң жобасында қамтылмай қалған мәселелер де сөз болған. Аймақтық БАҚ-тың мұндай белсенділігі көз қуантады.

osken-onir.kz сайтынан скриншот

Осыдан бірнеше күн бұрын Nege.kz сайтында белгілі журналист Қайнар Олжаймен сұхбат шықты. Тілші сөз арасында жаңа заң жобасы туралы да сұраған. «Темірді қызған кезінде соқ» демекші, ел арасында беделді, сөзі өтімді деген журналистерге осы тақырыпқа қатысты сауал қойғаны құпталады. Журналистің «Қазір «Масс-медиа туралы» заң жобасы әзірленіп, талқыға түсіп жатыр. Егер сізге мүмкіндік берілсе, заңға қандай өзгеріс енгізер едіңіз?» деген сұрағына Қайнар Олжай заң жобасын толық қарап шықпағанын айтады. Артынша тілші заң жобасындағы кей тұстарды тізіп шығып, әңгімені жалғаған. Мысалы журналист этикасын қатаңдату туралы ойын сұрағанда, сұхбат беруші ашыла түсіп, былай деп жауап берген: «Бұл журналистердің өрісін кеңейту емес, керісінше, тарылтуға бағытталады. Бәлкім, «шенеунікті дәретханаға бара жатқанда ұстап алып, жағасынан алды» дейтін шығар. Бірақ ол мемлекеттік қызметкер ретінде жауап беруге әрдайым дайын болуы керек. Кейде тұтқиылдан сауал қойылса, соның жауабы тұшымдырақ болады. Меніңше, бұл шенеуніктерге кезекті қалқан жасап беру жолы сияқты. Адам неғұрлым ашық болса, қоғам соғұрлым дамиды. Демек, бұл заң қоғамды дамыту емес, одан сайын оқшаулап, тұмшалайды деген сөз. Журналист қандай жағдайда да ақпарат табуы тиіс. Ал ақпарат табу мүмкіндігін шектеуге болмайды».

nege.kz сайтынан скриншот

«Ашық НҚА» порталына жарияланған «Масс-медиа туралы» Қазақстан Республикасының Заңы жобасының тұжырымдамасының қаралымы 3500-ге жуықтаған. Ал астында жазылған пікір саны – 110. Екі лайк пен төрт дизлайк басылған.

Жадыра Аққайыр
Жадыра Аққайыр
Журналистика саласында 8 жылдан астам тәжірибесі бар. Республикалық «Айқын» газетінде бөлім басшысы, «Курсив», 5Q Media порталдарында, «Мұнара» газетінде тұрақты автор.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР