8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай отандық БАҚ бетінде жарияланған материалдарды шолып шығып, бойымызды екіұдайы сезім биледі. Қанша жерден таяқтың екі ұшы болады десек те, құдды екі түрлі параллельде өмір сүріп жатқандаймыз. Мұндай ой қайдан туды? «Жаңа репортердің» медиасыншысы Жадыра Аққайыр қазақша баспасөздегі контентті саралап көрді.
Мейрамның таңы телеарналардағы арнайы шығарылымдардан басталды. «Хабар» арнасындағы «Оян» бағдарламасының «Әйелмен әлем әдемі» атты мерекелік санында жүргізуші жігіттер әйел әріптестеріне гүл шоғын сыйлап, өлең оқып берді. Ойын-сауық бағытындағы бағдарлама десек те, аты дардай телеарнада әлі күнге дейін жұлдыз-жорамал айтылатыны таңғалдырды. Жүргізушілер «Тоқтыларға бренд косметика беруге болады» деген сыңайдағы кеңестер айтты. Тіпті «таразыға қатысты кеңес маған дөп түсті» деп қосты жүргізуші қыз. Бірақ соңында өздері «Бастысы, шын көңілден сыйланған сыйлық болса» дейді. Жұлдыз-жорамал үшін эфирдің бақандай алты минуты кетті. «Оян» ұжымының мерекелік шығарылымы әдемі әндер, қонаққа келген әйелдерге берілген гүл, сұхбаттар мен ана тақырыбына қатысты әлеуметтік сауалнамамен шектелді. Әдеттегідей, позитив қалыптан тайғысы келмеген. Үш сағатқа жуық уақыт бойы әйелдердің қазіргі проблемалары талқыланбады. Жылдың басқа 364 күні қалай өтетіні маңызды емес, бастысы осы бір күнде барынша назар аудару керек деді ме екен, арасында ер-азаматтарға осы мереке күні қандай тамақ істеуге болатынына қатысты кеңес айтылды. Одан қала берді жүргізушінің гүл-гүл фонда күлімсіреп тұрғанын, оның астында «Сен нәзіксің» деп неге жазылғанын аса түсіне алмадық.
Qazaqstan ұлттық арнасында «Әйел әлемі» бағдарламасының мерекелік шығарылымы жарық көрді. Әдетте бір әйелді кейіпкер қылып, жан-жақты ашуға тырысатын болса, бұл жолғысында әр салада жүрген әйелдерден қысқаша сұхбат алынған. Ұжымның барынша баланс сақтауға тырысқаны көрініп тұр. Саясат, қоғам, өнер, білім сынды түрлі саладағы беделді әйелдерді қонақ еткен. Бағдарлама «Қазақ әйелі эволюциялық жолмен жүріп өтті, жүріп келеді. Әйел – министр, әйел – саясаткер, әйел – қоғам қайраткері, әйел – ғалым. Осылайша жалғаса береді» деп басталады. Қазір әйелдердің қызметке келуінде әжептәуір алға жылжу бар. Дегенмен ауыз толтырып айтатындай емес. Оны бағдарлама барысында кейіпкер де, жүргізуші де атап өтеді. Осы тұрғыдан алып қарағанда мемлекеттік арнаның мұндай мәселені көтергені қуантады.
«Хабарлық» әріптестерінің мерекелік көңіл-күйінің ізін жалғаған «1001 түн» ұжымы болды. Бағдарлама басында жанды дауыста «Мен – әйелмін, әлемнің анасымын» деп бэнд ән салды. Артынша жүргізуші жігіт өлең шумақтарын арнады. «Мұндай өлең үнемі оқылуы керек, әйелдер құрметке лайық» деп қалжыңдайды әріптесі. «Ендеше, әр шығарылымды осы өлең жолдарынан бастаймын» деп іліп әкеткен сөзін есте ұстап қалдық. Іс жүзінде қалай боларын тексеріп көрмек болғанбыз. 150-бағдарламада Ғалымжан Кеңшілік болмай қалды. Мерекелік шығарылымға қайта оралсақ, өздерін «Ең өзекті мәселелерді ашық айтатын және нүктесін қойып қорытындылайтын бағдарлама» деп сипаттайтын ұжымның айтарлықтай проблема көтергенін байқамадық. Автобус пен кран айдайтын әйелдерді, бір үйде сегіз келін тұратын отбасыны сұхбатқа шақырғаны болмаса, күйіп тұрған мәселелер – зорлық-зомбылық, гендерлік теңдік тақырыптары тіпті қозғалмады.
Онлайн БАҚ-қа келсек, бұл күні жылдағыдай президент, әкімдердің әйелдерді құттықтауы, «8 наурызға қандай сыйлық алуға болады?», «Гүлдердің бағасы қанша?» деген тақырыптар жиі жазылды. Бұл әсте жаңалық емес. Сонымен бірге мерекенің шығу төркіні туралы да көп айтылды. Мәселен, «Азаттық рухы» «8 наурыз қандай мереке: революциядан қызғалдаққа дейін» деген материал әзірлеген.
Ал енді 8 наурыздың гүл беріп, өлең оқитын емес, әйел құқығы мәселесін көтеретін маңызды дата екенін мән берген кімдер бар? Жылдағы дәстүр бойынша бұл күні Алматыда әйелдер құқығын қорғауға арналған митиң өтті. Бұл тақырыпта baribar.kz редакциясы тұшымды материал ұсынды. Іс-шараны бастан-аяқ пікір, фотосуреттермен берген. Осы тақырыпта «Азаттық радиосы» «Алматыдағы митингіде әйелдер тұрмыстағы зорлықты қылмыс қатарына жатқызуды талап етті» деген материал жариялаған. 8 наурызға қатысты материалдарды шолып шыққанда байқаған мына қатені айтпасақ болмас. Журналистер іс-шара мен шара сөзін жиі шатастырады екен. Мысалы «Азаттық радиосы» «Халықаралық әйелдер күні Алматыда әйел құқықтарын қорғауды талап еткен митинг өтті. Шараға жүздеген адам қатысты» деп бастаған. Ұйымдастырылған іс-шара мен әлдебір мәселеге қолданылатын әрекеттің арасында айырма бар.
sn.kz сайтында «Алматыда Халықаралық әйелдер күніне орай митинг-концерт өтті» деген тақырыппен мақала шыққан. Бастапқыда бұл жерде концерт сөзіне неліктен «митиң» деп қосқанын түсіне алмадық. Сөйтсек, саябаққа жиналған 700 адамға байланысты айтылған екен. Сахнадан қоғам белсенділері, танымал блогерлер ата-аналарға, балаларға, жастарға үндеу тастаған. Бірақ мұнда әйел құқығы, тұрмыстық мәселелер емес, ата-ананы құрметтеу, өмір салты туралы айтылған екен. Тілшінің жазуынша, іс-шара соңы концертке ұласқан.
stan.kz болса, әйелдер проблемасын жазуға тырысқан. «Қазақстандықтар елімізде әйел болудың қандай кемшіліктері барын айтып берді» деген мақалада қазақстандық белсенді әйелдердің пікірі беріліп, мәселелер айтылған.
Қорыта айтатын болсақ, қазақстандық БАҚ 8 наурызды әлі де болсын әсемдік, нәзіктік мерекесі ретінде көрсетеді. Бұл күндері ауыр жұмыс істейтін әйелдерден сұхбат алып, кәсіпкер мен саясаткерлер саны көбейіп келе жатқанын айтады. Бірақ басты әрі маңызды тақырып – әйел құқығы мен қауіпсіздігі көбіне көлеңкеде қалып жатыр. Жоғарыда айтқан пареллель осы еді. Бір жағында – қызыл-жасылды жылтырақ, екінші беті – әйел теңдігі үшін күрес.