ДомойОқып-үйренФактчекиң және ақпаратты іздеуге арналған онлайн-сервистер

Фактчекиң және ақпаратты іздеуге арналған онлайн-сервистер

Фактчекиң және ақпаратты іздеуге арналған онлайн-сервистер

Алматыда контент өндірісіне арналған IdeaCamp2023 жастар лагері өтіп жатыр. IdeaCamp2023 жастар лагерінің тәлімгері, Factcheck.kz журналисі, медиатренер Жансерік Тілеухан «Fact-checking һәм оның маңызы» деген сессиясын «Фактчек— журналистиканың жаңа форматы» деп бастады. Өйткені фактчек жалған ақпаратпен ғана күреспейді, кез келген (шындық, жалған, манипуляция) фактіні тексереді. «Жаңа репортер» порталының «Оқып-үйрен» айдарына арнап Жансерік Тілеуханның пайдалы һәм маңызды сессиясынан қажет ақпаратты жазып алдық.

Жансерік Тілеухан сессияда Google мен Yandex іздеу жүйелерінің «жасырын» іздеу мүмкіндіктері, ашық деректерді іздеуге болатын сайттар жөнінде айтты. Сайт пен домен атауы және жеке адам туралы дерек табуға болатын, фото-видеоны тексеретін онлайн-қызметтерді таныстырды.

Жалпы фактчек төрт нәрсені қарастырады екен:

  • Ақпаратты тексеру;
  • Debunking — мифтерді сейілту;
  • Promise tracking — уәделерді қадағалау;
  • Propaganda — үгіт-насихатқа қарсы күрес.

— Адамдар фактчек пен верификацияны шатастырып жатады. Фактчек — шыққан ақпаратты тексеру, верификация дегеніміз — ақпарат шықпай тұрып тексеру. Қазақстанда сарыжағал медиа редакциялар верификация жасай бермейді. Естіген ақпаратты тексермей жариялайды. Сондай-ақ, журналист факт пен пікірді ажырата білуі керек, — дейді Жансерік Тілеухан.

АДАМ ЖАЛҒАН АҚПАРАТҚА ҚАЛАЙ СЕНЕДІ?

Ол оқиғаны тұтас көру мен оқиғаға түрлі ракурстан көру контент мағынасын қалайша өзгертетініне мысал келтірді. Бұл — The Guardian басылымының 1986 жылы түсірген «Points of view» деген жарнамасы.

Жұртшылық түрлі ақпаратқа қалай ғана сеніп қалатынына коронавирус пандемиясы кезінде тараған фейктер дәлел бола алады.
Мәселен, мына мәтінді алайық:

Коронавирустың қолдан жасалғаны анықталды

АҚШ вирусолог мамандарының зерттеулері бойынша Covid-19-дың қолдан жасалғаны анықталды. Бұл туралы The Press басылымы жариялады. Басылымның мәліметінше, коронавирус адамдарға табиғи ортадан жұқпаған, оны арнайы препараттар ақылы жасап, имунды белсенді екені дәлелденді. Толық зерттеулер біткеннен кейін АҚШ-тың бас хатшысы Майк Помпео ҚХР-дан ресми түсініктеме сұрғалы отыр»
деген мәтінді алайық.

Фактчекер Жансерік Тілеухан бұл ақпаратқа көпшілік неліктен сеніп қалғанын былай түсіндірді:
— Бізде әуел бастан коронавирусқа байланысты күдік болды;
— Ақпаратты сайттан, әлеуметтік желілерден оқыдық;
— «Интернет тек шындықты жазады» деген түсінік;
— «АҚШ вирусолог мамандары» деген тіркестің рөл ойнауы;
— «АҚШ-тың бас хатшысы Майк Помпео» ресми өкілдің аталуы.

Ал енді осы ақпаратты сыни пайымға салып, күмәндана қарасақ, мына сұрақтар туындайды:
— Басылым қаншалықты ресми ақпарат таратты?
— Сілтемелер бар ма?
— Қандай орган зерттеді, вирусолог мамандардың аты-жөні кім?
— The Press басылымы немен айналысады, бағыттары қандай?
— Халықаралық және республикалық ресми органдардың ресурстарында бұл туралы не жазылған?

Яғни, осы сауалдардың жауабына қарап, ақпараттың рас-өтірігін анықтауға болады.

ФАКТЧЕКИҢ ЖАСАУҒА ПАЙДАЛЫ ОНЛАЙН-СЕРВИСТЕР

Google мен Yandex сияқты танымал іздеу жүйелерінің көпшілік қолдана бермейтін «жасырын» мүмкіндіктері бар. Сол мүмкіндіктерді фактчекиң жасау, ақпарат іздеу барысында пайдаланып, жұмысты жеңілдетуге болады.

Google тереңдетілген іздеу қызметі

Яндекстің сөздер мен сөз тіркестерін іздеу қызметі

Бұған қоса сала-сала бойынша ресми ақпарат алуға болатын ресурстар бар. Мәселен, ҚР Ұлттық банк сайтынан:

  • Сыртқы борыш;
  • Инвестиция;
  • Валюта бағамдары;
  • Ақша-кредит және банк статистикасы туралы мәлімет алуға болады.

ҚР Ұлттық статистика бюросының сайтында:

  • Кез келген статистикалық деректер;
  • Сауалнамалар;
  • Жинақтар және басылымдар;
  • Жылдық есептер бар.

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің порталынан:

  • Қылмыс және әкімшілік құқық бұзу статистикасы;
  • Жол-көлік оқиғалары;
  • Суицид;
  • Коррупцияға қатысты деректер табасыз.

Мемлекеттік реестрлерден іздеуді бір ортаға жинақтаған Open Base қолжетімді деректердің бірыңғай базасы бар.

open-base.newreporter.org бірыңғай деректер базасының скриншоты

Егер сайт, домен және атау бойынша ақпарат іздесеңіз, мына сервистер көмектеседі:

Ал жеке адамға қатысты ақпарат іздегенде, мына сервистерді пайдалануға болады:

  • Social-searcher.com — әлеуметтік желілердегі адам туралы ақпарат.
  • @ShtrafKZBot — адам атында қанша компания тіркелгенін, қанша салық төлегенін тауып береді.
  • Kaspi қосымшасының мүмкіндіктері — телефон нөмірін білсе, соны жазып, аты-жөнін білуге, көліктің мемлекеттік нөмірі арқылы та ақпарат алуға болады.
  • Findpeoplesearch.com — ВКонтактеден адам бейнесі арқылы іздеу. ВКонтактеге тіркелуі керек.
  • Peekyou.com — адам аты-жөні арқылы іздейді. Тек АҚШ штаттарынан іздейді. АҚШ-та тіркелген біреу туралы мәлімет іздеу керек болса, қолдануға болады. Ақпаратты ашық дереккөздерден алады.
  • Opencorporates.com — халықаралық тіркелген компаниялар базасы.

Адам көргеніне сенеді. Сондықтан да фото-видео фейк жиі тарайды. Жалпы фото-видео фейктің тарауына бірнеше себеп бар:

  • Құлақпен естігенше, көзбен көр!
  • Түрлі құралдың құдіреті;
  • Қажет ақпарат аз болған кезде;
  • Адамның сезімімен ойнайды;
  • Шынайы оқиғаға өте ұқсас болады;
  • Дос-туысқан әрі чаттардың әсері.

Фото-видеоны тексеруге арналған сервистер:

Қатысушылар сессия соңында ойын-тест тапсырды. Тәлімгер жоғары ұпай жинаған жеңімпаздарға фактчекиң туралы кітап сыйлады.

Алматыда контент өндірісіне арналған IdeaCamp2023 жастар лагері басталды. IdeaCamp2023 бес күнге жалғасып, 30 сәуірде аяқталады.
Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 20 жас дарынды контент-мейкер контент жасау, фактчекиң, визуализация, әлеуметтік медиамен жұмыс істеу, мобилография, медиасауат, смартфонды контент дайындауға қолдану, онлайн-сервистерді пайдалану машығын жақсартып, жетілдіреді.

Тәлімгерлер олардың жобасын әбден пысықтап, қатысушылар IdeaCamp2023 жастар лагерінің соңғы күні қазылар алқасына идеясын таныстырады.
Қазылар алқасы питчиң нәтижесіне қарай әлеуметтік желілерге арналған контент жасау бойынша ең креатив әрі ең жаңашыл 4 жобаны таңдайды.
Сол 4 жобаны жүзеге асыруға Еуропалық Одақтың қаржылай қолдауымен REVIVE жобасы аясында шағын грант береді.

IdeaCamp2023 жастар лагері Еуропалық Одақтың European Union in Kazakhstan қаржылай қолдауымен Internews жүзеге асырып жатқан «Серпінді орта үшін әркелкі ақпаратпен қарым-қатынас және төзімділік (REVIVE)» жобасы аясында өтті.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР