Өткен аптада апталық бағдарламалардың ортақ ресми тақырып болмады. «Жеті күн» президенттің алдағы күндерге жоспарланған Қытайға сапары мен Сиань конференциясының маңызына айтты. Ал Apta халықаралық жаңалықтарға баса көңіл бөлген: Түркиядағы президент сайлауы, Байденнің мәлімдемесі. Sarap Times Абылай Мырзахметовтың қамалғанын, Forbes тізіміндегі бай адамдар мен Бас прокуратураның заңсыз шығарылған активтерді қайтарғаны туралы жаңалықтардан басталды. Ал «Айна» әлеуметтік мәселелер мен эксперименттерге сюжет арнады.
«Жеті күн», Хабар
«Жеті күннің» жүргізушісі өзгерді. Бағдарламаны тәжірибелі журналист Мақат Садық жүргізді. Апталық сараптаманың бұл саны мемлекет басшысының алдағы күндерге жоспарланған Қытайға сапарының маңызы, Сиань конференциясы өтетіні туралы ақпаратпен басталды. Ал сюжет Қытаймен арадағы визасыз режим жайында болды. Анығын айтқанда, 30 күндік визасыз режим енгізу туралы биліктің шешімін ақтап алуға бағытталды. Қытайдан тауар тасымалдайтын кәсіпкерді сөзге тартып, қарамағындағы жүргізушілердің виза алу үшін қанша ақша жұмсайтынын айтты. Жүк көлігін жүргізу үшін әр азаматқа берілетін виза алып, сонымен Қытайға кіре ала ма? Әлде жұмыс бабымен жүретін виза бөлек пе? Журналист ақ-қарасын ажыратып жатпады. Ал сөзге тарқан сарапшылардың барлығы биліктің шешімін құптап, визасыз режимнің артықшылығын айтты. Бейтарап болу үшін сюжет авторының өзі айтқан «халық арасындағы фобияның» түп-төркініне үңілетін сарапшы пікірі болуы тиіс еді.
Атамекен ҰҚП бұрынғы басшысы Абылай Мырзахметовтың пара алды деген күдікпен ұсталғаны туралы ақпаратты жеткізудің алдында Махат Садық тағы да Қытайды мысалға алды. Олардың жемқорлықпен күресін ерекше атап өтті: «Қытайда оларды тізерлетіп қойып атып тастайды. Оқ шығынын туыстарына өтетіп алады». Дегенмен, тағы сол Қытайда жемқорлықпен байып кеткендердің басым көпшілігі шенеуніктер екенін айтты. Сәтсіздеу мысал.
Осыдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың ІІ Дүниежүзілік соғыстың екі ардегерін марапаттағаны туралы айтылды. Президенттің Мәскеудегі парадқа барғанын қысқа қайырып, Жеңіс құрметіне орайласатырылатын бұл әскери парад қай жылдан бері өткізіліп келе жатқанына шағын шолу жасалды. Дегенмен, мемлекет басшысы қатысқан жиынға баса мән беріп тоқталуды жөн көрмегені таңқаларлық. «Жеті күннің» басты тақырыбы Президент емес пе еді? Есесіне Президенттің Ржев облысындағы бауырластар зиратына барып, құран бағыштағанын, мұнда жерленгендердің арасында Кемел Тоқаевтың бауыры Қасым Болтаевтың бар екенін астарлай жеткізді.
Түркиядағы президент сайлауы туралы сарапшы пікірі берілді. Ол бұл елге кім басшы болып келсе де, Қазақстанмен арадағы байланысқа сызат түспейтінін айтты.
Арал проблемасы туралы сюжет бар. Онда Кіші аралды сақтап қалуға қанша қаражат бөлінгені, Сырдария суының деңгейі төмендеп кеткені туралы айтылды. Дегенмен, Қызылорда облысында биыл ылғал көп, шаруалар егіс көлемін ұлғайтқан. Балықшылар үшін де Арал суының мол болғаны маңызды. Алайда Орта Азия елдері Арал проблемасын шешуге бел шеше атсалыспай отыр. Берілуі тиіс су қоры Аралға жетпейді. Оның себебі неде? Ол жағын журналист тереңдеп талдамады. Тек Арал проблемасы қазақстандық тарап үшін ғана маңызды екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев пәтер иелері кооперативтерінің жұмыс жүйесі тиімсіз екенін айтқан болатын. Сюжет қазіргі қолданыстағы мүлік иелері кооперативтерінің жұмысындағы олқылық жайында болды. Сенат спикері бұл жүйені де өзгерту үшін заң жобасы талқыланып жатқанын айтты. Оған сәйкес, МИБ, ПИК немесе өзге басқару жүйесінің бірін тұрғындар өз таңдайды.
Елімізде самокат жүргізуге қатысты шектеулер енгізу туралы заң жобасы мақұлданды. ІІМ бірқатар талап енгізбек: шлем кию, жүргізуші куәлігінің болуы, жасы 18 ден асуы және тағы басқа. Бұл шектеулерге самокатты прокатқа беретін кәсіпкерлер не дейді? Материалда екі тараптың пікірі бар. Толымды сюжет.
Махат Садық Жазушылар Одағына жаңа басшы сайланғанын, Алматыда Амангелді Сейітханды еске алуға арналған турнир өткенін хабарлады. Турнирді «Хабар» арнасы ұйымдастырған.
Sarap Тimes, Astana TV
Бағдарлама Абылай Мырзахметовтың екі айға қамалғаны туралы ақпараттан басталды. Одан соң Forbes тізіміндегі ең бай адамдарды шолып өтіп, содан кейін Бас прокуратураның заңсыз шығарылған активтерді қайтарғаны туралы шағын есебін жария етті.
Алғашқы сюжет киберқауісіздік туралы болды. Оған Елнұр Бейсембаевтың депутаттық сауалы ықпал етсе керек. Ол Мәжілісте онлайн несие беру, түрлі қаржы пирамидалары, гифтер мен интернет лотереяға тиым салу туралы сауал тастаған болатын. Сюжетте ІІМ өкілдері кибералаяқтықпен күрес оңай шаруа емес екенін айтты. Сонымен қатар, кибералаяққа алданып, несие алған азаматтардың қарызы кешірілуі мүмкін. Елде қазір осы жоба талқыланып жатыр.
Өткен аптада Мәжілісте электросамокаттың проблемасы да көтерілді. ІІМ оларға қатысты бірқатар талап енгізетін заң жобасын палата қарауына ұсынып, ол мақұлданды. Сюжет негізінен Мәжілістегі осы талқыдан әзірленген, заң жобасына қатысты пікір айтқан депуттардың сөзінен үзінді берілді, ІІМ Марат Ахметжановтың түсініктемесі бар. Дегенмен, бизнес өкілдері, самокатты жалға беретіндер мен ол қызметті тұтынушылардың пікірін сұрау артық болмас еді. Оның орнына самокаттан құлап, жарақат алған адамнан пікір алды.
Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру туралы сюжет бар. Онда тілші Білім және ғылым министрлігінің осы бағытта атқарып жатқан шаралары туралы ақпарат беріп, жазғы лагерь жайлы айтылды.
Тарихи тұлғалардың суретін салатын атыраулық Назерке Есжанова туралы сюжет берілді. Кейінгі кезде бағдарлама жекелеген кейіпкердің өмірін насихаттауға баса көңіл бөліп жүр.
«Жастар рухы» ұйымы «Қайсар» әскери-патриоттық ойындарын өткізді. Бұл бастама мемлекет басшысы тарапынан болған. Саят Жөкенұлы студияда аталған ұйым төрағасының орынбасары Ақерке Ескендірованы шақырып, осы шара туралы сұрады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ІІ Дүниежүзілік соғыстың ардагерлерін марапаттағы туралы айтылып, «Халық қаһарманы» атағын алған майдангер туралы арнайы сюжет берілді. Онда жалпы Батыс Қазақстан облысындағы ардагерлерге жасалған әлеуметтік жайы мен осы өңірдің соғыс жылдарындағы жағдайы туралы тарихи ақпараттар берілді.
Президенттің Мәскеудегі парадқа қатысқаны туралы бұл бағдарлама ешбір ақпарат бермеді.
Apta, QAZAQSTAN
Apta ара-тұра халықаралық жаңалықтарды талдаудан басталады. Бағдарлама алдымен Түркиядағы президент сайлауының соңғы жаңалықтарын жариялады: негізгі үміткерлер, Кылычдароглу деген кім, Ердоған не себепті жеңіліп қалуы мүмкін және тағы басқа. Сюжет болмады, бірақ Apta-ның Түркиядағы арнайы тілшісі Айдос Әшімұлымен тікелей байланыс болды, осы елдің экс-министрінің комментарийі бар.
Сарапшылар кандидаттардың қайсысы жеңсе де, Түркияның қазір саяси бағыты өзгереді. Қазақстанға не қолайлы? Әрі қарай бағдарламаның арнайы сарапшысы – саясаттанушы Жұмабек Сарабекпен осы тақырып төңірегінде сұхбат өрбіді.
Халықаралық жаңалықтар мұнымен бітпеді. Джо Байден «АҚШ-та дефолт болса, бүкіл әлемге қиын болады» деп мәлімдеп, бұл дағдарысқа Республика партиясын айыптады. Егер республикашылар мен демократтар бір мәмілеге келе алмаса, 1 маусымда дефолт жариялануы мүмкін екенін АҚШ-тың Қаржы министрі де бірнеше рет ескертті. Сюжет болмады, бірақ біздің сарапшылардың пікірі бар. Олардың айтуынша, әлем экономикасы Американың дефолтына қарағанда, Ресей-Украина соғысынан болып жатқан экономикалық кризистен көбірек зардап шегуде.
Apta-ның тек екінші бөлігінде жергілікті мәселелер көтерілді, соның бірі – МӘМС. Елімізде 16 миллионнан астам азамат сақтандырылған. Бірақ олардың көбі бұл жүйенің көмегіне жүгінбейді. Мәжіліс депутаттары да МӘМС-ке түбегейлі реформа керек дейді. Соның бірі: емханаларға берілетін квотаны жою. МӘМС-тің жалғыз кемшілігі бұл емес. Болашағынан зор үміт күттірген жоба неге сәтсіздікке ұшырады? Өзекті тақырып, десек те, сюжетте айтарлықтай жаңалық болған жоқ. Баршаға мәлім сауалдар қойылды және тағы жауапсыз қалды.
Apta шарэалар мен ауыл шаруашылығымен айналысатын тұрғындардың проблемасын жиі көтеріп жүр. Бұл жолы Абай облысындағы Құмкөл халқының мәселесі айтылды: жайылым жерлердің тапшылығы. Әдеттегідей, бір дөкей елдімекеннің жанындағы алқап жерді иеленіп, қоршап алған. Тіпті орманды отап тастапты. Жергілікті тұрғындар мен әкімдік өкілдерінің пікірі бар. Өзекті материал.
Ел арасында «конструктор көлік» аталып кеткен машинаны заңдастыруға да рұқсат берді. Бұл қаншалықты дұрыс? Оның қауіпсіздігі қалай тексеріледі? Келесі сюжетте Амангелді Сейітхан осы сауалдарға жауап беруге тырысты, кемшілігі мен артықшылығын зерттепті. Бірнеше сарапшының пікірі бар. Өзекті тақырып.
Енді электросамокаттар көлік құралы саналмақ. Apta самокатшыларға арналған жаңа ережелерді инфографикамен таныстырды. Ал самокатты жалға беретін компаниялар мен экологиялық көлік қауымдастығының өкілдері электросамокаттың құқықтық мәртебесін анықтайтын заң жобасының кей тұсымен келіспейді. Олардың пікірінше, тротуарда самокат жылдамдығын сағатына 6 км-ден асыруға болмайтыны – самокатты көлік түрі ретінде пайдалануға жасырын жасалған тыйымға ұқсайды. Мамандар тротуарда сағатына 15 км, ал жаяу жүргіншілерге арналған көшелер мен саябақтарда сағатына 6 км жылдамдықпен жүруге рұқсат беруді ұсынады.
Apta сүйінші хабармен аяқталды. Ташкентте бокстан өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы 4 алтын және 1 күміс жүлде алды.
Бұл бағдарлама Украинадағы жағдайды назардан тыс қалдырмай, апта сайын сюжет арнайтын. Осымен үшінші шығарылымында бұл тақырып жайында ақпарат бермеді.
«Айна», Еуразия бірінші арнасы
«Айна» бағдарламасының басты тақырыбы – мектеп жасындағы жүктілік. Ақбөпе Тәңірберген әдеттегідей журналистік зерттеу жүргізді. Елімізде 18 жасқа толмаған қыздарға өз бетімен, әке-шешенің келісімінсіз жасанды түсік жасатуға болмайтын заң бар. Ал тілші сөйлескен дәрігер бұл заңды айналып өту жолын ашық айтып берді. Елімізде кәмелетке толмаған 7 мың қыз жүкті болады, оның 2800-і сәбиін босанады. Тілші оның себебін психолог, гинеколог мамандардан сұрап, Оқу-ағарту министрлігі өкілінің пікірін берді. Сюжет жинақы, көрерменге де өтімді болары сөзсіз.
Мүмкіндігі шектеулі балалардың аналары Үкіметтен берілетін көмекке көңілі толмайды. Өйткені олардың басым көпшілігі сапасыз. Кейіпкерлердің оқиғасы бар. Сәбилердің жүзі ашық көрсетілмей, әлеуметтік жауапкершілік сақталды. Құзырлы органның өкілі пікір білдіріп, жағдай тексерілетінін айтты. Осылайша, журналист екі тараптың да пікірін қамтуға тырысты.
Темір жол билеттері алып-сатардың қолында. Оңтүстікке арнайы сапарлап барған Ақбөпе Тәңірберген бұл ақпаратты растады. Жасырын камера қолданған. Журналистік жанкешті еңбегін атап өту керек. «Жолаушылар тасымалы» компаниясының ресми өкілі журналистен жағдайды біліп, вокзал қызметкерін жұмыстан шығаратынын мәлім етті. Бұрынғы теміржолшы, қазіргі депутат Геннадий Шиповскийдің пікірі бар.
10 сотық тегін жер телімін алу мүмкін бе, ол үшін қалай кезекке тұрады? «eGov» порталында кезекте тұрған адам өзі туралы ақпаратты тексере алады. Дегенмен, ол кезек қашан жылжиды? Депутат Бақытжан Базарбек заң қабылдау қажетін айтты. Ал 1,3 млн теңгелік грантты берудің тәртібі қандай? Бұл сауалға «eGov куәгері» айдарында жауап берілген.
Бұл жолы да әлеуметтік эксперимент бар. Онда тілші бетпе-бет әңгімелесу, танысуға халықтың ниеті қалай екенін анықтайды.
Бағдарламаны әдеттегідей «Хайпқа бұйырмаңыз» айдары аяқтады.