Бір жыл бұрын Орал қаласындағы «Мой город» газеті iOS және Android платформаларына арналған мобильдік қосымшасын іске қосқан. Басылымның бас редакторы Жаннат Нұғманова Новый репортер порталына газет оқырмандары жаңа сервисті қалай қабылдағаны жөнінде айтып беріп, өз мобильдік қосымшасын іске қосқалы жүрген медиаменеджерлерге арналған кеңестерімен бөлісті.
— Жаннат, мобильдік қосымша жасау қаншалықты қымбат?
— Біз «Сорос Қазақстан» қоры ұйымдастырған грант байқауын жеңіп алдық. Қосымша жасауға 1 млн теңгедей қаржы жұмсалды.
Қосымшалардың техникалық жасақталуын украиналық әзірлеушір жасады. Олар ұсынған қызмет бағасы Қазақстан, Ресей және Белоруссиядан түскен ұсыныстарға қарағанда арзанырақ болды. Біз әзірлеушілерді бірнеше апта іздедік. Интернет іздеп, оларға хат жазып, техникалық тапсырма беріп, баға ұсыныстарын күттік. Шын мәнінде, жақсы әзірлеуші табу қиын емес.
Бүгінге дейін қосымша 5 200 рет көшіріліпті (айфондарға 490 рет қана, бұл iOS платформалы смартфондарға қарағанда, Android смартфондары бізде кеңірек тарағанымен байланысты).
— Жеке қосымшасы пайда болғаны «Мой город» газетіне қалай әсер етті?
— Сайтта смартфон қолданатын оқырмандардың пікірлері көбейді (жалпы пікір санының 25%).
«Халық» жаңалықтары келіп түсе бастады. «Мой ГОРОД» қосымшасындағы арнайы батырма қолданушыларымызға фото немесе қысқа видео түсіріп, оны сол сәтте редакцияға жолдауға мүмкіндік береді. Жұрт жаңалықтар жолдап жатады, әдетте адам бір рет байқап көріп, қалай жұмыс істейтін көріп алса болды, жаңалықтар жолдай береді.
Березовкада балалар уланғаны туралы ақпаратты бірінші болып осы қосымшаның арқасында жарияладық. Ол жаңалықты жолдаған адам аты-жөнін жазбапты, алайда балалар Ақсайдағы аудандық ауруханаға жеткізіліп жатқаны жөнінде алғашқы ақпаратты «Жаңалықты жеткіз» сервисі арқылы алдық. Содан кейін барып шу шығып, ол әлі де толастамай келеді.
Көбінесе жол-көлік апаттары туралы хабарламалар жиі келеді. Ондай кезде біздің тілшілер оқиға орнына ресми қызметтер өкілдерінен бұрын жетеді.
Бір рет, апат орнына келсек, бір бала бізден «Қайдан келдіңіздер?» деп сұрады. «Мой ГОРОД» десек, «О, сіздерге сурет жіберген мен ғой!» деді.
Адамға қандай да бір оқиғаға қатысты екенін, өзі ерінбей ақпарат жібергені арқасында осы оқиға қоғамдық резонанс тудырғанын білу ұнайды.
Оған қоса біз оқырмандарымызға ұялы телефоны шотына ақша жібереміз – бұл да ұнайды.
Алайда, жұрт жапа-тармағай біздің қосымшаны пайдаланып отыр деп айта алмаймыз. Оған уақыт керек, біз де дамып келеміз.
Өз мобильдік қосымшасын әзірлеуді ойластырып жүрген медиаменджерлерге кеңестер:
• Техникалық тапсырманы мұқият құрыңыз, сізге не керек екенін, сіздің қосымшаны орнатқан адам не ұтатынын ойластырыңыз.
• Жүктелімдер статистикасын жүргізіңіз – бұл сіздің аудиторияның өзгеру барысын сараптауға мүмкіндік береді.
• Өз қосымшаңызды AppStore мен PlayMarket-ке орналастырсаңыз болды, оны бәрі көреді деген сөз емес. Онда миллиондаған қосымша бар, сондықтан болашақ қолданушыларыңыз оларды қалай, қандай тегтер бойынша табатынын ойластырыңыз.
• Кез келген өнім сияқты, қосымшаны да «айналдыру» керек – жарнамалық кампанияны да қамдап қойыңыз.