Әлеуметтік желілерде біз ойларымызды ортаға саламыз, кәсіби пікірталастар жүргіземіз, ниеттес, серіктес жандар табамыз. Әлеуметтік желілер — көбінесе таныс емес адамдармен қарым-қатынас, сондықтан, кіммен пікір таластырып, не болмаса, тіпті сырласып отырғаныңды білу маңызды.
Әлеуметтік желілерде көрініс табуы туралы материалдың жалғасын назарларыңызға ұсынамыз. Бірінші бөлімінін мына арадан оқи аласыздар.
Бәрің мені жек көресіңдер
Сандырақты мамандар көбінесе шындыққа жанаспайтын ауру елестер, ой мен тұжырымдар туындайтын және науқас адам оларға имандай сеніп, түзетуге тырыспайтын ауытқу деп анықтайды. Сандырақ тек ауру санада туындайды.
Сандырақ деп науқастың санасын жаулап алған, айналадағы шындықты бұрмалап көрсететін және сырттан түзетуге келмейтін ауру елестер, толғаулар мен тұжырымдарды атаймыз.
Жібек Жолдасова, медицина ғылымдарының кандидаты, Невроздарды және Альцгеймер ауруын емдеу орталығының директоры, Facebook белсенді қолданушысы:
«Қатынас сандырағы — адамға үнемі өзгелер оның өзін жек көретіндей, тиісіп түртіп отыратындай, оны көре алмайтындай көрініп тұрады. Оның үстіне сандыраққа кіретін «нысана-адамдарды», кейде тұтас топтарды байқауға болады. Бұдан кейін ол адаммен қатынасқа түскендердің бәрі сол сандырақтың ішіне кіре береді».
Осында маған ұрсатындардың бәрін сіз жібергеніңізді білем
Жібек Жолдасова: «Аңдуға түсу сандырағы жазбалар мен пікірлерден анық көрінеді: қолданушы жұрттың бәрі белгілі бір себептермен өзіне қырын қарайды, оның еңбектерін, ойлары мен идеяларын ұрлап алғысы келеді, сондықтан оның әр басқан қадамын аңдып отырады деп есептейді – «Білем ғой, ол жазбаларымды оқып, ұрлап алады да, содан кейін пікір жазушыларды жібереді. Менің профайлымды бұзып кірген де сол, оның үстіне үйімнің қасында көлікте отырғанын да көргенмін».
Бүкіл әлемге Интернеттің зиян екенін түсіндіруім керек!
Жібек Жолдасова: «Айрықша міндетім бар деп ойлайтын сандырақ. Ондай адамдар ерекше мақсатты орындауға міндеттімін деп санайды».
Олар шынайы өмірмен байланысты көрмейді – сөздері ешқандай деректермен расталмайды немесе келтіретін сандары айдаладан алынған, жалған болып келеді. Олардан мақсатын қалай жүзеге асырмақ екенін сұрасаң, ешқандай жоспары жоқ болып шығады. Тек түпкі идеясы ғана бар.
Мысықтар кеше болған. Бүгін – түнек пен қасірет
Биполяр аффектілі ауытқу — маниакалдық (немесе гипоманиакалдық) және деппрессиялық аффект күйден немесе науқастың мания мен депрессия симптомдары жиі алмасып тұратын немесе мания мен депрессия қатар жүретін (мысалы, ширығып отырып уайымға салыну, алаңдау немесе мәңгіріп эйфорияға түсу) аралас күйден көрініс табатын психикалық ауытқу .
Жібек Жолдасова: «Биполяр ауытқулар ретроспективада көрінеді (оның толқындарын біршама уақыт аралығындағы жазбалардан байқауға болады) – көңілсіз, уайымға толы, ашулы жазбалар – депрессия кезеңі. Мания фазасында жаңа жоспарлар, жаңа идеялар көп болады. Әр жазбасы энергияға толы болады, тіпті сандыраққа ұласатын айрықша құнды идеяларға дейін жетеді. Мұндай кезде адамдар жұрттың мазасын алып, көрінген жерге жоспарын тықпалап, айналасындағылардың бәрін соны жүзеге асыру жолына жұмылдыруға талпынады».
Мания фазасы негізгі симптомдар триадасынан көрінеді:
- адамның көңіл-күйі көтеріңкі болады
- жыбырлап қозғалып қоймай қояды
- идеялық-психикалық қозу күйінде болады
Жібек Жолдасова: «Айналада болып жатқанның бәрі өзінің ауруы шеңберінде ғана қабылданады. Объективтілік болмайды, оған сын айтқанның бәрі жауыз болып көрінеді.
Мания фазасында агрессия – ыза, қатігездік көрінуі мүмкін. Мания эйфория күйімен қатар келсе, әлем гүлденіп кеткендей болады – айналадағының бәрі сүйкімді, мейірімді көрінеді. Айталық, депрессия фазасындағы фотосуреттер сұрқай, қайғылы, ал мания фазасында – ерекше көңілді, жарқын болады».
Аяғым толық. Тым толық
Дисморфофобия — адам өз денесіндегі қандай да бір ақау немесе ерекшелікке ерекше уайымдап, айрықша көңіл бөлетін психикалық ауытқу.
Жібек Жолдасова: «Адам денесінің бір немесе бірнеше мәселесіне бас қатырып, уайымдайды. Ұзақ уақыт бойы, тынбай, соны ойында айналдыра береді. Объектив сынға мән бермейді де, сол жағдайды түзетуге ешқандай әрекет жасамайды да».
Әрине, әлеуметтік желілердегі жазбаларына қарап, адамға нақты психиатриялық диагноз қою қиын. Алайда, өз бойыңыздағы және айналада болып жатқан жағдайларды сараптап отырған әрқашан пайдалы.