ДомойМедиасынЕкі президент және су тасқыны. 2019 жылдың 7 сәуіріндегі апталық сараптама

Екі президент және су тасқыны. 2019 жылдың 7 сәуіріндегі апталық сараптама

Екі президент және су тасқыны. 2019 жылдың 7 сәуіріндегі апталық сараптама

Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жұмыс кездесулері, Қазақстан Республикасының қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей Федерациясына жұмыс сапары, су тасқыны және жаңа әлеуметтік бағдарламалар. Бірінші арна Еуразия, Хабар, QAZAQSTAN және КТК телеарналарының өткен аптадағы қорытынды жаңалықтарында көрсеткені осы тақырыптар төңірегінде болды.

«7 күн» , «ХАБАР»

Қазақстан Республикасы Тұңғыш президентінің жұмысына 20 минут, ал екінші президент Тоқаевтың сапарына 7 минут артық арнады. Тоқаевтың ант бергенінен кейінгі ресми сапарын «Хабар» мемлекеттік телеарнасының эфиріндегі қорытынды жаңалықтарда тек 21-ші минутта көрсетті. Бағдарламаның бірінші бөлімі Нұрсұлтан Назарбаевтың жұмыс кестесіне: кеңсесіндегі қызметкерлерімен кездесуіне, Ұлттық банк төрағасын қабылдауына, Иордания королімен телефон арқылы сөйлесуіне арналды.

Назарбаевтың Алматы облысындағы туған ауылы Шамалғанға сапары лирикалық сюжетке айналыпты. Табиғат, музыка, Алматы және Астананың келбеті. Президент оқыған мектепті музейге айналдырған. Журналист стендапында мұнда Елбасының заттарына қандай ыждағаттылықпен қарайтынына тоқталады. Тұңғыш президентті күтіп алған халық: «Нұрсұлтан – Қазақстан» деп ұрандайды. Нұрсұлтан Назарбаев бала күнгі достарының және сыныптастарының жанында жас әрі тартымды көрінеді.

Назарбаевтың туған ауылына барғаны туралы лирикалық сюжеттен кейін Тоқаевтың Мәскеуге сапарын баяндауға ұласады. Журналистер Тоқаевты әуежайдан күтіп алғаннан кейінгі хаттамалық кездесуді емес, бірден Қазнетте бірнеше күн талқыланған видеоны көрсетті. Видеода ресейліктер Тоқаевтың кортежіне таңданып жатады. Содан кейін Тоқаев сапары медианың баса назарында екенін айтады. «Россия» телеарнасы жүргізушісінің синхронын, содан кейін Тоқаевтың, Путиннің, ресейлік шенеуніктердің сұқбаттарынан ұзынды береді. Тағы да Тоқаев тағы да Путинді көрсете келе ТМД арасындағы ынтымақтастық тақырыбына өтеді.

«Жеті күн» Тоқаевтың Мәскеуге сапарына БАҚ-тың үлкен назар аударғанына сендіруін жалғастырады. Түрлі басылымдарда жарық көрген жеті мақаланы да эфирге шығарады. Содан кейін Тоқаевтың екі сұқбатын жеке сюжетпен көрсетеді.

Бағдарламада содан кейін барып қазіргі Президенттің жұмыс графигі жөнінде дайджест көрсетіледі.

Келесі тақырып – әлеуметтік сала. Қазақстанда мұқтаж отбасының әр баласына 21 мың теңгеден әлеуметтік көмек берілетіні мәлім болды. Жәрдемақыны көтеруге Астанада бір үйдің бес баласы өртеніп кету оқиғасы себеп болды. Балалар өртеніп кеткенде олардың әке-шешесі жұмыста болған екен. Міне, содан кейін Қазақстанның қалаларында көпбалалы аналар акция ұйымдастырды. Бірақ, сюжетте бұл туралы айтылмайды. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрінің айтқанын беріп, көпбалалы отбасылардың алатын жәрдемақы есептелген инфографиканы көрсетіп, Денсаулық сақтау министрінің дәрігерлер қанша жалақы алатыны жөніндегі пікіріне ұласады. Сюжет Премьер-министрдің мемлекет ұсынған әлеуметтік бағдарламалар туралы сөзімен қорытындылады.
Бағдарламаның соңын Қазақстан еріктілерінің қозғалысы туралы сюжетпен аяқтады. Диктор сөзінен сюжеттің не туралы екені аса түсініксіз. Бірақ, сюжет ортасында еліміздегі еріктілер қозғалысының құрылуы Назарбаевтың еңбегі екенін айтып өтеді. Ол ЭКСПО-дан кейін жастарды және соның ішінде еріктілерді қолдау керегін тапсырған.

APTA, QAZAQSTAN

QAZAQSTAN ұлттық арнасының APTA апталық-сараптама қорытынды жаңалықтар бағдарламасы қазақ тілінде шығады. Мұнда да «Хабар» телеарнасының әдіс-тәсілін қолданады. Яғни, Тұңғыш президент аптаны қалай өткізгенін баяндайды. Содан кейін барып екінші президенттің жұмыс сапарына ойысады.

«Онлайн» айдарында да (әлеуметтік желілердегі қызық тақырыптарға шолу) Тоқаевтың Мәскеудег кортеж видеосын көрсетіпті. «Хабардан» айырмашылығы сонда сюжет ішінде емес «Онлайн» айдарында бөлек береді.

Мұнда саясаттанушы Ерлан Қариннің инстаграмға жазған түсініктеме постын да шығарады. Онда ол Тоқаевты аса құрметпен күтіп алудың белгісі мотоциклшілердің көптігінен көрінетінін жазған екен.

«Онлайн» айдарының соңында Алматы облысы аумағында атом электр станциясын салу жоспарына наразы қолданушылардың посттарын беріпті. Энергетика вице-министрінің «АЭС салуға жер дайын» деген пікіріне Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы ешқандай құжаттар келіп түспегені жөніндегі жазған постын қарсы қояды. Мамандар АЭС салудың қауіпті екенін де айтып өтеді.

Әрмен қарай президенттің тікелей өзіне қатысы жоқ тақырыптарға ойысады. Бұл аптада басқа телеарналардың ақпараттық-сараптамалық бағдарламаларына енбей қалған тақырып – Қазақстандағы ажырасу мәселесі. Мұны тек QAZAQSTAN ұлттық арнасы қозғапты. Онда көптеген отбасының баспана және тағы басқа да жәрдемақы алу үшін заң жүзінде құжаттай ажырасып, шын мәнінде бірге тұратынын айтады. Бұдан бөлек ЖСН-дегі қате тақырыбына да 6 минуттық сюжет арнапты. ЖСН-і қате қазақстандықтардың қандай мәселелерге кезігетінін айтып өтеді. Тағы бір эксклюзив тақырып – Қазақстандағы дәрігерлер тапшылығына арналған. Бағдарламаны аутист-балаларға аз көңіл бөлінетіні туралы және бір медициналық тақырыппен қорытындылайды.

«Портрет недели», КТК

КТК телеарнасындағы қазіргі «Портрет недели» бағдарламасының бұрынғы Платонов, Красиенко және Пономарев жүргізген бағдарламадан көп айырмашылығы бар. Бағдарламада сюжет жоқ. Эфирде бір сағат бойына Парламент Мәжілісінің депутаты Артур Станиславович Платонов сөйлейді. Ара-арасында бұған дейін жаңалықтарда көрсетілген сұқбаттарды және көшеде жұрттан алынған сауалнамаларды береді.

Бағдарламада барлығы 15-тен көп тақырып, Қазақстандағы су тасқынынан Үндістан-Пәкістан арасындағы қақтығысқа дейін қамтылған. Платонов әр тақырыпқа қатысты риторикалық сауал тастап, Батысқа сілтеп отырады.

«Мәселен, Батыста ауа райы аз-маз бұзылса, оны апатқа санайды, ал бізде не, шенеуніктерімізбен бұ жағынан мақтана алмаймыз» деп су тасқыны тақырыбына өз ойын кірістіріп өтеді.

«Қазақстанда бала туатындарды өз денсаулығына жауапты қарауы үшін ақша берсе, Батысты жауапсыздығы үшін айыппұл салады» деп тағы бір сөйлейді.

Мұнда Батыс жақсы ма, жаман ба екенін түсініксіз қалды. Мысалы, Қазақстанда пневматикалық қарудан көршісін атқан жасөспірім оқиғасын әңгімелей отырып, ақпан айында Флоридада болған атысты айтып өтеді. О жақтағы жағдай бізден әлдеқайда нашар дегенді де меңзейді.

Платоновтың бағдарламасындағы сюжеттерді көшедегі сауалнамамен жабады. Журналистер әдетте әлеуметтік желіде балеттен бастап паркетке дейін талқылайтын «дивандағы сарапшыларды» сынға алса, Платоновтың бағдарламасында бұл ұстанымды шарықтау шегіне жеткізеді. Адамдар мұғалім мен оқушының қарым-қатынасы, Қазақстандағы кеден қалай жұмыс істейтіні, еліміздегі бейбіт өмір және Тұңғыш президенттің кереметі туралы пікір білдіреді.

Платоновтың тақырыпты қозғаудағы тағы бір тәсілі «Оларда қалай» деген сұрақты қамтып өту. Мысалы, браконьерлердің қолынан қаза тапқан қорықшы Ерлан Нұрғалиев (оқиға қаңтарда болған) браконьерлерге оқ ату құқына ие болғанда тірі қалар ма еді, деген сауал тастайды. Әлде бұған құқықы бар ма еді, егер құқы жоқ болса, онда бұған рұқсат беру керек шығар, деп сұрайды. «Бірақ, біз АҚШ емеспіз», қорғану үшін адамға қарсы оқ ата алмаймыз, міне сондықтан да батырларымыз қаза тауып жатыр, деп айтып өтеді.

«Аптап», КТК

КТК телеарнасының орыс тіліндегі «Портрет недели» сараптамалық бағдарламасы мен қазақ тіліндегі «Аптап» апталық-сараптамалық бағдарламасын салыстырсақ, онда «Портрет неделі» кемшін қалып жатқанын көреміз. Есесіне қазақша сараптама бағдарламасы өрлеп тұр.

Жүргізуші Серік Жанболат эфирде Леонид Парфеновтың сүйікті тәсіліне салады. Өз ойын түрлі заттармен көркемдеп жеткізеді. Мысалы, Атыраудағы Жайық өзенінде балық пен ұлулар қырылуына көрнекілік ретінде термометрді көрсетеді. Термометр ауа температурасын өлшесе, ұлулар судың сапасын тексеретінін, таза суда өмір сүретінін айтады. Ұлулар өлсе, судың нашарлағанын білдіреді, дейді. Қазақ-қырғыз шекарасындағы жүк көліктерінің тұрып қалуына қатысты сюжетке аңдатпа жасаудан бұрын грек жаңғағын көрсете отырып, соның Қырғызстанда қаншаға, Қазақстанда қаншаға сатылатынын айтып өтеді.

Ал ток көзінің ұзартқышымен бәріміздің де әлеуметтік желілерге тәуелді болып қалғанымызды жеткізеді. Абай шығармаларын қайта басып жариялауды ұсынатын абайтанушы туралы сюжеттен алдын диктор үстелінде Абай Құнанбаевтың бюсті мен «Абай жолы» романы тұрады. 

«Аптап» бағдарламасында «Портрет недели» бағдарламасынан айырмашылығы көп. Журналистердің репортаждары бар. «Көлеңкедегі кісі» атты қызық айдары да бар. Сонда көлеңкеден жүзі анық көрінбейтін, тек сұлбасы көрінетін ер азамат өткір тақырыптарға қатысты ой айтады. Бұл жолы әлеуметтік желілердегі шенеуніктер, олардың бәріне де әлеуметтік желілерге тіркелу туралы тапсырма берілгенін, бірақ министрліктерде смартфон алып кіруге болмайтынын, мұны қалай түсінуге болатыны жөнінде сауал тастайды.

«Аптап» бағдарламасы расында да аптаның ең өзекті тақырыптарын (су тасқыны, балық пен ұлудың қырылуы, Қырғызстанмен шекарада жүк көліктерінің тұрып қалуы, әкімдердің жаппай әлеуметтік желілерге тіркелуі, Қазақстанда тегін таратылатын дәрі-дәрмектің Өзбекстан дәріханаларында сатылуы) қозғайды. Ал Тоқаевтың Мәскеуге сапары жөнінде қысқа ғана, онда да сюжет емес, видео+интервью түрінде айтып өтеді. Соның ішінде тек Ресейдің Қазақстанда АЭС салу жөніндегі ұсынысы мен оған қатысты көзқарастарды ерекшелеп көрсетеді.

«Аналитика», Бірінші арна Еуразия

Бірінші арна Еуразияның апталық-сараптама қорытынды бағдарламасы елдегі су тасқынына арналыпты. Биылғы жағдай былтырға қарағанда едәуір дұрысталғанымен де зардап шеккен отбасылар бар. Сюжет үлкен әрі тыңғылықты, толыққанды жасалған. Оқиғалары көп. Журналист селдің себебіне тоқталып, қызық цифрларды сөйлетеді. Мысалы, қай аумақтан қанша су сорып алынғанын, оның бес олимпиада бассейнін толтыруға жететінін есептейді.

Су тасқыны туралы сюжетке орайластыра Қазақстанның батысындағы балық қырылуы туралы ақпарат кетеді. Балықтың оттегі жетіспеушілігінен қырылуы мүмкін екенін де келтіреді.

Бағдарламада президенттерге арналған үлкен блок бар. Онда қазіргі Президенттің Мәскеуге сапары, оның Instagramда тіркелгені, интернетте не істейтіні туралы тыңғылықты сюжет шығады. Блок соңында кадр сыртындағы мәтін түрімен Ебасының қалай тұрып жатқанын, туған жеріне сапарын, сыныптастырымен қалай кездескенін көрсетеді.

Хронометражына қарасақ, негізгі сюжеттердің бірі, экологиялық мәселе — пластикалық пакеттердің зиянына арналыпты. Онымен қалай күресуге болатынын, тыйым салына ма, жоқ па екені жөнінде толғанады.

«Аналитика» бағдарламасының ерекшелігі – авторлық айдарлар. Ержан Өтепқалиевпен бірге Төтенше жағдай туралы «Мелочей не бывает» айдарында көрсетеді. Мұнда үш шулы оқиға да, атап айтқанда Шымкентте нәрестенің клизма кезінде қайнаған судан күйіп қалуы, Атырау облысында мүгедек-балаларды ұрып-соғу, Денис Тен қаза тапқан жерде ұрылардың Олимпиада чемпионы Баландиннің көлік әйнегін ұрлап кету жайында да айтады.

Әрмен қарай кенеттен Президент тақырыбына ойысады. Мұны алдын президенттер туралы блокқа қосуға болар еді. Дегенмен, экономикалық сарапшы Денис Кривошеев бұл жолы саясат туралы қаузайды. Оның сөзін студияда емес, алдын жазып алынған видео арқылы берді. Ол мықты көшбасшы Елбасыдан кейінгі Қазақстан қалай болады, деген сауал төңірегінде сөйлейді.

Тағы бір айдар – Олег Журкевичтің «Не до шуток» айдары. Мұнда Қазақстанның ұлан-байтақ жері байлығымыз екенін, бірақ дәрігерлер үшін сынаққа айналғанын айтады. Сондықтан да тек санавиция құтқарады екен. Әрмен қарай санавиация дәрігерлері адамдардың өмірін қалай сақтап қалып жатқаны жөнінде үлкен әрі тыңғылықты сюжет кетеді.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР