ДомойМедиасынОрталық Азиядағы медианың 1 сәуір қалжыңдары

Орталық Азиядағы медианың 1 сәуір қалжыңдары

Орталық Азиядағы медианың 1 сәуір қалжыңдары

1 сәуір – Күлкі күнінде Орталық Азия елдерінің медиаредакциялары сайттарында әзіл-қалжыңға құрылған, әйткенмен өзекті жаңалықтарын жариялады. Мысалы, жемқорларды ату, жергілікті әлеуметтік желілер ашу туралы жаңалықтар шықты. Аймақ халқы әбден үйреніп қалған ресми хабарламалар фонында бірінші сәуір жаңалықтары рас көрінгені соншалық, қолданушылардың көбі сеніп қалды. Мұның жалған екенін түсінгенде, журналистерден билікке жаңа идея бермеуді кеңес етті.

Кейбіреулері алдағы уақытта солай болуы да мүмкін екенін болжады.

Шынтуайтына келгенде, Орталық Азия елдерінің редакциялары бұрын да 1 сәуірде газет, телерадио арқылы әзіл жаңалық тарататын. Аудитория бұған сеніп те қалатын.

2010 жылы отандық КТК телеарнасы ел аумағында «құрғақ» заң енгізілетінін, бірақ алкоголь өнімдерін өндірушілердің бірі бұған қарсылық ретінде 1 СӘУІР күні барлығына тегін спирт тарататынын хабарлады. Көрсетілген мекенжайға қолдарына пластмасса бөтелке ұстаған жұртшылық жиналған еді.

Мысалы, Тәжікстанда 2001 жылы 1 сәуір қарсаңында жергілікті газеттердің бірі «Азаматтар ортадан ақша жинаса, сол кездегі ОРТ ресейлік телеарнасының республика аумағында хабар таратуын қайта бастайтыны» туралы ақпарат жариялады. Редакция ғимаратының алдына «инвесторлардың» ұзын-сонар кезегі түзілді.

Мұндай ұқсас оқиғаларды басқа да республикалардың журналистері біледі. Таңданатын дәнеме жоқ, БАҚ-тың айтқанына сенетін қарапайым аудитория. Алайда, Орталық Азия журналистерінің биылғы әзіл жаңалықтарына тіпті медиада бірге жүрген әріптестері де сеніп қалды. Өйткені, жаңалықтар соншалықты шындыққа жақын, көп күткендей болып шықты.

Әзіл-қалжың шындыққа, ал шындық әзілге айналды. Қалайша?

Мәселен,  1  сәуірде Тәжікстанда Asia-Plus редакциясы ғана аудиториясымен қалжыңдасты. Басылым таңертеңнен Душанбе қаласының мэрінің (Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның ұлы Рустам Эмомали) қаулысына сәйкес, «маршруткаларда» тұрып баратын жолаушылар жолақысын төлемейтінін хабарлады. Бұл хабарлама жұрт арасында тез таралғаны соншалық, ертеңіне, яғни 2 сәуір күні душанбелік «маршруткалардың» жүргізушілері орын болмай, тұрып баратын жолаушыларды тасымалдауды тоқтатты.

Редакция хабарлама лидінде бас әріптермен БІРІНШІ СӘУІР күні деп жазған. Дегенмен, жұртшылыққа хабар жетіп, көбі дерлік елең еткен сәтте мәтін соңына «Бүгін күллі әлем Күлкі күнін атап өтеді, біз де тыс қалмадық» деп қосты. Әйткенмен, абыр-сабыр басталып кеткен-ді.

Тәжікстанда Душанбенің жас мэрі және оның әкесі туралы әзіл хабар тарата бермейді. Сондықтан да көптеген оқырман бұл хабарды шындық деп қабылдады.

Тек қарапайым оқырмандар ғана емес, мысалы, Тәжік телеграф агенттігі (ТаджикТА) де бұл хабарды шындыққа балап, тіпті Asia-Plus ресурсына сілтемесіз жариялады.

Asia-Plus сайтында тағы басқа әзіл-қалжыңы аралас жаңалықтармен қатар ресми әрі рас хабарламалар да шықты. Мәселен, Ислам орталығы тәжікстандықтардың қайда намаз оқуға болмайтынын түсіндірді. Бұған көбі сенбеді. Бірақ, ақпар рас еді.

Ресми билік әзіл-қалжыңға қатысты қандай түсініктеме берді?

Нұр-Сұлтан қаласына қатысты оқиғадан кейін қазақстандықтар бұрынғыдан да сенгіш бола бастады.

Тіпті ҚР Ішкі істер министрлігінің әкімшілік полиция комитеті желіде автокөлік нөмірлеріне қатысты тараған ақпараттың жалған екенін ресми хабарлауына тура келді. «Интернетте тараған ақпарат шындыққа жанаспайды», — делінген комитеттің фейсбуктегі парақшасында.

Еске салсақ, бұған дейін желіде автокөліктің мемлекеттік тіркеу нөмірлеріне қатысты тарап жатқан ақпарат қазақстандықтарды шулатты. Онда қосымша ақша төлеп, KZ-тің орнына NUR символдары жазылады деген ақпарат тараған болатын.

Zona.kz интернет-газеті 2020 жылдан бастап Қазақстанда автокөлігі жоқтарға салық төлететіні туралы хабар таратты. Көптеген қолданушылар бұған сеніп қалды. 2014 жылы Қазақстанда бойдақтарға расымен де салық төлетуді ұсынғанын ескерсек, бұған да қалайша сенбесін?!

Бірінші сәуірде Lada.kz сайты арнайы комиссия көптеген тұрғынның өтінішімен жемқорларды, парақорлар мен бюджеттен қаржы ұрлайтындарды Каспий жағалауына апарып, зеңбіректен атуды қарастырып жатқанын хабарлады. Мұны ешкім терістемегенімен қолданушылардың көбі арман жетегінде мақұлдап жатты.

Айтпақшы, журналистердің әзіліне әріптестері де сеніп қалды. The-tech  сайты «Yandex» компаниясы Antidolg.kz отандық стартапының 40% үлесін 10 млн долларға сатып алғанын жазды. 7kun.kz сайты сол ақпаратты қазақ тіліне аударып, жариялады.

Sputnik Kazakhstan редакциясы «БАҚ-та жарияланған қалжың жаңалық үшін жазаға тартуы мүмкін бе?» деген сауал төңірегінде ойлана келе, 1  сәуір кешкісін ресми пікірлерді қоса отырып, салмақты материал шығарды.

Ресейлік БАҚ-тың Қазақстандағы өкілдігінің бұл сауал төңірегінде толғануы кездейсоқ емес. Ресейлік редакциялар өз желілік басылымдарында 1 сәуірге қатысты әзіл-қалжың жаңалық жазбады. Өйткені, 29 наурызда Ресейде фейк жаңалықтарға қатысты жауапкершілікке тартатын заң қабылданды.

Қырғызстанда қалжың жаңалыққа сенгендер аз

Қырғызстанда да 1 сәуір күніне көптеген қалжың ақпарат шықты. Kaktus Media сайты қырғызстандық БАҚ-тардағы әзіл жаңалықтар шолуын жасады. Әйткенмен, Қырғызстанда ешбір фейк-ақпарат Тәжікстандағы сияқты кең таралмады. Қазақстандағы сияқты басқа медиалар көшіріп те жарияламады. Пікірлерін оқысақ, қолданушылар мұның қалжың екенін бірден анықтапты.

Әйткенмен, жұртты сендіргендері де бар. Мәселен, Tazabek іскерлік басылымы ресейлік БАҚ-қа сілтеме жасай отырып, Нарында жекеменшік ғарыш айлағы салынатынын хабарлады. Саясаткер Эмилбек Каптагаев мұның аудан экологиясына зиянын талқыға салды. Бірақ, кейін сол постын парақшасынан өшірді. Қырғызстанда бірінші сәуір қалжыңдары аса танылмады. Өйткені, ондағы бірінші сәуір қалжыңдары шын өмірдегі жағдайға ұқсай қоймады.

Қазақстан және Тәжікстандағы фейк жаңалықтарға қатысты жазылған ең танымал комментердің бірі «Біздегілерден бәрін күтуге болады» деген пікір. Бұл пікір осы елдердегі аудиторияның сенгіштігін ақтай түссе керек.

1 сәуір — Күлкі күнінде өзбекстандық журналистер мүлдем қалжың ақпар таратпады. Түркіменстандағы ахуал түсінікті де.

Әлеуметтік желілер фейк ақпаратты көп таратады

Енді осы медиадағы бірінші сәуір әзіл-қалжың ақпараттар туралы медицина ғылымдарының кандидаты, дәрігер-психотерапевт, Невроз және Альцгеймер ауруларын емдеу Клиникасының (Қазақстан) директоры Жібек Жолдасова не ойлайды екен? Өзінен сұрап-білдік.

«Бүгінде әлеуметтік желілер, соның ішінде мессенджерлер кең қолданыста. WhatsApp-тың арқасында адамдар ақпаратты, тіпті фейк-ақпаратты да өте жылдам таратады. Адамдар мұның өтірік не рас екенін талдамайды. Жазылғанның бәрін шындық деп қабылдайды

Сондықтан да бірінші сәуір қалжыңдары – оның қалжың екенін көрсетпей жариялағанда, адамдар тарапынан мүлдем басқалай қабылдануы кәдік. Адамдар жазылғанның бәріне сенуі әбден мүмкін.

Адам есейген сайын түрлі мерекелерге мейлінше аз назар аударып, елеп-ескереді. 1 сәуір де бұған кіреді. Тіпті, кейбіреулер мұндай күннің барын есіне түсіре алмайды. Өйткені, бұл жұмыс күні. Сондықтан да адамдар жұмысымен әуреленіп, бүгін Күлкі күні екенін білмей де қалады. Жыл өткен сайын 1 сәуірге жұрт назары азая береді»

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР