1941-45 жылдары Қазақстаннан соғысқа 1 196 164 адам аттанды, оның 601 939-ы майданда опат болды. Жеңістің 75 жылдық мерейтойына соғыс ардагерлерінің 1025-і жетті. Бұл статистиканың не қажеті бар дерсіз?! Маған қазақстандық медианың, соның ішінде телеарналардың контент жасау және ұсыну позициясы қызық болды.
Жеңіс күні кім үшін қажет? Мерекелік контент кімге арналған: санаулы ардагерлерге ме әлде өткенге салауат айтар ұрпаққа ма? Сонымен 9 мамыр күні отандық телеарналардан не көрдік? Басты назарда — QAZAQSTAN ұлттық арнасы.
Мерекелік бағдарлама таңғы сағат 07:10-да «Ұлы Жеңіс – ұрпаққа аманат» концертінен басталды. Концерттен соң «Мәншүк туралы дастан» көркем фильмі берілді (1969 ж. «Қазақфильм» студиясы түсірген, режиссері М. Бегалин).
Телеарна мерекеге орай «Ұлы Отан соғысындағы жеңіске 75 жыл» плашкасын қойыпты. «Хабар», «Хабар24», «7 арна» сияқты өзге арналар «Ұлы Отан соғысы» тіркесін қолданбай «Ұлы Жеңіс» деп қайырыпты. Соңғы уақытта «Ұлы Отан соғысы ма әлде екінші дүниежүзілік соғыс па» деген мәселеге қатысты тартыс көп. QAZAQSTAN ұлттық арнасының осы мәселеде позициясы айқын, бұл сұраққа тағы ораламыз.
Мерекеге орай бірнеше промо-ролик дайындалған. Мәселен Роза Бағланованың соғыс жылдарында майдандағы жауынгерлер рухын көтеру үшін 873 рет концерт бергені, кейбір концерттің 10 сағатқа созылғаны, Берлинге дейін жеткені, осылайша әнші «Ерлігі үшін» медалімен марапатталғаны айтылады.
Тағы бір ролик әбден жауыр болған «Майданда атылған 10 оқтың 9-ы Қазақстанда жасалғаны» жайлы дерекпен қоса, тылдағы еңбекшілердің ерлігі туралы мәлімет береді. Алайда таңғы концерт, соғыс туралы фильм, арнайы роликтер — бүгінгі бағдарламалар толықтай Жеңіс күніне арналғанын білдірмеді. Телеарна көрермендері күнделікті көрсетілетін сериалынан қағылған жоқ. Сериалдар әдеттегі кестеден ауытқымады.
Жылда 9 мамыр күні алаңдарда мерекелік парад, шерулер, Отан қорғаушылар монументінде еске алу шаралары өтетін. Бұл шараларға қатыса алмаған қарт ардагерлеріміз теледидарға телміруші еді. Карантин кезінде теледидар көрермендері әдеттегіден көп болған шығар. Яғни бұл күні прайм-тайм күндізгі сағат 11-12 аралығына жылжиды.
Сағат 11:00-де QAZAQSTAN ұлттық арнасында күнделікті кесте бойынша «Шексіз сезім» түрік сериалының 74-бөлімі жүріп жатқанда басқа арналарды көрдім.
ХАБАР 24 арнасында жаңалықтар. Сюжеттің бірінде астанадағы Отан қорғаушылар монументінің маңынан журналист тікелей репортаж жүргізіп тұр. Ол эфир уақытының тапшылығын айтып, кеудесі орденге толы ардагерден монумент түбіндегі гүл шоқтарына өтеді.
— Карантинге қарамастан жұрт жеңіс символына айналған қалампыр гүл шоқтарын қоюда. Ал мынау раушан гүлдерінің кәрзеңкесі ерекшеленіп тұр. Бұл қорғаныс министрлігінің қойған гүлі…
Қостанайлық «Алау» телеарнасы. Алдын ала «Қаһарман ұлт» телемарафоны ұйымдастырылыпты. Экранда соғысқа қатысқан ардагерлердің аты-жөні мен суреттері үздіксіз көрсетіліп, студияда интерактив режимде аймақтағы ардагерлермен қосылып, сұхбат жүріп жатыр. Журналистің ардагерге қойған сұрағы:
— Бүгін жеңіс күнін қайда тойлайсыз? Қонаққа кімдер келеді?…
QAZAQSTAN KÓKSHE арнасы: «Моя война» хабарында ардагерлер естелігі.
QAZAQSTAN ORAL арнасында: «Соғыс жаңғырығы» арнайы бағдарламасы. Өте сапалы, мазмұнды хабар. Телеарна басшылары 2015 жылы дайындалған хабар контенті 5 жылда ескіретінін ескермегені өкінішті.
QAZAQSTAN QYZYLJAR арнасында: Солтүстік Қазақстан облыстық қуыршақ театрының актерлері қойған «Вспомним о войне» спектаклі жүріп жатыр.
ЖЕТІСУ телеарнасында: Топан судан зиян шеккен мақтааралдықтарға қол ұшын созуға шақырған акция.
— Мақтаарал, Біз біргеміз…
QAZAQSTAN Jambyl арнасында: Айша бибі туралы тарихи бағдарлама.
OTYRAR телеарнасында: «Моя планета» ситкомы.
Күндізгі сағат 11-12 аралығындағы эфирге қарасақ жеңіс мерекесі оңтүстіктен гөрі солтүстік аймақтар үшін өзекті болғанға ұқсайды.
Сонымен бас арнамыз — QAZAQSTAN ұлттық арнасына оралайық. Сағат 12:00. Эфирде Төреғали Төреәлінің концерті. Телеарна дирекциясының қолында қаншама концерт мұрағаты бола тұра неліктен дәл осы әншіге таңдау түскені қызық. Мүмкін «ардагерлер Төреғали Төреәлінің мақсатты аудиториясы» деп ойлады ма екен әлде «концертінде ақсақалды сөккен әншіні өскелең ұрпақ үшін қарттарға құрметтің үлгісі» деп таныды ма екен…
Концерттен соң Әлия Молдағұлова туралы «Мергендер» көркем фильмі (1985 ж. «Қазақфильм» түсірген, режиссері Б.Шәмшиев).
Жалпы 9 мамырда Ұлттық арна соғыс тақырыбына арналған 3 фильм көрсетті («Мәншүк туралы дастан», «Мергендер», «Анаға апарар жол»). Үш фильмнің сюжеті батыр әйел образы, ана махаббаты төңірегінде өрбиді. Бұл кездейсоқ таңдаудан гөрі гендерлік саясатқа ұқсайды.
Кешке дейін эфирді ойын-сауық бағдарламалары толтырады. Ал кешкі сағат 20:00-де «ҰЛЫ ЖЕҢІСКЕ — 75 ЖЫЛ» арнайы жобасын ұсынды. Бағдарламада журналист: «тылдағы еңбек ардагерлері соғысқа қатысқан ардагерлерден неге кем марапатталады» деген ой айтады. Журналист Нұрбек Бекбау ауылда таң атқаннан күн батқанға дейін қара жұмысқа жегілген еңбекшілердің қиямет азабын айта келіп: «Тылда жүргеннен майданда жүрген әлдеқайда жеңіл еді» дейді.
Күні бойы ойын-сауық бағдарламаларынан мезі болып, мерекелік хабарды күткен ардагерлердің бұған пікірі қандай болар екен? Ауылдағы, өнеркәсіп кешендеріндегі қара жұмыстың оңай болмағаны түсінікті. Бірақ соғыста оқ пен оттың ортасында жанын шүберекке түйіп жүрген солдатпен салыстыруға келе ме?
Бір сөзінде журналист: «Соғыс жылдарында Қарағанды шахталарында 50 млн тонна көмір өндірілді. Бұл адамзаттың 100 жылда тұтынатын мөлшерінен екі есе көп» дейді. Егер статистикалық деректерге көз салсақ, қазір әлем бойынша жылдық көмір тұтыну 8,6 млрд тоннаны құрайды. Сондықтан хабарда дәйектен гөрі эмоция басым болды. Ары қарай журналист соғыс жылдарындағы рекордшы диқан Ш. Берсиев, Ы. Жақаев, 100 саулықтан 180 қозы алған шопан Мұқашев туралы айтады. Мұндай рекордтар қандай жолмен жасалды? Бұл Кеңес одағының рекорды емес, науқаны емес пе еді? Осыншама рекорд жасап отырған елде соғыс жылдарындағы аштықтан өлген адамдар статистикасы беріледі. Халықтың аштан өлуі сол кездегі басшылардың науқаншылдығы, ашкөздігі, жағымпаздығынан болғаны да айтылады. Түптеп келгенде «тылдағы бейнет — жеңіс үшін берілген тым қымбат баға» деген оймен түйінделеді.
«Ашық алаң» ток-шоуында «1941-45 жылдар — Ұлы Отан соғысы ма әлде ІІ дүниежүзілік соғыс па» деген сауал талқыланды. Студия қонақтары: тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары Амангелді Қашқынбаев, ҚР Ұлттық музейінің зерттеушісі, тарихшы Серік Әбдірахманов, «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы Әлия Сағымбаева және журналист Махат Садық.
Пікірталас барысында тарихшылар тарапынан тың көзқарас айтылса да жүргізуші мен студия қонақтары тарапынан сол ойларды қостайтын я теріске шығаратын дәйектер айтылмады. Бағдарлама арбаны әрқайсы өз жағына тартқан аққу, шортан һәм шаянды ұқсатты.
Тарихшы Амангелді Қашқынбаев:
— Біз «жеңіс» сөзіне тым көп масаттанып кеттік. Қасіретін айтып отыра бермей, сабақ алуымыз керек еді. Кеңес әскері құрамындағы жауынгерлеріміз бізге құбыжықтай көрсететін Еуропаны өз көздерімен көрді. Өндірісін, өркениетін, тас жолдарын көрді. Алайда елге оралған соң сол қаңыраған ауылдарға, қалаларға оралды. Көрген өркениетінің дәнегі де жұққан жоқ, — дейді.
Ал журналист Махат Садық:
— Батырымыз Бауыржан Момышұлы туралы 50 кітап жазылды, өзі 30-ға жуық кітап жазды. Оны Шарль де Голль, Фидель Кастро ерекше құрметтеді. Ресейдің атақты режиссер, драматургі Вера Павловна Рошальдің махаббаты болды. Ал біз Бауыржан Момышұлын пайдалана алмай жүрміз. Оны идеологияда рух беретін образ ретінде қолдану керек, — деген ұсыныс тастады.
Идеология, конспирологияға жүргізушінің өзі де қарсы емес. Тіпті пікірталас кезінде «Ресей мен Германия Еуропаны бөліп алу үшін соғыспады ма?», «Әлия мен Мәншүкке қатысты басқаша әңгіме айтылып жүр ғой», «28 панфиловшыларды аңыз дейді ғой» деген сұрақ қойып, пікірлерін айтты.
Бір сағатқа созылған бағдарламада түрлі көзқарас, деректер, әңгімелер айтылды. Соның ішінде Амангелді Қашқынбаев айтқан бір эпизод есте қалды.
Қима ауылынан соғысқа аттанған 50 еркектің тек 5-і қайтады. Біраз жыл бойы осы бес еркек үйіне жалақысын әкелмеген. Олар тапқан табысын ортаға салып, жетім, жесір қалған отбасыларды асыраған екен.
Қазақстанда қазір көзі тірі 1025 ардагер ғана қалды. Жылдан жылға бұл сан азая бермек. Бізде 5 ақсақал қалса, табысымызды емес, жеңіс қуанышын бөлісе алар ма екенбіз? Сый, құрметімізді жеткізе алар ма екенбіз? Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерейтойында отандық телеарналардан көргеніме қарап, бұл сұраққа жауап бере алмадым.