ДомойМедиасынЖеңіс күні, топан су және карантинге өзгеріс. 4-10 мамыр қорытынды ТВ-бағдарламаларына шолу

Жеңіс күні, топан су және карантинге өзгеріс. 4-10 мамыр қорытынды ТВ-бағдарламаларына шолу

Жеңіс күні, топан су және карантинге өзгеріс. 4-10 мамыр қорытынды ТВ-бағдарламаларына шолу

Осы аптаның қорытынды бағдарламаларындағы басты тақырыптар қатарына коронавирус енбеді. Үш қорытынды бағдарлама да («Большие новости» шықпады) аптаның басты тақырыбы – Ұлы Жеңістің 75 жылдығынан басталды.

9 мамыр сюжеттерінің барлығы соғыс ардагерлері хикаясынан құралған. Сюжет желісі, түсірілімі, бәрі-бәрі әдепкі қалыптан аспады. Журналистер де мұндай тақырыпта сюжетті ерекше дайындауды түсінсе де басқаша қалай жасауды білмесе керек-ті.

Қазақстан оңтүстігіндегі топан су салдарын жою жұмыстары – аптаның екінші басты тақырыбына айналыпты. Мамыр басында Өзбекстан аумағындағы Сардоба су қоймасының бөгеті бұзылып, Қазақстандағы елдімекендерді де су басып қалған еді. Бұл аптада барлық бағдарламада топан судан зардап шеккендерге қалай көмектесіп жатқанын көрсетті.

Тұрақты шолуымызға «Хабар», «Еуразия бірінші арнасы» және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламаларын қамтыдық.

«Большие новости», КТК

Мерекеге байланысты «Большие новости» бағдарламасы эфирге шықпады.

«7 күн», «Хабар»

Бағдарлама Жеңістің 75 жылдығынан басталды. Жүргізуші алғысөзінде соғысқа қатысқан ата-бабасының портретін ұстаған ұрпақтарының дәстүрлі жаппай шеруі пандемияға байланысты болмай қалғанын, алайда ешкім де ештеңе де ұмытылмайтынын, олардың бәрі де ортамызда екенін айтты. Тақырып сюжетке жалғасты.

Ардагерлер мерекеге келе алмаса да мереке олардың үйіне келді. Өскеменде 101 жастағы соғыс ардагерінің үйіне қарсы бетте үлкен LED-экран қойылыпты. Сол үлкен экраннан ардагер хикаясын әңгімелеп, оны мерекемен құттықтаған сәттің видеосын көрсетті. Шемонаиха ауданының тағы бір майдангері 101 жасқа толғанын атап өтіп, ұзақ жасауының сырын айтты. Салауатты өмір салтын ұстанып, көтеріңкі көңіл-күйде жүреді екен. Басқа аймақтардағы соғыс ардагерлерінің хикаясын да тап осылай баяндады. Майдан даласында қаза тапқан, осы күнге жете алмаған жауынгерлерді ұмыт қалдырмады. Ұрпақтары олардың естелігін, жазған хаттарын, фотосуреттері мен медальдарын көзінің қарашығындай сақтап келеді. Адамдар хикаясынан тұратын сюжетке Гумилев атындағы ЕҰУ-інде өткен ғылыми-практикалық конференцияны кіріктіруі әрі тосын әрі орынсыз көрінді.

Түркістан облысында топан судан зардап шеккендерге көмектеседі. Сюжет «Үлкен су» деп аталады («Большая вода» — түпнұсқасы). Топан су қайдан келгенін, қанша елдімекен су астында қалғанын қысқа айтып, тұрғындарды сөйлетті. Айтуларынша, бәрін тамақтандырып жатыр, балалардың ойыншықтары да бар. Тілшінің сөзінше, ең алдымен адамдарды қауіпсіз орынға жайғастырып, сосын шығынды есептеуге кірісіпті. Зардап шеккендерге Қазақстанның түкпір-түкпірінен, әсіресе, Арыс тұрғындары өте белсенді көмектесіп жатыр.

Төтенше жағдай режимі аяқталуға таяғанда «7 күн» командасы оқшауланып, үйден хабар таратудың жалпы қорытынды есебін жасады. «7 күн» келесі аптада студиядан эфирге шығады. Олар бұған дейін қатарынан бірнеше эфирді үйден жасады. Осы уақытта Александр Трухачев монтаж жасауды үйреніп, дыбыс режиссері жұмысынан аз-кем хабардар боп үлгеріпті. Тіпті сәл-пәл шаштараз болыпты. Команданың басқа да мүшелері карантиндегі өмірін айтты. Әмір Сәменбетов тоғыз айлық қызымен сюжетке түссе, Елена Устимович қызымен бірге онлайн-оқытуды меңгеріпті. Көршілерімен қоян-қолтық араласыпты. Олар оған сюжет жасауға көмектескен екен. Айгүл Амантаева карантинде смартфонға сюжет түсіріп, кадрда не боп жатқанын қадағалай жүріп бір мезгілде мәтін оқудың қаншалық қиын екенін түсініпті. Енді бірі тамақ пісіруді үйренсе, тағы бірі үйінде спортпен шұғылданыпты. Сюжетте басқа да әріптестері туралы, мәселен, тікелей эфирде сүйгеніне сөз айтқан «Хабар 24» тілшісін де көрсетті. Жып-жылы, жанға жағымды сюжет.

Сюжет соңын тележүргізуші Трухачевтің тағы бір жетістігімен толықтырды. Ол әдетте үйінен жұмысқа баруға жұмсайтын уақытын ағаш ұстасы кәсібін игеруге арнапты. Осылайша Марс иті бақшадағы сәбізді сүйретіп кетпеуі үшін жүйектерді қоршап қойыпты.

«Аналитика», «Еуразия бірінші арнасы»

Бағдарлама Жеңіс күнінен басталды. Соғыс ардагерлері мен ұрпақтары биылғы 9 мамыр мерекесін қалай тойлатқанына арналған топтаманың алғысөзі шұбалаңқы. 9 мамыр туралы ма әлде коронавирус туралы ма? Бірден түсіну қиын. Авторлар анық әрі айқын екі тақырыпты бір-біріне араластырмай, мұқият бөлектеудің орнына бір-біріне олпы-солпы кірістіріпті. Сюжет дроннан түсірілген әсерлі стендаптан басталды: камера тілшіден алыстағанда көпқабатты үй қабырғасына бейнеленген Бауыржан Момышұлының мураль суретін көреміз. Сюжетте ардагерлерді, саяси жетекшінің кім екенін, «Комсомольская правда» газетінің алғашқы әскери санын, майдандағы әйелдерді және тағы басқасын көрсетеді. Сюжеттегі тақырыптар бірсарынды ауысқанымен сюжет құрылымында қисын аз.

Жалпы Жеңіс күні сияқты маңызды мерекеге арнап жақсы сюжет түсіру де қиын. Авторлар бұл материалға барлық дайын үлгілерді: «Вставай, страна огромная!» әнін шырқаған ардагерлерден бастап «Соғыста ажал бірге еріп жүреді» деген дәйексөздерге дейін жинапты.

Солтүстік Қазақстан облысында (мұнда біраз уақыттан бері індет жұқтырғандар тіркелмепті) коронавиусты қалай еңсергеніне арналған сюжетте баланс сақталмады. Сондықтан үгіт-насихат материалына айналып кетті. Сюжеттің жалпы айтпағы: «барлығын тоқтатып, барлығын жауыпты, тіпті кейбір кездері асыра сілтеп жіберіпті, есесіне, енді бізде бәрі тамаша, сенбесеңіз, қараңыз» дегенге саяды. Ал карантин жарияланып, подъезді тарс жабылған үй тұрғындары балконға шығып, концерт тыңдайды: волонтер-әртістер «Бүгіннен де болады ертең нұрлы» деген әндер шырқайды. Сюжетте ешкімнің де шағымдануына мүмкіндік бермеді.

Түркістан облысындағы топан су туралы материал толымды әрі байыпты әзірленіпті, бірақ цифрлары тым көп.

Әлемдегі коронавирус жағдайына сюжет-калейдоскоп дайындапты: әлем пандемия салдарынан оңалды ма (жоқ әлде оңалмады ма), АҚШ-та ойын-сауық-сауда орталықтары мен жағажайлар ашылыпты, Қытайда балалар мектепке бара бастады, Гонконг саябақтарындағы жүріс-тұрысты робот-ит бақылайды, Таиландта мысықтар коронакүйзелісті емдейді, ал Бразилиядағы тропикалық ормандарда өмір сүретін байырғы тайпалар медициналық көмектен қол үзіп қалды.

Apta, QAZAQSTAN

Ұзақ демалыс күндері мен мерекелерге қарамастан, Apta бағдарламасы 52 минутқа созылды. Әдетте 45-46 минуттан аспайтын.

Бағдарлама 11 мамырда Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссиясының отырысын өткізетіні туралы қысқаша хабарламадан басталды.

Бірінші сюжет — аптаның басты тақырыбы — Жеңіс күніне арналды. Алғысөзде президент Тоқаевтың құттықтау сөзі оқылып, сюжетке жалғасты. Сюжет басында тілші Алматыдағы 28 панфиловшы жауынгер атындағы саябақтан стендап жасады. Ол жыл сайын 9 мамырда мұнда көп адам жиналатынын, биыл ешкім жоқ, мүлгіген тыныштық екенін айтты. Сюжетте ардагерлер хикаясын баяндап, сөйлетті. Ал бағдарлама авторлары соғысқа атау беруден, яғни «Ұлы Отан соғысы» атауын айтудан қашқақтаған сияқты. Соның орнына «соғыс», «қан майдан» сияқты сөздерді қолданды. Ал титрлерде «соғыс ардагері» деп қана жазды.

Түркістан облысындағы топан су салдарын баяндайтын сюжет тұщымды ақпаратқа толы. Баспанасынан айырылған тұрғындарға көмектесу жайын егжей-тегжейлі әңгімеледі. Айтпақшы, Apta бағдарламасының өткен шығарылымында «Мұның шығынын Өзбекстан өтей ме, жоқ па? Жоқ шығар» деп жорамал жасаған еді. Кешегі эфирде Өзбекстан тарапынан Әлішер Усманов және Болат Өтемұратов қоры қаржылай көмек көрсеткенін айтып өтті.

Apta бағдарламасының дәстүрлі сұхбат айдары бар. Бұл жолы президент кеңесшісі Ерлан Қаринмен сұхбаттасты. Жүргізуші Жайна Сламбек сұхбаттың алғысөзінде «Президенттің «Егемен Қазақстан» газетіндегі мақаласынан кейін кеңесшісі Ерлан Қариннен Саламат Омаш сұхбат алды» деді.

Жүргізуші мұнда қай мақаланы айтқаны түсініксіз, өйткені 5 мамырда аталған газетте мақала емес, ҚР президентімен сұхбат жарияланды.

Президент кеңесшісінің телеарнаға сұхбатында саяси реформа кезеңдері мен парламенттік оппозиция құру туралы айтылды.

Коронавирус тақырыбына бағдарлама ортасынан асқанда кезек жетті. Ең алдымен 10 мамыр күні кешкісін елдегі коронавирус аухалы қандай екенін хабарлап, сосын сюжетке өтті. Сюжетте «Қазақстанда инфекционист, санитар эпидемиолог дәрігерлер қалай дайындалып келді» деген сауалға жауап іздейді. Айта кетейік, КТК телеарнасы бұл тақырыпта екі апта бұрын сюжет көрсеткен.

Келесі сюжет: соңғы кездері ең жиі талқыланып жатқан тақырып – міндетті екпе жасату, яғни вакцинацияға арналды. Сюжетте міндетті екпе жасатуға қарсы петиция авторын, екпенің кейбір түрін жасатуға қарсы ата-ананы да сөйлетіпті. Денсаулық сақтау министрлігі өкілінің де, медициналық университет оқытушысының да комментарийі бар. Даулы тақырып төңірегіндегі сюжет толымды әрі егжей-тегжейлі жасалған. Бір кемшілік – кейіпкерлерді таңдағанда баланс сақталмағаны байқалды. Міндетті екпе жасатуға қарсы екі ата-ананы сөйлетіп, бірақ міндетті екпені қолдайтын ата-аналарға сөз бермепті.

Кең далада киік төлдеп жатыр. Apta журналисі ҚР ЭГТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің қызметкерлерімен бірге «киіктер перзентханасына» барып, сюжет дайындапты. Жүргізуші айтқандай, көз сүйсінтер кадрлардан тұратын репортаж расымен де сүйкімді жасалған. Тілші стендапта жаңа туған киік лағын сипалап, қолына алады. Киік лағын қолға алып, құшақтауға бола ма? «Жаңа репортер» редакциясы осы сұрақты экологтардан сұрады. Экологтар: «иә, болады, бірақ ұзақ ұстауға болмайды, өйткені қолда ұзақ ұстаса, киік лағы өліп қалуы мүмкін» деп жауап берді. Сюжет мазмұны танымды ақпаратқа толы, кадрлары да өте әдемі. Жаңа туған киік лақтарының видеосы жүрекке жылы тиеді. Сюжетте браконьерлердің қолынан қаза тапқан инспекторларды да еске алды.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың апталық қорытынды ТВ-бағдарламасына тұрақты мониторинг жасайды және апта сайын жариялайды.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР