Қазақстан телевизиясында да тұрмыстық тақырыпты қаузайтын бағдарламалар көп-ақ. Солардың бірі — “Еуразия бірінші арнасы” телеарнасының “Неке сыры” ток-шоуы. Эфирге шыққанына 2 айдан асқан ток-шоуды Жұлдыз Әбдікәрімова жүргізеді. Жұртшылық оны танымал әнші Қайрат Нұртастың келіншегі ретінде таниды. “Неке сыры” ток-шоуы бірден назарға ілініп, әжептәуір талқыланды. Тіпті кейбір интернет-басылымдар бұл ток-шоудың жабылуын талап ететін ақпараттар да жариялады. Медиасыншымыз Меруерт Хусаинова “Неке сыры” ток-шоуының бірнеше шығарылымын қарап, артық-кем тұстарын талдады.
“Неке сыры” ток-шоуы “Еуразия бірінші арнасы” эфирінде сенбі-жексенбі күндері сағат 13:00-де басталып, 14:30-да аяқталады. 1,5 сағаттық ток-шоу некелескендеріне 10-20 жыл болған ерлі-зайыптылардың отбасын талқылап, ажырасқалы жүрген жұптарды райынан қайтаруға тырысып, шаңырақтарын сақтап қалуды мақсат етеді. Сарапшылар шақырып, тұрмыстағы түйінді тарқатуға тырысады.
Ток-шоудың бұған дейінгі шығарылымдарының тақырыптары: «Несие некені шайқалтты», «Күйеуім төсекте қарамай жүргеніне бір жыл болды», «Күйеуім жөргекпұлды да құмар ойынына салып жіберді», «Алимент төлеші, әке» төңірегінде өрбиді. Барлығында да ерлі-зайыптылардың біреуі, көбіне әйелі көмек сұрайды.
Ток-шоудағы ғадауат тілі
“Неке сыры” ток-шоуының алғашқы шығарылымы “Ішімдік отбасының шырқын бұзды” деп аталады. Тұсаукесер эфирде Меруерт есімді әйел көмек сұрап келеді. Ол күйеуі жиі ішіп, аяусыз ұрып-соғатынын, жарақаттағанын, сонымен қоса енесі мен қайнылары да күн көрсетпейтінін айтады. Студияға Меруерттің әпкесі, енесі және күйеуі де шықты.
Хикая кейіпкерлерінен бөлек сарапшы ретінде қонақтар да шақырылады. Меруерттің оқиғасына психолог, жазушы, журналист, дін адамы, экстрасенс және актер шақырылыпты.
Бағдарлама жанры ток-шоу болса да көбіне көп психолог Гүлжәмила Қадырбекқызы тарапынан кеңес айтылуын күттік. Қай бағдарламада да аудиторияға пайдасы тиер бір мазмұн болуы керек. Алайда ток-шоуда психолог «алқаш күйеуді емдету керек, сіз күйзелістесіз, күйреп кетуіңіз мүмкін» деп ғана шектелді.
Ал журналист Перизат Алпыс жәрдем сұрап келген әйелге кінә артып, күйеуінің ішкілікке салынуына әйелінің де қатысы барын айтты.
Шоу болған соң мұндай қарсы пікір айтылып, қарама-қайшылық туындайтыны анық. Әйтсе де сарапшы-журналистің пікірі отбасындағы бар ұрыс-керіске әйелді кінәлі етіп көрсетуден аспайды. “Бәріне әйел кінәлі” деген түсінігін тықпалайды. “Әйел жақсы болса, күйеуі арақ ішпейді”, “Енеңіздің тілін таба алмағансыз” деп жиі қайталайды. Мұнда виктимблейминг, яғни жәбір көріп, жәрдем сұрағанды айыптау байқалады.
Ал актер Бауыржан Орда «Қатты жөнге салғың келсе, әйелді шапалақпен тартып жібер,орнына түсір, жынын қағып ал, басқаша бір амал жаса» деп, зорлық-зомбылыққа шақырады.
Эфирде мұндай сөздердің айтылуына жол беруге де, зорлық-зомбылықты насихаттауға да болмайды. Ал “Неке сыры” ток-шоуы көрерменіне ғадауат тілін сіңіріп жатыр.
Актер Бауыржан Орданың: “әйелді шапалақпен тартып жібер, жынын қағып ал” деген сөзін үндеуге балап, соған еріп, ұранына айналдырып, өмірде қолданатындар болуы әбден мүмкін. “Неке сыры” ток-шоуы насихаттайтын мұндай “жөнге салу” — зорлық-зомбылық көрсетудің бір түрі.
Ток-шоу ресейлік «Мужское/Женское» бағдарламасының көшірмесіне ұқсайды. Ресейлік бағдарламаның идеясын алса да, барынша жерсіндіруге тырысқаны байқалады.
Әйткенмен кейіпкерлері сендіре алмайды. Жалпы ток-шоуда актер жалдап, рөл сомдату тәжірибесі жиі кездеседі. Әйтсе де “Неке сырында” кейіпкерлердің дауыс ырғағы, өзін-өзі ұстауы, сөз қолданысы, сөйлеу мәнерінен жасандылық анық байқалады. Меруерттің енесі ретінде келген егде әйелдің сөз саптауы ауыл тұрғынына жараспайды.
Ауылда түсірілген бейнежазбада Меруерт бет күтімі жақсы, қасы-көзі боялған әдемі келіншек болып көрінеді. Ал студияда орамалының астынан қалың кекілін шығарып, жапсырылған қасын барынша жапқаны анық байқалды. Бәлкім, осылайша оны күйеуінен көп жәбір көрген әйел ретінде көрсетіп, сендірмек болды ма екен?!
Ток-шоу жүргізушісі Жұлдыз Әбдікәрімованың кәсібилігі де әлі шикі. Түр-тұлғасы келісті-ақ, алайда сұрақ қойғанда жиі тосылады.
«Еркектің ішкілікке салынуы неден?» деген сауалды жазушыдан, қоғам қайраткерінен сұрағаны тосын шықты. Жауабын нарколог, психотерапевт, психолог мамандар айтса, нанымды болар еді. Жазушы да, дін адамы да жөнді жауап бере алмады.
Сондай-ақ, жүргізуші ток-шоу қарқынын сақтамауы, оқырманды экранға телмірте ұстай білмеуі, студиядағы әрбір айтылған сөзді қағып алып, дамытпауынан 1,5 сағаттық бағдарлама тез жалықтырып, зеріктіреді.
Жанры ток-шоу болса да пайдалы ақпарат айтылса, мән-мағынасы арта түспек.
Әйелін ұрып-соққан еркектің қандай жазаға тартыларын, Меруерт өзі де жұмыс істеп, кәсіп қылуы үшін қандай жәрдем бар екенін, түрлі қолдау бағдарламаларын танытып, үйде отырып та кәсіп ашу жолдарын түсіндіріп, тұрмысын түзетуге жол көрсетсе кейіпкерге де, тағдырлас көрермендерге де бір пайдасы тиер еді.
Күмәнді хикаяның жасанды кейіпкерлері
“Неке сыры” ток-шоуының тағы бір шығарылымы “Күйеуім төсекте бір жылдан бері қарамайды” деп аталыпты. Тақырыбынан-ақ аудиториясын шулатқан эфир болды.
Табу тақырып саналар мұндай мәселенің жария айтылуы да жөн-ақ. Әйткенмен кейіпкерлері тағы да жасанды әрі қисынсыз тұстары жетерлік.
Сөзімізге дәлел болсын, күйеуінің айлап-апталап жоламайтынын айтқан келіншек Раузаның қайынәпкесі тақпақ оқыған баладай сөйлейді. Жаттап алған сөзінен жаңылмауға тырысқаны көрініп-ақ тұр.
Екіншіден, кейіпкердің күйеуі табысты бизнесмен екеніне көрерменді сендіру тағы қиын. Алқам-салқам киінген жігіт екі сөздің басын әрең құрайды.
Үшіншіден, бәлкім, сәйкестік болар, бұл бағдарлама қонақтарының да есімдері Рауза, Шара екен. Ток-шоудың “Ішімдік отбасының шырқын бұзды” атты алғашқы шығарылымындағы оқиға кейіпкерлерінің де есімі Шара (Меруерттің әпкесі), Рауза (Меруерттің енесі) болатын. Тек рөлдері ауысыпты. Бағдарламаны қалт жібермейтін көрермен де мұны байқайды.
Төртіншіден, осы отбасының көршісі ретінде шақырылған әйелдің де сөздері қисынға келмейді. Күйеуіне өкпелі Раузамен күн аралатып сырласып, шай ішіп, араласып жүрген көршісі студияға келіп: «Күйеуіңді бөтен жас қызбен көрдім. Соны саған айта алмай жүргенмін» дейді.
Мұндай көршісі тап осы жаңалығын телеарна арқылы жұртқа жария етпей, бұған дейін де өзіне айтар еді.
Бесіншіден, басты кейіпкерлер: әйелі мен күйеуі студияға маска киіп келеді, ал күйеужігіттің әпкесі жүзін жасырмайды. Әпкесін таныған жұрт жігіттің өзін де танитыны ескерілер еді.
Алтыншыдан, күйеудің досы да шақырылған . Ол «Айтпаймын» деп уәде еткен сырын телеарнаға келіп жайып салады.
Бағдарламаға сарапшы ретінде спортшы, актер, редактор, нумеролог, блогер және уролог шақырылыпты.
Студиядағы сарапшылар, дәлірегі актер: “Тоқал әпер. Кәрі қыздардың сауабын ал” десе, қайынәпкесі Шара: “Қазақстанда еркек жетпей, күйеу таппай отырған қыздар көп” деп айтады. Осылайша кәрі қыз, тоқал тақырыбы телеарна эфирінен насихатталады.
Ал блогер тек бағдарламаның соңында ғана сөйледі. Студияға шақырылған соң, әрбір сарапшының пікірі маңызды және олармен кері байланыс жасау — жүргізушінің міндеті. Осы тұста жүргізушінің тағы да сүрінгені байқалды.
Бүгінде “теледидардың негізгі көрермені — ауылдағы әйелдер мен зейнеткерлер” деген түсінік дендесе керек, талғамнан ада, жасандылық тұнып тұрған бағдарламалар көбейді. Соның бір мысалы — “Неке сыры” ток-шоуы. Әр шығарылым басында жүргізуші кейіпкерге көмек көрсетуді мақсат ететінін айтады. Әйтсе де бағдарлама біткен соң, кейіпкерге не рухани, не материалдық жағынан, не заңдық тұрғыдан көмек берілмейді. Не шешімі, не нәтижесі жоқ өнім ұсынады.
Тақырыпқа байланысты сарапшылар дұрыс таңдалмайды. Ішкіш күйеу мен одан зардап шеккен әйелге жазушы не актер емес, нарколог, психолог, заң адамы нақты көмек береді. Ал төсек мәселесінде журнал редакторы немесе актер емес, сексопатолог, психолог сөйлесе, орынды болар еді.
Телеарнаның ұсынары көрерменнің таным-түсінігіне де әсер етеді. Әйелді ұрып-соғуға шақыру, жәрдем сұрағанды жылату, еркек пен әйелдің төсек мәселесін шоуға айналдыру — “Неке сыры” ток-шоуының шикілігіне айналды. Бұл шикілік те талай отбасының ойрандауына жол ашатындай.
Жұбайлардың төсек қатынасына, жалпы жыныстық қатынас тақырыбына жабайы қарайтын уақыт өтті. Десек те, бағдарлама продюсері осы тақырыпты шоуға айналдырмай, мейлінше сауатты талдау жасап, сараптай білетін білікті мамандарды қатыстырғанда қаншама отбасына ой салар еді.
Ток-шоу тақыптары өте өзекті, бірақ тақырып ашылмайды. Ток-шоу жасаушылары студияда айқау-шу, ұрыс-керіс жасауға баса мән беріп, ой салар, түртіп алар байыпты мағынаны ұмыт қалдырады.
Сайып келгенде, “Неке сыры” ток-шоуы танымал әншінің жұбайын жүргізуші етіп, отбасы құпиясын паш етіп, айқай-шуға айналдырып, рейтинг жинауды көздейтіні байқалады. Десе де жүргізуші Жұлдыз Әбдікәрімованың табиғатына қарай салиқалы әрі салмақты дүниелер таңдалып, көрерменге ұсынғанда болар еді. Өкінішке қарай, бұл ток-шоу мен жүргізушінің арасында үндестік жоқ.
Бәлкім, сол себепті шығар, үлкен пікірталас тудыратын тақырыптар студияда айқай-шу деңгейінен көтеріле алмай, салмағын жоғалтуға айналды.
Бұған бір дәлел — ток-шоудың YouTube желісіндегі алғашқы шығарылымдарын жүздеген мың адам көрсе, соңғы шығарылымдарын ондаған мың адам қарапты.