2-3 жыл бұрын тұрақты жаңаратын қазақша подкастілер саусақпен санарлық болса, қазір көбейіп, 30-ға жуықтады. Әдетте орысша подкаст жүргізетін танымал подкастерлер де қазақша эпизодтар шығара бастады. Мәселен, FindyourB подкасті ара-тұра қазақша эпизодтар жариялап, қуантып қояды. Сан артты, ал сапа ше?
“Жаңа репортер” медиасыншысы Бэлла Орынбетова тұрақты жаңартылатын бірнеше подкастіні тыңдап, талдады.
Подкаст дегеніміз не? Подкаст — жүктеп алуға не онлайн тыңдауға болатын, rss файл арқылы таралатын аудио контент. Подкаст жанрларының алуан түрі: екі не бірнеше адам әңгімесіне негізделген сұхбат, бір оқиғаға не дерекке негізделген документаль подкаст, көркем-әдеби подкаст, аудиоблог, сериал форматындағы подкаст және т.б. бар.
Бүгінгі медиасын мақалада:
подкастілерін талдаймын. Не себепті осы үш подкастіні таңдадым? Эпизод саны, жазылушылар саны мен тыңдалым саны бойынша іріктедім. Алдағы уақытта қазақ тіліндегі басқа да подкастілерге медиасын жазамын.
Тамаша жыл — The Big Year
Подкаст авторы — Talshyn Lilian.
Бірінші эпизоды 2017 жылғы 22 қаңтарда шықты. Қазір эпизод саны 104-ке жетті. Тамаша жыл — The Big Year подкасті барлық негізгі подкаст платформаларында (Apple Podcasts, Castbox, Spotify, Google Podcasts, Pocket Casts) бар. Автордың жеке сайтына да жинақталған.
Тамаша жыл — The Big Year — қазақ тіліндегі подкастілердің ең байырғы әрі тұрақтысы. Подкаст мазмұны өте жарқын әрі позитивті.
Мұны тіпті алғашқы секундтарынан-ақ сезесіз:
“Қайырлы күн, Қазақстан және барлық әлем! Бұл — күн шуағымен жарыса оянып, күнін жаңа идеялармен, қуанышпен бастағысы келетіндердің аудиоблогы. Бақытты болу — біздің таңдауымыз”
Әуелде Талшын подкаст эпизодтарын апта сайын тұрақты түрде шығарып отырды. Форматы қысқа, яғни ұзақтығы 4-7 позитив минуттық аудиоблог форматында болатын.
— Тыңдармандарыма “әр жаңа эпизодты дүйсенбі және бейсенбі күндері шығарып тұрамын” деп уәде бердім. Уәдемді орындауға тырыстым,-дейді Талшын.
Осылайша алғашқы жылы 74 эпизод эфирге шықты. Кейінгі жылдары эпизодтар саны азайған еді. Биыл Талшын подкаст жазылушыларын қайта қуантты. Эпизод жариялау жиілігі сиреді, бірақ эпизод хронометражы ұзарды.
Соңғы кездері шыққан эпизодтарға: Эллиот Аронсонның “Көпке ұмтылған жалғыз. Әлеуметтік психология” кітабын талқылау, креатив экономика, қазақстандық жас ғалымдар жаңалығы мен соларды қолданысқа бейімдеу, полиглоттардың практикалық кеңесі, қазақ тілін үйренушілерге пайдалы кеңес сияқты тақырыптар арқау болды.
Тамаша жыл — The Big Year ерекшелігі — автордың өмірге, білімге құштар, елден ерек кейіпкерлерді таба білуі.
Мәселен соңғы шыққан #105 эпизод қонағы — физик Жадыра Кеңесбек. Ол Гонконгте физика мамандығы бойынша докторантурада оқиды.”Подкаст тақырыбы физика туралы болады” деп ойламаңыз. Жадыра ағылшын, қытай, араб, түрік, орыс тілдерін жетік меңгерген. Пандемия кезінде Қытайдағы зертханасы жабылуына байланысты елге оралып, қытай-ағылшын тілдерінде синхрон аударма жасайды. Синхрон аударма кезінде Қытай делегаттарының әзілдеп айтқан мақалы герман-қытай арасындағы іскерлік қатынасқа қалай қауіп төндіргені, аудармашылар абыройын қалай сақтап қалғаны туралы тартымды әңгімелейді.
Жақсы подкастер сұхбат қонағына өз ойын таңып, көп сөйлеуге тырыспайды. Талшын да сұхбат барысында қалың жіптің орамасын тарқатқандай, әңгімені баппен суыртпақтап отырады. Өз подкастына тән позитив көңіл-күй мен салиқалы әңгіме ауанын қатар ұстай біледі.
JaIQ podcast
Бұл подкаст — ұжымдық топ еңбегінің жемісі. Жоба ашылғанда “Мұнда модератор жоқ, ғылымда, бизнесте, түрлі салалардағы тең дәрежелі адамдар кездесіп, өзара сұхбат құрады” деп хабарлаған болатын. Өздерін “жаңа community” деп атайтын топ барлығы 111 эпизод шығарды. Бірінші эпизодын 2020 жылғы 19 маусымда жариялады.
Бастапқыда тақырыптары да, спикерлері де мықты еді. Cardiff университетінде Медицина саласы бойынша PhD зерттеуші Мұхит Құлмағанбетов пен Венада резидентурада оқып жүрген Жансая Үмбетқызының “Шетелдегі медицина” туралы, Edinburg университетінің түлегі Ильяс Жолдасбаев пен Goteborgs университетінің түлегі, UX дизайнер Динара Жұбаниязованың UX дизайн туралы әңгімелері подкастқа қызығушылықты арттырған еді.
Білімді, озық жастардың өзара сұхбаттасуына мүмкіндік беретін мұндай платформа тамаша идея болды.
Бұл подкастта модератор жоқ деуге келмейді. Тұрақты жүргізушілері, әрқайсысының тақырыптары, қамтитын салалары да бар. Мәселен, білім тақырыбында Ерназар Қайрат, IT тақырыптарына Ақерке Исабекова мен Айдана Бәсенова, ал әлеуметтану және психология жайында Ержан Мырзабаев қонақтармен сұхбат құрады.
JaIQ podcast бірнеше адамның сұхбатынан бөлек, кейде-кейде бірнеше шумақ өлең эпизодтар жариялайды. Хронометражы да әртүрлі. Екі сағаттық эпизодтар да, екі минуттық шығарылымдары да бар. Кейбір ауқымды тақырыптарды бірнеше бөлімге бөліп салады.
Бірінші эпизод тақырыбы — “Университетте оқу керек пе?”.
“Білім-Инновация” лицейінің физика пәні мұғалімі Ерназар Қайрат OpenU онлайн университетінің ректоры Қанат Қожахметпен осы сұрақ төңірегінде әңгімелеседі.
Жалпы JaIQ podcast қауымдастығында подкаст жүргізу, білім, ғылым тақырыптарына келелі сұхбат жасаудан Ерназар Қайратқа жететіні жоқ сияқты. Ол “Мектептегі теңсіздік” эпизодында Astana Garden School негізін қалаушы, Кембридж университетінің түлегі Нұрмұхамед Досыбаевпен әңгімелесті.
Қазақстанның білім саласындағы айырмашылық та жер мен көктей. Элитар мектептердің бюджеті, білім сапасы мен қарапайым мектептер шамасы.
Сұхбаттасушылар “Мектеп қабырғасында балаларды дұрыс нәрсемен жарысуды үйретуіміз керек. Көркем мінез, көркем тәрбие, мысалы. Өркениетті елдерде адамдар лауазымымен, ақшасымен, атағымен жарыспайды, көркем мінезімен жарысады” деген ой айтады.
“Оқушы білімінің көрсеткіші ретінде олимпиадалар қаншалықты қажет” деген мәселеге келгенде спикерлер пікірі екіге жарылды. Нұрмұхамед “олимпиадалар қажет” десе, Ерназар өз аргументін алға тартады:
— PISA емтиханында алты түрлі деңгей бар. Оның алтыншы деңгейіне жеткен оқушы — мықты инженер, мықты ғалым, сыни ойлау қабілеті өте жоғары. Бесінші деңгейде өте мықты маман, төртінші деңгей — компетентті азамат, үшінші деңгейдегі адам -қарапайым құқықтарын жақсы білетін адам, екінші деңгейдегі адам — қарапайым құжаттарды түсінуде қиналатын адам. Ал бірінші деңгейдегі адам — экономикаға аса пайдасын тигізе алмайтын қара жұмысшы. Яғни алты деңгейге қарағанда Қазақстанда құжат бойынша дарынды оқушыларға арналған мектептер көп. Олимпиадалардың мәні де сол ғой. Бірақ алтыншы деңгейге жеткен балалар үлесі 0,1%, ал Сингапурда 5,7%. Демек Қазақстанда 1000 адамның ішінен 1 адам, ал Сингапурда 1000 адам ішінен 57 адам сол алтыншы деңгейге жетіп отыр,-дейді Ерназар Қайрат.
Қазақстан мектептеріндегі теңсіздік, білім берудегі айырмашылық мәселесі Connect-Ed, Teach for Kazakhstan жобасын құрушылардың бірі Гүлназ Қордановамен “Ауылдағы жетіспеушілік” эпизодында да жалғасады.
Спикерлер қала мен ауылдағы балалардың білім айырмасын жою туралы сөйлесіп, “Оқушы географиялық, әлеуметтік жағдайына қарамастан сапалы білім алуға мүмкіндігі болуы керек, бұл үшін не істеуге болады” деген сұрақтарға жауап табуға тырысады. Тақырып өзекті, спикерлер танымы терең, талқылау да сапалы.
Алайда 111 эпизодтың барлығы біртекті емес.
Мәселен “Гендегі қасиеттер” эпизодында тұрақты жүргізушілердің бірі Әйгерім Әубәкірова ІТ-маман Асыл Әбіләкіммен ген, гендер, ұлттық менталитет туралы әңгіме-дүкен құрады.
Эпизодтағы диалогтан үзінді келтірейін:
— Кейбіреулердің возможно әйелдері ұрады да, типа күйеулері эмоционально шаршайды деген сияқты. Но ұлдарда как то оны шығаратын не бар да. Қолданады да, экстрим спорт болсын, там анау-мынау или там жаман жолға түсіп кететіндер бар. Но қыздарға всегда үлгілі, идеальный болып жүру керек. Общество солай көреді типа. Идеальный ғып көрмесе, сразу жамандап бастайды. Андай белгілі бір жағдайларға қатысты, қыздарға менің ойымша қиын сияқты. Сондықтан да менің жеке ойым, осы қыздарға шынымен де оларды тыңдай алу керек шығар.
— Иә, қыздардың минусы бірден байқалады.
— Бірден айтады, қыздар әдемі боп жүруі керек қой. Тырнақтары болсын, там бірнәрсе. Ал ұлдарға бәрібір болуы керек те..
— это нормально типа, ұлдар ұл ғой.
— иә, иә, маймылдан әдемі болса болды.
— Например кеш келсе, бір күн, екі күн жоқ болып кетсе нормально. Ұл ғой патамушто. Ал қыздар жетіге дейін келу керексің.
— Бірдей сену керек сияқты меніңше, қызға да, ұлға да.
— Қыз өзін безопасно сезінуі керек сияқты ғой. Қай жақта қайда жүрсе де, өзіне сенімді болуы керек.
Осы жағынан болсын, типа бізде қазақта қыздарды қырық үйден тыю деген сияқты мақалдар айтады. Менің ойымша тек қыздар үшін ғана емес, барлық адамдар үшін қолдану керек.
Бұл диалогты алудағы мақсатым — тіл шұбарлығын көрсету емес. (Көптеген эпизодта келген қонақтар: “мен ойымды қазақша жеткізе алмаймын, орысша сөйлейінші” деп, әңгімесін орысша бастайды. Кейін қазақ тілінде еркін сөйлеп, ойын жинақы жеткізетін Әйгерім сияқты жүргізушілердің әсерінен қазақша тәп-тәуір сөйлеп кетеді. Сондықтан осы ұстанымы мен мінезі үшін Әйгерім Әубәкіроваға жеке алғыс). Керісінше, бұл — ең шынайы подкаст.
Біз, дәстүрлі қазақ қоғамы барлық проблеманы, кем-кетікті, ауруды тығып тастап, “біздің ел бақытты, біздің ел осындай” деп айтып отыруға үйреніп қалдық. Ал мұнда “біреуге ақылды болып көрінейін, жұрт мен туралы қандай пікір қалыптастырады” деген ой жоқ.
иә, шұрайлы қазақ тілінде сөйлейтіндер өте аз,
иә, қазіргі жастар аға буын қалап берген “инабатты қазақ” пішінін кигісі келмейтін шығар,
бәлкім, арман-мұратымыз сондай асқақ емес шығар?!
Қазіргі қоғам үні мен жастарды танып, түсінгіңіз келсе дәл осы подкастіні тыңдауды ұсынамын.
JaIQ podcast ерекшелігі — бұл подкастке бағыты пен тақырыбы, стилі мынадай деп анықтама беру мүмкін емес. Мазмұны да әркелкі, айтары да әртүрлі. Біздің қоғам сияқты.
OZGERU KEREK
Айна Досмахамбетқызының авторлық подкасті. Подкаст Айнаның “Ажыраспа” жобасынан туындаған.
Автор подкаст сипаттамасына: «Өзгеру керек» — бұл күрделі философиялық немесе арнайы мамандандырылған тақырыптарға арналған подкаст емес. Бұл жерде әрқайсысымыздың өмірімізде кездесетін, күнделікті тұрмысымызға әсер ететін қарапайым тақырыптар талқыланады… ” деп жазған.
Соған қарамастан OZGERU KEREK подкасті iTunes-те “Әлеумет және мәдениет” тақырыбындағы қазақстандық подкастілердің үздік ондығына кірген.
Тыңдалым саны мен аудитория пікіріне қарасақ, подкаст тақырыбы да форматы да дұрыс таңдалған.
Форматы жағынан да басқа подкастілерге ұқсамайды. Сұхбат жанрына құрылмаған. Хронометражы да қысқа, 10-15 минуттан аспайды.
Айна бір эпизодында “Бұл подкастіні өзіме арнаған сияқтымын. Кейде бір тақырыптарға өзіммен сөйлескім келеді” деп айтқан еді. Ол оқып-білгенін, өмірден түйгенін бөліседі.
Автордың танымы мен жеке ойларына негізделген подкасттің жағымды да, қауіпті де тұстары бар.
Әуелі кемшілігіне тоқталайық: Автор ара-тұра субъективизмге қалай бой алдырғанын аңғармай қалады. Мәселен, “35-кеңес” эпизодында 35 жасқа толған автор тыңдармандарға практикалық ақыл-кеңес береді.
Сол ақыл-кеңестерінің арасында:
“Көп ойлану — көп жасаумен тең емес. Сондықтан әрекет ет, қатесін жүре түзейсің”;
“Балам көп болсын” десең, шынымен де бірінен соң бірін туып тастаған дұрыс, қалай өскенін байқамай қаласың. Және оны жас кезіңде жасау керек, уақыт өте денсаулығың да, құштарлығың да болмауы мүмкін”;
деп айтады. Тағы бір он жылдан кейін автордың дәл осы көзқарастары өзгеріп қалуы әбден мүмкін.
Жағымды тұстарына да тоқталайық: Автор ойын шашыратпай, бірден жеткізеді. Жұрттың жаман мінезін сөгіп, “данышпансымайды”, көлгірсімейді. Қайта жаман мінез, ерсі дағдылармен қалай күресуге болатынын айтады.
Мысалы, “Дұрыс шыдап жүрміз бе?” эпизодында актив және пассив шыдам туралы түсіндіре келе, “Өмірді өзгерту қолымыздан келе ме? Келмесе, оған деген көзқарасты қалай өзгертуге болады?” деген сұрақтарға жауап береді.
Ал “Жұрт не дейді?” эпизодында “әрдайым сөгіп, мін тағып сөйлеуге дайын тұратын “жұрт” дегеніміз кім, оның пікірі соншалық маңызды ма, өзгенің емес, өзіңнің қалағаныңды жасау үшін не істеу керек екенін айтып, практикалық тапсырмалар береді. OZGERU KEREK-тің осы эпизоды көп адамның өмірге, жұрт пікіріне деген ойын өзгертуге қауқарлы.
“Аудиоблог форматын таңдаған автор өзгелердің пікіріне құлақ салмайды” деп ойлап қалмаңыз.
“Ер адамның бақыты неде?” эпизодында нағыз пікір алуандығына куә боласыз. Маған ең қызық бөлімдердің бірі. Эпизод хронометражына қарап, әуелде қипақтап қалдым. 40 минут!
Айна алғашқы эпизодтарында “подкаст ұзақтығы 5-10 минут болады” деп еді. “Ақыл-кеңес үшін қырық минут ұзақ емес пе” деген ой келді. Эпизодтың монтажында да кемшіліктер бар.
Автордың “омыр”, “себебы” сияқты орысша реңді қазақша акцентіне де үйрене қоймап едім. Алайда бұл эпизод сауалнамаға құрылыпты. Аудиосауалнаманы жинап, монтаждау қаншалық қиын екенін жақсы білемін.
Респонденттер дауысы, диалекті мен сөйлеу мәнерін тыңдап, сауалнамаға қатысқан адамдардың жасы, географиясы, әлеуметтік жағдайы, білім деңгейі әртүрлі екенін түсіндім. Сауалнама да сонысымен тартымды әрі қызық шығыпты.
Соңғы эпизоды көп энергия мен ұзақ уақыт алды ма? Әйтеуір Айнаның подкастынан жаңалық күткелі бір жарым айдан асты. Эпизодтардың жиі жаңаруы подкасттің танымалдығы мен рейтингісіне тікелей әсер етеді. “OZGERU KEREK подкасті iTunes-чарттағы тағынан таймайды” деп үміттенемін.
Өкінішке қарай, тұрақты эпизод шығару — подкастерлердің басты проблемасы. Бірнеше эпизодымен жарқ етіп, тыңдармандарын ұзақ күттіріп қоятын подкастерлер көп. Сәлем, Taigaqta.
Бастысы соңғы кезде қазақша подкастілер көбеюі, тақырып пен жанр тұрғысынан дамуы қуантып қана қоймай, таптаурын түсініктерді де бұза бастады.
Подкаст дегеніміз — құлағынан құлаққап түспейтін жастардың ермегі ғана емес. Мұны Дана Маратованың “Әжемнің әңгімесі” подкастында 80 жастағы Дина әже дәлелдемей ме?!
Подкастілердің әртүрлі платформада жариялануы, бірегей каталогтың болмауы, жүйеленбеуі — қазақша подкастілердің кең танылуына кері әсерін тигізеді. Дегенмен, жақсы подкаст тыңдармандарын міндетті түрде табады. Бұған тек жақсы контент пен табандылық қажет.