ДомойМедиасынАуыл аралап, тауға шығу: сайлау науқанының алғашқы онкүндігі қалай өтті

Ауыл аралап, тауға шығу: сайлау науқанының алғашқы онкүндігі қалай өтті

Ауыл аралап, тауға шығу: сайлау науқанының алғашқы онкүндігі қалай өтті

2021 жылғы 10 желтоқсанда өтетін ҚР Парламенті мәжілісі және жергілікті мәслихат депутаттарын сайлауына алты саяси партиясының бесеуі қатыспақ. Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы (ЖСДП) сайлауға бойкот жариялады. Ал 10 желтоқсанда сайлауалды үгіт-насихат басталып, бес партия электоратты жаулап алу “шайқасына” кірісті. «Жаңа репортер» медиасыншысы Назира Дәрімбет сайлау  науқанының алғашқы онкүндігі БАҚ бетінде қалай көрінгеніне шолу жасады.

Үгіт-насихат басталған күні партиялардың бюллетендегі реттік нөмірі белгілі болды. QAZAQSTAN ұлттық телеарнасы хабарлағандай, тізімде бірінші — “Қазақстан халық партиясы”, екінші — Nur Otan, үшінші — «Ауыл», сәйкесінше «Ақ жол» және ADAL партиялары орналасады. Мәжіліске партиялардан барлығы 312 үміткер ұсынылса, оның 222-і ер адам, 90-ы әйел адам. Үміткерлердің ең кішісі 25 жаста, ал ең үлкені 70-те екен.

Nur Otan: есіктен есікке 

Сайлауға қатысатын партиялардың БАҚ-тағы белсенділігіне қарасақ, жарияланған ақпараттың басым бөлігі билік партиясына қатысты екенін көреміз. Бұл таңғаларлық жағдай емес. Бас партияның мүмкіндігі де, қаржысы мен ықпалы да жеткілікті.

Nur Otan партиясы мүшелерінің Жамбыл, Қызылорда облысының шағын ауылдарында өткізген кездесулерден бастап партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің «халықпен» кездесуіне дейінгі әрбір қадамы есепке алынып,  БАҚ-та жарияланып отыр.

Тіпті мазмұны бірдей ақпаратты тақырыптарын өзгертіп, “креатив” жасап-ақ жатыр. Осылайша партия халық назарына ұғымды контент ұсынуға мән бермейтін сыңайлы.

 «Nur Otan» партиясының үміткерлері атыраулық ардагер ұстаздың үйінде болып, алдағы стратегиямен бөлісті» немесе «Күріш зауытындағы экспромт кездесу» деген ақпараттарда партия стратегиясын ардагер мұғалімге баяндау тиімді ме әлде зауыттағы кездесу шын мәніде кездейсоқ болуы мүмкін бе? 

10 күн ішінде Nur Otan партиясы көп кездесу өткізді. Көпбалалы аналардан бастап ардагерлер, «зауыт-фабрика» жұмысшыларына дейін кездесу ұйымдастырды. Nur Otan барлық өңірді аралауға уәде берген еді.  Әзірге бұл уәдесін орындап жатыр. Алайда партияның үгіт-насихат науқанында айтқан міндеттемелері орындала ма, жоқ па?

Мәселен, осы партияның басты ақпарат құралы — «AIQYN» газеті сайлауалды штабтың Алматыға сапары кезінде партия 1000 IT-компания құрып, бизнесті дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашуға жәрдемдесуді уәде еткенін хабарлаған.

Жарияланымдар жиілігі жөнінен кейбір өңірлік медиа платформалар: мысалы шымкенттік сайттардың күтпеген «көркеюі» таңғалдырды. Мәселен, Oinet.kz сайты бір күнде судың қос тамшысындай, бір-біріне ұқсайтын бес «үгіт-насихат» материал жариялады

ҚХП: шың басына шығып, үгіт-насихат жасау

Бұрынғы ҚКХП, қазіргі “Қазақстан халық партиясы” (ҚХП) БАҚ-тағы жарияланымдар саны мен ақпарат кеңістігін қамтуы жөнінен Nur Otan партиясынан әлдеқайда артта келеді. Дегенмен партия ақпараттарының тақырыбы ерекше.

Мысалы, бұрынғы коммунистер автошеру өткізіп, елорда тұрғындарын жолда қырағы болуға шақырды. Тағы бір ақпаратта балалар денсаулығы мәселелерін талқылап, қазақстандықтардың зейнетке шығу жасын төмендетуге уәде береді

Nur Otan партиясы аймақтық БАҚ-та ақпарат жариялауды көздесе, ҚХП туралы ақпараттың дені Inform.kz, Turkistan халықаралық газеті, КТК  телеарнасы сияқты республикалық ақпарат құралдарында үгіт-насихат материалдары жариялап жатыр.

Партия өкілдері жұртшылық назарын аудару үшін шыңға да көтеріліпті. Бұл туралы екі басылым жазды. Айтпақшы, ҚХП-лықтар онлайн-митинг өткізді. Олардың бұл іс шарасын еліміздің бас телеарнасы — QAZAQSTAN ұлттық телеарнасы хабарлады.

БАҚ-тағы сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарының барысы туралы «жоқтан бар» деп айтуға болады.

«Ақ жол» партиясы ертегі айтпайды

Сайлау науқанының басында партия атауын латын қарпімен жаза бастаған ақжолдықтар үгіт-насихатын “Ақмола вагон жөндеу зауытынан” бастапты. Бұл туралы партия өздерінің «Қазақ үні» газетінің сайтында жариялады. Ақжолдықтар енді сыбайлас жемқорлық істері бойынша сотталғандар мерзімінен бұрын бостандыққа шықпайтынын айтып, бұл бағытта күресті жалғастыруға уәде берді

Бір қызығы, “Ақ жол” партиясының сайлауалды үгіт-насихатына Nur Otan-ның ақпарат құралы саналатын AIQYN газеті мен интернет-сайты белсенді қатысып жатыр. Мысалы, «Халыққа ертегі айту емес, нақты жұмысымызды көрсету қажет» – Азат Перуашев» атты шағын жаңалықта партия көшбасшысы Telegram парақшасында сайлау науқаны басталғанын хабарлағанын айтады.

“Ақ жол” партиясының сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын бастауы — көп үміт күттіретін ұрандар, жалынды сөздер, жалпы, «үлкен» саясатта белгіленгендей, ақпарат кеңістігін толтыру. Партия қазақ тілін қолдану аясын кеңейтіп, «Қазақстанда кедейлер болмайды» ұранымен елдегі кедейлікті жоймақ екен. 

«Ауыл» партиясы: «Ауылдан ауылға» 

Ауыл проблемаларын айтуы тиіс “Ауыл» партиясы аймақтарға турнесін бастады. Егер Nur Otan «Есіктен есікке қарай қозғалса”, ауылдықтар «Ауылдан ауылға» жүрмек екен.

Бұл туралы «бас» газет — Egemen Qazaqstan газеті жазды. Мақаланың авторы бар, бірақ «қаражатынан төленді…» деген белгі жоқ.

«Ауыл» партиясына «Жер сатылмайды» ұранымен жеңімпаз картасын ойнату бұйырғандай. Бұл тақырып ауыл тұрғындары мен қазақ тіліндегі аудиторияның жанына жақын. Міне, сондықтан партиялықтар мұны ұтымды пайдалануға тырысып-ақ жатыр.

Партияның үгіт-насихат жұмысында басқаларынан ерекшелік байқалмайды. Ауыл халқы осы сайлауда «Ауыл» партиясының әлі бар екенін біліп қалатын болды. 

 ADAL адал бола ала ма?

Таяуда “Бірлік” партиясы деген атауын өзгертіп, ADAL партиясына айналған саяси ұйым қол астына кәсіпкерлер мен ықпалды бизнесмендерді жинады.

Сайлауалды бағдарламасында жұмыссыздықты жоюға, кәсіпкерлердің  мүдделерін қорғауға уәде беріп, аймақтардағы сайлаушылармен де кездесіп жатыр.

Араларында әйел көшбасшылары бар екенін көрсетуге тырысқан жалғыз партия болып отыр.

БАҚ бетінде ADAL партиясы туралы үгіт-насихат материалдары жиі ұшыраспаса да Алматы облысының жұрт біле бермейтін бір ауданында бұл партияның халықпен кездескенін жергілікті аудандық газеттен көріп қалуыңыз әбден мүмкін.

Партия білім беру мәселелерін шешіп, тұрмыстағы зорлық-зомбылықты талқыламақ екен. Бір мезетте екі ірі басылымда – AIQYN және TURKISTAN газеттерінде фотосуреті бірдей, бірақ тақырыбы әртүрлі бірдей мәтін жарияланды. Екі басылымда да бұл ақылы үгіт-насихат материалы екенін көрсетер белгі жоқ.

Сайлауалды үгіт-насихаттың алғашқы онкүндігінде партия өкілдерінің халықпен кездесулері туралы негізінен өңірлік медиада жарияланған қысқа ақпараттар жиі ұшырасты.

10-қаңтарда болатын сайлау науқаны кезінде бұған дейін беймәлім болып келген газеттер мен уеб-сайттарды білдік. Бұл науқан солардың көпшілігі үшін «жарыққа шығу» және ақша табудың жалғыз мүмкіндігі.

БАҚ-та жарияланған үгіт-насихат материалдарында белгілі бір партияның “Сайлау қорының қаражатынан төленді” белгісі қойылмаған.

* Жарияланымдарды талдау Alem Media Monitoring жүйесінің іріктемесі негізінде жүргізілді. Зерттеу барысында 2020 жылдың 10-20 желтоқсаны аралығында барлық бұқаралық ақпарат құралындағы (баспа БАҚ, электронды БАҚ, теледидар) 1000-нан аса материал талданды.

Назира Даримбет
Назира Даримбет
Назира Даримбет работает в журналистике более 15 лет, в основном в независимых медиа. Была главным редактором газеты «Азат», редактором отдела политики и социума в медиапроекте «Республика», обозревателем Ratel.kz, редактором казахоязычной версии сайта. Специализируется на социально-политических темах. Пишет на русском и казахском языках. Сейчас пишет для Total.kz обзоры казахскоязычных СМИ. Обозреватель портала KZ.MEDIA.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР