ДомойМедиасын10 қаңтар - Сайлау күні телеарналар мен сайттар қандай ақпарат таратты?

10 қаңтар — Сайлау күні телеарналар мен сайттар қандай ақпарат таратты?

10 қаңтар — Сайлау күні телеарналар мен сайттар қандай ақпарат таратты?

Қазақ тіліндегі БАҚ 10 қаңтар – Мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлау күні қандай ақпарат таратты? Бір бөлігі сайлау учаскелеріндегі “қызықтарды” көбірек баяндап, шетелдік бақылаушылардың позитив пікірлерін жариялап жатса, ендібірі сайлау күнгі жағдайды ашық хабарлауға тырысты.
10-қаңтарда Алматыда жүздеген адам сайлауға бойкот жариялап, шеруге шыққанын, оларды сабырға шақыруға бокстан олимпиада чемпионы Ермахан Ыбырайымов келгенін айтқандары да, боксшының Алматыдағы сайлау учаскелеріне келіп дауыс бергенін көрсетіп, сұхбат алғандары да болды. Медиасыншы Риза Исаева​ қазақ тіліндегі мединың 10 қаңтардағы жұмысына шолу жасады.

ТЕЛЕАРНАЛАР

КТК телеарнасы Нұр-Сұлтан қаласында мобильді студияны қосты. Күндізгі эфирге екі сағат сайын, кешкісін үш сағат сайын, барлығы 7 рет арнайы жаңалықтар шығарды.  Сарапшылардан сұхбат алып, Орталық сайлау комиссиясы таратқан мәліметтерді бердіАймақтардағы дауыс беру процесін, мұнайшылар мен малшылар, ауруханада жатқан науқастар қалай дауыс бергенін де баяндадыСайлау учаскесіне аюдың киімін киген екі адам келіп, дауыс бермек болғанын да көрсетті

31 арнадағы “Информбюро” бағдарламасы арнайы шығарылым әзірлепті. Кешкі сағат 22-00 де көрсетті. Орталық Сайлау комиссиясының сайлаудағы кейбір заңбұзушылықтарға қатысты ұстанымын айтып, Талдықорғандағы тергеу абақтысында жатқан 250-ге тарта азамат жылдам дауыс бергенін де қосыпты. Теңіз кенішіндегі жұмысшылар дауыс бере алмай жатқанын да хабарлады. Тәуелсіз бақылаушылардан сұхбат алып, оларға жасалып жатқан кедергілерді айта келе, сарапшылардың “Сайлау өткенімен, елде саяси һәм экономикалық сілкініс болмайды” деген пікірімен бағдарламаны аяқтады. 

“Хабар” телеарнасы сайлаудан 4 арнайы жаңалықтар топтамасын дайындапты. Әр үш сағат сайын эфирден көрсетті.

КТК жаңалықтары сияқты Орталық Сайлау комиссиясының шұғыл ақпараттарына негізделіпті. 

10 қаңтар күні сайлаудан жаңалық тарату жиілігі мен саны жағынан QAZAQSTAN Ұлттық телеарнасы алға озды. Телеарнаның AQPARAT жаңалықтар қызметі таңғы сағат 07:00-де басталып, сағат сайын тікелей эфирге шықты. Тікелей эфир түнгі сағат 02:00-де аяқталды. Ұлттық арна сайлаудан ақпарат таратуға техникалық жағынан да, кәсіби тұрғыдан да мұқият дайындалыпты.

Сағат 12:00-дегі AQPARAT-та «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев дауыс бергенін, 13:00-дегі AQPARAT-та «ADAL» партиясының төрағасы Серік Сұлтанғалиев дауыс бергенін көрсетіп, сұхбат алыпты. Партия төрағаларының дауыс бергенінен көрсеткен соң, жүргізуші сол партия туралы мәлімет айтады.

Ал 14.00-дегі жаңалықтар 30 минутқа созылып, сайлаудың алғашқы сегіз сағатына шағын қорытынды жасады.
Студия жүргізушісі тілшілерге «Сайлау қалай өтіп жатыр?» деген сұрақты жиі қойды. Жауаптар да бір-біріне ұқсайды. Тілшілер барған сайлау учаскелерінде ешқандай заң бұзушылық болмағанын, сайлау жақсы өтіп жатқанын айтады. Орталық Сайлау комиссиясының мәлімдемесіне де сүйенеді.

QAZAQSTAN Ұлттық арнасы да дауыс беруге келген қалыңдық пен күйеужігітті, ат мініп, бөрік киіп келген ауыл жігіттерін де, аю киіміндегі адамдарды, тағы басқа “қызықтарды” көрсетті. 

Түнгі сағат 02:00-де AQPARATA бағдарламасы тағы тікелей эфирге шығып, 10 минуттық жаңалықтың бес минуты Nur Otan партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың партия штабына келіп, Exit poll қорытындысы бойынша жеңіске жеткен партияластарын құттықтауына арналды. Телеарнаның түнгі сағат 02:00-ге дейін хабар таратуының бір мақсаты да осы – Тұңғыш президент төрағалық ететін партияның жеңісін паш ету ме екен?!

Сайлау учаскесіндегі “қызықтарды” молынан көрсеткен телеарналар Алматыдағы Орталық алаңда сайлауға бойкот жариялаған митингілер болып жатқанын елеусіз қалдырды. Дәл сол күні Нұр-Сұлтанда да полицейлер адамдарды ұстап, әкетті, бірақ оны да хабарламады. 

КТК арнасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «митингіге шыққан азаматтарға жаза қолданылмайды» деп айтқанын көрсетсе де наразылық шараларынан ақпарат таратпады.

«Хабар 24» телеарнасы да басқа телеарналардан ерекшеленбеді. Жас жұбайлар, лауазымды тұлғалар, ғасыр жасаған қариялардың сайлауға қатысуын көрсетті. Шетелдік байқаушылар Қазақстандағы сайлауды «жоғары деңгейде өтіп жатыр» деп бағалағанын айтып, сайлау учаскелерінде заң бұзған байқаушылар учаскеден шығарылғанын айтты. Телеарнаның негізгі контенті — жаңалықтар. Сондықтан бағдарлама кестесіне айтарлықтай өзгеріс енбеген. Сайлау туралы жаңалықтарға басымдық беріліпті.

Atameken Business Channel телеарнасы сайлау күні тікелей эфирде жұмыс істеп, сайлау жаңалықтарын жеткізуге тырысты. Президент Қ.Тоқаевтың сайлаудан кейін үкімет құрамы жаңаратыны туралы айтқаны бойынша сарапшылардың пікірін біліпті. Саясаттанушылар «сайлаудан кейін елдің саяси өмірі қандай бағытта дамуы мүмкін» деген сауал төңірегінде болжам жасайды. Іскерлік телеарна сайлауға бюджеттен қанша қаражат жұмсалғанын хабарлап, әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы «Жаңаланған ҚР Парламенті қандай сұрақтарға аса мән беруі керек?» деген тақырыпта сауалнама жүргізіпті.  Сағат 17.00-дегі «Басты жаңалықтар» шығарылымында митингілер туралы айтпады, бірақ сайлау кезінде полиция қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқанын хабарлады.

ИНТЕРНЕТ БАҚ

Inform.kz, Baq.kz, Tengrinews.kz сияқты ақпараттық порталдардың таратқан ақпараты жоғарыда аталған телеарналармен мазмұндас болды. 

Abai.kz порталы сайлау барысы, лауазымды тұлғалардың дауыс бергені, Мемлекет басшысының сайлау учаскесіндегі шағын сұхбатын және түнгі сағат 00.00-дегі Exit Poll қорытындысын жариялапты.
ҚР ІІМ орынбасары Арыстанғали Заппаровтың митингте ұсталғандар босатылатыны туралы айтқан мәлімдемесін беріпті. Әлеуметтік желі қолданушыларының пікірін, соның ішінде Аятжан Ахметжанұлының «дауыс ұрлауға» қарсы үндеуін жариялап, бірақ бақылаушылар анықтаған заңбұзушылықтар туралы да ештеңе жазбады. Жалпы Abai.kz сайлау күнгі ахуалды баяндауға енжарлық танытқандай.

Qamshy.kz порталы бақылаушылар хабарлаған заңсыздықтарды хабарлап, Алматыда сайлауға наразы топтың полиция қоршауында қалғаны, оларға Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбырайымов келіп, араларында кикілжің туындағаны туралы фоторепортаж да әзірлепті.

Malim.kz порталы «Орын жоқ, дәлізде тұрыңдар». Тәуелсіз бақылаушыларға кедергі жасалды деген мақалада тәуелсіз бақылаушылар ұйымы өкілдерінен сұхбат алыпты. 

Nege.kz порталы сайлаудағы ахуалға бақылау жасап, Орталық сайлау комиссиясының мәліметтерін жариялады. Алматыда өткен митингтен де фотовидео берді.

Masa.media Алматыда СОБР жасақтары наразылық шеруіне шыққандарды қоршауда ұстап тұрғанын және тәуелсіз бақылаушылар заңбұзушылықтар туралы хабарлағанын жазды

«Nur Otan» партиясына қарасты «NUR Media» холдингі құрамындағы Azattyq ruhy порталы сайлау күні көп ақпарат таратты. Мазмұнына қарасақ, шетелдік депутаттардың сайлау жайлы жағымды пікірлерін, сайлауда жас жұбайлар дауыс бергенін, «TAZA SAILAU» тәуелсіз бақылаушылар азаматтық қозғалысының “Тәуелсіз бақылаушылар сайлау учаскелеріне сыймай қалған” деген мәлімдемесін де жариялапты.

Ал AIQYN газетінің сайты Нұр-Сұлтан қаласында сайлау қалай өтіп жатқанына фоторепортаж, шетелдік бақылаушылардың сайлау туралы оң пікірлерін сұрапты.

Egemen.kz сайты есімі елге белгілі қазақстандықтардың сайлау туралы оң пікірлерін біліп, шетелдегі қазақстандықтардың сайлауға қатысуын хабарлапты.  

10 қаңтар — Сайлау өтіп жатқан күні Алматы қаласындағы орталық алаңда интернет байланысы шектелуіне байланысты журналистер оқиға орнынан тікелей хабар тарата алмады.

Телеарналар да, сайттар да сайлаудан ақпарат таратуда белсенді болды. Алайда жағдайды тұтас баяндамау анық байқалды. Телеарналар тікелей эфирде хабар таратып, жедел ақпарат беруге тырысса да қоғамдық-саяси ахуалды жан-жақты көрсету емес, мемлекеттің ақпараттық саясат тапсырысын жүргізуге көбірек ұқсады. 

Риза Исаева
Риза Исаева
Медиасыншы, журналистика саласында 18 жылға жуық уақыт бойы қызмет етіп келеді. "Қазақ", "Шалқар" радиолары, "31 Радио", "Азаттық", "NS Радиосы", "31 арна", "Almaty" телеарналарында,"Абыз" газеті мен "Бөпем" журналында журналист, жүргізуші, редактор болып қызмет еткен, KIMEP Униерситетінің халықаралық журналистика магистрі.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР