ДомойМедиасынПандемияға 1 жыл, ұшақ апаты және қымбатшылық. 8-14 наурыз апталық бағдарламаларға шолу

Пандемияға 1 жыл, ұшақ апаты және қымбатшылық. 8-14 наурыз апталық бағдарламаларға шолу

Пандемияға 1 жыл, ұшақ апаты және қымбатшылық. 8-14 наурыз апталық бағдарламаларға шолу

Жексенбілік қорытынды бағдарламалар 13 наурыз кешкісін Алматы әуежайы жанында АН-26 әскери ұшағы құлаған жаңалықтан басталды. Сенбіде эфирге шыққан “7 күн” бағдарламасы коронавирус пандемиясына 1 жыл толғанын қысқа айтып, ресми жаңалықтарға ауысты. Ал “Басты бағдарлама” авторлары Қазақстан жұртшылығы коронавирус жылын қалай өткізгенін елеусіз қалдырды. Есесіне “7 күн” мен Apta бағдарламалары  көрсетпеген бірнеше оқиғаға назар аударыпты. Apta авторлары шекара маңындағы ауылдардың қиын жағдайынан жұртшылықты хабардар етуін жалғастырды.
Дәстүрлі мониторингімізде “Хабар”, “Еуразия бірінші арнасы” және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламасын қамтыдық.

“7 күн”, “Хабар”

Бағдарламаны жүргізген Дархан Әбдіуахит “Батпандап қана емес, баса-көктеп кіріп алған коронавирус тұтас тұрмысымызға түзету енгізді” деп, пандемияға бір жыл толғанын бір ауыз сөзге сыйдыра білді. Қисынға сәйкес, коронавирус туралы сюжет күтіп отырғанымызда “жеті күндіктер” дәстүрден айнымай, Тұңғыш президент Н.Назарбаев пен қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың апта ішіндегі қабылдауларын шолып шықты.

Назарбаев қабылдауларынан видео көрсетіп, сөйлетсе, Тоқаев қабылдауларына Ақорда сайты таратқан ақпаратты алыпты. Мемлекет басшысының жерді шетелдіктерге сатуға және жалға беруге біржола тыйым салуды көздейтін заң жобасын Мәжіліске жолдағанын да айтып өтті.

Тұңғыш президенттің АҚШ-қа алғашқы сапары, Қазақстанның БҰҰ-ға мүше болуы сияқты маңызды оқиғаларды да қамтыды. Бағдарламаның алғашқы 10 минуты сюжетсіз өтіп, жүргізуші Дархан Әбдіуахит еншіледі. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына дайындалған сюжет Тәуелсіздік жылдарындағы наурыз айында болған маңызды оқиғаларға шолу жасайды. Қазақстанда әз-Наурыз қашан қалай қайта тойланғанынан бастап, 2019 жылы Астана қаласының атауы өзгеріп, Нұр-Сұлтан атанғанына дейін айтты.

Бағдарлама басталғанда қысқа айтылып, президенттер жаңалықтарына ұласып кеткен коронавирустың бір жылдығына арналған сюжет індеттен қайтыс болғандар, ауырғандар саны мен медицинадағы өзгерістерді баяндайды. Коронавирустан айыққан кейіпкерді, ДСМ министрі мен сенаторды сөйлетті.

Ал әлемдегі коронавирус ахуалының жай-жапсарына шолу-сюжет вакциналау қалай жүріп жатқанын хабарлайды.

“Ashyq” мобайл қосымшасының мүмкіндігін түсіндіретін сюжетте кәсіпкерлер, құқық қорғаушылар, «Atameken» ҰКП өкілдері, қосымшаны қолданушылар жан-жақты пікір айтады. “Бұл қосымша жеке деректердің ұрлануына әкеліп соқпай ма” деген күдік пен осы күдікке жауап комментарий де бар. Тараптар пікірін ескеріп, бәріне бірдей сөз берген, ақпараты мол түсіндірмелі сюжет.

Қазақстанда ауа райы күрт бұзылып, қар жауып, жолдар жабылып, электр жарығы сөніп, жер-жерде қиыншылық туындағанын, құтқару жұмыстарының қалай жүріп жатқанын баяндаған сюжетте биылғы қардың қалыңдығы мен су қоймаларының дайындығы туралы көп мәлімет бар.

Апталық бағдарламалардағы сирек тақырыптың бірі — спорт. “7 күн” тілшілері Қазақстанда тұңғыш рет фристайлдың могул және шаңғымен акробатика түрінен әлем чемпионаты өткенін айта келе, чемпионаттан репортаж дайындапты. Осылайша спорт тақырыбы апталық бағдарламаны аяқтады.

“Басты бағдарлама”, “Еуразия бірінші арнасы”

13 наурыз кешкісін Алматы әуежайының жанында ҚР ҰҚК-іне тиесілі АН-26 әскери ұшағы құлады. Ұшақтағы алты адамның төртеуі көз жұмып, екеуі ауыр халде ауруханаға жеткізілді. “Басты бағдарлама” эфирі осы апат жайында жан-жақты ақпарат пен видеоларды жинақтаған сюжет дайындапты.

Кешегі аптаның хитіне айналған “Жұмабектің бажасы” видеосы “Ұр тоқпақ” айдарының да назарына ілініпті. Бұл айдар әлеуметтік желі қолданушылары жаппай талқылаған тақырыпты арқау етеді. Осылайша «Жұмабек оқиғасын» жан-жақты баяндады.

Депутат Ерлан Смаиловтың “Ана капиталы” туралы ұсынысын талдаған сюжет алғысөзі “Қазақстандағы әрбір алтыншы бала кедейшілік деңгейінде өмір сүріп жатыр” деп басталады. Сюжетке алты баласымен шағын пәтерде тұрып жатқан отбасының хикаясын да қосыпты. Алайда балалардың бет-жүзін жаппай, жылаған балалардың бейнесін бір емес бірнеше рет ашық әрі анық көрсетеді. Тілші сюжетін: “… алдағы онжылдықта қазақ мүддесі үшін жұмыс істейтін жасты табу қиындайды» деп, түйіндеді.

Елімізде қарыз алушылар көбейіп бара жатқанына алаңдаған сюжет “Несиеге өмір сүремін” деп аталады. Қай өңірде қанша несие берілгенін сызып көрсетіп, борышкердің уайымын жеткізіп, сарапшылар пікірін берді. Ал психолог несиеден қорықпай, қарыз ақшаны жоспарлы жаратып, пайда табуға болатынын әңгімелейді.

“Басты бағдарлама” тілшілері 8 наурыз күні Алматыда өткен Феминистер маршына сюжет арнаған екен. Сюжет алғысөзінде жүргізуші Әсем Изатқызы: “Біздің қоғамда әйелдерге қатысты әлімжеттік, тізе батыру секілді жайттар жоқ емес, алайда бұл жаппай сипатта емес” деп, таяқтың екі ұшынан қатар ұстауға тырысады. Қоғам белсендісі: “шеруде дәстүрлі құндылықтарға жат ұрандар айтылды” деп сынаса, феминистік ұйым өкілі шерудің және өз ұстанымдарының маңызына тоқталады.
Автор Берік Дүйсенбай сюжетін: “…дәстүрлі құндылықтар мен әйел құқығы әлі талай тартысқа түсетін сияқты” деп түйіндейді.

Apta, QAZAQSTAN

Apta эфирі Алматы әуежайы жанында әскери ұшақтың құлағанынан басталып, қаза тапқан 4 адам туралы мәлімет берді. Жарақат алған 2 адамның жағдайын аурухана меңгерушісі егжей-тегжейлі айтты.

Бағдарламаның үлкен тақырыбы — коронавирус пандемиясы басталғанына 1 жыл толуы. Соңғы 366 күнде не болғанын еске түсірген сюжет көп оқиғаны қамтыпты. Алайда кейбір елеулі жайттар, мәселен “Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” және “СҚ-Фармация” басшылықтарына қатысты қылмыстық істер, Алматыда салынған модулді аурухананың қыс суығына жарамсыз болып шыққаны айтылмады.

Тұрғын үй тоқтаусыз қымбаттап жатыр. Жылжымайтын мүлік нарығындағы ахуалды талдайтын сюжетте кейіпкерлер хикаясы, сарапшылар, экономистер комментарийі бар. Олар нарықтағы көбіктің не екенін тәптіштеп түсіндіріп, пәтер шаршы метрі бағасының өсуі себептерін (зейнетақы жинағының бір бөлігін алу, мемлекеттік бағдарламалар, урбанизация, спекуляция) түсіндіреді. Ақпараты мол, тақырыпты терең талдаған  сюжет.

Apta редакциясы шекара маңындағы ауылдардың проблемасын жария етуді жалғастырып келеді. Бұған дейін Ресеймен және Қытаймен шекаралас елдімекендеріміздің жай-күйінен хабардар етсе, бұл жолы “қазақ-өзбек шекарасының өтінде отырған Бағыс ауылының” қиын ахуалын баяндады. Ауыл Түркістан облысының қай ауданына: Қазығұрт ауданына ма, Сарыағаш ауданына ма, қарайтыны әлі белгісіз. Тұрғындар үйі мен жеріне мемлекеттік акт ресімдей алмайды, кадастр нөмірі берілмейді, салынғанына 70 жылдай болған мектеп құлаудың сәл-ақ алдында тұр. Егістік пен жайылым жер тарылып барады. Әлі күнге табиғи газ жоқ. Бағыстықтардың ауыр тұрмысын көрсетер, тұрғындар эмоциясына толы, жергілікті әкімдік өкілдерін де сөйлеткен сюжет.

“Apta қонағы” сұхбатына сенат депутаты Ақылбек Күрішбаев келді. Жүргізуші мен сенатор аграрлы саламызда ғылым мен білім кенже қалып, дамымай отырғанын, мұның азық-түлік бағасы өсуіне қалай әсер етіп жатқаны туралы әңгімелесті.

“Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл” тұрақты айдары 1993-1994 жылдарға арналды. Импорт техника, шетелдік авто, қаржы пирамидалары, елес-қалалар, жаңа астана  таңдау оқиғаларын жинақтап, еске түсірді.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

Риза Исаева
Риза Исаева
Медиасыншы, журналистика саласында 18 жылға жуық уақыт бойы қызмет етіп келеді. "Қазақ", "Шалқар" радиолары, "31 Радио", "Азаттық", "NS Радиосы", "31 арна", "Almaty" телеарналарында,"Абыз" газеті мен "Бөпем" журналында журналист, жүргізуші, редактор болып қызмет еткен, KIMEP Униерситетінің халықаралық журналистика магистрі.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР