ДомойМедиасын«Неге?» ток-шоуында феминизм қаупін қалай түсіндірді

«Неге?» ток-шоуында феминизм қаупін қалай түсіндірді

«Неге?» ток-шоуында феминизм қаупін қалай түсіндірді

Алматыда 8 наурыз күні өткен феминистер шеруі қазақстандық БАҚ-тың басты тақырыбына айналып, әлеуметтік желілерде қызу пікірталас тудырды. 31 арнаның «Неге?» бағдарламасы жаңа маусымның алғашқы шығарылымын осы оқиғаға арнады. «Феминизм қазақ қоғамы үшін қауіпті ме?» деген сұрақты талқылаған ток-шоу эфирін медиасыншы Назира Дәрімбет көріп шықты.

Жүргізуші Ерқанат Көпжасар кіріспе сөзінде бұл тақырыпқа неліктен назар аударғанын былай түсіндірді: «Біз Қазақстандағы феминизм тақырыбын бұған дейін де қозғаған едік. Бірақ қоғам ішіндегі резонанс бұл мәселені қайтадан қозғауға түрткі болып отыр. Кейбіреулер: «әйелдердің құқықтарымен байланысты проблема — бізде өте өзекті» деп санайды, ал басқалары: бұл қазақ қоғамына жат және феминизм біздің қоғамымыздың азғындануына алып келуі мүмкін,- дейді».

Шеру туралы сюжет көрсетіп, жүргізуші: «Ганди атындағы саябақта көп адам жиналды, ал үнді саясаткерінің осында тұрған ескерткіші қазақ әйелдеріне таңдана қарағандай…» деп айтады. Әрі қарай «жыл сайын 400-ге жуық әйел зорлық-зомбылыққа ұшырайды» деген дерек келтіреді.

Студияға «Феминита» ұйымының негізін қалаушы, шеруді ұйымдастырушылардың бірі Гүлзада Сержан, айтыскер ақын Балғынбек Имашев, Жамбыл облысынан Қазақстан ата-аналар одағының мүшесі Бағила Балтабаева және журналист-филолог Назгүл Қожабек шақырылыпты.

Жүргізуші сарапшыларды қандай мақсатта таңдағанын түсіндірмеді. Астанадан арнайы ұшып келген және бағдарламаға қатысуға ниет білдірген айтыскер ақынның феминизм саласында қандай білімі бары белгісіз. Балғынбек Имашев Елбасына алтыннан ескерткіш қоюды ұсынып, вакцинаға қарсы үндеу жасап, жұртшылыққа таныла түскен ақын. Қазақстан ата-аналар одағы немен айналысатыны (бізде осындай одақ бар екен) және олардың қызмет саласы феминизммен қалай байланысты екені де айтылмады.

«Неге?» жобасы отандық медиа кеңістікте қазақ тіліндегі саяси ток-шоудың жаңа тынысын ашқанын бұған дейін жазғанбыз және ерекшеліктерін атадық. Сайлауалды науқаннан кейін жоба тоқтаған еді. Бағдарламаның жаңа маусымы Алматыда өткен феминистер шеруін талқылаудан басталды. Жобаның жаңа шығарылымы 18 наурызға дейін телеарнаның YouTube-арнасында 55 мыңнан астам рет қаралған.

Жүргізуші Ерқанат Көпжасар бұрынғы шығарылымдарда байқалмаған ток-шоу жүргізу тәсілін таңдапты.

Мәселен, әйелдер шеруінің бастамашысы Гүлзада Сержанның Қазақстандағы феминистік ұйымдардың қызметі туралы әңгімесінен кейін жүргізуші ақыннан: «…тіпті тіл де бұл атауларды айтуға келмейді… сіз қалай ойлайсыз, осылардың құқықтардың қорғалуы тиіс пе… Сіз айтқандай, Қазақстандағы лесбиянкалар, транссексуалдар, квир және басқалардың?», — деп сұрайды.

Ақын ұшаққа отырмас бұрын «осы анықтамалардың мәні мен мағынасы» туралы алғаш рет Google арқылы білгенін айтып, «тақырыптан мүлде хабарсыз» екенін мойындайды. Солай болса, ақын өзі білмейтін тақырып бойынша пікір таластыруға неге сонша құлшыныс білдірді?

Ары қарай Балғынбек Имашев мырза сұраққа жауап берудің орнына: «Адамдық азайған жерде азғындық көбейеді, жақсылық тоқтаған кезде жамандық пайда болады. Ақиқат айтылмаған жерде, өтірік ұранға айналады. Әйелдер құқығын көтеріп митингке шықты ғой. Ол жерде біраз мәселелер орынды көтерілді деп есептеймін. Бірақ халықтың наразылығын тудырған мәселе гейлер, трансгендерлер, лесбияндар… жақсы, біз мұндай сөздерді мүлдем айта алмаймыз… сондайлардың құқығын қорғаймыз деген нәрсе болды», — деді.

Сосын кәсіби айтыскер: «Алла Адам мен Хауа ананы жаратты да, үшінші нәрсені жаратқан жоқ… Мұны 18 млн қазақстандық біледі… Егер еркек пен әйел некесіз қосылса, шариғатта күнә болып саналады. Ал егер ер адам ер адаммен немесе әйел мен әйел қосылса, олар шариғаттың ғана емес, тіпті табиғаттың заңдарын бұзады»,-деп уағызға ұқсас әңгіме айтуға көшті.

Екі минуттай сөйлеп, сөз соңында: «Шерудегі «Әр әйел — менің жалғызым» деген сөзі шынында да дұрыс, төрт әйелі бар әрбір мұсылманға осылай айту керек»,- деп, орынсыз қалжыңды да қыстырып жібереді.

Жүргізуші Қазақстанда көп әйел алуға заңда рұқсат етілмегенін ескертудің орнына ақынның бұл сөзіне дауыстай күліп, мақұлдағанын білдіреді.

Ақын «Қазақстанда әйелдердің құқықтары жақсы қорғалғанын, қайта керісінше кейбір әйелдер күйеуі мен баласын тастап кететінін, алименттің ақшасына шалқып өмір сүріп, басқа еркектермен көңіл көтеретінін”, сондай әйелдің емес, қайта еркектің құқығын қорғау керек екенін айтып, біраз көсілді. Пікірін: «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді», «Әйел мінезді ер адамда күш жоқ, еркек тәрізді әйелде ұят жоқ» деген мақал-мәтелмен аяқтап, «Мен ешкімді ренжіткім келмейді»,-деп, ақталғандай болады.

Жүргізуші қонақтан «мұндай адамдардың» құқықтары қорғалуы керек пе» деген сұрағына әрең жауап алып, бірақ Гүлзада Сержанның пікір айтуына кедергі келтіреді. Гүлзада Сержан: «ЛГБТ қауымдастығы өкілдерінің құқықтарын мемлекет қорғауы керек» деп тұжырымдап үлгереді.

Сөз кезегі ата-аналар одағының мүшесіне келгенде, ол: «Сіз секілді апайларымыздың, сіздің жасыңыз маған қарағанда үлкен ғой енді, осындай нәрселерді бастап жүргеніне ішім ашып отыр. Бұл мемлекетімізге іріткі салатын бастамалар. Сіздер батыстың бүкіл моделін бізге әкеліп енгізбекшісіздер», — деп бастады жалынды сөзін Бағила Балтабаева.

— «Өрімдей жастарды бұндайға тартуға ұялмайсыздар ма? Құдайдан қорықсаңызшы! Бүкіл өңір, сіз Жаңақорғаннан емессіз бе (Қызылорда облысы – авт.) сол бүкіл Жаңақорған қазір жылап отыр. Қаншама адамның қарғысына қалып отырсыз. Сіз кеше митингіге шыққан жасөспірімдердің ата-анасының, ата-әжесінің қарғысына қаласыз. Барлық ата-аналар барлық ЛГБТ адамдарына қарсы. Мен қатты қарсымын, мен бұл туралы барлық жазбаларымда жаздым. Сізді тегтедім, бірақ сіз мені блоктап тастадыңыз…,- деді.

Осыған дейін студия қонақтарының жалынды сөзін үнсіз тыңдап тұрған жүргізуші: «Блоктады ма? Ал демократия қайда? Бұл ұйымдар демократияны жақтайды да, бірақ оның принциптерін ұстанбайды иә?»,- дейді. Неге екені белгісіз, бұған дейін сарапшылардың бірі екіншісінің атына тікелей қарғыс сөздер айтып жатқанда, жүргізуші бұған тоқтау салмады, спикер сөзін бөлмеді.

Балтабаева ханымның «Қазақстандық ата-аналардың барлығы секс-азшылықтарға қарсы екенін» ешбір негізсіз айтқанда да Ерқанат Көпжасар назарға алмады. Ал Балтабаеваның қарсыласы мұндай деректердің қайдан шыққанын нақтылауға тырысқанда, өзі: «Енді ата-аналар Одақ мүшесі ғой!», — деп жауап берді.

Бір қызығы, ақын да, Балтабаева ханым да «қазақ әйелдері мен адам құқықтары – бұл екі бөлек нәрсе» деп санайды екен. Гүлзада Сержан бәрінің құқығы бірдей екенін түсіндіруге тырысқанда, жүргізуші: «Енді, Гүлзада ханым, пікірлер плюрализмін сақтайық та», — деп тоқтатады.

«Феминита» басшысы Қазақстандағы әйелдер үшін тыйым салынған мамандықтар тізімі туралы мәселені қозғағанда, журналист бұдан хабарсыз екенін көрсетті. «Мүмкін емес!», — деп жауап берді феминистке. Сержан ханым тыйым салынған мамандыққа қатысты жауап беруге тырысқанда, жүргізуші мен ақын, «одақ мүшесі» үш жақтап оның сөзін бөліп тастап, сөйлетпеді. Біраз уақыттан кейін редактор әйелдерге тыйым салынған 229 жұмыстың барын (Қазақстанда әйелдер сүңгуір бола алмайды, метрода және жүк көліктерінде пойыздар жүргізе алмайды т.б) жүргізушіге хабарлады.

Бұған дейін спикерлерді үнсіз ғана тыңдап тұрған филолог Назгүл Қожабек сөз кезегі тигенде эфирде қарғыс сөздер айтылғанын, бұл дұрыс емесін тілге тиек етті. Балтабаева ханым оған: «Ешкім ешкімді қарғаған жоқ!» десе, ал ақын: «Алла қарғады оларды», — деп қосты. Жүргізуші тағы да үнсіз қалды.

Филолог, мысалы, қыздарды алып қашу сияқты құбылыс елімізде әйелдер құқығын бұзу деп айтуға тырысқанда, жүргізуші сөзін бөліп: «қалыңмалдың жоғары болуына байланысты кейбір қыздар үйлене алмайды, бұл да құқықты бұзу», — деп қосады.

Бағила Балтабаева оның сөзін бөліп: «Менің анамды да алып қашқан, онда тұрған ештеңе жоқ, отбасын құрды, ол бізді дүниеге әкелді, өсірді. Біздің ауылдағы жеңгелеріміздің елу пайызын алып қашқан. Бәрі де бақытты өмір сүріп жатыр», — деді.

Пікірталастың жаңа шеңбері әйелдердің, секс азшылықтардың құқықтары бұзылып жатыр ма, деген сұраққа ауысты.

Ақын соңғылардың құқықтары қазір де «тым қатты» қорғалып кеткен» десе, Бағила Балтабаева: «олардың құқықтарын қорғаудың мүлде қажеті жоқ» деді. Гүлзада Сержанның «неге қорғаудың қажеті жоқ?» деген сұраққа жауап беруін сұраған өтінішіне жүргізуші: «Сіз кішкене сабыр сақтаңызшы, күте тұрыңыз, сіздің сөзіңізді ешкім бөлген жоқ «, — деп бірнеше рет қайталайды.

Ол пікірталасты: «Сіздерді ешқандай кемсітушілік жоқ, сізге одан да көп құқықтар берілді. Мысалы, митинг өткізуге рұқсат етілді. Бізде басқа қоғамдық, оппозициялық ұйымдар митингке рұқсат ала алмайды», — деп қорытындылады.

Рас, мұнда бұл оның субъективті пікірі екенін айтып, қонақтарға соңғы сұрағын қойды.

«Қазақ қыздарын қалай тәрбиелеу керек» деген сұраққа Балғынбек Имашев: «Біз қыздарымызды еркін тәрбиелейміз, тек келін болған соң ол басқа әлемге түседі. Өз үйінде қыз еркін өседі. Еркін тәрбиелейміз деп бұл кісілер қазір қыздарымызды бақытсыз болуына апаратын нәрселерді айтуда. Әйелдің жалпы бақыты – отбасында. Әйелдің бақыты ер азаматының көңілін тауып, баласын туып, барған жерінде жақсы келін болуында…Бізде барлық бәле жала осы бас бос әйелдерден болып отыр», — десе,

Бағила Балтабаева Қазақстанда әйелдердің билік басында болуына қарсы екенін айтты: «Бізде ер азаматтар бар, солар билеп, төстеу керек».

Осы тұста ақын қазақ қыздарына арналған өлеңін оқуға рұқсат сұрайды, өлеңде әйелдің бақыты тек оның отбасында екенін меңзеген ой айтылады. Өлеңде:

…Пайғамбардай сыйлаймын мен күйеуді

Ал сен оған патшадай қызмет қыл…»

…Саған жәннат еріңнің қабағында

Оған жәннат ананың табанында…»

…Күндіз-түні енеңнің көңілін тап

Жәннатыңның себебі жәннаты сол…»,

деген жолдар бар.

Жүргізуші Ерқанат Көпжасар әйелдер туралы көп мақал-мәтел барын еске салып,  «Әйел бастаған көш оңбас» дейді ғой енді қазақта», — деп тоқтайды.

Әрине, әр адамның пікір білдіруіне құқығы бар, егер бұл заңға қайшы келмесе, кез-келген жағдайда, тіпті мәселені мүлдем түсінбесе де білдіре алады. Алайда «Неге?» бағдарламасының студиясында жалпыға бірдей адам құқықтары жөніндегі Декларацияға қайшы келетін қорлау сөздер айтылды, адам құқықтарын бұзатын пікірлер айтылды, ал кәсіби журналист Ерқанат Көпжасар үндемеді, не сөз таба алмады, қонақтардың пікірлер тепе-теңдігін сақтауды мүлдем ұмытты.

Нәтижесінде ток-шоу кейіпкерлерінің қайсысы жағымды, қайсысы зұлым болатынын алдын-ала анықталатын қойылымға айналды. Көрермен пікір емес, фактілерді тыңдауға және ақырында «Феминизм қазақ қоғам үшін қауіпті ме?» деген сұраққа жауап табуына мүмкіндік болмады.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР